Тікелей эфир

Автокөлік тізгіндеген 77 жастағы әже

Фото автордікі
Фото автордікі
Гүлбаршын Дүрманова бүгінгі қазақ әжелерінің эталонындай. Көлік жүргізеді, смартфон қолданады, әлеуметтік желілерде отырады.

Қазақтың әйгілі әнші-сазгері Жаяу Мұсаның Бибіқамар (Анна деген атпен белгілі) дейтін қызы болған. Одан Орхан деген ұл туады. Сол Орханның тұңғышы – біз тілге тиек еткелі отырған – осы Гүлбаршын әже. Алдын ала белгіленген орынға әжеміздің көлікті өзі айдап келгеніне қайран қалдық. Ол да соны сезгендей көлігінен түсе бере: "Жастайымнан жүргізем, қартайғанда тіпті де жаяу жүргің келмейді екен", – деп бір күлдіріп алды. Жеңіл әзілден кейін әңгіме өзінен-өзі әдемі өрбіп кетті...

Рөлде отырғанда, маған таңырқамай қарамайтындар жоқ

– Марқұм күйеуім көлік жүргізушісі болып істеген. Өзінің жүк көлігі бар еді. Бір жолы соны жүргізіп көргім келді. Лезде үйреніп кеттім... Ол кездегі жол ережелері жеңілдеу. Оның үстіне көшеде көлік те аз еді ғой. Ал ауыл-аудандарда, тіпті, бірен-саран автомобиль ғана жүретін... Кейінірек "Москвичке" қолымыз жетті. Оны да талай тептім. Сосын "Жигули" сатып алдық. Ақыры, көліксіз, жаяу жүре алмайтын болып кеттім, – дейді әже.

Одан соң "Volkswagen Golf 3-ті" тізгіндепті. Осыдан кейінгілерінің бәрі – балаларынікі екен. Керек кезінде кілтін алып, айдап жүре береді.

"Астанада көлік жүргізу оңай"

Гүлбаршын әже осылай деді. Себебін сұрағанымызда, астаналықтардың көпшілігі жол ережесін сақтап жүретінін айтты. Яғни жол жүру мәдениеті қалыптасқан. Сондықтан көлік жүргізуді енді үйреніп жүргендердің өзі тісқаққан шопырлардың артынан ілесіп отырып, діттеген жеріне ешбір оқыс оқиғасыз жете алатын көрінеді.

– Астанада көлік тізгіндеудің жеңіл болуына – тиісті инфрақұрылымның жасалғандығы да септігін тигізіп отыр деп ойлаймын. Жолдың өзі, жол жиегі, ондағы белгілер, бағдаршамдар, бәрі-бәрі заманауи талаптарға сай. Көлікі басқарып келе жатқан адамға осының барлығы – көмек.

Гүлбаршын әже жол ережесін ешқашан бұзбаған. Сөйтсе де, МАИ-қызметкерлерінің тоқтатқан кезде рөлде әженің отырғанын көрген бойда, жүздері жылып, жұмсарып сала береді екен. "Полицейлер мені жақсы көреді" дейді әжейдің өзі.

Сексенге таяса да, соңғы үлгідегі смартфон ұстайды

– Көп адам жасы озған сайын, заманынан қалыс қалып қойып жатады. Бұл – дұрыс емес. "Қызылын басам ба, көгін басам ба" деп телефонның бетіне телміріп отыратын замандастырымды аяймын. Маған олар бірдеңеден кем қалғандай болып тұрады. Қазір бүкіл әлем осы алақандай ғана смартфонның ішінде емес пе!? Төрткүл дүние былай тұрсын, алыстағы ағайының мен дос-жараныңмен байланысып, хабарласып тұруға мүмкіндік беріп отырған технологиядан біздің қарттар неге мақұрым болып отырғанын түсіне алар емеспін, – деп күрсінді Гүлбаршын әже.


Гүлбаршын әженың әлеуметтік желіге фотосын салып отырған сәті

Гүлбаршын әженың әлеуметтік желіге фотосын салып отырған сәті / Фото автордікі


"Бар сұрағыма жауапты ғаламтордан іздеймін"

– Теледидардан естіген не кітаптан оқыған бір бейтаныс сөз болса, "мынау не деген термин" деп интернетке сала қоям. Ол жауабын бірден шығарады, ал мен сол сөзді меңгеріп алам. Яки "Жеңсіз камзолды қандай көйлекпен киейін" деп сұраймын. Тағы да жауап береді. Жалпы, пайдасы ұшан-теңіз. Мұндай мүмкіншілікті пайдаланбау – қателік болар еді. Менің қазіргі телефонымның өзі жаңа, бірақ балаларым туған күніме бұдан да жаңа нұсқасын сыйлай ма деп үміттеніп отырмын, – деді күліп.

Заманға сай жүру – бала-шағаның жүрегіне жол табу деген сөз

Гүлбаршын әже технологияларды, ең біріншіден, балалары мен немерелерімен ортақ тіл таба білу үшін үйренген екен.

– Жастармен бір дәрежеде сөйлесіп, пікірлесе алу – маңызды. Солардың өмір сүру салтынан қалыспасаң, сен оларды, олар сені түсіне бастайды. Өзара үйлесім пайда болады. Ұрпақтар сабақтастығы деген де осы шығар, бәлкім. Ал "таста андағыны, көзіңнің майын тауыспай" немесе одан да дөрекі "телефонда басың қалғыр" деп балаларды сөгіп-жамандай бергеннің түк пайдасы жоқ, – дейді.

Қазір бұл кісі үрім-бұтағымен әрдайым байланыста болу үшін танымал әлеуметтік желілердің бірінен чат ашып қойыпты. Онда елдегі балалары да, шет елде оқуда жүрген немерелері де бар екен. Айта кетуіміз керек, Гүлбаршын әже құдай берген 3 баласынан 8 немере мен жиен, 2 жиеншар сүйіп отырған аяулы әже.


Гүлбаршын әже шет елдерге жиі шығып тұрады

Гүлбаршын әже шет елдерге жиі шығып тұрады / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан


Ал қазір, тіпті, ағылшын тілін оқуға кірісіп кеткен

– Мен жас күнімнен ел аралап, жер танығанды жақсы көрем. Бұрын қызмет бабымен шет мемлекеттерге көп шығатынмын. Бірақ ол кездерде көбінесе Кеңес Одағына қарасты елдерге ғана баратынбыз. Ал қазір әлемнің басқа елдеріне де есік ашық. Міне, осындай сапарларымда үнсіз тымырайып отырмаймын. Маңайымдағы адамдармен шүйіркелескенді жақсы көрем. Табиғатым сондай. Осы себеппен ағылшын тілін оқуға кірістім. Өйткені, қай елге барсаң да, алдымыздан осы тіл көлбелеңдеп шығады. Ең бірінші "Made in..." деген сөздің аудармасын жаттап алдым. Солай-солай кете берді. Ал қазір арнайы курсқа қатысып жүрмін, – дейді әже.


Ағылшын тілі курсында

Ағылшын тілі курсында / Фото автордікі


Гүлбаршын әже қаладан өзіне оңтайлы курстарды көп іздеді. Бәрін тыңғылықты зерттеген. Бағзыдан әдеті сондай – "жеті рет өлшеп, бір рет кескенді" дұрыс санайды. Сөйтіп жүргенде зейнеттегі тіл маманы, өзі құралпас – Сапура әженің ардагерлер кеңесі жанынан ағылшын тілін үйрету курсын ашып қойғанын естиді. Бірден сонда хабарласып, оқуға жазылады...

– Менің әлі де болса ойлағаным көп. Қол қусырып, балаларының мазасын алып отыратын қарттарға айтарым да жетерлік. Жасы келген адам өзін бір іспен алдандыруы тиіс. Қазіргі тілмен айтқанда, хоббиі болуы керек. Әйтпесе, қараң қаласың, ұрпағыңа кіріптар болып жүресің! – деп сөзін аяқтады әже.

Серіктестер жаңалықтары