Тікелей эфир

Қазақстаннан көшіп кеткендер саны артыпты: үш айда 8 мыңнан астам отандасымыз өзге елге қоныс аударған. Жаңалықтарға шолу

Бала-бақшаға бармаған баланы бірінші сыныпқа қалай дайындау керек? ҰБТ-2019:Тестілеудің алғашқы күні түлектердің қулығы жаппай әшкере болды.

Ұлттық тестілеу орталығына жаңа басшы тағайындалды

Бұл қызметке бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінде жұмыс істеген Дидар Смағұлов келді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасындағы жазбасында Д.Смағұловтың орталықтың заңнамаға сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

Тестілеу орталығының бұған дейінгі екі басшысы жемқорлыққа байланысты күдікке ілінгені туралы жазған болатынбыз. Айтпақшы, жемқорлармен күрес қызметінен келген жаңа басшы да Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырыпты. Өзінің жаңа қызметке келгенін хабарлағаннан кейін "Елімізде күні кеше ҰБТ басталды. Осы сынақпен 17 мың түлектің тағдыры шешіледі. Біздің міндетіміз ҰБТ-ны тапсырушыларға жайлы жағдай жасап қоймай, тестілеудің әділ өтуін қамтамасыз ету. Егер біздің назар аударуымыз тиіс қандай ма бір фактілер болса, +7 7172 69-50-87 нөміріне қоңырау шалыңыздар" деген екен.

Бала-бақшаға бармаған баланы бірінші сыныпқа ата-анасы дайындай алады

"Бақшаға барып, мектепке дайындалған 7 жастағы баламен бірге биыл 6-дағы баланы бірінші сыныпқа беру әділетсіз" деп есептейтін ата-аналарға "Ашық диалог" порталында Білім және ғылым министрінің берген жауабы осындай. А.Аймағамбетовтың пікірінше, бала-бақшаға барған 6 жастағы бала бастауыш сынып бағдарламасын оқуға дайын.

"Мектепалды дайындық отбасында, бала-бақшада, мектеп, лицей, гимназиялардың даярлау сыныптарында өтеді. Егер оған бармаса, баланы үйде дайындау керек. Ата-аналар бірінші сыныпқа барғанша баласын оқуға өздері дайындауға құқылы" делінген Министрдің жауабында.

Оралда Сириядан оралған 19 жасар жігіт 8 жылға сотталды

Сот А.Хамзуллиновты Қылмыстық кодекстің 257 бабы ("Лаңкестік ұйымдарға атсалысу") бойынша кінәлі деп тапты. Жалпы режим колониясында жазасын өтеу туралы үкім шығарды.

Таратылған хабарламада, оның Сириядан елге оралған соң бірден ұсталып, қамауға алынғаны туралы жазылған. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, шағым түсіру мүмкіндігі бар.

Назарбаев Алматыда уақыт капсуласын қалады

Тұңғыш Президенттің келешек ұрпаққа арнаған жолдауы жазылған уақыт капсуласы 30 жылдан кейін ашылуы тиіс. Қазақ-Британ университеті ғимаратының алдындағы аллеяға қойылған табиғи тастан жасалған композицияда латын қарпімен "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың келешек ұрпаққа арнаған уақыт капсуласы. Қойылған күні – 21.06.2019 жыл, ашылатын күні – 22.06.2049 жыл" деп жазылған.

"Капсуланы 30 жылдан кейін ашқанда көп жағдай, тіпті тарих, әлем өзгереді. 2050 жылға дейін біз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кіруіміз керек. Капсуланы ашқанда бұған дейін болған оқиғаларды естеріңізге түсіресіздер" деді Елбасы.

Байланыс және ақпарат қызметкерлеріне кәсіби мерекелерін екі бөлек күнде тойлау ұсынылды

"Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" Үкіметтің қаулысына өзгерістер енгізу туралы құжаттың жобасы "Ашық үкімет" порталының сайтында жарияланды. Қаулыда Байланыс қызметкерлерінің күнін – 17 мамырға, Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күнін – 28 маусымға белгілеу ұсынылған. Жоба 24 шілдеге дейін талқыланатын болады.

Назарбаев: "Барымызды жоғалтып алмайық"

Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшбасшылық феноменін зерттеуге арналған "Кемеңгерліктің 30 жылы" халықаралық ғылыми конференциясы өтіп жатыр. Жиында сөз сөйлеген Н.Назарбаев халықты дүдәмал біреулердің жетегіне ермеуге шақырды.

– Біздегіні ұрлап, түрлі қылмыс жасағандар интернет арқылы бізге бірдеңе дейді. Олар – кімдер? Бірнеше елде сотталғандар. Мұны жастар білуі тиіс. Жастардың қателесуі мүмкін емес. Барымызды жоғалтып алмайықшы, – деді Елбасы.

Үш айда Қазақстаннан 8 мыңнан астам адам көшіп кетіпті

Бұл былтырғы көрсеткіштен 22 пайызға жоғары көрінеді. Өзге елдің тұрғынына айналған отандастарымыздың 7100-і еңбекке қабілетті жастағы қалада тұрған азаматтар көрінеді. Қалған 1,2 мыңы ауылдан кеткендер.

Алматыда трансұлттық ұйымдасқан топ мүшелері сотталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мәліметке сәйкес, құрамында Қазақстанмен бірге Қытайдың азаматтары бар қылмыстық топ мүшелері ұзақ уақыт бойы Қытайға құрамында алтыны бар кенді контрабандалық жолмен шығарумен айналысқан. Құрамында алтыны бар кенді ауқымды түрде заңсыз өндіру және ұрлау Ақмола облысының Степногорск өңірінде орналасқан кен орнынан жүзеге асырылған. ҰҚК ұйымдасқан топтың 250 млн. теңгеден астам салмағы 106 тоннадан артық контрабандалық жүктің кезекті партиясын – екі вагон құрамында алтыны бар кенді шығару кезінде қылмыс үстінде ұсталғанын хабарлады. Топтың 12 мүшесінің ұзақ уақытқа сотталғаны туралы мәлім болды.

Доллар түсті

Қазақстан қор биржасының жұма күнгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 377,18 теңгеге сатылды. Бір тәулікте доллар 3,38 теңгеге арзандады. Соңғы үш күнде бірден 6,5 теңгеге түсті.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы демалыс күндерінде ауа райы қандай болады? 22-24 маусымда Батыс және оңтүстік облыстарда антициклонның әсерінен күн жауын-шашынсыз, ыстық болады, күндіз термометр көрсеткіші 32...39°С-ге дейін көтеріледі, кей жерлерде +40...43°С. Басқа аймақтарда атмосфералық бағыт республиканың шығыс бөлігі арқылы жылжыса да, олардың ықпалы әлсірейді. Өткінші жауын-шашын еліміздің кей жерлерінде ғана болады. Температура орташа деңгейде болса да, дүйсенбі күні күндіз ол 23 ... 28, кей жерлерде 30 ... 35 ° С-қа дейін көтеріледі.

Кtk.kz: ҰБТ-2019: Тестілеудің алғашқы күні түлектердің қулығы жаппай әшкере болды. ҰБТ-ны биыл ел бойынша 117 мыңнан астам ұл-қыз тапсырады. Оның 13 мыңы тесттің бірінші күні бақтарын сынап үлгерді. Талапкерлердің жүздері бал-бұл жайнағанымен іштей қобалжып тұр. Өйткені, тест сұрақтарының 30 пайызы жаңартылып, қиындай түскен. Тест тапсыратын ғимаратқа кірген қыз-жігіттер тыңғылықты тексеруден өтіп, қулықтары әшкере болды. Бірінен шпаргалка, екіншісінен телефон табылды. 5-ші шілдеге дейін жалғасатын тестілеуде ел бойынша 117 мың мектеп бітіруші емтихан тапсырмақ. Ал, ұпайына көңілі толмағандар апелляциялық шағым түсіріп немесе тамыз айында ақылы түрде тестті қайта тапсыра алады. Оның құны – 2, 242 теңге.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары