Тікелей эфир

Байбесік бай ауылға қалай айналды?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Байбесік ауылында нағыз шеберлер шоғырланған. Сонысымен атағы шыққан шағын ауылда 20 шақты кәсіпкер бар екен.

Халық арасында "жиhаз ауыл" атанған Байбесіктің тыныс-тіршілігі басқа ауылдардан өзгеше. Мұнда ауылға тән мүлгіген тыныштық жоқ. Қарбаласқа толы тіршілік. Көшеде топтасып әңгіме-дүкен құрған жастарды да кездестірмейсің. Оның орнына жүк тиеген автокөліктердің бірі келіп-бірі кетіп жатыр.

Тіршіліктің қамы бизнеске жол ашқан

Байбесік ауылының іргетасы 1991 жылдары қаланыпты. Үкімет Моңғолиядан қоныс аударған қазақтарды осы ауылға орналастырған. Қазақстандағы экономикалық дағдарыспен тұспа-тұс келген көшке үкімет толыққанды көмек көрсете алмады.

Сондықтан ауыл тұрғындары мемлекетке ауыз ашып қарап отырмай, өз беттерінше тіршілік ете бастаған. Алды өз аулаларынан шағын цех ашып, ауылдың экономикалық әрі әлеуметтік жағдайының жақсаруына ат салыса бастайды.

Қазір ауыл негізінен жеке кәсіпке бет бұрған. Мұнда ат басын бұра қалсаңыз, көше бойынан барлық қызмет түрін таба аласыз. Өйткені жергілікті жұрт еңбеққор, тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуге әзір. Өздеріне қажетті азық-түлікті өнідіріп, сатудан бастап, барлық қызмет түрін көрсетеді.

– Менің балаларым әлі кішкентай болғандықтан оларды қараусыз қалдыра алмаймын. Үйіме қажетті заттардың барлығы ауылдың дүкенінен табылады. Тек киім-кешек алу үшін ғана базарға барамын. Күйеуім де осындағы жиhаз жасайтын цехта жұмыста. Жолға да шығын шығармаймыз, – дейді ауыл тұрғыны Анар.


Дүкен

Ауылдағы дүкеннен қажетті заттың барлығын табуға болады. / Фото informburo.kz


Сұлулық салоны да кез келген қызмет түрін қолжетімді бағада ұсынады.


шашатараз

Шаштаразға демалыс күні де келушілер көп / Фото informburo.kz


Байбесіктіктерге бұл молшылық оңайлықпен келген жоқ. Бизнеске бет бұруға тіршілік тауқыметі түрткі болған. Күнкөріс үшін басталған шағын істері қазір ұрпаққа мұра етіп қалдырар атакәсіпке айналған.

– Қазақстанға біз 1991 жылы көшіп келдік. Атажұртқа келгенмен, халықтың жағдайы мәз емес еді. Менің негізгі мамандығым мұғалім. Бірақ мамандығыммен жұмыс істей алмадым. Тіршіліктің қамымен нан табу үшін базар жағалап, әртүрлі зат сатумен айналыстық. Ал Байбесік ауылына көшіп келгендердің көбі жиhаз жасаумен айналыса бастады. Өйткені шетелден әкелінген жиhаз қымбат болатын. Жиhаз – әрқашанда қажет дүние, – дейді Әлия Мархабақызы.

Жаңа идея – жаңа кәсіп

– Бірақ жәй жиhаз жасаумен айналысқымыз келмеді. Өйткені бір ауылдың өзінде бәсекелес кәсіпкер көп еді. Күйеуіммен ақылдаса, ойласа келе, сол жиhазға қажетті матрас шығарумен айналысқан жөн деп шештік. Ол кезде сапалы матрас Қазақстанда жасалмайтын.

Алдымен Қытайға барып, өнімнің жасалу жөнімен танысып, үйреніп қайттық. Сосын шағын станок сатып алып, сонымен бір жұмысшыны жанымызға алып, жасай бастадық. Сұраныс арта бастады. Сөйтіп тағы төрт-бес адамды жұмысқа алдық.


Байбесік ауылының матрас жасайтын цехында 30 адам еңбек етеді

Байбесік ауылының матрас жасайтын цехында қазір 30 адам еңбек етеді / Фото informburo.kz


– Бұл ауылда бизнес жасаудың жөнін білетін, қолынан іс келетін әрі ерінбей еңбек ететін адамдар тұрады деп мақтануыма болады. Өйткені үйінен шағын цех ашпаса да, қолөнермен айналысып, көрпе тігіп, сандық жасап базарда сатып жүрген адамдар да бар. Тіпті жас отбасыларда күйеуі жиhаз жасаса, әйелі соның матасын тігіп көмектеседі. Ал жиhазға қажетті фурнитураның өзін базардан іздеп әуре болмаймыз. Үйге қажетті көрпе-жастықты да осы жерден табуға болады, – дейді Әлия.


Жиhазға қажетті фурнитураны да осы ауылдан алуға болады

Жиhазға қажетті ұсақ-түйек заттарды да осы ауылдан алуға болады / Фото informburo.kz


Халықаралық көрмелерге ауылдың тең жартысы қатысады

– Бизнес үнемі ізденісті, жаңа идеяны талап етеді. Сонда ғана бәсекелестікке төтеп беруге болады. Сондықтан жылда қалмай, халықаралық көрмелерге қатысып отырамыз. Жаңа құрылғыларды сатып аламыз. Көрмеге барғанда осы ауылдың тең жартысын кездестірсің. Барлығының жандары жаңалыққа құмар. Әрі тәжірибе алмасып қайтамыз.

Бізде қажетті маталар шығарылмайтындықтан, амал жоқ Қытай мен Түркияны аралап, іздеп кетеміз. Шығарып жатқан өнімнің сапасы шетелден әкелініп жатқан матрастардан кем емес. Ерекшелік болсын деп, матаны да Қытайға, Түркияға барып қазақы оюмен, арнайы тапсырыспен тіккіземіз.

Матрастардың сапасына қарай бағасы да әртүрлі. Ең арзаны 20 мың теңге. Алматының базарларынан бөлек сауда үйлеріне де сатылымға шығарамыз.


Қазақтың ою-өрнегі салынған матрастар үлкен сұранысқа ие

Қазақтың ою-өрнегі салынған матрастар үлкен сұранысқа ие / Фото informburo.kz


Бірақ... шағын кәсіпкерге арналған жеңіл несиеге қол жеткізе алмай жүр

– Қазір менің қарамағымда 30 адам жұмыс жасайды. Барлығы өз ісінің шебері болып алған. Бірақ мен шағын цехпен шектеліп қалмай үлкен фабрика ашқым келеді.

"Жомарттың қолын жоқ байлайды" деген, бәрі қаржыға келіп тіреледі. Осы арманыма қол жеткізу үшін кәсіпкерлерге берілетін төмен пайызды несие алуға тырыстым. Бірақ теледидардан айтқандай қолжетімді емес екен. Ал екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерге қандай пайызбен беретінін білесіздер.

Мысалы, қазір Алматыдағы арнайы индустриялық аймақтан біздің ауылдың кәсіпкерлері үшін жер телімін берсе, әрбір кәсіпкер кем дегенде 100 адамға жұмыспен қамтыр еді. Бірақ сол несиеге қол жекізе алмадық. Өйткені несиені оңайшылықпен бермейді әрі оны рәсімдеу үшін айлап жүріп, құжат жинау керек. Ал бізде оған уақыт жоқ. Тапсырыстарды уақытында өткізуіміз керек, – дейді Әлия.

Талғамға сай тамақ та ішуге болады

Байбесік ауылы шағын болғанымен, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қолжетімді әрі сапалы жиhазды іздегендер осы ауылға келеді. Ауыл тоғыз жолдың торабына орналаспаса да, осындай келіп, кетушілерге асхана мен мейрамхана да ашылған.


Байбесік ауылындағы асхана да бар

Байбесік ауылындағы асхана да бар / Фото informburo.kz



Байбесік ауылындағы мейрамхана

Шағын ауылдың өз мейрамханасы бар / Фото informburo.kz


Ұялы телефон қосымшасын сатумен айналысатын Қамар Алпамыс дүкенінің түскі үзіліс кезінде де жабылмайтынын айтты.

– Бұл ауылда қарбалас тіршілік болғандықтан, жан-жақтан кәсіпкерлер көп келеді. Бірі ұялы телефонының қуаты таусылып қалып келсе, бірі жөндеуге әкеледі. Әсіресе, жиhаз цехтарынан тауарды күндіз-түні тиеп әкетіп жатады. Барлық мәселе телефонмен шешілетін болғандықтан, оған қажетті заттарға да сұраныс жоғары.


сотка

Ұялы телефонды жөндеуден бастап оған қажетті барлық заттарды табуға болады / Фото informburo.kz


Жиhаз жасау кәсібін бір жылда меңгерген

Байбесік ауылында 150-дей отбасы өмір сүріп жатыр. Ауылдағы 20 кәсіпкер 400 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Табыстары да жақсы. Тұрғындар, бастысы, жақын жерде жұмыс жасағанына риза.

Ауылдағы негізгі кәсіп – жиhаз шығару. Дүйсен Әдісұлы да 2011 жылдан бері жиhаз жасаумен айналысады


Байбесік ауылының кәсіпкері Дүйсен

Байбесік ауылының кәсіпкері Дүйсен Әдісұлы / Фото informburo.kz


– Мен Монғолияның Баян-Өлгей аймағынан 2010 жылы көшіп келдім. Ата-анам мен бауырларым ертерек келген болатын. Балаларым ер жетіп қалғандықтан, олардың атажұртқа келіп, осы жерден білім алғанын қаладым. Бұл жерге бейімделіп кету аса қиындық туғызған жоқ. Өйткені бауырларым осында. Көшіп келген соң жиhаз жасаушылардың қарамағына жұмысшы болып орналастым. Жиhаз жасаудың қыр-сырын бір жылдың ішінде меңгеріп алып, кішігірім цех ашып, өзім жұмыс істей бастадым. Қазір қарамағымда 25 жұмысшы бар. Айлық табыстары 100 мың теңгеден жоғары. Тапсырыс көп болғандықтан кезекпен жұмыс жасайды. Көбіне жиhаз құрастырушылар өздерінің үлгісімен келіп, кестіріп алып кетеді.


Байбесік ауылындағы бос жұмыс орны бар екенін осылай білуге болады

Байбесік ауылындағы бос жұмыс орны туралы осы жерден білуге болады / Фото informburo.kz


Кәсіптің де түрі бар

– Мен үшін қиын болған жоқ. Өйткені Баян-Өлгейде жеке кәсіппен айналысқан болатынмын. Малдың ащы ішегін жуып, тазалап, шетелдік компанияларға өткізетінмін. Олар ащы ішектен операцияға қажетті жіп пен езілген еттен жасалған шұжықшаның (орысша сосиска – авт.) сыртқы қабығын жасайды екен.

Бірақ оның өзіндік талабы бар. Үш күннен артық сақталған ішекті қабылдамайды. Біз ағаш бөшкеге тұздалған күйінде өткізіп отырдық. Бірақ бұл кәсіпте біраз кедергі кездесіп, тоқтап қалды.


Жиhаз жасап жатқан ауыл тұрғындары

Жиhаз жасап жатқан ауыл тұрғындары / Фото informburo.kz


Қазақстанда шағын кәсіпті дамыту оңай

Ауыл кәсіпкерлері кез-келген үлгідегі жиhазды сапалы әрі қолжетімді бағаға жасап береді. Байбесіктік шеберлердің қолынан шыққан жиhаз қазір Алматының әр базарында бар.

Дүйсен жиhазға қажетті шикізатты шетелден әкеледі. Негізінен Ресей, Украина және Беларусь мемлекеттерінен.

– 90 жылдары қолдағы бардан, арзан материалдан жасайтынбыз. Қазір халық талғампаз. Сапасына үлкен мән береді. Тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін арзанқол материал қолданбаймыз. Қазақстанда кәсіптің көзін тапсаң тез дөңгелетіп алып кетуге болады. Өйткені халық тығыз қоныстанған Алматы, Астана қалаларында тауарға сұраныс жоғары. Ал Монғолияда адам аз болғандықтан сауда жасау қиынға түседі, – дейді ол.

Мал шаруашылығын қолға алуды жоспарлап отыр

Байбесік ауылында мал бағып, құс өсіретін отбасылар да бар. Олар шаруашылығын дамытып, ет, сүт өнімдерінің көлемін көбейтуді жоспарлап отыр.


Мал бағып отырған адам

Үй жануарлары да ерекше күтімді қажет етеді / Фото informburo.kz



тауық

Үй тауығының жұмыртқасы тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие / Фото informburo.kz



күшік

Дастарханың мол болса, күшігің де аш қалмайды / Фото informburo.kz


Байлықтың бастауы отбасындағы тәрбиеден

– Қазір кәсібін аяққа тұрғызған ауыл ағалары жастарды үйретіп, үлгі болып отыр. Бір отбасындай болып, үлкендердің ақылын тыңдап өсіп келе жатқан жастар арасында сыйластық бірінші орында тұр, – дейді келесі кейіпкеріміз Саумалбай Махаббат.

Баласы Абай да Дүйсен кәсіпкердің жанында жүріп үйреніп, осы кәсіпке бет бұра бастапты. Саумалбайдың өзі тері илеуді қолға алғысы келеді.

Бірақ жаңа іске кедергі көп

– Мен Баян-Өлгейде салық комитетінде қызмет атқарғанмын. Ол жерде халық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Әрі халқы Қазақстандағыдай тығыз орналаспаған. Ал мұнда сауданы тез дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік бар. Бірақ дәл Түркия еліндегідей шағын кәсіптің дамуына мемлекеттік қолдау әлі де кем.

Мен өзім Түркия еліне барып, тері өңдеп, таза былғарыдан жасалған дүниелерді сатып отырған адамдармен кездесіп қайттым. Олар Қазақстанға келіп, тері өндірісін ашпақ болды. Бірақ тексеруші орындар экологияға келтіретін зияны көп деді, әйтеуір бұл істі бастауға көп кедергі келтірді.

Ал ол жақта (Түркияда) әрбір үй өздері станок қойып алып, былғарыдан түрлі зат тігіп отыр. Олардың айтуынша, Қазақстанда мал терісінің сапасы жоғары. Сондықтан олар осында кәсіп ашқысы келеді. Мамандарды, тіпті, осында келіп, үйретіп беруге де әзір. Осы кәсіпті игергісі келетіндер де бар арамызда, бірақ әзірге тексеруші орындардың әлегінен қорқып, ешкім шешіліп қолға алған жоқ, – дейді Саумалбай Махаббат.

Ауылға қатынайтын автобус та жоқ

Десек те бай ауыл атанған Байбесіктің шешімін таппай отырған әлеуметтік мәселесі де бар. Ол қаладан тікелей қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығы. Ел ең жақын орналасқан қала аралық автобус аялдамасына дейін таксимен жетеді. Құны 150 теңге. Тұрғындар бұл мәселенің шешімін жергілікті әкімшіліктен күтіп, алаңдап отыр.


Серіктестер жаңалықтары