Тікелей эфир

Бас прокуратура азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингке шықпауға шақырды. Жаңалықтарға шолу

Президенттікке кандидаттардың шығын мөлшері 7 331 200 теңге көлемінде белгіленді. Мереке күндері 38 градусқа дейін күн ысиды.

ҚР Президенттігіне тіркеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды

Үміткерлерді тіркеу 11 мамыр күні сағат 18.00-де аяқталуы тиіс болатын. Алайда Орталық сайлау комиссиясы 7 кандидатты тіркеуді 6 мамырға дейін аяқтады. Сонымен, сайлау додасында бақ сынасатын үміткерлер:

  • "Nur Otan" партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев,
  • "Ұлы дала қырандары" қозғалысынан Сәдібек Түгел,
  • "Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан" Амангелді Таспихов,
  • "Ақ жол "партиясынан Дания Еспаева,
  • "Ауыл" партиясынан Төлеутай Рахымбеков,
  • "Қазақстан коммунистік халық партиясынан" Жамбыл Ахметбеков,
  • "Ұлт тағдыры" қозғалысынан Әміржан Қосанов

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан келген байқаушылар жұмысын бастады

9 маусымда өтетін ҚР Президент сайлауында бақылау жасайтын халықаралық ұйымның миссиясын елші Уршула Гацек басқарады. Миссия құрамында 11 сарапшы бар. Сайлаудан кейін сарапшылар ел басшысына ұсыныстарын дайындайды.

Елорда әкімдігі көпбалалы отбасыларға басқа аймақтарға қоныс аударуға ұсыныс жасады

Елорда әкімдігі көп балалы жанұяларды баспанамен қамту үшін Екібастұз қаласына көшіруге дайын. Онда оларға үш бөлмелі пәтер және 120 мыңнан кем емес айлығы бар жұмыс беріледі. Баспананы жекешелендіріп алуға болады. Бас қала билігі пәтер мәселесін шешу үшін осындай ұсыныс жасауға мәжбүр. Өйткені қалада пәтер жетіспейді. 3 мың отбасы кезекте тұр.

ҚР Бас прокуратурасы азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингке шықпауға шақырды

ҚР Бас прокуратурасы қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге, Жеңіс күнінде заңсз митингке шықпауға кеңес берді. "Бас прокуратура бұдан бұрын да осындай заңсыз акциялар ұйымдастырғандарға және оған қатысқандарға жауапқа тартылатынын ескерткен болатын. Алайда 1 мамырда кейбір азаматтар уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерлері ескертуін елемей, заңсыз митингіге шығып, әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың құқықтық тәртіпке қайшы іс-әрекеттерінен азаматтардың демалуына және тыныштығына қауіп төнді"делінген ведомство таратқан хабарламада.

Бас прокурордың орынбасары Б.Дембаев құқық бұзушылардың заң алдында қатаң жауап беретінін ескертті.

Қорғанысқа жұмсалған бюджет қаражаты екі есеге артты

Биылғы жылдың алғашқы екі айында бұл мақсатта мемлекеттік бюджеттен 2 трлн теңге шығындалған. "Қорғаныс саласына жұмсалған шығындардың артуы бұл бағыттың мемлекет үшін маңыздылығын көрсетеді" дейді сарапшылар.

Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру республика бюджетінің басты шығын бөлігі болып отыр. 2019 жылдың қаңтар-ақпан айында оған 522,7 млрд теңге жұмсалған.

Мемлекет бюджеті ҚР Президентіне кандидаттың 7,3 млн теңге шығынын жабады

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) кандидаттардың БАҚ-да сөз сөйлеу үшін бөлінген қаражаттың көлемі мен қағидаларын бекітті. ОСК Қаулысымен ҚР Президенттігіне кандидаттардың шығын мөлшері 7 331 200 теңге көлемінде белгіленді.

Сайлау қорында 510 млн теңгеден аспайтын кандидаттың өз қаражаты және оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестіктің кандидатқа бөлген қаражаты болуы тиіс. Республика азаматтары мен ұйымдардың ерікті қайырымдылығы 637,5 млн теңгеден аспауы тиіс. Белгіленген мөлшерден артық түссе, ол қаражат сайлау қорларына есептелуге жатпайды және оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Анонимді қайырымдылықтар мемлекет бюджетінің кірісіне аударылады.

Депозиттерге кепілдік беру қоры банк салымшыларына өтемақы беруді жеделдететін жоба әзірледі

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшыларға өтемақыны банкті лицензиясынан айырған күннен бастап аударуға ұсыныс білдірді. Қордың алдын ала есебі бойынша салымшылардың кепілдендірілген қаражаты банктің лицензиясынан айыру туралы шешімі шыққаннан кейін екі айдан кейін беріліп басталуы тиіс. Егер мұндай тәсілді "Астана Банкі" қабылдағанда салымшылар өз қаражатын қайтарып алуды 70 күннен аз мерзім күтеді екен.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Мереке күндері ауа райы қандай болады. Антициклон және оңтүстік-батыс тропосфералық ағындары 9 мамырда Қазақстан аймағының басым бөлігінде жылы және жауын-шашынсыз ауа райын қамтамасыз етеді. Алдағы үш тәулікте де республика аймағында ауа райында күрт өзгерістер күтілмейді. Батыс облыстарда күндіз ауа температурасы плюс 30...38°С дейін жоғарылап, найзағай мен өткінші жаңбыр күтіледі. Оңтүстік және орталық аймақтарда да жылы және жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Baq.kz: Биыл кезекте тұрған 6 мың көпбалалы отбасыға пәтер беріледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму минситрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде 31750 адам үй кезегінде тұр. Айтуынша, көпбалалы отбасыларға үйлерді тапсыру 1 мамырдан басталады.

24.kz: Елімізде әуе билеттері қымбаттады. Мереке күндері болғандықтан билеттер шамамен екі есе қымбаттаған. Мысалы, мамырдың 13-сі мен 16-сы аралығында Алматыға демалыс күндеріне қарағанда, екі есе арзан бағаға баруға болады. Билет құны – 28 мың теңге. Ал Өскеменге ұшақпен барып-келу – 36 мың теңге, Атырауға – 56 мың теңге. Ал шырайлы Шымкентке әуе жолдары арқылы 35 мың теңгеге барып келуге болады. Ұшақ билеттерінің құнын қалтасы көтермейтін тұрғындар діттеген жеріне пойызбен жетеді. Теміржол билеттерінің бағасы әзірше өзгермеген.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары