Тікелей эфир

Қазақтың дәстүрлі сот билігі әдет-ғұрыпқа негізделген

Халық билер шешіміне наразылық танытпаған
Халық билер шешіміне наразылық танытпаған
Қазақтың ежелгі сот билігі бітістіруді мақсат етіп, шешім шығарған. Оған халық риза болған. Ал Қазақстандағы алқа билер сотына халық сенім арта бермейді.

Көшпелі қазақ қоғамында сот билігі – мемлекеттік биліктің дамыған саласы болған. Оның қызметін билер атқарған. Заман талабына сай соттың құрылымы, мазмұны, бағыт-бағдары өзгеріп отырған.

XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басында қазақтың әдет-ғұрпы мен шариғат заңдарына негізделген ереже нормалары арқылы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүйелеп басқарып,бақылаған. Осылайша билер соты қоғамдық тәртіпті әдет-ғұрыпты сақтау арқылы орнатқан.

Көз – ең құнды дене мүшесі

Тарих ғылымының докторы, профессор, этнограф Ахмет Тоқтабай қазақ билерінің көп мәселені бітімгершілік жолмен шешкенін айтады.

– Қазақ XII ғасырдан бастап "қанға қан, жанға жан"деген принципті жойып, адам құнын қан төгу арқылы емес мал төлеу арқылы өтеткен. Сөйтіп, бітістіріп, қылмысты тоқтатқан. Мысалы, қарапайым адамның құны – 100 жылқы десе, ханның құны – 1000 жылқы болған. Ал қылмыс жасаған адамның төлейтін малы болмаса немесе оны туған-туысы мойнына алмаса, ол талапкердің босағасында қарызын өтеу үшін құл болып өмір кешкен.

Ал адам дене мүшесі ішінде көздің құны жоғары болған. Көздің құны – 80-90 жылқыға дейін барған. Өйткені дүниенің бар қызығын көзбен көруден асқан нәрсе жоқ деп есептеген. Сонымен қатар жүйрік аттың да құны жоғары бағаланған. Ұлы жүздің биі Тіленші өмірден өтерінде "Арманыңыз бар ма?" деген сұраққа "Билік айтқанда жүйрік аттың құнын ер жігіттің құнымен бірдей төлету керек еді" деген екен, – дейді этнограф.

Қазақ билері пара алмаған

Қазақ билерінің әділдігі, пара алмайтыны әрі даулы істі тез арада шешіп беруі орыстарды таң қалдырған. Ахмет Тоқтабайдың айтуынша, XIX ғасырдың 60-70 жылдары Ресейден көшіп келген орыстардың даулы істерін қазақ билері шешіп отырған.

– Зерттеуші Күлтеев.Т.М естеліктерінде орыс ғалымдары қазақ билеріне берген орыс шаруаларының мыңдаған ісін өз көзімен көргенін жазады. Себебін сұрағанда шарулар "қазақ билерінің небір тұйыққа тірелген істі тез әрі әділ шешетінін алға тартқан", – дейді Ахмет Тоқтабай.

Қазақта әділ билігімен елге танылған Әйтеке би жайында аңыз-әңгімелер көп.

Әйтеке бала кезінде үш жолаушыға кездеседі. Сонда ол:

– Ассалаумағалейкум, ағалар! – деп, үлкендерге ізетпен сәлем береді. Жолаушының жасы үлкені:

– Сәлемет бол, балам, мынау қай ауыл?

– Сейітқұл ауылы.

– Өзің кімнің баласысың?

– Бәйдібектің баласымын.

– Қосуақ бидің ауылы қайсы? – деп сұрайды.

– Айтатын не шаруаларыңыз бар еді? – дейді Әйтеке.

– Даулы болып келеміз, – дейді әлгі қарт жолаушы. – Ойнап жүрген баламызды осы елдің бір жолаушысының аты теуіп өлтірді. Соның құнын даулап келеміз. Әйтеке болса, сәл ойланып тұрып:

– Балаңызды ат босағада тепсе – бүтін құн, жабықта тепсе – жарты құн, түзде тепсе – төрттің бірін аласыздар. Қосуақ би де осыны айтар, осыны айтпаса қосып айтар. Жолдарыңыз болсын – дейді.

Үш жолаушы қырдан асып, Қосуақ бидің үйіне барады. Қосуақ биге барып жүгінгенде, баланың атты түзде тепкені анықталып, құны төрттен бірі болып белгіленеді.

Сонда әлгі баланың әкесі:

– Япырмай, осы билікті бізге ең әуелі далада ойнап жүрген бала айтып еді, түбі сол бала – әділ би болар, – деген екен.


Қазақ со билігі бітімгершілікке негізделген

Қазақ сот билігі бітімгершілікке негізделген / Фото kazgazeta.kz сайтынан алынды


Билердің шешімі орындалмай қалған жағдайда

– Билердің шешіміне риза болмайтын жан болмаған. "Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ" деп бекер айтпаған. Сондықтан халық бұлжытпай бағынып, орындап отырған. Ал сот орындаушылыраның қызметін батыр да батыл жігіттер атқарған. Кейбір істерде айыбын өтеуді созып, уақытында төлемесе, талапкер жақ малды барымта жолмен алып отырған. Оны билер де құптаған. Егер талапкер жақ би шешімімен кесілген малды ғана барымталамай, үстіне қосып алып кетсе, айыпкер жақ қарымтасын қайтарған. "Білсең барымта, білмесең сырымта" деген, яғни, есебін тауып алып кеткенін айтқан. Басы артық малды алып кеткенін білмесе, қайтарып бермеген, – дейді этнограф.

Қарамола ережесі

Қазақ даласында әр аймақ өзінің салт-дәстүріне сай сот ережесін бекіткен. Тарихта Абақ Керей Ережесі, Шар Күшік Ережесі деп билер кеңесі өткен жердің жер атауымен аталған. Ең үлкен Қарамола ережесі 74 баптан тұрған.

Бұл ереже 1885 жылы Абайдың өзі тікелей басшылық етуімен бекітілген. Қазақтың әдет-ғұрып құқығының негізгі салаларын түгел қамтыған. Оның ішінде құн дауы, жесір дауы, мал дауы,дауларды шешу, айғақтау жүйесі, сот жүргізу тәртібінің ерекшеліктері, енген.

Мысалы, 26 бапта "Ойланып жүріп өлтірген ердің құны жүз түйе болады. Мұның 25 тайлақ, 25 құнан атан, 25 дөнен атан, 25 бесті атан және ойланбай басқа себеппен өлтірсе, оған 50 түйе құн. 25 құнан атан, 25 бесті атан. Әйелдің құны – ер құнының жартысы. Қателікпен, оқыстан өлтірілген кісіге құн жоқ. Және ері әйелін, яки әйелі ерін өлтірсе, оған құн жоқ" делінген.

31 бап. Егер біреу әке-шешесін ренжітсе, әке-шешенің ықтияры бойынша қазақ ғұрпына қарай жаза берілсін, егер молданы, құрметті кісілерді ренжітсе,тоғызға дейін ат-шапанын жауып, айыбын төлеген. Біреу біреуге қол жұмсап ренжітсе, бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып. Егер айып алушы айыпты алмаймын десе,айыпталушы бір айға абақтыға отырғызылады.

12 бап. "Бір қара ұрлаған ұрыны орта айыппен айыптап, 82 қоймен айыппұл салынады. Егер ұрының таза кедей екені ақиқат болса, оның туған-туысынан айыпқа қой малын өтеп, жазадан ұрыны азат етіп алуды ауызекі сұрайды. Егер туыстары келіспесе, әрбір ұрының бас бармақтарын шауып тастаса жарайды.

Қарамола ережесі бойынша бекітілген құн түрі

56 бап. Тоғыз деген айыптың малға шаққан саны.

Бірінші, бас тоғыз – түйе. бір түйе, екі құлын, екі бие, екі құнан, екі тай.

Екінші, орта тоғыз яғни, ат бастаған тоғыз. Бір жуан ат, екі тай, екі тайынша, төрт бойдақ қой.

Үшінші, аяқ тоғыз – бір дөнен өгіз, екі тайынша, үш бойдақ қой, үш тоқты. Тоқал тоғыз болмайды.

Мал басының бағалануы

57 бап.

  • Маңдай түйе – үш ат және отыз қой.
  • Орта түйе – үш бесті.
  • Дөнен атан – екі бесті, бір тай.
  • Құнан атан – екі бесті.
  • Тайлақ – құлынды бие, 12 қойлық.
  • Бота – бір бесті.
  • Бәйге ат – орта бір түйеден бес түйеге дейін.
  • Жорға ат – құлынды биеден төрт түйеге дейін.
  • Жақсы ат – құлынды биеден бір түйеге дейін.
  • Айғыр – құлынды биеден екі бестіге дейін.
  • Бие құлындысы – он қой.
  • Бие құлынсыз – он тоқты.
  • Ат – тоғыз қой.
  • Бесті – жетіден сегіз қойға дейін.
  • Дөнене – бес қойдан алты қойға дейін.
  • Құнан – төрт қойдан бес қойға дейін.
  • Тай – үш қойдан төрт қойға дейін.
  • Құлын – екі қойға шейін.
  • Атан өгіз – 12 қой.

Билер сотының ерекшелігі

– Көшпелілердің сот билігі рухани өмір саласымен тығыз байланысты болған. Өйткені сот процесіне қатысушылар жеңіп, иә жеңіліп емес, жеңілдеп шығатын. Яғни, рухани жеңіске жеткізу функциясына баса назар аударған. Бұл ретте билер тапқыр, шешен, дана ғана емес, психолог болған десе артық айтпаған болар едік.

Қазақ қоғамында сот процесінің басты мақсаты – бітім еді. Дауласушыларды жұрт алдында келістіріп, бітімдестіру.

Сахара жұртының сот саласындағы тағы бір қағидасы "Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлеу" деп аталады. Бұл принцип сот процесіндегі пікір таластың еркін болуына, өз мүдделерін қорғауына, ойын ашық жеткізуіне мүмкіндік беру. Алайда бір-бірінің намысына тиетін сөздер айтпау керек.

Сот билігіне қатысты тағы бір мәселе шешендік өнермен байланысты болған. Шешендік өнер – көшпелілер сот мәдениетінің негізгі тірегі. Сондықтан рухани өмірінің бір көрініс болды.

Билер сот билігінің рухани деңгейін ескере отырып, қоғамдағы орнын айқындап берген. Рухани өмірмен тыңыз байланыста болғандықтан ар тазалығы, адалдық, ұят, имандылық, мәрттік секілді түсініктер көшпелілердің құқықтық өмірінің бастауы болды, – дейді Ахмет Тоқтабай.

Шұбарағаш ережелері

Шұбарағаш ережесі Ресей империясы мен Қытайдың қол астындағы қазақтар арасындағы дау, таластарды шешу үшін қолданылған. Шұбарағаш – халықаралық төтенше билер съезінде жазылған және көпшіліктің қалауымен заң жүзінде бекітілген ереже.

Мұндай халықаралық билер съезі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырың басында үш-бес жылда бір шақырылған. Басты себебі – екі алпауыт мемлекеттің қол астындағы қазақтардың дауын шешу. 1880 жылдары Ресей империясы көршілес елдермен қарым-қатынасын реттеу мақсатында қазақтардың дауын Қытай үкіметімен келісім негізінде реттеуді жөн көрген. Бірақ тарихи деректерде Қытай мүлдем қарсы болған. Тек үздіксіз талап етуінің арқасында дау жер мәселесіне ауып кетер деген қауіппен келіскен.

9 бапта көрсетілгендей, куә болу мәселесінде әйел адам ант бере алмайды және жасы 20-дан жоғары, 65-тен төмен болуы керек. 23 бапта ер адамның құны – 75 түйе, әйелдің құны – 38 түйе деп көрсеткен. Зерттеушілер құн дауынан гөрі жесір дауына басымдық берілгенін жазған.


Қазақ билері көрші елдегі қазақтардың дау-жанжалдарын шешіп отырған

Қазақ билері көрші елдегі қазақтардың да дау-жанжалдарын шешіп отырған / Фото baribar.kz


Жеті жарғы

Қазақ мемлекетін одан әрі дамытып, ішкі, сыртқы саясатын шебер жүргізіп, әлеуметтік, саяси, экономикалық жүйені реттеп отыратын жарғылар қабылдап, елдің салт-дәстүрін сақтаған қазақ хандарының бірі – Қасым хан. Оның есімі тарихта "Қасым ханның қасқа жолы" деп аталатын заңдар жинағымен белгілі. Ел басқару жүйесінде ата жолын ұстанған Қасым хан заман ерекшелігіне орай, жаңа ортаға сәйкес жаңа низам жүйесін енгізеді.

"Қасым ханның қасқа жолы" аталатын бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін байыптайды, жеке адамдар арасындағы ру тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін тағайындайды. "Қасым ханның қасқа жолы" бір ғасырдай өз қызметін атқарған соң, тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, Есім ханның (1598-1645 жж.) тұсында "Есім ханның ескі жолы" деп аталған заңдық жүйе өмірге келді. Аталған екі заң жүйесі еш өзгеріссіз ХVІІ ғасырдың аяғы немесе ХVІІІ ғасырдың басына дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет етті.

"Жеті жарғы" заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. "Күлтөбенің басында күнде жиын" деп аталып кеткен жиынға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Едіге би, Тайкелтір би, Байдали би, Қоқым би, Сасық би сияқты ірі, беделді билер қатысқан. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру арқылы шешілді.

Алқа билер сотына халық сенім арта алмайды

– Қазақстанда тараптар арасында даулы мәселені сот үрдісінен тысқары тәртіппен алқа билердің көмегіне жүгіну арқылы шешу мақсатында 2011 жылы "Медиация туралы" Заң қабылданған болатын. Алайда алқа билер соты халық сенімінен шыққан жоқ,– дейді Ахмет Тоқтабай.– Бір ескеретін жайт, алқа билер көмегіне тараптардың өздері жүгінбесе, сот оларды мәжбүрлеп бітімгершілікке келуге шақыруға құқылы емес.

Егер халық алқа билер соты шешімді әділ шығаратынына сенімді болса, қылмыстың азаюына септігін тигізер еді. Сондықтан оны тапқыр, шешен адам жүргізу керек. Өйткені бітімгерлік арқылы шешілсе, айыбын төлеумен шектеледі. Қазіргі таңда сотта билік айта алатын тапқыр, шешен балаларды оқытатын арнайы орталықтар ашып, мектептерге шешендік өнер пәнін енгізген жөн. Сонда алқа билер соты бір нәтижеге қол жеткізеді деп ойлаймын. Әзірге бұл үрдісті кавказ халықтары ғана ұстанып отыр.

Шет елдердегі сот саласында бұл тәжірибені бұрыннан қолданылып келеді. Көптеген даулы істер сотқа жетпей осындай бітімгершілік жолмен шешіледі екен. Мысалы, Америкада істердің 95 пайызы, Англияда 87 пайызы, кішкентай ғана Словения елінде 35 пайызы бітімгершілік жолмен өз шешімін табады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары