Тікелей эфир

Қазақстанда жыл сайын еңбекке қабілетті жастағы 7,4 мың адам аурудан өліп жатыр. Жаңалықтарға шолу

Атырау облысында құдайы астың (садақаның) мәзірі бекітілді. Демалыс күндері елімізде ауа райы қандай болады?

"Қазгидромет" басшысы Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының сынына жауап берді

"Қазгидромет" РМК бас директоры Марат Қынатовтың пікірінше, ауа-райы болжамдарына қатысты айтылған сын орынсыз. Айтуынша, 2018 жылға дейін (40 жыл бойына) су тасқыны маусымынан 2-3 ай бұрын гидрологиялық болжамдар жасалып келген.

2018 жылы Қазгидромет болжам жасаудың жаңа жүйесін әзірлеп, іске қосты. Енді ауа-райын анықтау мерзімі – бір апта. 1, 3 және 7 күнге жасалған болжам 91% – 96% жоғары дәлдікпен беріледі.

Кешегі күнге дейін В.Беккермен іскерлік кездесулер барысында "Қазгидромет" болжамдарына қатысты наразылық болмағанын айтқан М.Қынатов БАҚ арқылы ТЖК басшылығын ауа райын болжау жұмыстарының өзгешілігімен танысуға шақырды.

Оралда 17 жастағы бойжеткенді әуелі зорлап, кейін өлтірген қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған қылмыстық сотының жаңа қазылар алқасы 17 жастағы мектеп түлегі Дана Өтеғалиеваны зорлау мен кісі өлтіру қылмысына қатысты Асхат Темірбаевты кінәлі деп таныды. Бұған дейінгі алқабилер құрамы күдіктіні ақтап, қыздың туыстары бұл шешімге шағымданған болатын.

Тараптар ұсынған дәлелдер негізінде сот А.Темірбаевты кісі өлтіру фактісі бойынша толықтай айыпты деп танып, оған 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесті. Қайтыс болған бойжеткеннің туған-туыстары сот үкіміне қанағаттанатындықтарын айтып, шешімге шағым түсірмейтіндерін жеткізді.

Шымкентте ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

Олар жергілікті кәсіпкерлерден тұрақты түрде ақша бопсалап келген. Қылмыстық топтың 6 бірдей мүшесіне зорлық-зомбылықпен атыс қаруын қолданып, қылмыстар жасады деп күдік келтіріліп отыр. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, олардың басым бөлігі бұрын ауыр қылмыстар жасағаны үшін бірнеше мәрте сотталған деструктивті діни ағымды ұстанушылар болған.

"Тінту барысында олардың қару-жарақ арсеналы бар жасырын орны анықталды. 5 бірлік атыс қаруы және оларға оқ-дәрілер алынды. Қазіргі уақытта олардың діни себептер бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтарға қатысы бар-жоқтығы тексеріліп жатыр", – делінген ҰҚК хабарламасында.

Әйелдер не себепті ер азаматтардан ұзағырақ өмір сүреді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау үйымы (ДДСҰ) осы сұраққа жауап берді. Басты себеп ретінде ерлердің өз денсаулығына салғырт қарауы аталды. Мәселен, ВИЧ індеті кең таралған аймақтарда тестілеуден өтуге әйелдерден гөрі еркектер аз келеді. Сәйкесінше, уақытылы ем қабылдамауы салдарынан ауру олардың түбіне жетеді. 2016 жылы 70 жасқа дейінгі инфекциялық аурулардан көз жұмған әйелдерге қарағанда ерлер 44%-ға көп болған.

Соңғы 16 жылда (2000-2016 жылдары) халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 5,5 жылға ұлғайып, 66,5-тен 72-ге жетіпті. ДДСҰ халықтың өмір жасының ұзақтығы табысына тікелей байланысты екенін атап өтті. "Табыс деңгейі төмен елдерде табысы жоғары елге қарағанда бұл көрсеткіш 18,1 жылға аз", – делінген ұйым таратқан хабарламада.

Қазақстанда жыл сайын еңбекке қабілетті жастағы 7,4 мың адам аурудан өліп жатыр

2018 жылы көз жұмған 19 мың қазақстандықтың 9,7 мыңы – қан айналымы жүйелерінің, 2,8 мыңы – ас қорыту органдарының ауруларынан, 2,7 мыңы – қайғылы жағдайлардан, жарақат алудан, уланудан, 2 мыңы – онкологиялық, 1,9 мыңы – тыныс алу органдарының ауруларынан қайтыс болған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан хабарлағандай, елімізде халық ауруханаға ауруы асқынғанда жүгінеді. Жыл сайын ауруханаға жатқызылатын 2,9 млн аурудың 68%-ы немесе 1,9 млн-ы – осындай пациенттер.

Атыраулықтар еске алуға арналған садақаларды дүркіретіп өткізеді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, Орталық "Иманғали" мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров осыған байланысты Атырау облысында құдайы ас (садақа) мәзірін бекітті. Жаназа дастарханына ұсынылатын ас мәзіріне бауырсақ, жеті шелпек, тары-талқан, қаймақ, сары май, құрма, өрік-мейіз, бір ыстық тамақ (күріш) енгізілді.

"Халық садақа дастарханын әзірлеуде ысырапшылдыққа жол береді. Осыған байланысты осындай хабарламаны таратуға мәжбүрміз", – деді Бас имам.

СҚО-да 200 астам тұрғын су тасқынына байланысты алты күннен бері жарықсыз отыр

Уәлиханов ауданының Береке ауылында ағын су электр бағаналарын құлатып кеткен. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті желіде қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу қауіпті екенін ескертіп отыр.

Су тасқынына байланысты Қаратал және Қулыкөл селоларынан көшірілген тұрғындар үйлеріне оралды. Қазір ауыл арасындағы көлік қатынастары қалпына келтіріліп жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Демалыс күндері елімізде ауа райы қандай болады. Шығысқа қарай жылжып келе жатқан суық ауа ағыны жауын-шашын алып келеді, кей жерлерде көктайғақ болады. Оның әсері әсіресе, Қазақстанның орталығы мен шығысына көбірек тиеді. Республиканың оңтүстік-шығысында жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсерге ұласуы мүмкін. Найзағай жарқылдап, бұршақ жаууы ықтимал, таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі бар. Оның артынан жылжып келетін антициклонға байланысты, Қазақстанның қалған аймақтарында жауын-шашын тоқтап, бүкіл республика аумағында ауа температурасы климаттық нормаға дейін төмендейді.

Baq.kz: Қандай мамандықтар бойынша қайта тегін оқуға болады. Қайта даярлау курстары наубайшы, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі (педагогикалық білім міндетті), менеджер (сауда, талап етілмеген мамандығы бар жұмыссыздар үшін және дипломы болуы керек), әкімші, электр және газбен дәнекерлеуші, киберқауіпсіздік маманы, анимация және бейне графика саласындағы маман, уқалаушы (медициналық білім болуы керек) сияқты мамандықтар бойынша жүргізіледі. Оқу барысында ай сайын 16 759 теңге стипендия төленеді. Қайта даярлау курсын ойдағыдай аяқтаған соң сертификат беріліп, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары