Тікелей эфир

Қазақстан ғарыш зымырындарын сынақтан өткізуді 2022 жылы бастайды

Фото scienews.com
Фото scienews.com
Қазақстан мен Ресей "Байқоңыр" ғарыш аймағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін салуға келісті.

Келісім бойынша космодромдағы объектілердің бір бөлігі арендадан шығып, Қазақстанға қайта өтеді.

"Хаттама ережелеріне сәйкес, ресейлік тарап қаржыландыру мен зымыран тасымалдағышты құруды қамтамасыз етеді. Ал Қазақстан жағы "Байқоңыр" ғарыш айлағының қолданыстағы жер үстіндегі ғарыш инфрақұрылымын жаңғыртуды қаржыландырады. Хаттама "Зенит-М" нысандарын арендадан шығаруды және оларды қазақстандық тарапқа өткізуді, орта санаттағы зымыран тасымалдағышқа көшуді, сондай-ақ ұшыру сынақтарын 2022 жылы бастауды қарастырады", – деді Мәжілістің экология мәселелері және табиғит пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский палатаның жалпы отырысында.

Айтуынша, заң жобасын қабылдау ешқандай кері құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдары болмайды.

Комитет заң жобасы бойынша қорытындыны 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін әзірлейді.

"Бәйтерек" зымыран кешені экологиялық таза зымырандарды ұшыруға арналған. Ол іске асырылса, онда улы отын компоненттері бар "Протон" ұшыратын көлік құралдарынан бас тартуға болады. Жобаның ең басында "Ангара" зымырандарын ұшыру жоспарланған болатын. Алайда, кейін украиналық "Зенит" зымырандарын қолдану туралы шешім қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, Путин Мәскеуде болған Қазақстанның экс-президентімен кездесу барысында Ресей мен Қазақстан бірлесіп Байқоңырда салып жатқан "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне "Назарбаев бастауы (немесе старты)" деп атауды ұсынған еді.

Байқоңырда "Союз-5" зымыран-тасығыштарының ұшу сынақтарының басталуы 2023 жылға жоспарланған. Қажетті жерүсті инфрақұрылымы да 2023 жылға дайын болуы тиіс. Ал "Союз-6" зымыранын сынау 2025 жылға жоспарланған.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары