Тікелей эфир

Bek Air ұшағы соғылған үй иесін тағы сотқа берді. Алайда сот арызды неге қараусыз қалдырды?

Суретті Азаматтық авиация комитеті ұсынды
Суретті Азаматтық авиация комитеті ұсынды
Ұшақ апатына қатысты қылмыстық іс бір жылдан бері тергеліп жатыр. Оның сотқа қашан жолданатыны белгісіз.

Bek Air әуе компаниясы басшылығы Алматы әуежайының маңында заңсыз салынды делінген үй иесі Решет Қалибекті кезекті рет сотқа берді. Бұған дейін компания иесі Нұрлан Жұмасұлтанов әуе компаниясына тиесілі ұшақ соғылған ғимарат құрылысын заңсыз деп тану жөнінде шағымданған еді. Бүгін компания өкілдері ұшақ соғылған үйдің заңсыз салынғанын алға тартып, соттан оны дереу бұзу туралы талап етті. Талғар аудандық сотында осыған орай азаматтық іс қаралды.

"Үй еш рұқсат құжатынсыз, заңсыз салынған. Ол тиісті органдардың барлық хаттарымен расталады. Үй иесі құрылысты өз бетімен рұқсатсыз жүргізген. Азаматтық кодекстің 244-бабына сай, өз бетімен салынған құрылыс бұзылуы керек. Бұдан бөлек, біз өткен сот отырысында Решет Қалибектің үйді өз еркімен бұзуына өтініш түсіргенбіз. Бірақ, өтінішіміз орындалмады. Ұшақ соғылған үйдің бір қабырғасы мен іргетасы әлі де тұр. Заңға сәйкес, әуежайдың қорғау аймағында 4 шақырымға дейін бірде бір құрылыс болмауы тиіс. Сондықтан, ұшақтардың қауіпсіздігіне кедергі келтірмес үшін үйді бұзуды талап етеміз", – деді Bek Air компаниясының өкілі.

Оқи отырыңыз: "Ұшақ үйге соғылмаса, адамдар аман қалатын еді". Bek Air басшысы апатқа қатысты өз ұстанымын білдірді

Сотта сөйлеген Решет Қалибек қайғылы оқиға болған орында қазір тек құрылыс қалдықтары жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, баспананы ұшақ апатынан соң жергілікті әкімдік бұзған. Қазір онда тамның іргетасы да қалмағанын айтты жауапкер.

"Ұшақ үйге соғылғаннан 3 күннен соң үйді әкімдік қызметкерлері жартылай бұзып, бастаған істерін аяқсыз тастап кетті. Одан кейін адамдар кірпіші мен есік-терезесін тасып ұрлады. Сосын апаттық жағдайда тұрған соң, біреуді басып қалмасын деп өзім барып қалғанын бұзып тастадым. Ол жерде қазір үй де, үйдің іргетасы да жоқ. Аздаған құрылыс қалдықтары ғана қалды, олар ешнәрсеге кедергі келтірмейді", – деді үй иесі Решет Қалибек.

Сонымен қатар, ол алпауыт компания өкілдері неге тек оған шүйлігіп отырғанын түсінбей дал. Оның айтуынша, әуежайдың қоршауын жағалай салынған үйлерің 80 пайызының рұқсат құжаты жоқ.

"Ол жерде менің үйімнен бөлек, 14 үй мен коттедж қалашығы бар. Оларға ешкім сөйлемейді, тек менің үйіме қадалып отыр. Жалпы, Гүлдаланы тексерсе, әуежайдың қоршауын жағалай салынған мыңдаған үй бар. Олардың 80 пайызының рұқсат құжаты жоқ. Ол жерді заңсыз сатқан әкімшілікті тексерген жөн", – деді Решет Қалибек.

Оқи отырыңыз: Bek Air ұшағы соғылған үй иесі баспанасын заңдастырып үлгермеген

Қос тараптың арызын тыңдаған Талғар аудандық сотының Қарлығаш Есәлинова, жеке тұрғын үйдің рұқсатсыз құрылысын бұзу туралы Bek Air әуе компаниясының талап арызын қараусыз қалдырды.

"Былтыр 27 желтоқсанда болған ұшақ апатына байланысты Қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанына байланысты, бұған дейін қос тараптың арызы бойынша азаматтық іс тоқтатылған болатын. Алайда, Бас көлік прокуратурасының Талғар аудандық сотының сұрауына берген жауабына сәйкес, жоғарыда аталған қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім әлі де қабылданған жоқ, кінәлі тұлғалар анықталмаған, ешкімге айып тағылған жоқ. Bek Air компаниясының істе жауапкер немесе жәбірленуші екені белгісіз. Осыған байланысты, жоғарыда айтылған қылмыстық іс бойынша үкім шықпайынша бүгінгі талап арыз қараусыз қалдырылады", – деді Қарлығаш Есәлинова.

Соттың ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ. Айта кету керек, Талғар ауданында, соның ішінде ұшақ құлаған Гүлдала елдімекенінде жер телімдерін заңсыз сатты деген күдікке ілінген екі қылмыстық топқа қатысты іс тергеліп жатыр. Бірнеше адам тергеліп жатқан қылмыстық істі Алматы облысының прокуратурасы қарап жатыр. Оның қашан сотқа жолданатыны белгісіз.

Оқи отырыңыз: Қазақстан авиация әкімшілігі: Bek Air ұшақтарының бөлшектерін бекітуге скотч қолданылған

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады. Қайғылы жағдайдан 12 адам қаза болып, 49 адам ауруханаға жеткізілді. Ал әуе компаниясының қызметі тоқтатылып, лицензиясы кері қайтарылды.

Серіктестер жаңалықтары