Тікелей эфир

Бала-бақша меңгерушісінің туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратындығы анықталды. Жаңалықтарға шолу

Сурет pricom.kz сайтынан алынды
Сурет pricom.kz сайтынан алынды
Қазақстанда темір жол вокзалдарының жартысына жуығында мүгедектерге жағдай жасалмаған. Тестілеуден өткен мұғалімдердің жалақысы өседі. Демалыста күн суытады.

Қарағанды облысында он адам донерден уланды

Оның екеуі – жеткіншек. Қазір олар жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Бәріне өткір ішек инфекциясы диагнозы қойылды. Дәрігерлер жағдайларын бірқалыпты деп бағалап отыр. Құқық қорғау органдары санитарлық ережелер мен гигиеналық талаптарды бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

Педагогтар бес тілде тест тапсыратын болды

Ұстаздар қазақ, орыс қана емес, сондай-ақ ұйғыр, тәжік және өзбек тілдерінде тапсыра алады. Тестілеу 3-5 қарашада өтеді. Оған 54 368 педагог қатысады. Сәтті тапсырған мұғалімдердің жалақысына 30%-дан 50%-ға дейін үстемеақы қосылады.

Алматыда қоғамдық көлікке тегін ауысып отыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр

Қала әкімі автобус және троллейбустармен жол жүру үшін әр түрлі тарифтік жоспар енгізу қажеттігін айтты. Қоғамдық көлікке екі-үш рет тегін ауысып отыруға болады. Бұл орайда Еуропа тәжірибеге үлгі ретінде алынды. "Бюджетке түсетін жүктемені есептеп, ең дұрыс нұсқасын алу керек",-деді Б.Байбек.

Бала-бақша меңгерушісінің туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратындығы анықталды

Алматыдағы №144 бала-бақшаның меңгерушісінің өзі бұны 19 қазан күні білген. Сол күні ол жұмыстан кету туралы арыз жазған. Ата-аналар мұндағы балалардың біразының жөтеліп жүргенін айтып, шағымданды.

Қазір бақшадағы 142 бала мен 21 қызметкер дәрігерлік тексеруден өтіп жатыр. Санитарлық дәрігерлер мектепке дейінгі мекемеде карантин жариялаған жоқ. Айтуларынша, балалалардың сәби жасынан қалыптасқан иммунитеті бар, сондықтан оларда ауру жұқтыру қаупі өте төмен.

Шұжықтан уланып, көз жұмған сəбиден "Ботулизм" диагнозы расталмады

Ақмола облысында 2 жасар қыздың өліміне қатысты жүргізілген зерттеуге сай шұжық өнімдерінің гигиеналық нормативтер талабына сай екенін анықталады. Қайтыс болған сәбиге "гастроэнтероколит типті токсинді ас жұқпасы" диагнозы қойылды. Оған қоса, токсинді шок, мидың және өкпенің ісінуі, жүрек - қан тамырларының жетіспеушілігі деген ілеспе диагноз да қойылды. Сондай-ақ өкпенің оң жақ үстіңгі бөлігі орташа деңгейде қабынған.

Қазақстанда темір жол вокзалдарының жартысына жуығы ұлттық стандартқа сай емес

Еліміздегі 302 вокзалдың 166-да мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалмаған. Яғни мүгедектерге арналған кассалар мен дәретханалар жоқ, пандустар орнатылмаған, көздері нашар көретіндер үшін баспалдақтардың жоғарғы және төменгі сатысы сары түске боялмаған, күту залдарында мүгедектерге арналған орындар таңбалармен белгіленбеген. ҚР ИДМ республика бойынша бірқатар вокзалдарда жаңғырту жұмыстары жүргізілетіндігін хабарлады.

БҚО-да комиссия оқушы қызға шприц тығып алу оқиғасының мән жайын анықтады

Мектеп ауласында 7-сыныпта оқитын ер бала 6-сынып оқушысының сол жақ қарына шприц инесімен жарақат салған. Ауылдың фельдшері оған алғашқы көмек көрсеткен. Аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, зерттеу нәтижелері шприцтен АИТВ мен гепатит қоздырушыларды таппады. Қазір оның жағдайы жақсы, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда демалыс күндері күн суытады. Республиканың батысына жеткен суық ауа ағындарымен байланысты бұлттың белсенді массиві демалыс күндері шығысқа қарай жылжиды. Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасы төмендейді. Біршама өңірде жаңбыр және қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін.

Sputniknews.kz: Сирияда 3 қазақстандық әйел өлім жазасына кесілді. Олар жанындағы үш отандасы мен 7 жасар баланы өлтіріп, ақшасын тартып алмақшы болған. Сөйтіп елге қайтып оралуды жоспарлаған. Құйтырқы әрекеттері іске аспаған әйелдерді ДАИШ содырлары ұстап алып, шариғат сотына тапсырған.

Сирияға жол тартқан қазақстандықтардың саны 800 адамнан асып отыр. Шілде айындағы мәліметтерге сәйкес, бұлардың 120-ы - ер адам, 250-і - әйел және 500-і - кәмелеттік жасқа толмаған бала.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары