Тікелей эфир

Қазақша ғана түсінетін "Жан” деген қасқыр ит 200-ге тарта есірткі тасымалдаушыны ұстаған

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
“Жанды” нашақорлар әбден біліп алған. 11 жылдың ішінде иттің сырттаны екеніне талайлардың көздері жеткен. Қарғы баулы қырағыны қазақ кинологтары мойындайды.

Ғаламторды түртіп қалсаңыз, ерекше қасиеттерімен дараланған қазақ иттері туралы мәліметті сирек кездестіресіз. Ақан серінің құмай тазысы, Біржан салдың “Базаралысы” сияқты санаулысын ғана білеміз.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында “Беда” есімді итке ескерткіш орнатылған. Ауған соғысында да ерлік көрсеткен иттердің болғандығын кейінірек біле бастадық.

“Жан” “Леодан”кем емес

“Жан” сияқты неміс текті қасқыр иттердің тұқымынан шыққан “Лео” жайлы бүкіл әлем білді. Тоғыз жыл Голландияның кеденіндегі қызмет еткен жолында 300-ге жуық есірткі тасымалдаушыны ұстаған екен. Зейнетке шыққан соң, иттерге арналған жоғары санаттағы қонақүйде болған. Қандай құрмет десеңізші!

Гиннес рекордтар кітабына енген бұл иттен біздің “Жан” да кем түспейді. 11 жыл бойы елімізге еңбегі сіңген иттің қызметінің аяқталуына да бір-екі жыл ғана қалды.

Көбіне 8 жылға жуықтағанда иттердің жұмысқа деген қабілеті азаяды. Ал “Жан” қартайып қалса да, әзірге қабілеті жас иттерден асып түседі. Елдостан басқа кинологтардың бәрі оны жаттықтыруға қорқасоқтайды.

“Кез-келген итті “Жан” сияқты тәрбиелеп шығаруға болады”

Төрт аяқты көмекшілердің мінезін айыра білу қасиеті екінің бірінде кездесе бермейді. Кинолог Елдос Серікбайұлы кез-келген күшіктің болмысын бір қарағаннан таниды.

“Жан” ішкі істер министрлігінің балансына тіркелген. Сегіз айында Өскеменнен Қандыағашқа өзі алып келген. Күшіктердің арасынан таңдаған кезде, “холерик” екенін бірден біліпті. Бұл өте маңызды. Өйткені флегматик, сангвиник, меланхолик типіне жататын итті холерик етіп ешкім шығара алмайды.

Қылмыстық істерді әшкерелейтін қызметке көбінесе неміс пен бельгия “овчаркасы”, лабродор, спаниель тұқымдары таңдалынады. Қазақы немесе өзге тұқымды иттердің сезім мүшесі жақсы дамығанымен, сыртқы ақпаратты қабылдауы, түйсік-танымы әлсіздеу келеді екен.

Әуелі вокзал, әуежайда халық арасында еркін жүруге, табалдырыққа мініп-түсуге, пойыздың дүрсіліне үйрету үшін кинологпен бірге еріп жүреді. Бір-екі апта жаттыққаннан кейін есірткі тасымалдаушыларды құрықтауға жұмсайды.


“Жанды” жаттықтырудан жас кинологтар сескенеді

Мінезді “Жан"-ды жаттықтырудан жас кинологтар сескенеді / Фото informburo.kz


“Жан” қазақша бұйрықтарды ғана орындайды

“Садись”, “Встань” дегенді ғана орындайтын иттерді көріп, үйреніп қалған құлаққа қазақша бұйрық жылы естілді.

“Әуел баста қалай тәрбиелесең, соған қарай бағытталады. Орысша үйретсең, кейін қанша қазақшаға бұрған күннің өзінде түсінбейді. Ал бізде бәрі қазақша”, – деп күлді Елдос.

Қасқыр иттер бұйрықты орысша ғана түсініп, үйренеді деген ұғымға осылайша балта шабылды. Атамның есік алдындағы иттерге қазақша сөйлеп жатқаны есіме түсіп, өзім де бір күліп алдым.


Елдостың көңіл-күйін “Жан”бірден сезеді

Елдостың көңіл-күйін “Жан” бірден сезеді / Фото informburo.kz


Иттің тұмсығында иіс сезетін 320 миллион торша бар

Басқа жануарларға қарағанда иттің сезім мүшесі жоғары деңгейде дамыған. Техника қарыштап дамыған заманда жеті қазынаның біріне жататын иттерді алмастыратын ешбір құрал табылмай келеді.

Ғалымдар итте 320 млн торша бар екенін анықтаған. Ал адамдарда 10 млн ғана болады. Таразылап көре беріңіз. Сезім мүшесі жақсы дамыған адамның өзі жүзге жуық қана иісті сезеді екен. Иттер ше? Екі миллион түрлі иісті оп-оңай ажырата алатын көрінеді.

Есірткіні табуға үйрету үшін ойын мен "доп" қажет

“Иттердің көбі бала сияқты доппен ойнағанды жақсы көреді. Тығып қойсаң, допқа сіңген сілекейінің исі арқылы тауып алады. Бір-екі рет осылай ойнатқаннан кейін доптың жанына героин емес, сол иіске ұқсас химиялық қоспаны қоямын. Допты тапқан кезде, сол иіс миында сақталып қалады. Қоспаны басқа жаққа тығып қойып, допты қалтама салып аламын.

“Қайда? Қайда?” деп сұраған соң, сол жерді тырмалап көрсетеді. “Жарайсың!” деп мақтап, добын марапат ретінде беремін. Сондықтан, ит жұмыс барысында есірткі емес, доп іздеп жүреді. Ойын ретінде қабылдайды”, – дейді Елдос.

Осы күнге дейін “итке героин иіскеткеннен соң, тәуелді болғанынан іздеп жүреді” деп ойлап келген екенбіз.

Ескере кететін жәйт, кейбір иттер доппен ойнағанды ұнатпайды. Шүберектен, ағаштан жасалған ойыншықтарды құп көретіндері де бар. Таңдау жасалғанда, ешбірімен ойнамайтын иттер күзет қызметіне алынады.


“Жан” допты марапат ретінде қабылдайды

“Жан” допты марапат ретінде қабылдайды / Фото informburo.kz


Иттер күніне екі-ақ рет тамақтанады

Қызметкер иттер сіз ойлағандай ет көп жемейді. Қалдық тамақтарды ішпейді. Мемлекеттен бөлінген 510 грамдық арнайы тағамды ғана жейді. Барлық иттерге бірдей беріледі. Бір-бірінен ешқандай ерекшелігі жоқ.

Қыстың күні үш рет тамақтанады. Міндетті түрде таза су ішеді. Күн сайын жүні бір рет таралады. Иттер артық семірмейді. Мысалы “Жан"-ның салмағы өзгермейді – 45 келі.

Республикалық чемпионаттан “Жан” екінші орынды иеленген

Елдос пен “Жан"-ның бағын жарыс ашты. Кинологтың қызметі Қандыағаштан Ақтөбеге ауысқан кезде, екеуі Алматы қаласындағы республикалық чемпионатқа қатысады. 2014 жылы тамыз айында болған дода кинологтар арасында елімізде алғаш рет ұйымдастырылған екен.

“Сайыстың шарты бойынша, бір итті бір "Газель" көлігін тінтуге жібереді. Онда есірткі жасырылған. Иесін тыңдамай, басқа көліктен іздеп кететін иттер де бар. Мұның бәрі ескеріледі. Иттің аяғын тіліп жіберетін шынылардың болмауы үшін кинолог алдын-ала тексеріп шығады. Ит есірткіні тапқан кезде иесіне белгі береді. Осы сәтте кинолог қазылар алқасына тапқаны жөнінде хабарлайды.

"Сенімдісің бе?" деп сұрап, ит пен иесінің бір-біріне деген сенімділігін тексереді.

Сайыстың екінші шарты бойынша, бір итке есірткі жасырылған, қызыл жіппен қоршалған жер бөлінеді. Басқа иттің шекарасына өтіп кетпеу керек. Қатысып жатқан 20-30 шақты иісшіл иттердің арасынан суырылып алға шығуынан-ақ мықтылығын шамалай берсеңіз", – дейді Елдос.

Республикалық турнирде көзге ілінген соң, ҚР ІІМ қарасты көліктегі ішкі істер департаментіне қызметке орналасады. Осы сайыс туралы мәліметтерді мына сілтемеге өту арқылы біле аласыздар.


 Жеңіс тұғырынан көрінгенде Елдос маңдай терінің ақталғанына қуанған

Жеңіс тұғырынан көрінгенде Елдос маңдай терінің ақталғанына қуанған / Фото кинологтың жеке мұрағатынан алынды


Пойызда қызметкер иттерді алып жүру ережесі бар

Жолаушылағанда иттерді алып жүрудің өз ережесі бар. Оны Елдос былай түсіндіріп берді.

“Жолда итті алып жүру үшін пойыздағы ең соңғы орынға билет қарастырамын. Итіме де билет аламын. Жүк құжатын алған соң, адам түсіп-мінбейтін тамбурда тұрады. Жүк бөлмелеріне де рәсімдеуге болады. Орынды мүлдем былғамайды. Әрбір аялдамада далаға шығармаған күннің өзінде бір тәулік бойы шыдайды. Ал, ұшаққа мінгізгенде арнайы жәшіктердің ішінде отырады”.

Өзі талып бара жатса да, нашақорды көрсетіп үлгерген

2013 жылы 22 тамызда елді дүрліктірген жағдай болып еді. “Көкнәр-2013” операциясы кезінде Қандыағаш стансасында “Астана-Атырау” пойызында "Жанға" қастандық жасалды.

Іздестіру барысында есірткі тасыған қылмыскер оның тұмсығына өткір “Шипр” иіссуын сеуіп, құтылып кетпек болған. Талып бара жатса да, жүк сөмкесінен есірткінің исін сезіп, нашақорды нұсқап, белгі беріп үлгерген. Елдос дереу "Жан"-ның тұмсығын сумен жуып, есін жиғызады. 42,68 грамм марихуанамен ұсталған 29 жасар жігіт Қостанай облысының тұрғыны болып шығады. Бұл туралы сол кезде басылымдар жарыса жазды.

“Қауқары әлсіз иттер нұсқап үлгермей, талып қалушы еді. “Жан"-ның осы әрекетінен кейін есірткі тасымалдаушылар бізді көрген бойда, жанын шүберекке түйіп отырады. Бұл ерлік тарихқа енуі қажет”, – деп санайды Елдос.

2017 жылы 11 қылмыскерді ұстады

“Жан"-ның көмегімен Шу стансасының теміржол вокзалында осы қаланың тұрғыны ұсталды, оның жол сөмкесінен салмағы 9 келі кептірілген марихуана табылып, тәркіленді. Ертесіне Шымкент қаласының тұрғыны 15 кг есірткімен қолға түсті.

“Биыл көрсеткіш жоғары болу керек еді. Еңбек демалысына шыққанбыз, содан аз болып тұр. Қылмыстың контрабандалық, айыппұл салынатын түрлері болады. Қызметкер иттердің арасында ірі көлемдегі қылмыстардың басым көпшілігі “Жан”-ның иісшілдігімен табылды. Ақтөбеде қызмет етіп жүргенімізде бір жылда 9 қылмыс, елу шақты ұсақ әрекетті анықтағанбыз. Енді, ойланып көріңіз. 11 жылдық жұмыс өтілінде 200-ден асып кетеді”, – дейді кинолог.

“Жан"-ның тағы бір жоғары көрсеткішінің дәлелі – ол әшкерелеген ірі көлемдегі контрабанда. 2012 жылы Қырғызстан азаматы Ресейге есірткі тасымалдамақ болған. "Жан"-ның арқасында бұл әрекетке тосқауыл қойылды. Жұмыс барысында ішіне есірткі жапсырып, байлап алғандар, шұлық, тіпті іш киімдеріне тығып алғандар жиі кездеседі.


Кинолог досына айналған "Жанмен" қоштасудан қорқады

Кинолог досына айналған "Жан"-мен қоштасуға қимайды / Фото informburo.kz


“Цезарьдің” жетістіктері иттер сабақтастығын дәлелдейді

Ақтөбе өңірінде “Жан"-ның күшігі “Цезарь” есірткіні тәркілеуге үлесін қосып жүр. Астана қаласында “Жан"-нан тарамаса да, “Рекс” есімді қызметтік ит оның ізін жалғап, жақсы иісшілдігімен ерекшеленіп, көзге түсіп келеді.

“Рекстің” иесі Саяхат Елдосты ұстазым деп санайды. Тәжірибесімен бөлісіп жүргеніне риза болғанын жасырмады. Өзінің бұл салаға келгеніне екі жыл ғана болыпты.

“Рекске” тоқталар болсақ, үш жасар ит биыл 20 қылмысты анықтаған. “Көкнәр-2017” жедел іздестіру шаралары мамырдан қазан айының аяғына дейін жалғасады. Осы шара барысында Шу өңірінен алты есірткі қолданушы ұсталды.

Саяхаттың айтуынша, ізшіл иттер марихуананы сезіп қоймас үшін сыртына әтірді сеуіп қойғанның өзінде тауып алады.

Иесі демалысқа шыққанда итке өзге кинологтар қарайды. Бірақ тінту шараларына қатыспайды. Демалыстан Саяхат пен “Рекс” бір-бірімен сағынып қауышады екен.


“Рексті”көпшілігі “Жанмен”шатыстырады

Саяхат пен “Рекс". "Рексті” көпшілігі “Жанмен”шатыстырады / Фото informburo.kz


Есірткіні табатын иттер мен жарылғыш заттарды іздейтіндердің мінезінде айырмашылық болады

“Ізшіл иттер есірткі заттар салынған сөмкені тапқан кезде, оның иесін бірден біледі. Әдетте, олар сөмкенің қожайынына қарай шапшиды. Әсіресе, “Көкнәр”, “Допинг”, “Транзит” жедел-профилактикалық және жедел-іздестіру шаралары кезінде есірткі тасымалдаушылар жиі ұсталады.

Ал жарылғыш заттарды іздейтін иттердің мінезі флегматик не сангвиник болып келеді. Жарылғыш затты тапқан кезде, оларға жақындауға болмайды. Өзге иттер үріп белгі берсе, бұл санаттағылар затқа тиіспей, ақырын барып қасына отырады. Осы белгіден-ақ кинолог бірден біледі.

“Додди” деген неміс “овчаркасы” мен “Арпа” атты белгиялық малинуа “овчаркасы” Австриядан әкелінген. Кинологтарды оқыту кезінде Австрияның Ішкі істер министрлігі кинологиялық орталығының басшысы Йозефа Шутценхофердың өзі сыйға тартқан.

Бұл иттер сөзді емес, ымды түсінеді. Осы методикамен арнайы оқытылған. Олар "EXPO-2017" халықаралық көрмесін өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге зор үлес қосты”, – дейді ҚР ІІМ көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ләззат Бақашқызы.


“Доддидің” құны 2 миллионнан асады”, – дейді иесі Қуаныш

“Доддидің” құны 2 миллионнан асады”, – дейді оның иесі Қуаныш / Фото informburo.kz


Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары