Тікелей эфир

Балалар жазғы демалыс кезінде жұмыс істегісі келеді. Олардың қандай құқықтары мен мүмкіндіктері бар?

Арнайы іnformburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы.
Арнайы іnformburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы.
Informburo.kz сабақтан бос уақытта, демалыс кезінде балаларға қалай ақша табуға болатынын, оларға жұмысты қайдан іздеу керектігі туралы зерттеді.

Сіздің жоғары сыныпта оқитын балаңыз жазғы демалыс кезінде немесе сабақтан тыс уақытта қосымша табыс тапқысы келе ме? Оны бұл ойынан айнытуға болады, сонымен қатар оған таңдау жасауға көмектесуге де болады. Төменде осы тақырыпты толығырақ тарқатып айтып береміз.

№1. Неден бастау керек?

Баланы бағып-қағу – ата-ананың міндеті. Ал, егер жас жеткіншек жұмыс істеуге ұмтылса, өзінің дамуы, қоғамға сіңісуі үшін қолынан келгенді істеуіне көмектессеңіз болады. Баламен бірге оған қосымша табыс табуға болатын ойыңызға келген нұсқалардың бәрін жазып шығыңыз. Сосын олардың ішінен балаңыздың істей алатын, икемі бар жұмысын таңдайсыз. Ұсыныстарды жазған кезде баланың қабілетін, мінезі мен жасын ескеріңіз. Оның өзіне қайсысы қызығырақ соны белгілеп қойыңыз. Осыдан кейін сізге түпкілікті шешім қабылдау оңай болады.

№2. Балаларға жұмысты қайдан іздеуге болады?

Баламен бірге өзіңіздің ойыңыздан шыққан нұсқаны анықтағаннан кейін жұмыс орнын таңдауды бастаңыз: достарыңыз бен таныстарыңыздан сұраңыз, хабарлама сайттардағы бос жұмыс орындарын зерттеңіз, әлеуметтік желідегі жұмыс іздеуге арналған топтарды көріп шығыңыз. Сіз тіпті балаңыздың қолынан келетін жұмыс түрі мен байланыс нөмірлерін қалдыра отырып, хабарлама тарата аласыз. Балаңыз оқитын мектептен жаз айында істейтін бос жұмыс орыны бар-жоғын анықтап алыңыз. Мүмкін мұғалімдерге жазғы лагерьлерге тәлімгерлер немесе аумақты көгалдандыруға көмек керек шығар.

№3. Қандай нұсқалар бар?

Жоғарғы сынып оқушылары мен студенттерге төмендегі қызмет түрлерімен айналысуға әбден болады:

  • Репетитор;
  • Курьер;
  • Аниматор;
  • Промоутер;
  • YouTube-та блогер;
  • Поштаға көмекші;
  • Мақала авторлары;
  • Аудармашы;
  • Фото және/немесе видеоларды өңдеуші;
  • Үй жануарларын күтіп-бағуға көмекші;
  • Модель;
  • Әртіс;
  • Қолөнер (тоқу, ағаш кесу, моншақтармен кестелеу, сабын жасау);
  • Жарнамаларды ілуші;
  • Ақылы тестер мен сауалнамаларға қатысу;
  • Компьютер және онлайн-ойындарды тестілеуші.

Қалаларға байланысты бұлардың тізімі басқа да жұмыстармен толығуы мүмкін. Оған төленетін ақы да қала мен жұмыстың сипатына қарай әр түрлі болуы ықтимал. Мәселен, репетитор болып сағатына 700-3500 теңге, ал промоутерлік қызметтен сағатына 500-5000 теңге, аниматор ретінде сағатына 2000-3000 теңге, курьерлік жұмыстан айына 45 000 теңгеден басталатын табыс табуға болады. Жас аудармашылар айына 40 000 теңгеден бастап, хабарламаны жапсырушылар 50 000 теңгеге дейін ақша таба алады. Модельдің жұмыс істеген әр сағатына 1000-20 000 теңгеге дейін ақы төленеді.

№4. Мемлекеттен қандай мүмкіндік берілген?

Халықты жұмыспен қамту орталықтары (мекен-жайлары мына жерде) 16 жастан жоғары жасөспірімдерге қоғамдық жұмыстар ұсынады. Бағдарламаға қатысу үшін өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз бен оқу орныңыздың анықтамасын апара отырып, орталыққа барып өтініш қалдыру керек. Қоғамдық жұмыстарға бір жылдан артық қатысуға болмайды (барлық жастағы азаматтарға талап ортақ). Орталықтар жүк тасушы, аула сыпырушы, қосалқы жұмысшы немесе курьерлік жұмыстарын ұсынады. Қазақстанның әр өңірінде ұсыныстар әр түрлі болуы мүмкін. Елордада жалақы – 85 мыңды болса, Алматыда – 63 мың, ал Шымкентте – 50 мың. Қоғамдық жұмыстарға төленетін ең аз жалақы Павлодар, Ақтау мен Оралда – 42,5 мың теңге. Жұмыспен қамту орталықтарына жұмысқа шыға алатын уақыттан кем дегенде 10 күн бұрын жүгіну керек. Мамандар сізді жұмыс керек тұлға ретінде тіркеп, әр түрлі ұсыныстарды ұсыну үшін осындай уақыт қажет.

№5. Еріктілер жобасы не береді?

Балаңызға жазда белгілі бір жобаға ерікті ретінде қатысуына болады. Мұндайда ол нақты бір салада тәжірибе жинайды. Мәселен, алматылық "Еріктілер лигасының" мүшелері қарт адамдардың шаруашылықтарына көмектеседі, сенбіліктер, жүгіру, қайырымдылық бал мен экологиялық науқан сынды шараларды өткізеді. Оларға 12 жастан бастап жазылуға болады. "Еріктілер лигасына" балалар өз еркімен қатысады. Қатысушыларға алдағы шаралар туралы хабарламалар келеді, балалар оған қатысу-қатыспауды өздері шешеді.

"Команда SOS" еріктілерінің жыл сайынғы жобаларының арасында "Ёлка желаний", "ЯРКОкросс", "Ночь в музее","Алматы марафон" секілді шаралар бар. Тек жергілікті ғана емес, халықаралық жобаларға да ерікті болуға болады (оларда жиі болып тұрады, мәселен British Council, American Corner). Сондай-ақ білім орталықтары ұсынған бағдарламалар арқылы басқа да елдерде ерікті болуға мүмкіндік бар.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Дети хотят работать во время каникул. Какие права и возможности у них есть?

№6. Балалардың жұмысына байланысты қандай шарттар сақталуы тиіс?

Он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жасөспірімдер – аптасына 24 сағаттан аспайтын уақыт, ал он алтыдан он сегіз жасқа дейінгілер аптасына 36 сағаттан аспайтын мерзімде жұмыс істеуі керек (ҚР Еңбек кодексінің 69 бабы). Түнгі уақытта (22.00-ден 06.00-ге дейін),сонымен қатар ауыр жұмыс істеуге, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарды атқаруға, толық материалдық жауапкершілікті жүктеуге, вахталық әдіспен және қызмет уақытынан тыс мерзімде жұмыс істеуге тиым салынады. Егер медициналық қарсы көрсетілімдері болмаса заң жүзінде балаларды іссапарға жіберуге болады. Ал, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерді жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алуға жол берілмейді (ҚР Еңбек кодексінің 95 бабы).

14 жасқа толмаған балалар да жұмыс істей алады. Еңбек заңнамасына сәйкес, оларға еңбек келісім-шартымен циркте, театрлар мен концерттерде өнер көрсетуге немесе киноға түсуге болады (ҚР еңбек кодексінің 31 бабы). Бастысы, денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмеуі тиіс.

№7. Келісім-шарт не үшін керек және қанша ақша табуға болады?

Баланы жұмысқа орналастырғанда келісім-шарт жасалады. Кәмелет жасына толмаған тұлғамен бірге ол құжатқа ата-анасының біреуі (немесе қамқоршысы, асыраушысы) қол қоюы керек. Өйткені баланың жұмыс істеуі үшін олардың келісімі керек. Келісім-шартта барлық жұмыс шарттары, 2019 жылғы ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеден кем болмауы тиіс, еңбекақы көлемі жазылады.

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жасөспірімдердің еңбекақысы жалпы негіздерде төленеді, яғни оларға жалақы кәмелет жасына толған жұмысшыларға төленгендей беріледі. Сонымен қатар жұмыс беруші өз еркі бойынша күн сайынғы толық жұмыс уақытының ұзақтығымен жұмысшылардың еңбегіне ақы төлеу деңгейіне дейін балаларға да қосымша ақылар тағайындай алады. Балалар да үлкен адамдардай жалақыларынан зейнетақы жарналары мен табыс салығын аударады (Жұмысшыны рәсімдеу кезінде шот автоматты түрде ашылады).

№8. Жұмыс берушінің абырой-беделін қалай тексере аласыз?

Балаңызды қандай да бір ұйымға жұмысқа орналастырмас бұрын ол туралы пікірлерді оқыңыз. Ұйым қанша уақыттан бері жұмыс істейді, ол туралы адамдар не дейді, осының бәрін тексеріңіз. Осылайша сіз алаяқтық пен жағымсыз жайлардың алдын аласыз.

Жұмысқа тұрғызғаны үшін сізден қандай да бір қаржылық жарналарды талап етпеу керектігін естен шығармаңыз. Өйткені бұл заңсыз. Жұмыс беруші баламен келісім-шарт жасасудан бас тарту жағдайынан да сақ болыңыз. Бұл – сізді алдап тұрғанының бір белгісі.

№9. Құқық бұзушылық кезінде қайда шағымдану керек?

"111" бірыңғай байланыс нөміріне. Ол Қазақстандағы балалар құқын қорғау жөніндегі уәкілетті органның бастамасымен ашылды және балаларға құқықтық және психологиялық көмек көрсетеді. Желі демалыс және мереке күндері де тәулік бойы жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.

Кәмелет жасына толмағандардың құқын бұзу фактілері, оларға зорлық-зомбылық, жәбір көрсетуге қатысты ақпараттарды сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалар құқын қорғау комитеті де қабылдайды. Олармен 8 (7172) 74-25-28 нөмірлі сенім телефоны арқылы немесе Telegram-дағы "BALA QORǴAÝ" чаты арқылы байланысуға болады. Құқық бұзушылыққа қатысты барлық фактілерді (ол бақшада, мектепте, көшеде, жұмыста болама бәрібір) құзырлы органдар тексереді.

Авторы Наталья Батракова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Серіктестер жаңалықтары