Тікелей эфир

Қазақстандықтар енді таңдаған емханаларына тіркеле алмайды

shutterstock.com фотосы
shutterstock.com фотосы
Қазақстандықтарға 2017 жылдан бастап өзі қалаған медициналық мекемеге тіркеуге тұруға рұқсат берілген болатын. Алайда бұл жүйе тиімсіз болып шықты.

Соған орай, бұдан былай ел тұрғындарының қалаған емханасына тіркеуге тұруына енді рұқсат етілмейді. Олар өзінің тұрғылықты жеріндегі медициналық мекемелерге жүгінетін болады. Бұл туралы бүгін "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазірдің өзінде Алматыда екі мыңнан астам адамға таңдаған емханасына тіркелуге рұқсат берілмеген.

"Ерікті тіркеу жүйесін әзірлеуге түрлі мамандар атсалысып, ол Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде қабылданды. Бірақ бұл жүйе іс жүзінде халыққа қызмет көрсете бастағанда, оның қате екенін түсіндік. Қаланың бір шетінде тұрып, екінші шетіндегі емханаға тіркелгендерге кейбір қызмет түрлерін алу мүмкін болмады. Кей тұрғындардың өзі тіркелген емханадан өте алыс тұруына байланысты дер кезінде дәрігерге жүгінбей, аурулары асқындап кеткен жағдайлар бар. Жалпы, бұл жүйе медициналық көрсеткіштерге де кері әсерін тигізді. Сондықтан, бұл жүйеден бас тартамыз. Келесі жылдан бастап емханалардың барлығы жаңа нұсқаулық бойынша жұмыс істейді. Яғни, азаматтар тек өздерінің тұрғылықты жеріне жақын емханаларды ғана таңдай алады", – деді Тілеухан Әбілдаев.

Оқи отырыңыз: Электронды денсаулық төлқұжаты іске қосылды. Енді дәрігердің қабылдауына кіру оңайлайды

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры жаңа талаптарды барлық емханалар орындауға міндетті екенін жеткізді. Егер медициналық мекемелер тұрғындарды тұрғылықты мекен-жайына қарамастан тіркеуге алатын болса, жазаланатын болады. Бірақ, дәрігерлердің қандай жауапкершілікке тартылатыны әзірге белгісіз. "Емханаларды айыппұлмен жазалай отырып, оларды басқа жақта тұратын тұрғындарды тіркеуге алудан бас тартуға мәжбүрлейміз", – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілі. Айта кетейік, бір емханаға 1700-ден артық адамды тіркеуге алуға рұқсат етілмейді.

"Қыркүйектің 15-і мен 15-қараша аралығында тіркеу науқаны жүргізілді. Бұл кезеңде 9 мың алматылық тұрғын емхана таңдау құқығын иеленді. Тұрғылықты жеріндегі емдеу мекемесінің қызметіне жүгінетін тұрғындар саны артып отыр. Себебі, жақын маңдағы емхана арқылы үйге дәрігер шақырту ыңғайлы", – деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.

Қазір Алматы қаласының емдеу мекемелерінде 2 млн 15 мыңнан астам адам тіркелген екен. Ал ресми дерек бойынша, қалада 1,9 млн адам тұрақты тіркелген.

Серіктестер жаңалықтары