Тікелей эфир

Қазақстанда ұрланған көлікті тіркеу енді оңайға түспейді. Себебі, көліктерге электронды құжат беріледі

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Электронды құжат биыл шілдеден бастап енгізіледі. Құжатта көлік туралы толық ақпарат болады. Ол бар көлікке түгел берілмейді. Бүгінгі әңгімеміз осы туралы.

Әзірге электронды құжат шет елден әкелінген көлік иелеріне беріледі. Сондықтан мамандар көлікті шілде айынан бастап сатып алуға кеңес береді.

Ал электронды құжаттың ішінде қандай мәлімет болады, ол не үшін қажет? Бұл сұраққа Қазақстандық автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу бойынша директоры Ербол Сейпілов жауап береді.

Мұнда барлық мағлұмат болады

– Сатып алушы автокөлік туралы барлық мағлұматты электронды құжат арқылы біле алады. Зауыттан шыққанда техникалық ақауы болды ма, қандай? Жол-көлік оқиғасына қатысы бар ма?

Электронды құжат автокөлік жойылғанға дейін жарамды ма? Бұдан өзге қандай техникалық сипаттамалары бар? Бір айта кетерлігі, бұл құжатты автокөліктің техникалық паспортымен шатастыруға болмайды, – дейді Ербол Сейпілов.

– Негізі электронды құжат Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше елдер (Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь) арасында қолданысқа енеді. Біз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, осы жүйені іске қосуды жөн көрдік. Қауымдастыққа мүше елдерден әкелінген немесе импортталатын автокөліктер туралы мәліметтер бірыңғай базада сақталады. Яғни, автокөлік туралы барлық мәліметті қауымдастыққа мүше елдердің азаматтары ғана алады. Ал қауымдастықтың аумағында шығарылған автокөлікке электронды автоқұжатты зауытта өздері жасайды. Ол автокөлік жойылғанға (утилизацияға кеткенге) дейін жарамды.

– Мысалы, қазір Қазақстан азаматы Қырғызстаннан автокөлік әкеліп, мемлекеттік тіркеуге қояр алдында жол полициясы барлық мәліметтерін тексереді. Бұл өте ұзақ уақытқа созылып кетеді. Автокөлік жүргізушісі біраз уақытын жоғалтады. Енді электрондық төлқұжат арқылы бұл мәліметті алу мемлекеттік тіркеуді оңтайландырады. Бұл ақпаратты бұрмалауды қиындатып, жалған құжат жасауға тосқауыл болады. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақта құжаттардың өңделуін жеңілдетеді және бизнестің операциялық шығындарын азайтады, – деді Ербол Сейпілов.

Үшінші мемлекеттен әкелінген жағдайда

– Егер автокөлік Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың мүшелігінде жоқ елдерден әкелінген болса, қауымдастық елдерінің шекарасына кірген уақытынан бастап электронды автоқұжат беріледі. Ал жаңа көліктерге автосалонда жасалады.


Мамандандырылған ХҚКО-да көлікті тіркеуге онлайн өтініш беруге болады

Мамандандырылған ХҚКО-да көлікті тіркеуге онлайн өтініш беруге болады / Фото m.forbes.kz сайтынан алынды


Автоқұжат барлық көліктерге берілмейді

– Мысалы, электронды құжатты қолданыста жүрген көлік иелері ала алмайды. Әзірге тек бірінші шілдеден бастап елімізге импортталған немесе экпортталатын көліктерге ғана беріледі. Ал қолданыстағы көліктерге электронды құжат беру мәселесі әлі қаралған жоқ. Менің ойымша, осы жүйе іске қосылған соң, ақырындап, қолданыстағы көліктерге беріле бастайды, – деді қауымдастық басшысы.

Сонымен қатар сарапшы мамандар төлқұжат Қарулы Күштер техникасына және ҚР-ның мемлекеттік органдарының тасымал құрылғыларына, жауынгерлік техникаларына берілмейтінін айтқан болатын.

Қазақстан былтыр техникалық тұрғыдан дайын болмаған

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы көлік құралдарының электронды құжатына қатысты тәртібін бекіту туралы шешімді 2015 жылы қабылдаған болатын. Ол ЕурАзЭҚ аумағындағы көлік құралдары мен техниканың басқа да түрлерінің емін-еркін қозғалысына жағдай туғызуды, қозғалыс құралына қатысты барлық мәліметті автоматтандыруды, шекарадан өткен кезде көлік құралдарын қадағалау тәртібін жеңілдетуді көздеді. Құжатқа сәйкес, көлік құралдары мен басқа да техника түрлерін жүргізу, сатып алу мен сату, сонымен қатар басқа да құқықтық шаралар кезіндегі тиісті рәсімдер оңтайландырылады.

Айта кетейік, жоба былтырғы шілдеден бастап жүзеге асуы тиіс болатын. Қауымдастыққа мүше мемлекеттердегі автоөндірушілер мен дилерлердің жаңашылдыққа дайын болмауының салдарынан кейінге шегерілді. Бұл туралы "Ресей автомобиль дилерлері" қауымдастығының басшысы Олег Мосеев: "Электронды автоқұжатқа көшу мерзімін кейінге шегеру туралы ұсыныс Белорусь пен Қазақстан тарапынан түсті. Себебі бұл елдер электронды автоқұжат енгізуге техникалық тұрғыдан дайын болмады. Өз кезегімізде біз еуразиялық комиссияға жобаны жүзеге асыру уақытын созу туралы хат жолдадық", – деп мәлімдеме жасаған болатын.

Автоқұжатты кімдер рәсімдейді және ақпаратты қайдан алуға болады?

Электронды автоқұжатты көлік құралдарын шығарушылар, сондай-ақ тиісті тізімге енгізілген уәкілетті органдар мен ұйымдар рәсімдейді. Болашақта автокөлік сатып алар кезде жүргізушіге қауымдастықтың ортақ ақпарат топтастырылған арнайы порталынан барлық мәліметті алуына болады.

Яғни, сәйкестендіру нөмірі бойынша иесінің қолына көлік құралының электрондық құжатының үзіндісі беріледі. Бір ескеретін жайт, электрондық құжаттың көшірмесін жасау мүмкін емес дейді идея авторлары.

Электронды құжатта мынадай ақпарат сақталады:

  • Көлік құралының электронды автоқұжат нөмірі;
  • Көлік құралының электронды автоқұжатының мәртебесі;
  • Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі;
  • Қозғалтқыш нөмірі және типі;
  • Шасси нөмірі;
  • Шанақтың нөмірі (кабина, тіркеме);
  • Шанақтың түсі (кабина, тіркеме);
  • Шығару жылы мен айы;
  • Міндетті қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын құжат;
  • Көлік құралының маркасы мен оның коммерциялық атауы;
  • Экологиялық классы;
  • Дайындаушының атауы және мекен-жайы;
  • Доңғалақтарының саны мен орналасуы;
  • Жолаушылар сыйымдылығы;
  • Көлік құралының жабдықталған күйдегі массасы;
  • Көліктің сатып алу және сату тарихы;
  • Техникалық тексерістен өту мерзімдері;
  • Автокөлікті жөндеу және қосалқы бөлшектерін ауыстыру туралы деректер.

Енді мемлекеттік тіркеу нөмірін үйде отырып алуға болады

Қазақстанда көлікті тіркеуге қою процесі алты сағаттан екі сағатқа қысқарған болатын. Енді 26 мамырдан бастап 20 минутқа дейін қысқарды.

Қазір әкімшілік айыппұлы (бейнебақылауға түскен айыппұлға қатысы жоқ) мен салығы төленген көлікті онлайн тіркеу арқылы уақытты үнемдеуге болады. Яғни, енді үйде отырып-ақ бар шаруаңызды бітіре аласыз.

Ол үшін электронды цифрлы қолтаңба болуы шарт. Алдымен электронды үкімет порталы egov.kz сайты арқылы онлайн түрде өтініш жасайсыз. Дайын болған кезде автокөліктің техникалық паспорты мен мемлекеттік тіркеу нөмірін өзіңіз көрсеткен ХҚКО-нан алып кетуге болады.

"Қазпошта" АҚ-ның мекен-жайға жеткізу қызметіне жүгінуге болады.

Енді қалаған номерді де таңдауға мүмкіндік бар. 777-ден басқа

Бұл – биыл 15 қаңтардан бастап енгізілген жаңа жоба. Мамандандырылған ХҚКО-ның құжаттарды қабылдау жөніндегі маманы Олжас Орынбасарұлының айуынша, автожүргізушілер қалаған мемлекеттік нөмірмен бірге әріптерді де таңдап алуына болады. Ол үшін сатып алушы орталыққа (ХҚКО) барып өтініш толтырып, мемлекеттік алымды төлеуі тиіс.

– Мысалы, бүгінгі сатылымға 6 мен 3 саны шығарылса, 601 мен 699 сандар аралығындағы нөмірлердің бірін таңдай алады. Ол үшін 10341теңге төлейді. Ол соманың 6734 теңгесі – мемлекеттік нөмір таңбасын алуға, 3006 теңгесі көлік құралын тіркеуге, 601,25 теңгесі мемлекеттік баж салығы төлеуге кетеді.

Бірақ сұранысқа ие таңдаулы нөмірді ала алмайсыз. Өйткені олардың бағасы басқа. Қымбат. 010 мен 090 аралығындағы нөмірлердің бағасы – 137 085 теңге, 111 мен 999, 100 бен 900 нөмірлерінің бағасы – 329 500 теңге, 001 мен 009 аралығындағы және 777 нөмірі өте қымбат, 548 340 теңге тұрады. Таңдаулы нөмірді Қазақстанның кез келген ХҚКО-нан тапсырыс беріп, аласыз.

Егер көлік жүргізушісінің қалаған мемлекеттік нөмірі болмай қалса, қажетті мемлекеттік алымды төлеп, тапсырыс беруіне болады. Ал кезектегі нөмірді тегін алады.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының берген мәліметіне қарағанда, 2017 жылы 4500-ден астам таңдаулы нөмірлер 1,5 миллиард теңгеге сатылған.

Көлігіңіз ұрланса...

– 26 мамырдан бастап автокөлікті тіркеуге қою кезінде шанақ нөмірі мен сәйкестендіру нөмірін тексеруді алып тастады. Бұл тексеруден өту үшін жүргізушілер таңғы сағат алтыдан бастап кезекке тұратын.

Енді оны тек МАИ қызметкерлері жүргізеді. Яғни, автокөліктің ұрланғанын солар анықтайды. Ал орталықтың тіркеуге қою кезінде атқаратын міндеті – жылжымалы мүлікті пайдалануға заң жүзінде шектеу қойылмағанын тексеру, әкімшілік айыппұл мен салық қарызын тексеру, – дейді Олжас Орынбасарұлы.

Шет ел азаматы көлігін бір ғана құжатпен тіркеуге қояды

Мамандандырылған ХҚКО-да шет ел азаматары үшін көлікті тіркеуге қатысты бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Олжас Орынбасарұлының айтуынша, осы уақытқа дейін қолданыста болған тәртіпке сәйкес, шет ел азаматы автокөлікті тіркеуден шығаратын болса немесе тіркеуге қоятын кезде көлік иесі арасындағы жазбаша түрдегі келісім шартты СІМ-не апарып, үш күн ішінде рұқсат алатын.

– Сонымен қатар шет ел азаматының мемлекеттік тіркеу нөмірі немесе техникалық құжаты жоғалған жағдайда, тіпті көлігін техникалық тексеруден өткізетін кезде СІМ-нің арнайы рұқсаты керек еді.

Ал жаңа тәртіп бойынша, шет ел азаматының ықтияр хаты негізінде автокөлікті тіркеуге қоюға болады. Көлікке берілетін техникалық құжат та сол ықтияр хаттың уақытына қарай беріледі. Сондай-ақ Еуразиялық қауымдастыққа мүше мемлекеттер ішінде біздің орталық берген құжат жарамды болып табылады, – деді.

Жүргізуші куәлігін ауыстыру да жеңілдетілген

– Енді жүргізуші куәлігін орталыққа келіп 3060 теңге төлеп, ауыстырып алуға болады. Бастысы, құжатты ауыстыру кезінде салынған айыппұл болмаса болды, – дейді мамандандырылған ХҚКО-ның маманы Олжас Орынбасарұлы.

– Ал куәлікті ауыстыру үшін қайта емтихан тапсыру қажет емес. Бір ескеретін жайт, бұл тәртіптің көлік жүргізу куәлігін алғаш рет алатын азаматтарға қатысы жоқ. Оның үстіне құжатты енді кез келген ХҚКО-на барып алуға болады. Жүргізуші өзінің тегін ауыстырғанда, куәлігін жоғалтқан жағдайда, уақытшаны тұрақты түріне ауыстырған кезде де солай.



Алайда бұрынғыдай бірқатар медициналық құжаттарды талап ететін кез болады

Біріншіден, жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда, екіншіден, қосымша категорияға тапсырған кезде медициналық анықтама жинау керек болады. Сонымен қатар қосымша категорияға өткеніңізді растауыңыз қажет.

Жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін керек құжаттар:

  • Жүргізуші куәлігін беру бланкісіндегі толтырылған өтініш (арнайы ХҚКО-да қажет емес);
  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • 083/у нысанды медициналық анықтама және оның көшірмесі, (тек жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен жағдайында ұсынылады);
  • Мемлекеттік баж алымды төлеуді растайтын құжат (1,25 АЕК);
  • Шетел азаматтарының қолында Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі ұйымының жолдамасы болуы шарт.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары