Тікелей эфир

Қазақстандықтардың 11 пайызы ғана қатаң карантинге үзілді-кесілді қарсы. Demoscope сауалнамасы

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Респонденттердің 55 пайызы карантинге түсіністікпен қарап, мемлекет жұмыссыз қалған адамдарға көбірек жәрдемдесуі керек деп санайды.

Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы қазақстандықтар арасында "Биліктің карантин кезіндегі жұмысына берілген баға" тақырыбында сауалнама жүргізді.

"Қазақстанда коронавируспен күресу мақсатында енгізілген қатаң карантин шаралары әлсіреді. Еліміз оқшаулану режимінен шықты. Дегенмен үкімет халыққа санитарлық талаптарты сақтауды сұрап отыр. Карантин кесірінен табысынан айырылған халық арасында наразылық пайда болып, коронавирустың рас екеніне күмәнмен қарай бастағандар көбейді. Сауалнама қорытындысынан қоғамның карантин кезінде енгізілген шараларға берген бағасын көруге болады" делінген хабарламада.

Қатысушылардың жартысы (48%) биліктің карантин кезіндегі жұмысына орташа деген баға берген. Олардың ойынша, мемлекет бір міндетті орындауға ден қойғанымен, біраз мәселе тасада қалып жатыр.

Респонденттердің үштен бірі (30%) "жоғары" деп бағалады. Олар үкімет және жергілікті атқарушы органдар жұмыла кірісіп, жақсы жұмыс істеп жатыр деп санайды.

"Карантин кезінде бірнеше жыл бойы жиналған, шешілмеген проблемалар шығып жатыр. Мемлекеттің жағдайды реттей алмай жатқаны анық" деген пікірге қосылып, биліктің карантин кезіндегі жұмысын "төмен" деп бағалағандар – 16%.

Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу

Салыстырмалы түрде алсақ, Солтүстік Қазақстан (43%) мен Қызылорда (40%) облыстарының тұрғындары арасында атқарылған жұмыстарға жоғары баға бергендер көп. Батыс Қазақстан облысы (23%) мен Нұр-Сұлтан (21%) тұрғындары арасында енгізілген шараларды нәтижесіз деп бағалағандар басым.

Cауалнама қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 80 пайызы коронавирустың бар екеніне сенеді. Алайда олардың 33 пайызы денсаулыққа соншалықты қауіпті деп санамайды. Коронавирустың бар екеніне сенбейтін қатысушылар – 14%.

Респондентердің 37 пайызы табысы өзгермегенін, ал 35 пайызы табысы карантин кезінде жұмыстары тоқтап қалғандықтан қатты азайғанын, 25 пайызы табысы кішкене ғана азайғанын айтқан.

"Сауалнамада "карантин шараларын енгізуге негіз бар деп санайсыз ба?" деген де сұрақ қойылды. 51 пайызы енгізілген шектеулерді толықтай қолдайды. Олардың пікірінше, шектеу шаралары коронавирустың жаппай таралып кетпеуіне көмектеседі. Респонденттердің 41 пайызы коронавирустың кесірінен адамдардан гөрі, экономика көп зардап шегеді деген пікірде" делінген хабарламада.

"Эпидемиологиялық жағдай алдағы күзде ушығады" деген болжамды қалай қабылдайтынын сұрағанда сауаланма қатысушыларының көпшілігі (55%) жалпы карантинге түсінікпен қарағанымен, дегенмен мемлекет жұмыссыз қалған адамдарға көбірек жәрдемдесуі керек деп санайды. 19 пайызы – қатаң шектеулерге қарсы. 11 пайызы – үзілді-кесілді қарсы.

Наурыз және маусым айларында Demoscope жүргізген екі зерттеу қорытындысына сәйкес, халықтың көпшілігі карантин шараларына түсінікпен қарап, қолдайтынын жеткізген. Сауалнамадан азаматтардың экономикалық әл-ауқатының нашарлағанын көруге болады. Халық мемлекет тарапынан қолдау және несие төлеу, коммуналды шығындарды бөліп төлеу және азық-түлік бағасының қымбаттамауын қадағалау секілді нақты әрекеттер күтеді.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу

Сауалнамаға 2-8 маусым аралығында 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте тұратын 18 жастан асқан 1 100 адам қатысқан:

  • 53% – ер азаматтар;
  • 47% – әйелдер;

Сұрақтар қазақ және орыс тілдерінде қойылды. Зерттеу барысында стационарлық нөмерлерге қоңырау шалынған. КТ CloudLab ЖШС Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылған.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары