Алда балалардың үш айлық демалысы. Егер ата-аналар еңбек демалыстарын жазға қарата алса, бір ай балаларымен бірге демалады. Ал, қалған уақытта не істеу керек?

Білім басқармасы балаларға жазғы лагерьлерді ұсынады (мектеп жанынан ашылған, спорттық, күндізгі және т.б.). Сонымен қатар жекеменшік лагерьлер де өз қызметтерін ұсынады. Балалар жазғы демалысын пайдалы өткізуі үшін ата-аналарға демалысты қалай ұйымдастырған жөн? Informburo.kz балалардың маусым-тамыз аралығында немен айналысуға болатыны туралы мәселені Алматы мысалында зерттеп көрді.

№1. Тегін лагерьлер. Қайсысын таңдай аласыз?

Алматыда маусым-тамыз аралығында мектептер, оқушылар сарайы (қалада біреу), оқушылар үйі (әр ауданда бір-біреуден) жанынан ашылған 708 үйірме мен спорттық секциялар (10 күндік, сағат 10.00-ден 15.00 немесе 16.00-ге дейін) жұмыс істейді. Алдын ала белгілі болған мәліметке сәйкес оларға 230 мың бала (түлектерден басқа) келеді деп күтіліп отыр.

Мұндай лагерьлерді төмендегі топтарға бөлуге болады;

  • Тілдік – мектеп мұғалімімен шет тілін үйрену. Алматының 188 мектебінде 5-8 сынып оқушыларына арналған.
  • Мектеп жанындағы – спорттық байқаулар, шығармашылық студиялар, мұғалімнің сүйемелдеуімен қаланың көрнекі жерлерін тамашалау. Қаладағы әр мектепте бастауыш сынып оқушыларына арналған (1-4 сынып).
  • Спорттық – жай және спорттық мектептер базасында спорттық үйірмелерге қатысу. Кез келген сыныптың оқушыларына арналған.
  • Туристік – Алматының көрнекі жерлеріне саяхаттау. Қаланың жас туристері станциясы және жас табиғат зерттеушілеі станциясы базасында. 5-8 сынып оқушыларына арналған.
  • Пәндік – пәндерді тереңдетіп оқыту (физика, химия, биология, математика және т.б.). Барлық мектепте 8-10 сынып оқушыларына арналған.
  • Өлкетану – Алматы облысының әдемі жерлерімен танысу мақсатында экскурсияға шығу. Туристер мен жас табиғат зерттеушілері стансасының базасындағы лагерьлер 5 сыныптан жоғары сыныпта оқитындарға арналған.
  • Экологиялық – Жас табиғат зерттеушілер мен жас туристер стансасы базасында (5 сыныптан жоғар). Балалар гүл отырғызады, оларды күтеді, туған өлкесінің өсімдіктер әлемімен танысады.
  • Күндізгі лагерьлер – шығармашылық студиялар, спорттық жарыстар мен жаттығуларға қатысу. Барлық оқушылар үйі мен оқушылар сарайында бар.

№2. Баланы тегін лагерьге қалай жазуға болады?

Ол үшін ата-аналар қосымша білім беру ұйымдарының толық тізімімен танысулары керек. Алматы аудандары бойынша тізім Білім басқармасының сайтында бар. Онда таңдалған лагерьдің жұмыс кестесімен және толық бағдарламасымен танысуға мүмкіндік бар. Ұйымдардың сайтына сілтемелер маусым айында жарияланады. Кез келген лагерьге жазылуға болады: баланың тіркелген мекен-жайы мен тұрғылықты жері маңызды емес. Алайда мектеп жанындағы, пәндік, тілдік лагерльдерді баланың өзі оқитын мектептен таңдаған дұрыс. Жазғы лагерьлер Алматыда 1 маусымнан бастап жұмыс істей бастайды, оларға жазылу жүріп жатыр.

Баланы тегін лагерьге жазу үшін ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ.

№3. Тегін лагерьге қабылдаудан бас тарту мүмкін бе?

Жоқ. Алматының білім басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, мектеп жанынан ашылған лагерьлер баланы қабылдаудан бас тарта алмайды. Олар 31 тамызға дейін жұмыс істейді.

Егер сіздің балаңыз Оқушылар сарайы не оқушылар үйіндегі үйірмелер және/немесе секцияға қатысқысы келсе, олардағы топтарда орын толықтай жиналған жағдайда сіздің балаңызды қабылдаудан бас тартуы мүмкін. Мәселен, қалалық Оқушылар сарайында көпке мәлім болған роботты техникалар курсы бар. Оған қатысу үшін алдын ала жазылу керек.

№4. Қаладағы ақылы лагерьлер нені ұсынады?

Оқушыларға жазғы демалысты кәсіпкерлер де ұйымдастыруға дайын. Олар өздерінің оқу орталықтарын жазда лагерьлерге айналдырады. Қалада орналасқан мұндай орталықтар балаларды ата-аналары жұмыста болған мерзімде қабылдай алады. Оларда мұндай қызметтер ұсынылады:

  • Үш мезгіл тамақ;
  • Демалыс уақыты жоқ;
  • Өз аумағы жоқ, сондықтан балалар жақын маңдағы парк/саябақ және т.б. қыдырады;
  • Нақты білім бағдарламалары жоқ, тек ойын-сауықтар ұйымдастырады;
  • Лагерьдің жұмыс уақыты: сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін;
  • Демалыс күндері жұмыс істемейді;
  • Бағасы 10 күнге 75 мыңнан басталады.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как выбрать летний лагерь, спортивные секции и кружки для детей


№5. Қала сыртындағы ақылы лагерьлер не береді?

Алматының сыртында көптеген балаларға арналған лагерьлер орналасқан. Оларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады: білім беру (ағылшын тілін үйрету, ойын үлгісінде мектеп пәндері, дебаттар мен тренингтер) және ойын-сауықтық (спорттық жарыстар, бассейнде суға түсу, атқа отыру, шығармашылық студиялар). Мұндай лагерльлердің 10 күндік жолдамасы 70 мыңнан 155 мыңға дейін тұрады. Ал, ол қаражат үшін сіздің балаңызға беріледі:

  • Бес мезгіл тамақ (фуршетімен бірге);
  • Жайлы коттедждерде тұру, бөлмелер 4-6 адамға шақталған;
  • Туристік базаларға бару (саяхаттар);
  • Таңертеңнен кешке дейін ойын-сауықтар ұйымдастыру (балық аулау, спартакиадар, театрлық қойылымдар, түрлі үйірмелер).
  • Аумақтары қорғалған;
  • Ата-аналарға балаларына келуге рұқсат беріледі;
  • Лагерьде тәулік бойына бейнебақылау орнатылған, ата-аналары телефондағы қосымша арқылы бақылай алады.

№6. Жазғы ақылы лагерьлерге қандай құжаттар тапсыру керек?

Әрбір базаның, соның ішінде ақылы қалалық лагерьлердің өз талаптары бар. Соған қарамастан жолдаманы рәсімдеу үшін төмендегі құжаттар пакетін жинау керек:

  • Оқушының 079-У үлгісіндегі денсаулық жағдайы туралы анықтамасы (емханадан);
  • Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • Ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдері куәліктерінің көшірмесі (балаларды тек солардан қабылдап алып, соларға тапсырады);
  • Сауалнама (қабылдаушы тарап толтырады);
  • Келісім-шарт (қабылдаушы тарап жасайды);
  • Кейбір лагерьлерде бассейнге бару үшін инфекциялық аурулармен ауыратын адамдармен байланыспағанын растайтын анықтама талап етуі мүмкін.

№7. Жазғы лагерьлерді таңдауда неге назар аудару керек?

Мұндайда ата-аналар өзінің және баласының қалауына ерік береді. Кейбірі күнде баласының бір нәрсе үйренгенін қалайды, кейбірі жай әншейін демалғанын жақсы көреді. Соған қарамастан келесілерге назар аударған жөн:

  • Лагерде білікті медицина қызметкерінің болуы;
  • Жақын елді-мекенге дейінгі қашықтығы;
  • Тұрғын бөлмелердің өрт дабыл қаққыш жүйелермен жабдықталуы;
  • Клиенттердің пікірі;
  • Маусымның ашылуына рұқсат қағазының болуы (Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті береді).

№8. Жазда балаларды жүзуге тегін үйретеді

Алматыда шілде-тамыз аралығында оқушыларды жүзуге тегін үйретеді. Спорт басқармасының мәліметінше, "Arnage" ЖШС төмендегі шарттарда жаттығу ұйымдастырады:

  • 8-12 жас аралығындағы балаларға арналған;
  • 1 курс – 10 жаттығу сабағынан тұрады;
  • Компания барлығы 120 сабақты өткізуді жоспарлап отыр;
  • Сабақ 45 минутқа созылады;
  • Топта 15 дейін бала болады.

Тәжірибелі нұсқаушылар оқушыларды жүзудің базалық дағдысына үйретеді. Оқу аяқталған соң балалар емтихан тапсырып, сертификат алады. Бір оқу жылында 2000 дейін баланы оқыту жоспары бар. Оның ішінде аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балалары бар.

Курстар туралы мәліметтер маусым айында Алматы қалалық спорт басқармасының сайтында жарияланады. Осы жерде балаңызды курсқа жаза аласыз. Орындар санаулы.

2019 жылдың жаз айларында Алматыда аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан 4150 балаға, сонымен қатар жетім балалар мен оқуда озат болған балалар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі түрлі лагерьлер мен демалыс үйлерінде демалатын болады. Бұл мақсатта бюджеттен 232,4 миллион теңге бөлінді. "Балалардың нақты қайда баратыны туралы мәліметтер кейінірек белгілі болады" деп хабарлады Алматының білім басқармасынан.

Авторы Жанна Хабдулхабар.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter