Тікелей эфир

Баспана бағасы, жер туралы заң, саяси жаңғыру. Тоқаев Ұлттық кеңесте қандай мәселелерді көтерді?

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысына қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзін кеңес мүшесі болған Михаил Дорофеевтің қайтыс болуына байланысты көңіл айту сөздерімен бастады.

"Бәрімізге кеңестегі әріптесіміз Михаил Дорофеевтің қазасын қабылдау ауыр соқты. Бұл бәріміз үшін ауыр қаза болды. Ол Қазақстан журналистикасының қалыптасуына және елдегі ақпараттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосты. Тағы да оның отбасы мен достарына көңіл айтамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл материалда Президент көтерген негізгі мәселелерді қысқаша ұсынамыз.


"Тұрғын үй бағасы әлі де қымбат"

Былтыр тұрғын-үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ, өңірлердің ахуалы әркелкі. Мысалы, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40 пайызы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында. Оның үстіне бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат. Мен Үкіметтің қаңтар айындағы кеңейтілген отырысында тұрғын үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсыныстар берді. Жалпы, бұл ұсыныстарды қолдаймын.

Дегенмен, нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді, мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ауылдық жердегі тұрғын үй мәселесін шешу – аса өзекті міндет. Жеке шаңыраққа ие болған жастарымыз ауылда тұрақтап қалудан қашпайтыны анық. Жалпы, ауылдық жерде үй салу баспана мәселесін ғана шешпейді. Мұндай жұмыс экономикалық белсенділікті арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан мемлекет барынша қолдау көрсетуге тиіс.

Баспана мәселесі "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен ғана шешілмейді. Бұл іске әлеуметтік жауапкершілігі бар жұмыс берушілерді жұмылдыру керек. Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаратын болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та, бәріне пайдалы. Жұмысты дұрыс жолға қоя алсақ, осы бастама ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізеді. Сондай-ақ қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін ауылға тартуға мүмкіндік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек.

"Медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет"

Соңғы жылдары біз білім беру жүйесін дамытудың басты бағыттарын, жолдары мен негізгі көрсеткіштерін айқындадық. Енді, нақты шешімдер қабылдауымыз керек. Жалпы, білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияның рөлі айрықша. Бұл, әсіресе, індет кезінде анық байқалды.

Мобильді операторлардың "Білім" тарифі карантин уақытында қашықтан оқытуға кеңінен жол ашты. Соның арқасында Қазақстанның 600 білім беру ресурсын шектеусіз пайдалануға мүмкіндік туды. Бұл қадам оқушылардың арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтуға айтарлықтай ықпал етті. Қашықтан білім беруді дамытудың осы әдісін тоқтатпай, жалғастыра беру қажет деп санаймын. Сондай-ақ, интернет тарифтері аясында отандық білім беру ресурстарын мектептерге тегін ұсыну керек. Үкіметке бұл шешімдерді жан-жақты пысықтауды тапсырамын.

Тағы бір маңызды міндет – педагогика және медицина кадрларын даярлау. Қазірдің өзінде көптеген өңірлерде осы сала мамандарының тапшылығы ерекше байқалып отыр. Бұл – өте күрделі мәселе, оны жедел шешуіміз керек. Мемлекет осы ахуалды түзету үшін нақты шараларды қолға алды. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін арттырып жатырмыз. Бұған дейін біз педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет.

"Азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс"

Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын. Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін дереу өзгерту қажет.

Бірыңғай ақпараттық қор (база) құрып, жұртқа ыңғайлы әрі жұмыс істеуге оңтайлы жүйені неге жасамасқа? Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Бұл жұмысты жеделдету қажет. 

Азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Осы жобаны биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асыруды тапсырамын.

"Лудоманияға жан-жақты тосқауыл қоюға тиіспіз"

Өскелең ұрпақтың денсаулығына "әлеуметтік кеселдер" залалын тигізеді. Шылым шегуге, ішімдікке және есірткіге тәуелді болу – кеңінен таралған жағымсыз әдеттер. Бұған қоса соңғы кезде жастар арасында лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік белең алуда. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөспірімдеріміз заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды. Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемлекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шаралар қабылдады. Бірақ, бұл шаралар, әрине, жеткіліксіз. Жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Мәселені шешу үшін жаңа тәсілдерді қолдану қажет.

Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз. Қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана айыппұл салынады. Шетел азаматтарының ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салу керек. Лудоманияға жан-жақты тосқауыл қоюға тиіспіз. Бұл ретте, заңнамалық шара қабылдаумен шектеліп қалуға болмайды. Осындай жағдайдың алдын алу мақсатымен тиімді тәсілдер қолдану қажет. Заңсыз ойын бизнесімен күресу үшін қоғамдық бақылауды күшейту аса маңызды. Осы міндеттерді орындауға құзырлы органдар белсенді атсалысуы керек.

"Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық отбасы институтына кері әсерін тигізеді"

Жыл сайын елімізде әйелдерге қарсы жасалған 2,5 мыңнан астам қылмыс тіркеледі, осының салдарынан қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына тосқауыл болып, отбасы институтына кері әсерін тигізеді. Бұл мәселені тек мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен күш-жігерімен ғана шешу мүмкін болып тұр. Сонымен бірге, осындағы маңызды рөл Ішкі істер министрлігінің 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімдеріне жүктеліп отыр. Бұл бөлімдер полицияның азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылының тиімді буыны болуы керек.

Алайда, кезінде олардың штаттық санының жартысына жуығы қысқарып қалған. Сонымен қатар бұл қызметкерлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі кездесетін өңірлерде қысқарған. Ішкі істер министрлігіне мүмкіндігінше зорлық-зомбылықтан әйелдер мен балаларды қорғау бойынша арнайы бөлімнің штат санын қалпына келтіруді тапсырамын.

"Саяси жаңғыруды міндетті түрде жүзеге асырамыз"

Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі дамытып, адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру үшін тың бастамалар көтеру өте маңызды. Сондай-ақ бұл саяси бәсекені күшейтеді, азаматтардың мемлекеттік саясатқа ықпал ету мүмкіндігін арттырады. Саяси реформалардың үшінші топтамасын жүзеге асыру үшін қолданыстағы заңнамаға түзету енгізіледі. Құзырлы органдарға тиісті заң жобаларын жедел әзірлеуді тапсырамын. Ұлттық кеңеске мүше Парламент депутаттары және бүкіл депутаттық корпус бұл жұмысқа белсене кіріседі деп сенемін.

Осы саладағы жүйелі өзгерістер ел ішінде ғана емес, халықаралық байқаушылар тарапынан да кең қолдау табуда. Менің бірқатар шетелдік әріптестерім және беделді сарапшылар елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы оң пікір айтуда. Олар саяси жаңғырудың сан қырлы және күрделі үдеріс екенін өте жақсы түсінеді. Ал, реформаларды сынайтындар көбінесе мәселеге үстірт қарайды немесе жағдайымыздың ерекшелігін әдейі түсінгісі келмейді. Біз түйткілді тұстарымызды жақсы білеміз. Ұстанымымыз – айқын.

Барлық мәселелерді кең ауқымды диалог пен мәміле арқылы біртіндеп шешеміз. Саяси жаңғыруды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған негізгі мақсаттарымыздың бірі. Мен осы мәселеге айрықша мән беріп отырмын. Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асыратын боламыз. Басты мақсат – еліміздің күш-қуатын, әлеуетін нығайту және ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін тиімді шешімдер қабылдау. Бұған ешкімнің күмәні болмауға тиіс.

"Аудан әкімдерінің тікелей сайлауын 2024 жылы өткізу керек"

Ауылда, ауданда тұратын әрбір жан өзінің және отбасының болашағына өзі жауапты екенін сезінуге тиіс. Олардың пікірі барынша ескерілуі керек. Мен былтырғы Жолдауымда Үкіметке Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл құжаттың жобасын Реформалар жөніндегі жоғары кеңес алдағы уақытта қарайтын болады. Ал, бірінші жартыжылдықта мәселені кейінге ысырмай, тиісті заң жобасын дайындауға кірісу керек. Стратегиялық маңызы бар осы құжаттарда бүгінгі ахуалдың ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Қазір біз кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға дайындалып жатырмыз. Сайлау биыл шамамен тамыз-желтоқсан айлары арасында өтеді.

Осы жылы 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Яғни, 800 жуық елді мекенді қамтитын жергілікті сайлау науқаны өтеді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасады деп айта аламыз. Бірақ, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз.

Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.   

"Қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерге жазаны қатаңдату қажет"

Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салынған көптеген елдердің тобына кіреді. Тиісті норма Конституциямызда да бар. Дегенмен, соңғы уақытта тіпті мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтықтың бар екендігі туралы фактілерді жиі тіркеп жүрміз. Бұған белгілі себептермен жол беруге болмайды. Бұл өте байыпты мәселе. Өйткені, ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты. Мұндай фактілердің жолын кесу қажет.

Өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауымда қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын лауазымды қызметінен босату туралы тапсырма бергем. Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы баяндауды өтінемін. Мұндай заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті мұнан да қатаңдату керек сияқты. 

"Жер шетелдіктерге сатылмайды"

Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым.

  • Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға  ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек.
  • Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек.
  • Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын.
  • Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек.

Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше  аламыз деп сенемін. Бұл шешімдер, ең алдымен, ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды. Біз жаңғырудың түпкі мақсаты әділ қоғам құру екеніне әрдайым баса назар аударуымыз қажет. Әр азаматымыз саясатта, экономикада және әлеуметтік салада тең құқықтарға ие болуы керек.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары