Алтайдың төрт пұшпағын төрт ел иеленгенде қазақтың тағдыры да иленді. Төртке бөлінді. Бұланайдан (Гималай) бұлтша аунап, кіші Азия мен Еуропаға жетті. Әр жерде қадау-қадау шоқыдай көрінген қазақтың бір шоғыры Баян өлгейде қалады.
Қыпшақ даласынан құлдыққа сатылып, Мысырды билеген Бейбарыс сұлтан, кеше ғана Сауд Арабиясында билікке көтерілген Шәкен Сарыұлы сынды ұлдарымызды санап тауысуға болмайды.
Дәл сондай алыстағы, өз дәуірінің оза шыққан, дарынды тұлғаларының бірі – Қашқынбай Мәлікұлы. Тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді.
Қашқынбай Мәлікұлы кім?
Қашқынбай Мәлікұлы (1918-1986) – Моңғолияның мемлекет қайраткері. Ол Баян өлгей аймағының Партия комитетінің бірінші хатшысы болып 13 жыл, Моңғолия Республикасының Халық Ұлы Хуралының басқарма мүшесі және Ұлы Құрылтайдың хатшысы қызыметін алты жыл, Ноғанұр, Бұғат сұмындарының (Сұмын – аудан дәрежелі әкімшілік бірілік) бастығы болып 11 жыл, УВС және Қобда аймақтарында прокурор болып 3-4 жыл, басқа да жұмыстарын қосқанда жалпы 50 жылдай қызмет атқарыпты.
Моңғолия елінің ең жоғарғы атақтарының бірі "Революциялық күрестің аға қайраткері" атанып, "Қызыл жұлдыз", "Еңбек қызыл туы" ордендерімен екі реттен марапатталған.
Әлқисса
1890-1950 жылдар – аралығы қазақ үшін өте ауыр заман болды. Қандастарымыз жиі қоныстанған Қазақстан мен Ресейді былай қойғанда, Қытайдың Шынжаң өлкесі және Моңғолияда жеке-жеке және ілгері-кейінді бірнеше соғысты, ашаршылықты, қуғын-сүргінді, ауған көшке ұласқан қиын тағдырларды бастан кешіргені белгілі. Алтайдың төрт бетіндегі қазақ төрт елге қарап, шекара орнасымен ауылы аралас, қойы қоралас отырған ағайын бір-бірінен адасып қалды.
Кеңес одағын құрған Қазан төңкерісі, ұлт-азаттық күрес, Алаш Орда үкіметінің қимылдары, әр үш қазақтың екеуін туған жерінен айырып, қырғынға ұшыратқан ашаршылық пен қуғын-сүргін бір бөлек. Қытай жеріндегі Алтай, Іле, Тарбағатай, Тәңір тауы бауыры мен Баркөлге дейін ірге тепкен қазақтардың толқулары, "Дұнған зобалаңы" атанған қызыл аяқ лаңы, 1929 жылы Алтайдың айбыны атанған Зуқа батырдың қастандыққа ұшырауы мен кейінгі Есімхан, Ырысхан, Ақтеке, Әкбар, Оспан бастаған көтеріліс, Шығыс Түркістан үкіметінің құрылуы мен құлауы сынды өте күрделі оқиғалар өтті.
Сол аумал-төкпелі кезеңде Қашқынбайдың әкесі Мәлік Исаұлы мен шешесі Әлпи әжеміз Алтайдың Қытай жағындағы бетінен теріскейіне ауып келіп, Моңғолияға қоныс теуіпті.
1911 жылы Цин империясы құлаған кезде Моңғолия өз тәуелсіздігін алды. Алайда Сұн Жоңшан (Сунь Яцин) бастаған Қытай билігі әскер кіргізіп, Моңғолияны сыртқы және ішкі деп екіге бөлді. Ресей империясының қашқан әскерлері де мұнда неше рет басып кіргені белгілі.
Сол кездің бірінде әскери қолбасшы Барон Унгерн Моңғолияға шапқыншылық жасап кіріп, Урга немесе Да-Хүрее қаласын (қазіргі Ұлан-Батыр) басып алды. Ресей қызыл армиясы Моңғолияның коммунистік күштерінің қолбасшысы Сухэ-Батырды қолдады. Ол Унгернның әскерін жеңіп, 1921 жылы Сыртқы Моңғолияда – Моңғол Халық Республикасын жариялады.
Бүгінгі Моңғолия – парламенттік республика. Елдің парламенті – Ұлы Хурал деп аталады.
Мұзтауда туған сәби
Қашқынбай атамыз киелі Мұзтаудың – Бесбоғданың етегіне жиналған азғантай қазақтың ішінде 1918 жылы дүниеге келіпті. Шыр еткен әр сәби өз несібесін де ала келеді деген емес пе. Әкесі Мәлік ақсақал қалжасын беріп, шүйіншілейді.
Бұл – жоқшылық пен жортуылшылар көбейіп, моңғол үкіметінің де белі әлі қатаймаған, Қытаймен арадағы шегарада үнемі қақтығыстар орын алып, ел іргесі үнемі бүлініп тұрған кез болатын. Алтайдың арғы бетінен ауып келіп, орныққан Шұбарайғыр әулетінің ауылы Қобда аймағына қарайтын Толбо, Бұянты, Ноғанұр, Алтай және Бұлғын өңірін мекендеп, көшпелі тұрмысты кешірді.
Жалшы бала
Өз бала-шағасының несібесін табумен қатар ағайын-туысқа қарасу – сол дәуірдегі ер азаматтардың ортақ борышы болатын. Қыс қыстау мен жаз жайлауды сағалаған Мәліктің отбасы да жергілікті Ұраңхай, Дөрбет тайпасының байларына жалшы болып күн көрді. Діні бөтен болса да, киіз туырлықты көшпелі халық бір-бірімен тез тіл табысқан.
Ауып келіп, байдың қазанына жалтақтаған отбасыда не күй болсын? Бұғанасы қатпаған Қашқынбай ес біле әкесіне серік болып, байдың қозысын бақты, кішігірім жұмыстарға қолғабысын тигізетін.Тіптен, кәдімгі жалшысы болды. Оқу жасына келгенде Қашқынбайды мектепке жіберуге Мәліктің шамасы келмейді.
Қашқынбай Ұраңхайлар мен Дөрбеттердің Хийров, Чүлтэм, Төмөр, Боролдой атты төрт байына жалшы болыпты. Күні үшін күлік жеп жүргенде 12-13 жасқа да келді. Бірақ, жасыған жоқ. Тілін үйреніп, ділін түсінді. Одан да маңыздысы әкесі мен шешесіне көмектесіп, отбасын бақты.
Бала арманы – оқу
Сұңғақ та елгезек қара домалақ ұлдың ішінде не сыр жасырынып жатқанын кім білсін?
Бір күні әкесі мен шешесіне:– Мен оқимын! – деп талап қойыпты.
– Оған жағдайымыздың келмейтінін көріп тұрсың ғой балам! Киім де жоқ. Тамақты әрең тауып жеп отырғанда, қайтып жібереміз, – деп әке келісімін бере қоймайды.
– Жоқ, қайтсем де оқимын, мен жалшы болып өмір сүруге келгем жоқ, – деген қайсар бала уәжі ана жүрегін елжіретіп жібереді. Әкесі малға кеткен соң, бала мен ана көп әңгімелеседі. Анасы баласының нұрлы болашағын сезгендей болды, ол армандаған, өз қолдары өздерінің аузына жететін күнді оқу арқылы табатынына бәлкім көзі жеткен де шығар.
– Балам, алаңдама. Әкеңе өзім айтып көндіремін. Әкең оқытпайын деп отырған жоқ. Уақытша қиындық ғой. Күзде оқуға кетесің, – деп көңілін аулайды.
Осы күннен бастап есейіп қалған Қашқынбайдың жүрегінде анасынан ұлы, анасынан алып пенде болған емес. Әкесіне көмектескеннен қалған бос уақытында, тезек теріп, жүн түтісіп анасына жәрдем беретін.
Оқуға аттану
Қашқынбайға оқуға түсу бақыты 1931 жылы Тұлбада бұйырды. Бір жыл оқығаннан кейін, жергілікті мектеп жабылады. Тағы да жалшылыққа оралуына тура келеді. Бірақ Қашқынбай білім аламын деген ойынан қайтпайды.
16 жасқа келген, есейген шағы болатын. Бір күні шешесіне:
– Енді кешіге бермей оқуға кетейін, – дейді. Берген уәдесі бар шешесі сасып қалды.
Әкесі: "Сен оқуға кетсең, біз қайтып жан сақтаймыз?" – деп тағы да ренішін білдірді. Бұл жолы шеше баласын қолдайды:
– Өлсек біз өлейік, қарағым, бұл заман – өнерлі өрге жүзер заман. Оқысын, үйренсін. Бұл қу дүниенің тірлігі біткен бе?
Анасы тығып жүрген азғантай ұнынан тоқаш илеп, қоламтаға көміп, пісіріп, ұлына береді де, әкесі ұйқыға кеткенде оқуға аттандырады.
Ай жарығымен елбеңдеп, жалғыз өзі таң ата мектепке жетеді. Қашқынбай үшін елсіз таулы өлкеде жалғыз жүру қорқынышты емес еді. Қорқыныштысы – оқуға түсе алмау.
Бұл – Ұланқұс деп аталатын ауылдағы бірнеше киіз үйден жасалған көшпелі мектеп болатын. 25 оқушысы, Шолтай Сәбетұлы атты жалғыз мұғалімі бар екен. Шолтай мұғалімнің:
– Балам, жасың асып кетіпті. Мына кішкенелермен қалай отырасың? – деген сөзіне, – Ағай, оқымасам болмайды. Оқиыншы, – деп қиылады.
Содан Қашқынбай үйіне қайтпай, Шолтай мұғалімнің баласын бағады. Пысық, зерек, оның үстіне моңғолшаны да жақсы білетін қара бала Шолтайға ұнайды. Бірден екінші сыныпқа қабылдайды.
Бұл мектепте екі жыл оқыпты. Келесі жылы Бұлғынға барып, жарты жыл оқиды. Осылай небәрі үш-ақ сыныптық білім алуға мүмкіндігі болды.
Бұл – Қашқынбайдың ең бақытты кезі еді. Өмірдің қыспағы мен тіршіліктің тауқыметін қатар көрген бала тым ерте есейді. Тапқан кітабын құшырлана оқып, білуге, елмен танысуға, елге көмектесуге талпынды. Ақылды да сындарлы болып өсті.
Бақыт та, байлық та көппен келеді
Ең алғашқы қызметін 1937 жылдары Үкіметтің үгітшілеріне тілмәш болып бастады. Үгітшілерді оқыту міндеті де тапсырылыпты. Кейін Делуін деген ауылға мұғалімдікке жіберілді.
Баян өлгей мен Қобданы мекендеген аз қазақтың тұрмыс-тіршілігін бес саусағындай білетін Қашқынбай үшін енді істер ісі тіптен үлкен болмақ. Ол – өзіне сенген, бейғам да аңқау, үріксе күш бермейтін асау мінезді қазақтың тағдыры болатын.
Жұмыс істей жүріп моңғол тілінде жазып-сыза алатын дәрежеге тез жетті. Бұл – басшылар үшін де іздегенге сұраған еді. Оларға осы өлкедегі халықтың тілін тауып, басқаруға көмектесетін сенімді адамдар керек еді. Өйткені, ауыл ақсақалдары өз балаларын орталық жаққа жібергісі келмейтін. Моңғол болып, дінді ұмытады не жоғалып кетеді деп қорқатын.
Қазақ ұлттық аймағы қалай құрылды?
Бұл кезде қазіргі Баян өлгей өңірі Қобда аймағына бағынды. Шетсіз, шексіз созылған аймақтың батыс қиырынан орталық – Қобдаға қатынау, өзара тіл табысу өте қиынға соғатын.
Оның үстіне Алтайдың келесі бетіндегі Оспан батырдың даңқы шығып тұрған кез. Ел ішіндегі алып-қашпа әңгімелерден Гоминдаң – қытайларды (Сұн Жоңшан құрған демократиялық жетекші партия бастаған үкімет) ойсырата жеңіп, үш аймақтан қуып шыққаны белгілі болады.
Қытай әскері үнемі Қобда аймағына сұғанақтық жасап, тыныштық та кетіп тұрған. Сондықтан моңғолдар үшін қазақпен достық байланысты орнату өте маңызды болды.
Сол кезде Сталин Моңғолияның төрағасы, маршал Чойбалсанға тікелей тапсырма беріп, Оспанды қару-жарақпен қамдады. Осы арқылы Қытайға қарсы қазақтармен бірлесе күресуге қол жеткізілді.
Осындай қысылтаяң кезде маршал Чойболсын бастаған Моңғолия үкіметі жаңа қадам жасады.
Қазақтардың санының өсуі мен рөлінің жоғарлауы, Қытайдағы қазақтардың ықпалы Моңғолия басшылығын ойландыра бастады. Оның үстіне қазақтар да орталыққа қайта-қайта хат жолдап, жеке аймақ құрып беруді сұрап жүрген. Нәтижесінде 1940 жылдың 27 шілдесінде үкімет пен парламенттің біріккен №37 қаулысымен Қазақ ұлттық аймағы құрылды.
Моңғол тарихында өшпес із қалдырған әйгілі қолбасшы, маршал Х.Чойбалсан аймақ құрылар тұста мынадай пікір білдірген: "Қазақ халқын "бага ястан" – (ұсақ сүйектілер), "хасаг" деп кемсітуді тоқтату керек. Қазақ ұлтының моңғолдардан еш айырмашылығы жоқ. Қазақ халқы моңғол мемлекетінде өзінің ұлт тілінде мектебі, баспасөзі бар дербес бір аймағы бола алады", – деп жариялады.
Үкіметтен сенім
Баян өлгей аймағының құрылуы – жергілікті қазақтың еңсесін көтеріп, сенімін арттырды. Қашқынбай аймақтың алғашқы оқу бөлімі басшысы болып жұмысқа шақыртылды.
Ол бастық болғанына емес, өзі сияқты оқи алмай, мал соңында тырбаңдаған қазақтың балаларын мектепке әкелтуге бір табан жақындағанына қуанды. Жан салып мұғалімдер топтады, әр ауылда мектеп ашқызып, қазақ балаларының білімге деген шөлін қандыру үшін арпалысты.
Көп кешікпей, 1941 жылы Аймақтық атқару әкімшілігінің бірінші орынбасары болып сайланды және Моңғолияның Ішкі істер министрлігінің Баян өлгей аймағындағы өкілі болып қызмет атқарды. Бұл да – Қашқынбай еңбегіне, адалдығына деген үкіметтің, халықтың сенімі болатын.
Алғаш құрылған кезде аймақ орталығы Өлке қаласында небәрі 20 киіз үй болыпты. Қазір мұнда жан саны 40 мыңға жуықтаған. Моңғолияның батыс бес аймағының ең үлкен сауда-экономикалық орталығы.
Бұл аймақ Қашқынбайдың көз алдында өсті. Өзі моңғолдың ішінде жүріп, қазақ балаларын оқуға, жастарын жұмысқа тартып, орталық пен Баян өлгей арасына дипломат болды.
Соғыс зобалаңы
Алайда, бұл тыныштық ұзаққа бармады. Екінші дүние жүзілік соғыс басталды.
Кеңестік биліктің ықпалымен жапон шапқыншылары мен қытай сұғанақтығынан әрең сақтанып отырған моңғол елі үшін ауыр соққы еді. Моңғол мемлекеті Кеңес Одағына барынша көмектесуге шешім қабылдайды. Себебі, 1939 жылы жапон шапқыншыларына қарсы күресте кеңес әскерлері қатты көмектескен болатын.
Әр аймақ қаржы топтап, жылу жинады. "Бәрі де жеңіс үшін!" деген ұран қанат жайды. Қашқынбай сол науқанның бел ортасынан көрінді.
1942 жылы орталық Қашқынбайды Ұланбатырға шақырып, КСРО-ға баратын делегация құрамына қосты. Ол Баян өлгейден жиналған көмекті аймақ атынан, қазақтардың атынан өз қолымен тасыратын болды.
Жеңіске Моңғолия қазақтарының қосқан үлесі көп
Соғысқа көмек үшін Моңғолия 228 рет 60 миллион сомның азық-түлік, киім-кешек, мал-мүлкін беріпті. Оның ішінде 53 танк, 100 мың АҚШ доллары, 300 кг алтын, 2 600 мың төгрөк (ол кезде бір қой 3 төгрөк), 448 мың ат, оның 35 мыңы сыйға, неше жүз мыңдаған тері тон жөнелтіліпті.
Мысалы, 1941 жылы алтыншы желтоқсанда 276 вагон зат жөнелтілсе, 1942 жылы 237 вагон көмек жіберілген. 1943 жылы 53 танк беріліпті. Бұл – жалпы көмектің бір бөлігі ғана.
Моңғолияның аймақ-аймағынан көмекке жиналған заттар эшелондарға толтырылып, Мәскеуге жөнелтіліп жатты.
Баян өлгейде 1942 жылы 10 желтоқсанда бір реттің өзінде жалпы 73 527 төгрөк (3 төгрөк бір қой) көмек жиналған. Баян өлгейден 8220 ат (оның 920-сы сыйға), танк, киім-кешек, азық-түлік тарту еткен.
Сталинмен кездесу
Қашқынбай Мәлікұлы Кеңес Одағына маршал Чойбалсан бастаған үкіметтің 60 мүшесінің құрамында барды. 237 вагонға толтыра тиелген кезекті көмекті жеткізді. Төрт топқа бөлініп, майданды аралап, хал сұрады. Бұл – 1943 жылдың қарашасы болатын.
Сол жолы И.В.Сталин Моңғолияның көмек әкелген маршал Чойбалсан бастаған делегация мүшелерін қабылдап, сый-сияпат көрсетеді. Қашқынбайды төрт ай бойы соғыс шебінде жүргені үшін арнайы қабылдап, 747-ші нөмірлі "ТТ" пистолетін сыйға тартады.
Мау Зыдұңмен кездесу
Бұл Қытай үкіметінің Моңғолия елімен байланысы жақсарып, қалыпқа түсе бастаған кез.
Онсызда коммунистік режимдегі Кеңес Одағы, Қытай мен Моңғол елі бір колонна секілді еді. Мұндағы партияның сенімді басшыларының бірі Қашқынбайға енді Қытайдағы партия съезіне барып қайтуға тапсырма беріледі. Бұл – 1956 жылы еді.
Осылайша Қашқынбай Моңғолия Республикасының партия өкілдерінің құрамында 1956 жылы Қытай Компартиясының VIII Құрылтайына қатысты. Мау Зыдұңның қабылдауында болды.
Мау Зыдұң – қарапайым егіншінің көп ұлының бірі. Бірақ айлакер әрі тіл табысуға шебер. Кадрларды да жақсы таңдай білетін тұлға.
Балдарғымен қатар жүрген тұлға еді
Орталық үкімет өздері үміт күткен адамдарын әр аймақтарға жіберіп, сынақтан өткізіп алатын. 1967 жылы Қашқынбайды көрші УВС аймағына прокурор етіп жібереді. Бұл – қазақ баласы үшін жаңа биіктің бастамасы еді.
Қашқынбай Моңғолияны көп жыл басқарған Ю.Цеденбалмен жақсы араласты. Ол қазақтарға қатысты жақсы саясат жүргізді. Соған риза болған қазақтар Цеденбалды "Бал дарғы" деп те атаған екен.
Қазір Қашқынбай да, Мау да, Сталин де, Цеденбал да жоқ. Тек аңыз-*әңгімелер ғана қалды.
40 жылдан астам Моңғолия елін басқарған мемлекет басшысы Ю.Цеденбал өзінің бір естелігінде: "Мен Қашқынбайды ерекше қадірлеймін. Ол – үкімет бастауға лайық кемеңгер тұлға", – депті.
"Халқының адал перзенті" естеліктер жинағы, 79 бет. Ұлан-Батыр, 2004 жыл.
Қашқынбай Алматыда оқыған
Бұл – 1952-1955 жылдары. Қашқынбай Кеңестік Қазақстанның партия мектебінде оқыған. Осылайша сыртта жүрсе де ұлтының туын биік ұстаған қазақ ұлы атажұртты өз көзімен көрді. Әттең, тәуелсіздік алып, жеке ел болғанын көре алмады. Тәуелсіздікке үш жыл қалғанда бақиға аттанды. Ел мен халқына жаққан тұлға тірі болғанда жүзге толар еді.
Бұл күнде Қашқынбай Мәлікұлының өз кіндігінен тараған отыздан астам ұрпағы Қазақстанда, отыздан астамы Моңғолияда және бір бөлігі АҚШ, батыс елдерінде тұрады екен.
Қашқынбай атамыз туралы аңыз көп. Ең маңыздысы Баян өлгей аймағының құрылу мен дамуы жолына қосқан үлесін елі бағалайды. Ол туралы естелік кітаптар шығарылып, 100 жылдық мерейтойы аталып өтеді.