Тікелей эфир

Қайталау және визуализация. Кітапты өнімді оқудың 5 жолы

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Кітапты бір оқығаннан кейін араға уақыт салып қайта шолу, маңызды деген тұстарын пысықтау мазмұнды сіңіруге септеседі.

Кітап оқу – білім алудың классикалық жолы. Жетістікке жеткен немесе әлем дамуына ықпал еткен тұлғалардың қайсы болса да, қол жеткізген нәтижесін оқыған кітабынан бөле қарастырмайды. Ғалымдар зерттеу барысында мынадай бір құбылысты анықтаған: адам ағзасы 30 жаста жетілудің шырқау биігіне жетіп, одан әрі қартаю басқышына өтеді. Тек ми ғана жалғасты дами алады. Сондықтан оны бұлшық еттеріңізді шыңдағандай үздіксіз жаттықтырып отырған абзал. Ал ми үшін таптырмас "фитнес" – кітап оқу және оқығанды қорыту машығы.

Оқығанымыз неліктен тез ұмытылады?

"Ұдайы оқимын, тіпті, кітап оқуды күнделікті дағдыға да айналдырдым. Алайда көп оқыған сайын соншалықты жадымда қалмайды. Жаңасына кіріссем, бұрынғы оқығанымды ұмытып қаламын". Осындай сыңайдағы кейісті кем дегенде бір танысыңыздан естіген болуыңыз мүмкін. Тіпті, бұл өз басыңызға да қатысты шығар. Мұндай торығыс көбіне адамдардың кітап оқуға деген ынтасын жойып, өзіне деген сенімін солғындатады екен. Сондықтан зерттеушілер бұл мәселеге ертеден-ақ назарын аударыпты.

Ғалымдар тұжырымына сүйенсек: "Білім игеру – жаңа үйренгенді бұрын меңгерген біліммен өзара байланыстыру үдерісі". Яғни сіз оқығаныңызды ертедегі үйренгендеріңізбен өзара кіріктіріп бекітсеңіз ғана ол білім сіздікі деген сөз. Айталық, ұялы телефон атауын естігінде көп адамдардың санасына бірден WhatsApp Facebook, оятар сықылды жиі қолданатын бағдарламалар оралады. Ал керісінше, ағылшынша үйренемін деп жүктеп алып, бірақ, ай бойы бетін бір ашпаған қазақша-ағылшынша сөздік мүлде еске де түспейді. Мұның сыры біз аталған бағдарламаларды күнделікті пайдаланамыз. Күнделікті тұтынғандықтан миымыз оны тануды барынша жеңілдетіп, телефонмен үйлесім қалыптастырған. Ал қазақша-ағылшынша сөздікке қажеттілік сезілмегендіктен ол жад қоймасының түпкі қуысында, көмескі жерде орныққан. Бұдан шығатын қорытынды: ми өзіне міндеттелген ақпаратты жеке-дара күйінде емес, белгілі бір ұғыммен сабақтастыра сақтауға бейімделген.

Оқи отырыңыз: "Балаларды кітап оқуға баулу өте маңызды". Асхат Аймағамбетовтың ата-аналарға хаты

Керек білімді оңай еске түсірудің әдістері

Ауыз әдебиетімізде "бір көрген – біліс, екі көрген – таныс" деген мәтел бар. Осы айтылғанды оқу барысына да қолдануға болады. Оқығанды мықтап бекіту үшін кітаппен қатынасымыз білістіктен таныстыққа ұласуы керек. Яғни, кітапты бір оқығаннан кейін араға уақыт салып қайта шолу, маңызды деген тұстарын пысықтау мазмұнды сіңіруге септеседі. Оқығанды ойда бекітудің бес тәсілі:

№1. Жиі қайталап, ойға оралтып отыру

Бұл – оқығанды бекітудің төте жолы. Қайталай пысықтау арқылы сіз ескі мен жаңа білім арасындағы бұрын байқамаған байланыстарды тауып, ішкерілей тереңдей түсесіз.

№2. Өз сөзіңізбен баяндау

Бұл – Richard Feynman ұсынған тәсіл. Ұдайы басқалармен сұхбаттасу, білгеніңізді бөлісу алған әсерді тек өз тұрғыңыздан емес, қарсы тараптың көзқарасымен де байытуға жақсы мүмкіндік береді. Осы орайда түрлі кітап клубтарындағы оқырмандар талқысы сан алуан ой-пікірлерді ортаға салып, кітаптың ұңғыл-шұңғылына үңілуге жағдай жаратады.

№3. Конспектілеу

Қазір қағаз-қаламды сирек ұстайтын жаңа буын үшін ұялы телефонға арналған көптеген бағдарламалық жасақтамалар бар. Оларда кітаптан алған әсерді бөлісуге лайықталған дайын шаблондар бар (мысалы, Evernote). Өзекті деген мәтіндерді ықшамдап конспектілеу арқылы сіз жадыңызға сақтауды тереңдете түсесіз. Зерттеуде анықталғандай, кітапты оқу мен оны өз әсеріңізбен толықтырып, конспектілеудің кейінгісінде ақпарат анағұрлым анық сақталған.

№4. Салыстыру

Оқыған шығармадағы дәйек-тұжырымдарды өзге кітаптағы дерекпен салыстыру да жадқа тіркеудің игі амалы.

№5. Білімді визуализациялау

Ми тек мәтінді ғана емес, сонымен бірге сурет пен графикаға да сезімтал. "Мың естігеннен бір көрген артық" дегендей кейде ақпаратты картина түрінде елестету мидың ақпаратты тануын арттырады. Ми автоматты түрде жадтағы өзге деректер арасынан сәйкестіктер мен байланыс іздей бастайды.

Оқи отырыңыз: Кітапханашы еңбекақысы артады. Президенттің кітап оқуға құштарлықты арттыру тапсырмасы қалай орындалуда?

Жоғарыдағы әдістердің бәрін жинақтағанда "қайталау – білімнің анасы" деген түйін келіп шығады. Тек мұндағы айырмашылық сіздің қандай ретте, нендей түрмен қайталайтыныңызда болса керек.

Қазір жастар арасында "жылына 100 кітап оқу" секілді челлендж, акциялар көп. Бұл құптарлық-ақ. Дегенмен осы арадан біздің кітап оқуға қатысты ұстанымымыз да айқындалады. "Қатарымнан қалмайын, жұрт оқығанды мен де оқиын" деген желікпе көзқарас тек санға ғана елітіп, мазмұнынан нәр алуға кесірін тигізіп бағуда. "Жылына 100 кітап" сияқты акциялар да санаға "тез бітірмесем жоспарым орындалмай қалады" деген стресс күйді тудырып, бар күш-жігерді кітапты тез аяқтауға бағыттайтындай. Ал ондай жағдайдан жазба басында айтылған тез оқып, тез ұмытатын келеңсіз күй туатыны анық.

Серіктестер жаңалықтары