Тікелей эфир

Аңыз адам атанған қара күш иесі Есімбек өнерден біржола кетпек (видео)

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
"Бағаланбайтын өнермен айналысқым келмейді" дейді Есімбек. Өйткені қатерге толы өнеріне лайықты құрмет жоқ. Қазір тек той сахнасында ғана табыс тауып жүр.

13 жыл бұрын Есімбек Тоқжігітовтың спорттан өнерге бет бұруына достары Талғат пен Ержан себепші болған екен. Содан бері адам ойына келе бермейтін әрі денсаулыққа қауіпті өнер түрімен айналысып жүр.

– Отты ауызға салып жағып-өшіруді немесе отқа төзімділікті алғаш рет 27 жасымда көрерменге көрсеткенмін. Маған тесіле қараған мыңдаған көздерді көргенде бірден сасып қалдым. Жаттығып жүргенде оңай жасап жүргенімді халықтың алдында көрсете алмай әбден әуреге түстім. Отым өшіп қалды. Қайта жанымдағы жолдастарым көмектесіп жіберді, – деп еске алады Есімбек.

"Кез келген қазақ – батырдың ұрпағы"

– Осылай десем қате айтпаған болар едім. Тек сол қасиет пен қабілетті дамыта білу керек. Мен Жәнібек төбе батырдың үшінші ұрпағымын. Бұл өнерге асқан қызығушылықпен келдім. Қазақша күрестен бастап, ұзындыққа секіруге дейін спорттың бірнеше түрімен айналыстым.

– Осы өнерге мені бұрынғы спортшылар баулыды. Қазір бірі – сиқыршы, екіншісі йогамен айналысады. Себебі, спортқа бейім адам ғана шынайы өнер көрсетуге икемді болады екен. Өкініштісі, осы өнер жолына салған достарымның бірі Ержан ерте қайтыс болып кетті. Өз ажалынан.

Темірді иіп таң қалдырған

Есімбек отпен өнер көрсетудің шебері болып алғанымен, бір жылдан кейін одан бас тартуына тура келген. Оттан өзге өнер көрсете алмайды екен деген сөз шыға бастайды. Сондықтан ол ата-анасы мен жолдастарының алдында өзінің күшін дәлелдеу үшін, әрі көрерменді таң қалдыру үшін өнердің осы бір ерекше түріне бет бұрған.

– Адам санасына келе бермейтін неше түрлі трюктарды ойластыра бастадым. Ауыл баласы болған соң, небір ауыр заттарды көтеріп өстік қой. Диаметрі 18 сантиметр арматураны мойныма салып, салмағы төрт-бес тонналық автокөлікті итеріп орнынан қозғалттым. Ауылдастарым аң-таң болды. Өйткені көліктің ішінде төрт адам отырған еді. Осыдан бастап, халықты қалай тағы таң қалдырсам екен деп, ойлап жүретін болдым. Алайда қалалық жерде өнер көрсеткенде арматураның бір жағында көлік емес, адамдар тұрады.


Есімбек арматураны майыстырып көрерменді таң қалдырды

Есімбек арматураны майыстырып көрерменді таң қалдырды / Фото informburo.kz


Трюк жасаудың өз айла-шарғысы болады

Есімбектің ойлап тапқан келесі іс-әрекеті – басының үстінен бір тонналық автокөлікті өткізу болған.

– Мен қырымнан жатып, басымның үстіне ені 20, қалыңдығы 5 сантиметр болатын тақтайды қойғызып, үстінен бір тонна болатын автокөлікті өткіземін. Тегіс жерде тұрған салмағы жеті тоннаға жуық ауыр жүк көліктерін екі иығыма ілінген екі арқанмен алдынан тартып сүйреймін.

Осылайша Есімбек қандай да бір жаңа трюкті жасардың алдында алдымен іштей пысықтап, жан-жақты пісіріп алады. Жарақат алмайтынына сенімді болған кезде ғана көреремен алдына көрсетуге шығады екен.

– Алдымен жаңа трюкты жарақат алмайтындай әбден машықтанып алғанша жаттығып, жасай беремін. Бірақ үйде емес. Өйткені балаларымның көзіне көрсетпеуге тырысамын. Өнерімді дамыту мақсатында қалыңдығы бес сантиметрлік ағашқа алақаныммен 12 см шегені қағудың тәсілін де үйрендім.


Есімбек ұзындығы 12 сантиметрлік шегені қолымен қағып кіргізді

Есімбек ұзындығы 12 сантиметрлік шегені қолымен қағып кіргізді / Фото informburo.kz


Өнер де тәуекелді талап етеді

– Халықтың алдында өнер көрсеткен кезде, көбіне сенбеушілік болады. Өйткені халық көзбояушылыққа үйреніп алған. Сондықтан қолдарына ұстатып көрсетемін. Мен – сиқыршы емеспін. Шынайы өнер иесімін.

Адамдарды таң қалдырудан жалықпайтын Есімбек үгітілген әйнек пен шегенің үстінде де өнер көрсетуді бастаған.

– Әйнекті көпшіліктің көзінше ұсақтап сындырамын. Ал шегелерді тақтайға қағып дайындаймын. Сосын жалпы салмағы 300 келі шамасында болатындай бірнеше адамды көрермендер арасынан шақырып, үстіме шығарамын. Сонда денемді әйнектің де, шегенің де тесіп кетпейтінін өз көздерімен көреді.

– Кейде үстіме шыққан адамдардың бірі тепе-теңдікті сақтай алмай, қолымды мыжып кетсе, кейбірі әдейі секіріп тұрып алады. Сол кезде жарақат алып қаламын.


Есімбек 300 келі салмақты шегенің үстінде жатып ешқандай жарақат алмайтынын дәлеледеп шықты

Есімбек 300 келі салмақты шегенің үстінде жатып көтерсе де ешқандай жарақат алмайтынын дәлеледеп шықты / Фото informburo.kz


Енді ол шеге қағудың басқа тәсілін ойлап тапқан екен. Ерекше өнер иесі 12 сантиметр шегені мұрын қуысына шыны құмырамен ұрып кіргізетін болған.

Өнердің қыры мен сыры

– Өнер саласындағы адам психологиялық тұрғыдан мықты болу керек. Дене жарақаты іштей дайындықтың аздығынан болады деп ойлаймын. Арматураның көмегімен көлікті немесе үлкен салмақтағы ауыр заттарды сүйреу үшін оны мойын бұлшық етіне дұрыс тіреу керек. Ал сүйекке қойса, үгітіп жібереді.

– Шегемен және әйнекпен жұмыс істеген кезде жарақат алмайтыныңа сенімді болу керек. Алдымен сол сенімді өз бойыңа сіңдіре алмасаң, халық алдына шығып, өнер көрсете алмайсың. Ал мұрынға 12 см шегені шыны құмырымен соғып кіргізудің ешқандай қиындығы жоқ. Адамның бір мұрын қуысы өкпемен жалғасып жатыр. Ал екінші қуысымен жұтқыншақ жалғасады. Мен сол жұтқыншаққа баратын тесікке қағып кіргіземін. Бірақ пайдаланар алдында шегені егеумен тазалап, спиртпен сүртемін.

Той үстіндегі қастандық

Есімбек 13 жылға жуық халық алдында өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында әр түрлі жағдайларды басынан өткеріпті.

–Тақтайға қағылған шегелердің денемді түгелімен жырып кеткен кездері де болды. Жалпы жарақат алғанда сутек тотығы мен бинттен басқа ештеңе пайдаланбаймын. Дәрігердің көмегіне жүгінген кезім де болған жоқ, – дейді ол.

Бірақ қасақана қастандық жасауға дайын тұратындар болады. Қайтер екен деп, тексеру үшін кей адамдар қасақана дене жарақатын салуға тырысады.

– Бір тойға өнер көрсетуге келгенмін. Диаметрі 18 сантиметр арматураны майыстырып жатыр едім. Сол уақытта бір үлкен кісі жүгіріп келіп, арматураның майысып келе жатқан тұсын аяғымен басып қалды. Мойнымды арматура қатты жырып кетті. Қан сау ете қалды.

Тума таланттардың бәрі ауылда

– Өнер жолы ауыр. Сондықтан екінің бірі тәуекел ете алмайды. Мен он жылда бір ғана шәкірт тәрбиелеп шығардым. Қарындасымның баласын алдымен өнер көрсеткен жерлерге бірге алып жүріп, ақырындап баули бастадым. Өйткені мұндай өнерге адамның алдымен бойы үйрену керек. Қазір жиенімнің жасы 21-де. Кейде бірге өнер көрсетеміз. Тек арматурамен ауыр затты сүйреуді үйренген жоқ. Оған көп дайындық пен күш, туа біткен қайрат керек. Менің бір білетінім талантты адамдардың көбі ауылда. Тек таныла алмай жүр.

Өнерінің ұрпақтары жалғастырғанын қаламайды

Жәнібек – бес ұл, екі қыздың әкесі. Алайда ұлдарының өзі таңдаған өнермен айналысқанын қаламайды. Өйткені өнерге жеткілікті дәрежеде құрмет көрсетіліп жатқан жоқ дейді ол. Қазір әйелі Назира Жәнібектің тағы бір қырынан танылуына көмек көрсетіп жүр.

– Мен бірінші отбасын 20 жасымда құрғанмын. Кейін әйеліммен өнерде жүрген кезімде тіл табыса алмадым. Ал ажырасқаннан кейін бес жыл бойдақ жүрдім. Сол кезде екінші әйелімді жолықтырдым. Назира маған емес, менің өнеріме ғашық болған екен. Жанымда жүріп, әбден өнеріме бойын үйретіп алған соң, маған көмекші болып жүр. Яғни, биіктіктен ішіме пышақ лақтырады. Балаларымның да қызығушылық танытып жүргенін байқадым. Бір рет үш жасар ұлым шегені керегеге қолмен қаққалы жатыр екен. Көріп қалып, тыйым салдым.

Ауылдағылар қара күш иесінің көмегіне жиі жүгінеді

– Ауылдағылар мені қара күш иесі Есімбек дейді. Алматы облысы Алакөл ауданының тумасымын. Көліктерді орнына қозғалтып, темірді қолмен емес, мойныммен игенімді көрген адамдар менің өнерімді аңыз қылып айтатын болды. Содан болар "аңыз адам" деген лақап атым бар.

– Өмірде өнердің де пайдасы көп тиіп жатады. Ауылда автокөлігі, тіпті малдары батпаққа батып қалса да мені көмекке шақырады. Бірде соғымға сойғалы жатқан асау жылқыны ешкім құлата алмай, мені шақырды. Барған бойда аттың екі құлағынан шап беріп, бұрап құлаттым. Өйткені аттың ең әлсіз жері құлағы болады. Сосын аяғын байлаттырдым.

Әскердегі ерлік

Спорт пен өнерден бөлек аттың құлағында ойнайтын Есімбектің бұл талантының септігі әскерге барғанда тиіпті.

– Мен әскерде Алакөл ауданындағы әскери бөлімде болдым. Жасым 20-да болатын. Бір әскери қызметкер тұманды күні байқамай, атты жетектеген күйі таудағы құзға қарай жүре берген екен. Құздың шетіне келгенін тек соңғы сәтте бір-ақ аңғарған. Өзі әреңдеп кері шығып, атты тастап кетуге мәжбүр болады. Құздың ұшар басында қалған ат әскери бөлімге тиеселі болатын. Оқыс қимылдаса, құзға құлайды. Бір жағы еңіс келген жар. Атты соған қарай алып шығу керек. Көп ойланбастан "атты мен алып шығайын" дедім. Ойым атқа мініп, биік жартастарға қарай бөрененің үстімен асқан жылдамдықпен шауып шығу. Ал бөренелер аттың аяғы тиген сайын төмен қарай құздан құлайды. Басшылар рұқсат берді. Мен тез атқа мініп, шауып отырып, құзға құлатпай алып шықтым. Сол кезде бала кезімнен атқа мінуді еркін меңгергеніме шүкіршілік еттім.

Адам қабілетінің шексіз екендігін дәлелдедім

– Мен арнайы режиммен тамақтанып, болмаса күш жинау үшін ет тағамын дайындап беруін талап етпеймін. Әйелім дайындаған тамақты жей беремін. Тек ішке пышақ лақтырғанда немесе шегенің үстіне жатқанда іштің бұлшық еттері мықты болуы керек. Сондықтан спортқа көп көңіл бөлемін.

Есімбек пікірінше, адамның жігер-қасиеті мықты. Ендігі жоспары арнайы тақтайға қашықтықтан бірнеше пышақ лақтырып, межеге дәл тигізіп, ерекше өнер иесі екенін тағы бір дәлеледеу.

– Мен енді бір жыл өнер көрсетуді жоспарлап отырмын. Алланың адамға берген шыдамдылығы мен төзімділігі шексіз. Ендігі мақсатым тігінен тұрған адамның айналасына пышақты лақтыра қадау. Бұл – мен үшін ең үлкен сынақ болмақ. Егер осыны жүзеге асыра алсам, бұл өнерден біржолата қол үзер едім, – дейді ол.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары