Тікелей эфир

Бағзыдан келе жатқан ұсталар мәдениеті. Темір ұстасының киесі мен иесі болады

Nationalgeographic.kz сайтынан алынды
Nationalgeographic.kz сайтынан алынды
Өнердің киесі, иесі және пірі туралы не білеміз? Әбдікамал ұста туралы хикметті естеліктер.

Құдіреті күшті құдайдың адам пендесіне берген нығметке толы қасиеттері өте көп. Ерекше қасиетке ие адамдар туралы мәлім де беймәлім құбылыстар жайында әртүрлі пікірлер мен пайымдаулар көп. Түркі халықтары темірден түйін түйетін шеберлердің атын атамай "Ұста" деп, жұмыс орнын "дүкен (ұстахана)" деп атаған.

Ұстаның негізгі құралдары: көрік, төс, ерітетін ожау, балғалар, көсеу, бұрғы, қашау, егеу, шеге, сым, үскі, түрпі, қысқаш, шымшуыр, біз, пышақ, қалыптар.

Ұста қалыпта құю, соғу, шегендеу, қара бағдар қондыру, зер жүргізу, сіркелеу, алтынмен аптау, күміспен күптеу, булау, егеу, ұру, шыңдау, тесу, қосу, ерту, созу, сияқты тәсілдерді қолданған.

Өнер – Тәңірдің сыйы

Халық арасындағы мәліметтерге қарағанда ұсталықпен бастапқыда бақсылар айналысқан. Жұрт ұсталарды "Тәңір жіберген ісмер адамдар" деп құрметтепті.

Темірдің суын табу. Темірдің жеке қасиетіне және пайдаланылатын орнына қарай оны суарудың түрлері де көп: суық сумен суару, маймен суару, дәрімен не алмаспен суару.

Ұсталар темірді төске басар кезде "менің қолым емес, Тәңірдің қолы" деп сиынған.

Мұнда "мен жасағам" деген менмендіктен арылу, сақтану бар. Жаугершілік заманда ұсталар ел үшін күрескен батырлармен тең құрметтелді.


Берел қорғанынан табылған әшекейлердегі еліміздің мемлекеттік рәміздерінде кездесетін бейнелер мен өрнектер. Самұрық, көкбөрі, қыран тұмсығы, арқар мүйіз, барыс және ою

Берел қорғанынан табылған әшекейлердегі еліміздің мемлекеттік рәміздерінде кездесетін бейнелер мен өрнектер. Самұрық, көкбөрі, қыран тұмсығы, арқар мүйіз, барыс және ою / Іnformburо.kz


Теміршілік – аталарымыздан бүгінге жеткен киелі өнер

Сонау Хұн және Сақ дәуірінен жеткен, Берел қорғанынан табылған алтын адам, мыс айна, гаухар сырғалардың жасалу технологиясы қазіргіден кем еместігі ғалымдарды таңдандырып отыр.

Теміршілікті зерттеген Л.Н.Гумилевтің: "түрік­тер әлемдік тарих сахнасында Орта­лық Азияда алғаш рет темірді өнеркәсіптік жолмен игерген халықтың бірі болған", – деуі бекер емес.


Абдікамал ұста мен жұбайы Орынша әже

Әбдікамал ұста мен жұбайы Орынша әже / Жеке мұрағаттан


Әңгіме Түркістан өңірінде өткен атақты ұста, зергер, тігінші, сынықшы, молда және елге танымал емші – Әбдікамал Әйменұлы туралы болмақ.

Тағдыр тауқыметін тартқан жандар

Әбдікамал ұста 1880 жылдар шамасында Қандөз ауылында ( Жаңақорған ауд) дүниеге келген. Кейін Түркістан қаласына 30 шақырымда ежелгі Сауран қаласының іргесінде өмір сүрді.

1932 жылы болу керек. Кеңестік биліктің ауыр қысымы, қатты келген ашаршылық кезінде атамыздың Шуланбай деген досы Тәшкенге кетіп бара жатып, 16 жастағы үлкен қызы Орыншаны "... маған көрсеткен көмегің болсын. Аман-сау туған елге оралып жатсақ, көрісерміз." деп, өз қолымен қосып кеткен. Орынша әжеміз – атамыздың төртінші әйелі болған. Он шақты бала туғанмен, тұрақтамайды. Содан Серікбай есімді үлкен ұлын туғанда, оған да көз жара (көз тигенде шығатын жара) шығады. Құдай сақтап, аман қалады. Артынан Оразбай, Оралбай деген екі інісі мен Зылиха қарындасы ерген. Бірақ олардан кейінгі Үсен, Зағипа есімді балалары да шетінеп кеткен.

Орынша әжеміз 45 жасында 1961 жылы қайтқан.

40 күн ес-түссіз жатқанда өнер үйреніпті


Абдікамал ұстаның 84 жастағы суреті

Әбдікамал ұстаның 84 жастағы суреті / Жеке мұрағаттан


Әбдікамалдың әкесі Әйменнің бір інісі атақты ұста болыпты. Әбдікамал сол ағасының арқасында 25 жасына дейін қиындық көрмеген. Тіптен, ән-күйге құмар болады. Өзі домбыра жасап, оны бір шерткен соң, сыйға тартып жіберетін еркөңіл, сері болыпты.

Сөйтіп жүргенде арқа сүйеген ағасы қайтыс болады. Бұл Әбдікамалға ауыр тигені сондай, қатты ауырып, 40 күнге дейін есін жимай, жатып қалады. Жігітті жұрт өлдіге санап, жерлеуге дайындап жатқанда оянған деседі.

Тұрғаннан кейін керемет ұста болып кеткеніне таңданған ауылдастары: "Бұны қайдан үйрендің" дегенде, – ес-түссіз 40 күн жатқанда ұста ағамның қасында болдым. Сонда үйретті" – деп айтқан екен.

Ұсталыққа бет бұрғаннан кейін серіліктен бас тартып, медреседе оқиды. Араб, парсы тілдерін жақсы білген. Қисса-дастандарды керемет айтады екен.


Әбдікәрім ұстаның станогі

Әбдікамал ұстаның станогі / Төрайым Медеуқызынан


Пірге қол берген адам

Құранда "пірге қол беру" туралы аят бар. Пірге қол беру – нәпсіні тиып, Пірінің ықыласына, назарына түсіп, пайдалы іспен айналысу және Пірдің кереметіне құрмет етіп, жебеуіне қол жеткізу.

– Аталарымыз үнемі "темір ұсталарының пірі – Дәуіт Пайғамбар" деп отыратын, қандай жұмысты бастаса да "Ер Дәуіт қолдасын" деп айтатын, – дейді Төрайым жеңгеміз.

Дәуіт Пайғамбар – дәстүрлі орта түсінігі бойынша ұста, зергерлердің дем берушісі, пірі, жебеуші иесі.

Бағзыдан жан-жануардың, кәсіптің киелі пірі болады деген түсінік бар. Адамдар әр істі бастауда піріне сиыну дәстүрі болды.


Абдікамал ұстаның қысқышы мен ұстарасы

Әбдікамал ұстаның қысқашы мен ұстарасы / Сурет Төрайым Медеуқызынан


Ұсталық – киелі ұғым

Кие және ие

Ие – пір, сол өнердің бастаушысы, жебеушісі. Мысалы, түйе иесі – Ойсылқара, жылқы иесі – Қамбар ата, ешкі иесі – Шекшек ата, сиыр иесі – Зеңгі баба секілді әр өнердің де иесі болады. Кешегі Жамбыл Жабаев атамыздың "Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай" деуі де осыдан. Ал кие – сол өнердің қадір-қасиетінің кілті.

Кешегі бақсылар да темірді қыздырып алып, табанымен басса да, тілімен жаласа да күймеуі және сол арқылы ауруларға дем не ұшық салып емдеуі тектен тек емес.



Бұл өнер – бүкіл түркі халықтарына дарыған қасиет. Мәселен, сахалар "егер бұл қасиет ата-бабасында болмаса, ешбір адам темір ұстасы бола алмайды" деп есептейді. Сахалардың ұғымында ұсталар өз кәсібін темір үйдің иесі – Қыдай Бақсыдан алған деп, пір тұтыпты. Ата жолын жалғаған ұсталар кәсібін тоқтатса түрлі қиындықтар ұшырайды деп қарайды.

Әлемді билеген Шыңғысхан да темір ұстасы болған

Жарты әлемді жаулаған Шыңғысханның шын аты – Темірші екені жайдан жай емес.

Ресей ұсталар одағының төрағасы Леонид Архангельский: "Әміршінің темір ұстасы болғандығын жиһангез Рубрук жазбаларынан кездестіреміз. 1253 жылы Бату хан сарайында болған жиһангез моңғол халқының Шыңғыс ханды "темір үні" деп, темір ұстасы болғандығын, оны дәріптей отырып, Тәңірдің ұлына теңеген" – деп жазыпты.

Испан елшісі және саяхатшысы Клавихоның жазбаларында да Әмір Темірдің темір ұстасы мен кәсіпшілікпен айналысқандығы туралы тың жайттар айтылған. Ибн Арабшахтың дерегінде Темірдің әкесі кедей ұста болып, оның қой ұрлап жатқан сәтте оған садақтың жебесі тиіп жараланғандығы туралы айтылады.

Темір ұсталығын басқа да әміршілер қолдаған. Мәселен, 13-ғасырда жапон императоры Готоба биліктен бас тартып, "ханзадаларға лайық кәсіп" деп өзі қылыш соққан екен.


Темірші, зерігер Берік және Қанат Әлібаевтар жұмыс үстінде

Темірші, зергер Берік және Қанат Әлібаевтар жұмыс үстінде / Жеке мұрағаттан


Бүгінде ұсталықты жаңғыртып жүргендер жетерлік. Мысалы, ағайынды Тұр­сын­жан, Махмұт, Айтберген Жетен­ұлдары, ағайынды Берік және Таңат Әлібаевтар, т.б.

Емшілігі үшін Мәскеуге шақыртылған

Әбдікамал ел ішіндегі ауру-сырқауларды құранмен, дәрі шөптермен емдеген емші әрі сынықшы болды.

Бірнеше рет аяғы сынған балалардың сынып кеткен аяқ сүйектерін қолмен жылжытып, орнына келтіріп, еш дақсыз емдепті. Ал бірде қарақұрт шағып, өлім аузында жатқанда адамды дұғамен тұрғызып жіберіпті.

Соғыстан кейінгі уақыт... Аяқтарын қажап, жүре алмай қалғандардың протездерін қайта жасап береді екен. Олар жыл сайын Мәскеуге аяқтарын тексертуге барғанда конструкторлық бюро деген мекеме ғалымдары жаңа протездің өлшемі дәл келгеніне таңғалып, ұстаны Мәскеуге жұмысқа шақырады. Алайда ауылдастары мен басшылар жібермей қойған.

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрмахан Оразбектің "Өткенге өкпе жүрмейді" атты кітабында атамыздың сәндік бұйымдар жасаған зергер болғанын, алғаш әкелінген тракторларды да жөндегенін жазып кеткен.


Әбдікамал атаның дәріге пайдаланған тасбақа қабығы мен дәрлік өсімдіктері

Әбдікамал атаның дәріге пайдаланған тасбақа қабығы мен дәрлік өсімдіктері / Сурет Төрайым Медеуқызынан


Өтеш атасымен сөйлесетін

– Мен Зұлхая атты қызынан туған Өтебек Ізатіллаұлы (Өтеш) атты жиенінің жұбайымын. Серікбай атамыз Түркістанға көшкенде, сол кісінің үйіне ие болып, ауылда қалдық. Үйге жапсарлас атамның ұстаханасы болды.

Жұбайым Өтеш үнемі дүкенге кіріп, өзінен-өзі сөйлесіп жүретін. Бірде "Сіз кіммен сөйлесіп жүрсіз?", – дегенімде, – "атаммен сөйлесіп жүрмін, – дегені бар.

Бір жолы жұбайым іңірде: "Атам келеді, шай қойып, дастархан жаса" деді. Дастархан жайып, шай қойдым. Сосын төргі орынды атаға қалдырып, дастарханға отырдық. Жолдасым ұзақ сөйлесті. Кәдімгідей басын изеп отырды. Бір кезде "атам кетті, енді дастарханды жинастырыңыз" дегені әлі есімде, – деп еске алды Төрайым.


Атасының жеке заттарын сақтап отырған Жиен келіні Төреайым Медеуқызы

Төреайым Медеуқызы / Суретті Төрайым Медеуқызы жіберді


Аруақ қолдайтынын көрдім

Төрайым:

– Тұрмыс құрғаннан кейін іркес-тіркес бес қыз босандым. Сосын ұл болса екен деп армандай бастадым. Тіптен, атамның дүкенінің қасына барып, Алладан тілек тілегенім, атамнан қолдау сұрағаным бар.

Сол түні таңға жақын үйге ұзын бойлы, қара торы ақсақал кіріп келді де: "Тілегіңді бердім" деп кетіп қалды.

Оянсам түсім екен. Сосын жұбайым Өтештен:

– Атам қандай адам еді? – деп сұрап едім, – "Ұзын бойлы қара торы адам" – деді. Жолдасыма атамның "тілегіңді бердім" дегенін айтып, марқұмға дұға бағыштадық, – дейді.

Сосын іркес-тіркес екі ұл бала дүниеге келді.


Әбдікамалдың көзәйнегі мен дұғалықтары

Әбдікамалдың көзәйнегі мен дұғалықтары / Суретті Төрайым Медеуқызы жіберді


Үйінде атасының үш көзәйнегі бар екен. Екеуі сандықта. Бірін ине сабақтаған кезде жеңгеміз пайдаланып жүргенін айтты.

Темір дүрсілінен естіген келін

Ұстаның үлкен ұлы Серікбай (1940 – 2005 ж.ж.) жұбайы Жамал Боранбайқызы атасының жылын бергеннен кейін келін болып түсіпті. Бұл – 1967 жыл еді.

Сол кезде Серікбай үлкен інісімен бірге қоржын бас үйде тұрған. Үйдің жанында әкесінің ұстаханасы болыпты.

Бірде жаңа түскен келін ерте тұрып, "Қайным түнімен ұстаханда жұмыс істеді ғой. Шаршап-шалдыққан шығар" деп, шай дайындап жүрсе, абысыны: "Қайыныңыз ұйықтап жатыр" деп көрсетіпті де, "Бұл дыбыс атамның ұстаханасынан естіледі. Сол жерден үнемі осындай дауыс шығып тұрады" – деп түсіндіріпті.

Оқи отырыңыз: Әулие, бақсы-балгер және тылсым күш туралы алып-қашпа әңгімелер қаншалықты шын?

Ұстаханадан шыққан жарық әлі бар

Жаңадан түскен келін түнге қарай далаға шықса, ұста дүкенінің терезесінен шам жанып тұрғанын көріп, үйге келіп жолдасына айтады. "Әкемнің ұстаханасынан ештеңе болмаса да осылай от жанып тұратын кездері болады. Қорықпаңыз" – деп ескерткен екен Серікбай атамыз.

Серікбай келесі жылы Түркістанға көшеді. Қазір сол жұрттағы ұстахананың бір дуалы әлі тұр. Ауыл адамдары қазірде анда-санда темірдің дүрсілін естіп, жарық көріп тұратынын айтады. Киелі санайтыны сондай, жергілікті халық сол бұзылған үй мен жалғыз қалған дуалды күреп тастап, үй салудан да қорқады екен.


Әбікамал ұстадан қалған оймақ және теңгелер

Әбікамал ұстадан қалған оймақ, теңгелер және дәріге пайдаланылған минералды домалақ тас / Суретті Төрайым Медеуқызы жіберді


Серікбай ұста істеген еңбегіне ақы дәметпейтін

Серікбай ұстаздық жолдан ұсталыққа бет бұрған.

Қалаға көшкен кезде атасының біраз теміршілік саймандарын алып, үйдің бір бұрышынан ұстахана салыпты.

– Әкеміз үлкен дарбазалардан бастап тұрмыстық бұйымдарды да жасайтын. Ұстахананың қасында темір заттарын жөндетуге келетіндер толып тұратын.

Бір қызығы әкем ешқайсысынан ақша сұрамайтын. Әркім өзі біліп тастап кететін. "Әкеміздің бұл ісі ұсталықтың киелі өнер екендігін, әр істе таза да адал болу керектігін жақсы түсінгендіктен болар" – дейді қызы Елмұра.


Әбдікамалдың ұлы Серікбай ұста

Серікбай ұста / Жеке мұрағаттан


Ұсталықтың сертін бұзса, кие атады

Дәуіт Пайғамбардың қолы отқа күймейді екен. Қызыл қолымен отты көсіп, қызыл темірді қамырша илейді дейді. Бірақ сол кереметі баласына дарымапты. Себебі бала ұсталықтың сертін бұзып, елдің ыдыс-аяғын жамағанда, үстемеақы алған деседі. Содан кие атып, оған әке өнері толық қонбай, қолы отқа күйетін пенде болып қалса керек. Мұны байқаған әкесі "Мен өлген соң, менен ұқпаған өнерді иттен ұғарсың" деп өсиет қалдырады.

Әкесі қайтқанан кейін баланың қолы күйіп, қинала бастайды. Бір күні иттің алдыңғы екі аягымен сүйекті қысып алып мүжігенін байқайды. Содан иттің сирағына ұқсатып, қызған темірді оттан қысып алатын ең алғашқы қышқашты соққан екен.


Әбдікамалдың немересі Сәуленің тіккен құрақтары

Әбдікамалдың немересі Сәуленің тіккен құрақтары / Сәуле Серікбайқызынікі


Әке өнері дарыған ұрпақ

Серікбайдан кейінгі Оразбай темір жол саласында жүріп-ақ ат әбзелдерін, қамшы, т.б. бұйымдарды шебер жасайтын. Зылихасы – тігінші. Кенже ұлы Оралбай – ғалым.

Серікбайдың үлкені Нұржан экономист әрі темір ұсталығын үйренген. Сәуле және оның қызы Айдана да – қолөнер шеберлері. Ал ортаншы қызы Сара – тігінші әрі темірден кез келген бұйымды ешбір ақаусыз жасай алады.


Әбдікамалдың шөбересі Айдананың темірге салған суреті

Шөбересі Айдананың темірге салған суреті / Айдана Ақтөренікі


Оралбай ағам үйге келгенде тоқтап тұрған сағат жүріп кетті

– Бұл – біздің түсінігімізде қалыпты жағдай. Алматыда оқып жүргенде Оралбай ағаның үйіне барып тұратынбыз. Аға барда үйдегі үлкен аспалы сағат жүріп тұратын, кетіп қалса, тоқтап қалатын.

Сол оқиға енді Астанада да болды.

2018 жылдың наурыз айында Оралбай ағам Астанадағы үйге қыдырып келді. Әрине, мәз болып қуанып қалдым. Қонақтан соң асүйде ыдыстарды жуып тұрғанымда, сыртылдаған дауыс естідім де, құлақ түріп қарасам тоқтап қалғанына көп болған ескі сағаттың тілі жүріп тұр екен. Түнгі бір жарымдар шамасы болатын. Тіптен, дәлел үшін видеоға да түсіріп алдым. Оны көріп жолдасым да таң қалды.

Бір қызығы, сағат ағам кеткеннен 7 күннен соң қайта тоқтап қалды, – деп еске алды Елмұра ханым.


Шашкергіш

Шашкергіш / Айдана Ақтөренікі


Қазақ өнердің иесін де, киесін де бағалайды

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ХIХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты бай қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалаған деген дерегі бар. Аталарымыз өнерді қалай бағалайтынын осыдан-ақ түсінуге болады.

Елмұра Серікбайқызы:

– Темірші болу – Тәңірден. Бұл – түркі жұртына тән ұлы өнер. Ежелгі дәуірлерден ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалғасын тауып келе жатқан темір ұсталығы өнерінің киесін бүгінде көп адам түсіне бермейді. Бұл өнер иелері рухани тазалыққа аса мән берген. Осындай ұлттық рухты көтеретін байырғы ұсталық өнерінің ерекшеліктерін халыққа жеткізіп, насихаттау, сол арқылы мәдени жаңғыру керек, – дейді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары