Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты ратификациялау туралы" Заң жобасы мақұлданды.

Бұл шарт 2018 жылы қазанда елордада жасалды.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, шарт қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру мәселесін реттейді. Жасалған қылмыс үшін екі елде де кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру көзделген болса немесе сотталған адамның өтелмеген мерзімі 6 айдан көп болса қылмыскер ұстап беріледі.

– Әрине, адамды беруден бас тарту негіздері де көзделген. Мысалы, бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе, сұралып отырған әрекет әскери қылмысқа жатса, ұстап беру егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, сондай-ақ Қазақстанның заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе сұратылып отырған мемлекет экстрадиция жасаудан бас тарта алады, – деді Марат Ахметжанов.

Бас прокурор орынбасарының айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстан Украинадан 13 азаматты экстрадициялауға сұрау салған. Қазіргі таңда солардың алтауы қайтарылды, біреуін Украина қайтармаған. Себебі, Марат Ахметжановтың айтуынша, Қазақстанда оған тағылған айып Украинада қылмыс болып есептелмейді. Ал қайтарылған алтау қылмыстық және эконмоикалық құқық бұзушылықтар жасаған.

– Қазір қылмыстық іс жасаған алты азамат Украинада. Оларды қайтару мәселесі қаралып жатыр. Бүгінде екі ел арасында бұл мәселе Минск конвенциясында қарастырылған. Конвенция екіжақты шарт жасауға тыйым салмайды, – деген Марат Ахметжанов Украинадағы алты азаматтың атын атап бере алмайтынын жеткізді.

Бұған дейін Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадиция мәселесі Минск конвенциясымен реттеліп келген. Конвенцияда сұрау салынғаннан кейін экстрадиция жасауға нақты мерзім бекітілмеген. Ал екі елдің заңнамасына сай, экстрадициялау мерзімі бір жылдас аспауы тиіс.

"Дегенмен, бір жылдан асып кеткендер де бар ғой. Бізден бір жұп қашып кетіп, әлеуметтік желіде іріткі салып жүр. Оларды неге әлі күнге қайтара алмай жатырмыз?" деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Бас прокуратура өкілі аталған заң жобасы қабылданғаннан кейін мәселені тез шешуге мүмкіндік туатынын жеткізді.

Прокурордың сөзінше, мұндай екіжақты келісім 21 елмен арада бекітілген. Жақында Грекия және Кипрмен де осындай шарт жасалмақ. Сонымен қатар Қазақстан осындай мәселелер бойынша алпыстан астам халықаралық конвенцияларға қол қойған.

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистердің сауалдарына жауап берген Марат Ахметжанов Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесіне де тоқталды.

– Қазақстан мен Қытай арасында сотталған азаматтарды беру туралы келісім бар. Ақжарқынның ақталып шыққаны жақсы. Бірақ егер сот оны айыпты деп үкім шығарса, Ақжарқын Тұрлыбай жазаны Қазақстан аумағында өтеуге өтініш бере алады. Соған сүйеніп, біз де өз тарабымыздан сауал жолдай аламыз, – деді Бас прокурордың орынбасары.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter