Тікелей эфир

Қазақстан Еуропадағы жанармайы ең арзан ел ретінде аталды. Жалақыңыз қанша литр бензин сатып алуға жетеді? Жаңалықтарға шолу

Кейбір өңірлерде медицина мамандары жалақысына қосылған үстеме ақыны алмаған. Еліміздің қай өңірінде қалыңдық пен бойдақ жігіт көп?

Емханаға тіркелу тәртібі өзгерді

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың айтуынша, бұдан былай қазақстандықтарға медициналық мекемелерге тіркелу үшін Электронды сандық қолтаңба керек. Аймақтардағы емханаларда тіркелу тәртібін түсіндіретін кеңесшілер жұмыс істейтін болады.

Министрдің сөзіне сүйенсек, тұрғындарға медициналық мекемелерге жылына екі рет тіркелу құқы беріледі. Қай емханаға тіркелгенін, дәрігеріінің кім екенін тексеру үшін egov порталындағы "Электронды куәлік" бөліміне кіру жеткілікті.

Этил спирті не себепті тек рецептімен сатылады?

Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларда этил спиртін сату талабын күшейтті. Енді ол тек дәрігердің рецептісімен ғана сатылады. Рецептісіз сатылатын дәрілердің қатарына қосуға әзірге асығар емес.

ҚР ДСМ тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың айтуынша, этил спиртін сату талабы Алматыдағы екі азаматтың өлімінен кейін күшейтілген. "Бізде сот шешімі бар. Екі азамат этил спиртін ішіп алып, қылмыс жасаған. Дүкендерде спирттік ішімдіктер сатылмағаннан кейін, адамдар дәріханаға барып бақылаусыз этил спиртін сатып алып отырған" деп түсіндірді комитет төрағасы.

Рецептісіз босатылатын дәрілердің тізімі биылғы жылдың шілде айында бекітілген. Онымен Министрліктің сайтынан және dari.kz мобильді қосымшасынан танысуға болады.

Қазақстан Еуропадағы жанармай арзан ел ретінде аталды

Еуропа елдеріндегі халықтың жанар-жағармайдың қолжетілімділігіне қатысты рейтингін РИА "Новости" жасапты. Еліміз бензин бағасы бойынша рейтингтен 1-ші орынға, жанармайға қолжетімділік бойынша 18-ші орынға жайғасқан. Орташа жалақыға бізде 843,5 литр жанармай сатып алуға болады екен.

Жанармайы қолжетімді елдер рейтингінде Люксембург көш бастап тұр. Орташа айлық ақыларына Люксембург тұрғындары 2,9 мың литр жанармай сатып ала алады. Еуропа елдерінің ішінде ең қымбат жанармай Нидерландыда көрінеді. Мұнда оның бағасы литріне 118,7 рубль. Әрі қарай тізімде Норвегия, Греция, Дания, Италия. Бұл елдерде АИ-95-тің 1 литрі 113 рубльден жоғары.

"Еңбек" бағдарламасымен қоныс аударған қазақстандықтардың 65% ғана жұмыс тапқан

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Е.Жылқыбаев хабарлады. Айтуынша, биыл 2253 отбасы, яғни 10 мың адам қоныс аударылады. Ал, бұған дейін көшірілген 4 мың адамның 2 мыңы (65%) екі қолға бір күрек тапқан.

"Еңбек" бағдарламасының аясында Павлодар облысында "Нұрлы Ертіс" пилоттық жобасы іске асырылады. Ол бойынша жыл басынан бері Елордадан Екібастұзда 103 көпбалалы отбасы (600-дей адам) көшірілген. Вице-министрдің сөзіне сенсек, олардың бәрі тұрғын үймен қамтылған. 80%-на жұмыс табылған. Балалары бала-бақша, мектеппен қамтамасыз етілген. Бағдарлама тиімділігін көрсеткенге ұқсайды. Жыл соңына қарай астанадан Екібастұзға тағы 200-ден астам отбасы қоныс аударады екен.

Кейбір өңірлерде медицина мамандары жалақысына қосылған үстеме ақыны алмаған

Уәде берілгендей, ақ халаттылардың бәрінің бірдей жалақысы 30%-ға өспеген. Кейбір аймақтарда сала мамандарының айлық ақылары тек 17%-ға жоғарылағаны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов мамандардың жалақысын көтеру үшін жеткілікті қаржы бөлінгенін айтады. Министр дәрігерлердің жалақысын көтеруге бөлінген қаржының қайда кетіп жатқаны белгісіз деп мәлімдеді.

"Егер қаражат қандай да бір шығын материалдарын, құрал-жабдықтарды, мүмкін басшыларға жиһаз сатып алуға жұмсалса, адамдар оны білуі тиіс. Дәрігерлер не себепті жоғарылатылған жалақыдан қағылған? Жеке-жеке бақылайтын боламыз" деді Министр. Жақын уақытта мәселенің Nur Otan партиясының селекторлық жиынында қаралатынын айтып қалды.

Шымкент соты педофилді химиялық кастрациялау туралы үкім шығарды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Еркінбек Әлімбековты 15 жыл бас бостандығынан айырып, бұған қоса химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеу шарасын қолдану туралы шешім шығарды. Тергеу кезінде анықталғандай, қылмыскер бір күннің ішінде екі бойжеткенді "өлтіремін" деп қорқытып, зорлауға әрекеттенген.

"Оңтүстік Қазақстан" басылымының жазуынша, бұл азамат 2003 жылы да бала зорлағаны үшін 10 жылға сотталған. Химиялық кастрация шарасы сот үкімі күшіне енгеннен кейін жасалады.

Жол жөндеуге бөлінген 552 млн теңгені жымқырғандар ұсталды

"ҚазАвтоЖол" ҰК" Маңғыстау облыстық филиалының басшысы "Альянс-ИКО" ЖШС директорының орынбасары және бас инженерімен ауыз жаласып, бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, олар Өзбекстанмен шекаралас аумақта салынған республикалық маңыздағы "Бейнеу – Ақжігіт" жолын салуда жалған актілер толтырып, "Нұрлы жол" бағдарламасымен бөлінген бюджеттің 552 млн теңгесін жымқырған. Тергеу шаралары жалғасып жатыр.

Доллар кетті домалап...

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 385,1 теңгеге сатылды. Осылайша доллар бір тәулікте 18 тиынға қымбаттап, тарихта тұңғыш рет рекорд орнатты: бұған дейін биржада 385 теңгеден жоғары бағада сатылған емес.

Валюта айырбастау бекеттері АҚШ валютасын 382,2-385 теңгеге сатып алып, 386-387 теңгеден сатып жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Шілденің соңында елімізде құбылмалы ауа райы сақталады. Батыста және солтүстік-батыста кей жерлерде нөсер жаңбыр жауады. Күндізгі ауаның температурасы 17-25°С дейін төмендейді. Тек республиканың оңтүстігінде ғана жауын-шашын болмайды, күн ашық. 35-40°С аптап ыстық болады. Республика бойынша кей жерлерде найзағай ойнап, дауылды жел тұрады. Бұршақ жаууы ықтимал.

Baq.kz: Еліміздің қай өңірінде қалыңдық пен бойдақ жігіт көп? Статистика комитетінің мәліметі бойынша,солтүстік өңірдің тұрғындары отбасылы болуға асықпайды екен. Оның ішінде Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысында. Соңғы екі облыстың қыздары да ақ көйлек киюге асықпайтын болып шықты. Күйеуге шығу керек деп Алматы қаласының бикештері жанталаспайды екен. Шаңырақ құру жасына келетін болсақ. Еліміз бойынша отбасын құрушылардың орташа жасы ерлерде - 27,6, қыздарда - 25 жас. Кеш үйленетін аймаққа келер болсақ. Солтүстік Қазақстан өңірі 28,6 жас, Қостанай 28,3, Павлодар облысы 28,2 жас. Ал, қыздары тұрмысқа кеш шығатын өңірлер: Алматы, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысы. Ондағылардың жас мөлшері – 26 –ға тақайды

Sputniknews.kz: Смартфондар соқырлыққа соқтырады. Дәрігер-офтальмолог Сұңғат Көпеновтың айтуынша, соңғы 30 жылда алыстан нашар көретіндер (миопия) 4,5 есеге көбейген. Дәрігердің сөзінше, планшеттер мен смартфондар компьютерге қарағанда көзге анағұрлым көп зиянын тигізеді. Гаджеттерді жақын қашықтықта ұзақ уақыт қолдану "құрғақ көз" синдромын тудырып, көз бұлшық еттерін шаршатып, жақыннан көру қабілетін төмендетеді. Оның қауіптілігі – қажетті мөлшердегі жас бөлінбегендіктен, көз шарайнасы құрғап, жел, шаң-тозаң сынды сыртқы әсерден қорғау қабілеті жойылады. Мұның соңы соқырлыққа дейін соқтыруы мүмкін. Оның алғашқы белгілері – көздің жиі жыпылықтауы мен жасаурауы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары