Тікелей эфир

Қазақстандық балалардың үштен бірі осы жазда жұмыс істейтін болады. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Delta Bank салымшыларына қаражаттарын қайтару мерзімі ұзартылды. Балаларға арналған тегін туристік пойыз шығару ұсынылды.

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 15,3 трлн теңгеге жетті

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Ә.Смайылов осылай мәлімдеді. Айтуынша, 2018 жылдың қорытысында еліміздің мемлекеттік қарызы 15 трлн 387 млрд теңгені құраған. 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда борыш 1 трлн 883 млрд теңгеге өскен. "Бұған негізінен бюджет тапшылығын қаржыландыру және теңге бағамының шетел валюталарына қарағанда әлсіреуі әсер етті" дейді министр.

Delta Bank салымшыларына қаражаттарын қайтару мерзімі ұзартылды

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Delta Bank АҚ салымшыларына өтемақыларын қайтарып алу үшін "Банк ЦентрКредит" АҚ банк-агентіне 2019 жылдың 19 қарашасына дейін өтініш бере алады деп хабарлады. Delta Bank салымшыларына қаражаттарын қайтару рәсімі 2018 жылдың 17 мамырынан бері жүргізіліп жатыр. Бір жылдың ішінде қарыздардың 46%-ы (73,4 млн теңге) қайтарылған. Өтемақы 195 салымшыға төленген. Бұл барлық салымшылардың 10%-ын құрап отыр.

Delta Bank 2017 жылдың 3 қарашасынан бастап банктік және өзге де операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған еді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының бас сарапшысы И.Загорскийдің айтуынша, банк-агентпен келісім-шарт аяқталған соң да салымшылар қаражаттарын қайтарып алуға қорға жүгіне алады. Банкті тарату процестері аяқталғаннан кейін 5 жыл ішінде өтемақыларын алуға құқылы.

Қазақстандық балалардың үштен бірі осы жазда жұмыс істейтін болады

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылованың айтуынша, елімізде 6,7 мың еңбек отряды жасақталып, оған 180 мыңға тарта бала жұмылдырылады. Көгалдандыру бойынша 15 мың бригада – 524 мың бала жұмыс істейді. 2,3 мың әртүрлі ЖШС мен жеке кәсіп иелерінде 156 мың бала жұмыспен қамтылады.

Еңбек кодексіне сәйкес ата-аналардың рұқсатымен үш жақты келісім жасалады. Ол келісімге ата-ана, жұмыспен қамту орталығы мен жұмыс беруші қол қояды. Жұмыс кестесі 3-4 сағаттан аспауы керек. Вице-министрдің сөзіне сенсек, балалар кез келген уақытта, тіпті оқу жылы кезінде де жұмыс істей алады. Алайда бұл жұмыс оқушының білім алуына кедергі келтірмеуі тиіс.

Әскери зейнеткерлер баспана мәселесі бойынша Тоқаевқа жүгінді

Олар мемлекет басшысынан қолданыстағы тұрғын үй мәселелері туралы заңға өздеріне қаржылай өтемақы төлеу жөнінде өзгертулер енгізуді сұрап отыр. Әскери зейнеткер О.Орманбаевтың айтуынша, әскер қатарында 10 жылдан аса, бірақ 20 жылдан кем қызмет атқарған, 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жасына немесе денсаулығына байланысты қызметтен босатылған зейнеткерлердің басында баспана жоқ.

Қорғаныс министрлігі зейнеткерлердің өтінішіне жауап берді. Министрліктің тұрғын-үй басқармасы басшысы Б.Зекеновтың сөзіне сенсек, баспананы жекешелендіру құқығын қаржылай өтемақымен алмастыру мәселесі мемлекеттік органдардың талқылауында көрінеді.

Ләззат Сүйіндік Ақпарат комитетінің төрайымы лауазымына тағайындалды

"Болашақ" бағдарламасының 33 жастағы түлегі бұған дейін осы комитеттің төрағасының орынбасары болған. Бұрынғы комитет басшысы Е.Нүкежанов ҚР Ақпарат және даму министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетіне төраға болып кетті.

Көкшетауда жарыс кезінде көз жұмған оқушының өліміне қатысты мұғалімі жұмыстан босатылды

№4 мектептің Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі 15 жасар 9-сыныптың оқушысын басқа біреудің орнына жарысқа жіберген. Мектеп директоры Б.Хасеинова қайтыс болған жасөспірімнің әскери-спорттық жарысға қатысуы тиіс еместігін мәлім етті.

Айтуынша, пән мұғалімі М.Есмағамбетов ескертпестен оны сегізінші сыныпта оқитын оқушының орнына алмастырған. "Ол бұған дейін бірнеше жарысқа қатысып жүрген. Ешқандай шағым айтпаған. Еш жерде есепте тұрмаған" деді директор. Бұл тұрғыда қайғылы оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатқанын хабардар етті.

Қытайда қансырауды тоқтататын ішкөйлек ойлап тапты

Қытай зерттеушілері қансырау кезінде бастапқы көмек көрсете алатын талшықты материалдардан тігілген ішкөйлек жасап шығарды. Оның сырттай мақта-матадан тігілген жейдеден айырмашылығы байқалмайды. Алайда дер кезінде адам өмірін арашалауда тіпті күретамырдан шыққан қанды тоқтатуға септігі тиеді. Зерттеушілер ішкиімді жол-көлік оқиғалары, жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмек көрсетуде қолданбақшы.

Қазақстанға 5G интернеті келеді

Үкімет басшысы А.Мәмин елімізде 5G интернетін енгізу бойынша шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ел аумағын жоғары жылдамдықты 5G интернетпен қамтамасыз етудің инфрақұрылымдары жасалады. Осы жылдың соңына дейін пилоттық жоба Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында іске асырылады. Жалпы, 5G байланыс желісімен адам саны 50 мыңнан асатын барлық елді-мекендер қамтылады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Балаларға арналған тегін туристік пойыз шығару ұсынылды. Қазақстанда 2020 жылдан бастап барлық өңірлерге тегін "Балалардың туристік пойызы" жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының айтуынша, балалар мен жасөспірімдер туризмінде ішкі көші-қон ағынының оң серпінін жасау үшін растайтын құжатты ұсынған жағдайда "1+2" схемасымен (бір ата-ана үшін екі бала) "KIDS GO FREE" қағидаты бойынша балалардың тегін авиамаршруттарын субсидиялау жоспары бар. Басымдық әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, білім байқауларының жеңімпаздарына, үздік оқушыларға және басқаларға беріледі.

Baq.kz: Қазақстанда 12 арнайы экономикалық аймақ құрылған. Қазақстанда қазіргі уақытта 12 арнайы экономикалық және 23 индустриялық аймақ құрылған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты. Министрдің айтуынша, 2021 жылға қарай арнайы экономикалық аймақ аумақтарында 2 трлн теңгеден асатын сомаға 147 жоба қолға алынатын болады. Биыл шамамен 1200 жаңа жұмыс орнын аша отырып, 160 млрд теңгеден аса соманың 36 жобасы іске қосылатын болады. Ал, 2021 жылға қарай жалпы сомасы 1,9 трлн теңге 111 жоба жүзеге асырылады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары