Тікелей эфир

Қазақстандық метросексуалдар. Олар кімдер?

Фото shutterstock.com сайтынан алынды
Фото shutterstock.com сайтынан алынды
Пластикалық операция жасауға 40-тан асқан еркектер ғана емес бет-әлпетіне көңілі толмайтын жас жігіттер де барады.

Қазір қазақстандық еркектер шаштарын қиюмен шектелмейді. Сұлулық салондары мен клиникаларға барып, түрлі эстетикалық медицинаның көмегіне жүгінеді.

Сырт келбетіне ерекше мән беретін ер адамдарды метросексуал дейді. Терминді 1994 жылы британдық журналист Марк Симпсон ойлап тапқан. Метросексуалдар дене бітімі мен бет күтіміне көңіл бөлгенді, тырнағы мен шашын әрлеп, сұлулық салондарына барғанды, сәнді киінгенді жақсы көреді. Сәйкесінше, әдемі және жинақы көріну үшін уақыттарын да, ақшаларын да аямайды. Олар әдетте сән жаңалықтарын да жетік біледі. Бірден айтып өткен жөн, метросексуалдар дәстүрлі сексуалды бағдарды ұстанатын кәдімгі еркектер.

Сонымен қазақстандық метросексуалдар кімдер?

Сәнді және стильді киінгеннің барлығы гей емес

Ажарына айрықша назар аударатын қазақстандықтардың көшін әншілер мен актерлер бастайтыны сөзсіз. Өнер адамдары үлкен концерт, маңызды мәдени шаралардың алдында сұлулық салондарына көп барады. Тіпті салмағын тастап, арықтап жатады. Сондай-ақ дизайнер, стилист, визажист, тіпті кәсіпкерлер да әдемі болып жүргенді жөн көреді. Дегенмен қарапайым адамдардың арасында да метросексуалдар көп. Сондықтан болар соңғы уақытта тек еркектерге қызмет көрсететін сұлулық салондары пайда болды.

"Мәселен, Алматыда 5 мың сұлулық салоны бар болса, оның 200-і ерлерге арналған. Бұрын еркектерге қызмет көрсететін салондар тым аз еді. Қазір сұраныс бар. Көбіне 18 бен 52 жас аралығындағы ер адамдар барады. Олар шаштарын қиғызады, сақал-мұртына күтім жасатады. Бет терісі мен шаштарына майлап-сайлап, маникюр, педикюр жасайды", – деді Қазақстан Сұлулық индустриясы қауымдастығының президенті Махмуджан Тұрсын.

Фархад Азимов сырт келбетінің сұлулығына айрықша мән береді. 25 жастағы жігіт қазір Түркияда уақытша тұрып жатыр. Туризм саласында жұмыс істейтін ол әсіресе бет күтімін бірінші орынға қояды. Әжімнің алдын алып, безеулерден таза жүру үшін күн сайын жарты сағат уақытын соған арнайды екен. Түрлі маска жасап, крем жағып тартымды болып жүруге тырысады.


Фархад Азимов

Фархад Азимов / Фото жеке архивтен


Кейіпкеріміз қол терісі мен тырнақ күтіміне де уақыт бөледі. Маникюр жасатып, тырнақтарының әсем болуын қадағалайды. Фархадтың өзі тырнағы өсіп, қолы күтім көрмеген жандардан жиіркенемін дейді. Метросексуалға әдемі киінген де ұнайды. Сәнді киім үшін Фархад ақшасын да аямайды екен.


Фархад Азимов

Фархад Азимов / Informburo.kz фотосы


"Танымал брендтерден киінемін. Ал сырт киімдерімді тапсырыспен тіккізуге тырысамын. Көшеге өзімді ретке келтіріп, жинақы болмайынша шықпаймын. Баратын жеріме, мейлі ол дүкен болсын сәнденіп барамын. "Ер адам маймылдан сәл әдемі болу керек" деген түсінік қазір жоқ. Өзін сыйлайтын адам қашан да күтініп, әдемі болып жүреді. Түркияда ер адамдар сұлулық салондарына жиі барып, өздеріне жақсы қарайды. Бұл жақта жігіттердің күтім жасап, сәнденіп жүруі қалыпты құбылыс. Ал Қазақстанда сені басқаша, "гей" деп қабылдайды. Бірақ сәнді және стильді киінгеннің барлығы гей емес", – деді Фархад Азимов.

Метросексуалдардың айтуынша, Қазақстанда да сыртқы сұлулығына көңіл бөлетін жігіттер жетерлік. Тек көпшілігі елдің сынынан қорқып, сұлулық салондарына баратынын жасырады.


Ринат Тәттібай

Ринат Тәттібай / Фото Ринат Тәттібайдың жеке архивынан


35 жастағы Ринат Тәттібай да сырт келбетіне көп көңіл бөлетін жігіттердің қатарында. Өнер адамдарымен жұмыс істейтін продюсер 16 жасынан бастап сымбатын сақтаудың амалдарын істей бастаған. Айына үш рет сұлулық салонына барады. Терісін әрлендіру үшін түрлі маска қолданып, ұлу терапиясын жасатқанды жақсы көреді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @rinat_tattibai

Сыртқы келбет – табыс кілті

Ринаттың жеке косметологы да бар. Метросексуал бетін тазартып, массаж жасатып тұрмаса көңілі көншімейді. Айтуынша, көрікті болу айып емес. Күтінгеннің арқасында қатарластарымнан әлдеқайда жас көрінемін дейді ол.

"Процедуралардың құны әр түрлі. Біреуінің бағасы ең кемі 5 мың теңге тұрады. Пластикалық хирургияға өмірімде бармадым, бірақ алдағы уақытта липосакция жасатсам деп ойлап жүрмін. Өзін сыйлап, жақсы көретін адам әдемі әрі ұқыпты жүреді. Бірақ біздің қоғамда ондай еркектерді дұрыс қабылдамайды. Сыртқы келбет – табыстың кілті. Сондықтан бет күтімінен бастап киім, имиджіме дейін зор талғаммен қараймын".

Жас журналист Азамат Әуезхан да имиджіне ерекше мән береді. Трендтен қалмай, сәнді киім кигенді жаны сүйеді. Әсіресе ыңғайлы әрі жарасымды киім үшін қаржысын аямайды.


Азамат Әуезхан

Азамат Әуезхан / Фото кейіпкердің жеке архивінен


"Мен аксессуарға дейін мән беремін. Стилистпен жұмыс істемеймін, өз талғамыммен киінемін. Кейде киімді тапсырыспен тіккіземін. Бетіме сұлулық салондарына барып немесе үй жағдайында да күтім жасаймын. Көбіне корей кометикасын қолданамын. Шашымды қиғызып, басыма массаж жасату үшін барбершопқа жиі барамын. Сәнді киініп, ұқыпты жүргенімнің арқасында модель болуға және түрлі шараларды жүргізіп беруге жиі шақырады. Тартымдылық – ол да инвестицияның бір түрі. Іскерлік байланыс орнатуға, жұмысқа келіссөз жүргізуге барғанда сыртқы келбетіңе қарап сөйлеседі. Жалпы әр адам өзін жақсы көріп, өзінен ештеңе аямауы тиіс. Антон Чехов "В человеке все должно быть прекрасно" дейді ғой, сондықтан сырт келбетіміз бен ішкі жан дүниеміздің де сұлулығын ұштастырған дұрыс" – деді журналист.

Метросексуалдар әдемі киініп, сыртқы сымбатын сақтаған еркектердің жұмысқа тұруы оңай деп отыр. Олар іскерлік байланыс орнатқанға бет әлпет келістігінің маңызды екенін алға тартты. Сондықтан, "кез-келген адам өзін тауар ретінде қарастыруы тиіс" дейді.

Пластикалық хирургтардың алдына ай сайын 4-5 еркек барады

Қазақстандық еркектер лазерлік эпиляция, массаж, СПА процедуралардан басқа эстетикалық медицинаның көмегіне де жүгінуді сәнге айналдырған. Олар шаштарын өсіртіп, ботокс салғызып, инелер арқылы әжімдерін тартқызып, әйелдер жүгінетін көптеген пластикалық операция түрлерін де жасайды.


Пластикалық операция жасатқан жігіт

Пластикалық операция жасатқан жігіт / Сурет Данияр Байбосыновтың instagram парақшасынан алынды


Мамандардың айтуынша, бұрын ота арқылы келбетін түзететін ер адам аз болған. Қазір пластикалық хирургтің алдына ай сайын 4-5 еркекке дейін келеді екен. Сұлу болуға шамадан тыс берілгендер бір жасалған отаға қанағаттанбай бет-бейнесін өзгертуге шектен тыс құмартатын кездері де болатын көрінеді. Содан бірнеше рет пышаққа түсуге дайын.

Ер адамдар пластикалық операцияның мына түрлерін көп жасатады:

  • Блефаропластика (көз пішінін өзгерту, қабақтың кем-кетігін жою);
  • Бет терісінің әжімдерін тарту;
  • Платизма (мойынның майын алу);
  • Ринопластика (мұрын түзету);
  • Отопластика (құлақ түзету).

"Пластикалық операция жасауға 40-тан асқан ер адамдар көп келеді. Олар әжімдерін тартқызып, әдемі және тартымды кейпін ұзақ уақыт сақтап қалғысы келеді. Әрине бет-әлпетіне көңілі толмайтын жастар да ота жасатады. Еркектер де әдемі болып көрінгісі келеді, сондықтан олардың өзгеріске бет бұрып, өздеріне күтім жасағанында ешқандай әбестік жоқ", – дейді пластикалық хирург Данияр Байбосынов.

Метросексуалдар сұлулығының сырын құпия ұстайды

Мамандардың мәліметінше, еркектер косметолог және пластикалық хирургтың қызметіне жүгінгенін жариялағысы келмейді. Сондықтан олар сұлулығының сырын құпия ұстайды. Ал өзгеріске бел буғандардың дені іскер адамдар, беделді топ-менеджерлер екен. Сондай-ақ сырт келбетін табыс көзі ретінде пайдаланатын түрлі саланың адамдары да бар.

Әділхан Ермеков 41 жаста, көзіне блефаропластика жасатып, бетіндегі әжімдерін жайғызып, тегістеткен.


Әділхан Ермековтың пластикалық операциядан кейінгі түрі

Әділхан Ермековтың пластикалық операциядан кейінгі түрі / Іnformburo.kz фотосы


"Сот орындаушысымын, жасым 41-де. Бұрын-соңды өзіме күтім жасаған емеспін. Соның салдарынан болар ерте қартайып, бетімді әжім басып кетті. Ойлана келе көзіме блефаропластика жасатып, беттегі әжімдерді кетірдім. Бұдан былай өзімді күтіп, осы кейпімді сақтап қалуға тырысамын. Болашақта мойнымдағы майды алғызу жоспарда бар", – деді Әділхан Ермеков

Психикасы бұзылғандар жасанды сұлулыққа құмар келеді

Психологтар қартайған немесе зақымдалған дене мүшесін отамен жақсарту дұрыс дейді. Ал жас бола тұра түрін пышақтың көмегімен өзгертетіндердің психикасы басқаша жетілгенін айтты. Олар кішкентайынан сырт келбетіне байланысты сын естіп, жүйкесіне әсер еткен болуы мүмкін. Мұндай адамдар табиғи болмысына көңілі толмағандықтан жасанды сұлулық жасатуға мәжбүр болады екен.

"Пластикалық операция жасатқан жас жігіттердің жан жарасы болуы мүмкін. Оларға кішкентай кезінде ата-анасы, ұстаздары немесе достары күліп, түрін сынаған болса, өзін қоғамда жайсыз сезінеді. Сондықтан мұндай жігіттер отаға мәжбүрлі түрде барады. Қазір заман өзгерді, ер адамдар да заманға сай сәнді киініп ұқыпты жүргісі келеді. Бұл бір жағынан табыстың кілті. Метросексуалдардың жандары нәзік болады. Олар сұлулықты жақсы көреді, сондықтан үйлерінің де, айналасындағы адамдардың да әдемі болғанын қалайды. Сұлулықты жақсы көретін еркектер әйелдерінің де көркіне мән береді. Олар жанында ертіп жүргенге ұялмайтындай әдемі жар таңдауға тырысады", – деп пікір білдірді психолог Наталья Санарова.

Социологтардың пайымдауынша, еркектердің сұлулыққа бет бұрып ерекше киінуі еуропалықтардан келген. Қазір қазақстандық еркектер кәріс пен түрік телехикаяларындағы, сондай-ақ жарнамадағы көрікті жігіттерге қарап еліктейді. Қалай дегенмен де заман көшінен қалмай, "сыртқы сымбатын сақтап, мінсіз көріну айып емес" дейді мамандар.

Серіктестер жаңалықтары