Қазақстанда дәрі-дәрмектердің бағасы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 8,4 пайызға өскен
Бұл туралы Халықтық комунистер партиясының жетекшісі, Парламент мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров мәлім етті. Айтуынша, дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу шарасы толықтай жүзеге асырылғанша олардың нарықтағы бағасы ұшынып барады. Бұл жағдай адамдардың дәріден ақша үнемдеуге, тіпті оны тұтынудан бас тартуға әкеліп отыр.
– Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, былтыр жағдайы орташа бір отбасы дәрі-дәрмекке 26 300 теңге шығындаған. Шын мәнісінде дәрінің қымбаттауын ескергенде бір отбасыдан бұдан да көп қаржы жұмсалған. Осының бәрі әншейін нарықта саудасы қызып тұрған кәсіпкерлердің қалтасына кетіп жатыр, – деп налыған депутат Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа дәрі-дәрмек бағасының шарықтау себебіне және оған жол бермеуге қатысты сауалдарын жолдады.
Жетісайда қыздарына қорлық көрсетіп келген өгей шешеге қатысты тергеу шаралары басталды
Түркістан облысында өгей шешелері үш қызын қатігездікпен ұрып-соғып, денелеріне жарақат салған. Бұл туралы бірінші қыздардың мектептегі мұғалімдері біліп, жағдайды аудан әкіміне хабарлаған. Шұғыл комиссия құрылып, алғашқы отырысына балалардың әке-шешелері мен әжесі, туған-туыстары шақырылған. Балаларды Шымкенттегі бейімделу орталығына жіберместен әжесі алып кетіпті. Қаракөздер қазір төрт күннен бері Жетісайдың аудандық ауруханасында жатыр. Олардың жағдайы қалыпты көрінеді, мектеп психологтары мен мұғалімдері ауруханамен ұдайы байланыста.
БҒМ хабарлауынша, балаларға қорлық көрсеткен өгей шешені полиция ұстаған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Істі ҚР Бас прокуратурасы, ІІМ мен БҒМ бақылауға алыпты. "Қазір өгей шешені ғана емес, балаларына дұрыс қарамағаны үшін олардың әкесін де ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатыр" деп мәлімдеді министрліктен.
Аудандық білім бөлімі таратқан мәліметке сүйенсек, өгей шеше бұл отбасына үш жыл бұрын қыздардың әке-шешесі ажырасып кеткеннен кейін келген. Бір жарым-екі жасар баласы бар әйел қазір жүкті көрінеді.
Жастар және отбасы істері жөніндегі комитетке жаңа басшы келді
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұйрығымен бұл қызметке Мадияр Қожахмет тағайындалды. Бұған дейін комитет төрағасының міндетін Асхат Оралов атқарып келген болатын.
М.Қожахмет 1984 жылы Қарағанды облысында туылған. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, "Болашақ" президенттік бағдарламасы бойынша Чехия қоғамдық ғылымдар университетін тәмамдаған.
15 мың мұғалімге үш жыл бойына үстемеақылары төленбей келген
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларға инклюзивті білім беру аясында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалармен жұмыс істегені үшін жалақысының 40 пайызы үстемеақы ретінде берілуі тиіс болған. Прокуратура органдарының араласуымен заңбұзушылықтар жойылып, мұғалімдердің барлығына 176,2 млн теңге үстемеақылары төленді.
Геннадий Головкин 8 маусымда канадалық Стив Роллспен жұдырықтасады
Кездесу Нью–Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді. BoxRec порталының дерегінше, 35 жастағы канадалық спортшы орта салмақтағы әлемдегі ең мықты боксшылардың үздік жүздігіне 93-ші болып әрең кіріп тұр. Ал, Головкин бұл рейтингте екінші орында.
"Баспана хит" ипотекалық бағдарламасының пайыздық мөлшерлемесі төмендеді
Жаңа клиенттер несиені 10,75 пайызбен (бұрын 11% болған) рәсімдей алады. Бұл бастама ҚР Ұлттық Банкінің 15 сәуірде базалық мөлшерлемені 9%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдағаннан кейін жүзеге асып отыр. Бағдарлама бойынша бүгінге дейін 25 млрд теңгелік несие мақұлданған. 3113 қазақстандық осы ипотекалық бағдарлама бойынша пәтер алған.
"Баспана хит" бағдарламасы азаматтың меншігінде баспанасы бар-жоқтығына қарамастан, бастапқы не екінші нарықтан тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Ипотеканы 8 банк береді: Халық банкі, ЦентрКредит банк, Сбербанк, Цеснабанк, Еуразиялық банкі, Forte Bank, Bank RBK және АТФБанк.
"Е-Халық" ақпараттық жүйесіндегі ақаудың себебінен көпбалалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отыр
Мәжіліс депутаттары осы мәселе бойынша Премьер-министр А.Маминге сауал жолдады. Депутат Бейбіт Мамраевтың айтуынша, ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс жасамауы салдарынан жағдайы төмен және көпбалалы отбасылар 1 сәуірден бастап берілуі тиіс жәрдемақыны ала алмай отыр.
"Отбасыны енгізу үшін мекен-жай реестрінде мекен-жай, үй, пәтер нөмірлері шықпайды. Бұған "Е-халық" ақпарат жүйесінің жер кадастры, жылжымайтын мүлік регистрі базаларымен ақпарат алмаспауы себеп. Ал, ақпараттық жүйе және сот актілері базасы арасында байланыс болмағандықтан баланың әкесі туралы, алиментке қатысты дерек шықпайды. 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалар жайлы ақпарат та жоқ. Бұған "Е-халықтың" АХАЖ базасымен байланыспауы себеп" деген депутат Үкімет басшысынан осы мәселеге байланысты тиісті шараларды қабылдап, Елбасының берген тапсырмасын жүзеге асыруды сұрады.
Жүргізушілерді медициналық тексерістен өткізу ережесі ескірген
Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин осылай деп мәлімдеп, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мен Денсаулық сақтау министрлігіне жүргізушілерді медициналық тексерістен өткізу рәсімдерін оңтайландыруды ұсынды.
Өз кезегінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының төрағасы Ә.Балташева да осыған қатысты азаматтардың шағымы көптігін айтып қалды. Мәжіліс төрағасы 6-10 жыл бұрын қабылданған ережені өзгерту кезінде тек сан жағынан емес, сапа жағына да көңіл бөлу керектігін ескертті.
Қазақстандықтар тіркеусіз мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады
Мәжіліс осындай заң жобасын мақұлдады. Құжат мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесінде "бір терезе" қағидатынан "бір өтініш" қағидатына көшу, мемлекеттік қызметтерді толығымен электронды форматқа көшіруді көздейді.
Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның айтуынша, қазір адамдар тіркелген жеріне байланғаннан кейбір қызметтерді өзіне ыңғайлы етіп алмайды. Осыған байланысты, азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық жеті түрі бойынша қызмет көрсетудің эксаумақтық қағидатын енгізу тұрғысында түзетулер енгізіліп отыр. Бұл қағидатты енгізу арқылы азаматтың өтінішті тұрғылықты жері бойынша беруі міндетті емес. Өз қалауы бойынша Қазақстан аумағындағы кез келген тіркеуші органға бере алады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Алдағы тәуліктерде күн суытып, жылбысқы қар жауады. Қазақстанның оңтүстігіндегі белсенді фронттардың әсерінен алдағы үш тәулікте жаңбыр жауады, кей жерлерде қатты жауын-шашындатады және найзағай ойнайды. Ал суық арктикалық атмосфералық фронттар республиканың солтүстік облыстарына жауын-шашын, жылбысқы қар, көктайғақ ала келеді. Ауа температурасы -2-10°С аязға дейін суытады. Сондықтан ауа температурасы климаттық нормадан 2-5°С төмендейді. Ал оңтүстік облыстарда ауа температурасы климаттық нормадан 2-5°С жоғары болады.
Baq.kz: Елордада балабақшаға топтау мамырдың ортасынан басталады. Бұл туралы ақпарат алдын-ала БАҚ-та, білім басқармасының bilim.astana.kz ресми ресурсында және әлеуметтік желілердегі басқарманың парақшаларында жарияланатын болады деп хабарлады әкімдіктен.