Тікелей эфир

Арақсыз өмірге көшкен ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартуға шақырады

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Сарапшылардың есебінше, Оңтүстік Қазақстан - алкогольді сусындарды ең аз ішетін өңір. Мұндағы арақ ішуден көрсеткіш көш басындағы өңірден 20 есе аз.

Арақ ішуден Ақмола облысы көш бастап тұр. Мұнда 15 жастан асқан тұрғындардың әрқайсысына жылына 6 литр ішімдіктен келеді. Ал аз ішетін өңір оңтүстікте небәрі 300 грамнан екен.

Халықаралық стандарттар бойынша, бір адам жылына 8 литр ішімдік ішкен болса, бұл қоғамның азып кеткенін көрсетеді. Бізде көрсеткіш мынадай:


Қазақстан бойынша жан басына шаққандағы алкогольді ішімдік тұтыну көрсеткіші

Қазақстан бойынша жан басына шаққандағы алкогольді ішімдік тұтыну көрсеткіші / Finprom.kz сайтынан алынды


Ащы судың құны жыл сайы өсіп келеді. Мысалы, өткен жылдың күзінде ең қымбат баға Қызылжарда тіркелген. Литрі 3050 теңгеден сатылыпты.


2017 жылдың қазанындағы бөлшек саудадағы арақ литрінің бағасы

2017 жылдың қазанындағы бөлшек саудадағы арақ литрінің бағасы / Finprom.kz сайтынан алынды


Қазақстанда әрбір бесінші қылмыс мас күйде жасалады екен. Қылмыс санына шаққанда жылына ішімдік ішкендердің қатысуымен 20 мыңдай қылмыс тіркеледі деген сөз. Бұл туралы былтыр Мәжіліс сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтқан болатын. Онымен мақала соңында келтірілген сілтемеден таныса аласыз.

"Арақ – атаңнан қалған ас емес"

Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы осылай деп ел даналығын есімізге салды.

– Кеңес үкіметінің заманынан бүгінге дейін жағаласқан жауымыз – осы арақ. Әйтпесе, қазақ – кең далада таза ауамен тыныстап, Алтай мен Атыраудың арасында мамыражай тірлік кешкен халық. Ал ішімдік індеті қазақ арасына отарлау жылдарында келген. Бұл – біздің ұлттық салт-санамызға, дәстүрлі тұрмысымыз бен дастарханымызға жат дүние.

Себебі араққа үйір адамның сөзінде пәтуа болмайды, отбасының берекесі, құты қашады, одан қала берді жұмысынан қуылып, ағайындар арасында беделінен айырылады, өмірінің мәнін жоғалтады. Ал қазақ қашанда астың адалын жеп, ағайынның татулығын қолдап, ынтымақ пен бірлікті бәрінен биік қойған. Бүгінгі жастарға қу арақтан алыс жүріп, ғылым-білім үйренуге ұмтылу қажет. Сонда ғана елдің көркеюі жеделдей түседі, – дейді ақсақал.

"Арақсыз ауыл" үндеуі үрдіс алып жатыр

Былтырғы жылдың жазында әлеуметтік желіде жарияланған үндеу көпшіліктің қолдауына ие болған еді. Мұнда бүгінде өнерде өз жолын тауып, тәрбиелік мәні зор әзіл, қойылымдарымен халықтың ықыласына бөленіп жүрген "Өнер қырандары" театрының әртістері ауылда ілінген үндеудің жанында бейнежазба түсіріп, ғаламтор арқылы бүкіл елге жолдады.



Бұл бейнежазбадағы елді мекен – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыбастау ауылы. Ал мұндай игі бастамаға ауыл мектебі жанынан құрылған "Ұлағатты ұрпақ" қоғамдық қоры себепкер болған екен.

Ермек Әбілмәжінұлы Алматы облысындағы Нарынқолдың араққа қарсы қалыптасқан иммунитеті бар дейді. Өткен ғасырдың сексен бесінші жылдарында жарияланған ішімдік ішуге қарсы тұру үндеуі дәл осы өңірде ерекше қолдау тапқан көрінеді.

– Ал қазіргі кезде бұл бастаманың қайта қолға алынып, жастардың өздерінің арақпен күресуге ықылас танытқаны – жақсылықтың нышаны. Негізінен басқаша болуы да мүмкін емес еді, себебі таудың баурайындағы қымызы үзілмейтін ауданнан мұндай бастаманың көтерілуі заңдылық, – деп түйіндеді Ермек ақсақал.

Сарыбастаудың ащы судан арылғанына бір жыл

– Жақсы бастамаға ауыл ақсақалдары, ауылдан шыққан, қазір түрлі қызметте жүрген азаматтар бірлесе құрған "Ұлағатты ұрпақ" қоғамдық қоры, ауыл белсенділері себепші болды – дейді мұндағы мектеп директоры Ауғали Мышанұлы.


Сарыбастау ауылының кіре беріс жолы

Сарыбастау ауылының кіре беріс жолы / Фото informburo.kz тапсырысымен түсірілген


– Бұл бастаманың кеңінен қолдау табуына осы айтылған азаматтардың қосқан үлесі зор. Арақтан бас тартып, осындай үндеу тастап, жақсылыққа шақырып жүргенімізге біраз болды. Әуелгіде ауыл ақсақалдары арақ қойылған қонақтық, тойға барудан бас тартып, нағыз іспен ғибрат көрсете білді.

Ауыл тұрғындарының барлығы бірден, бір ауыздан бастаманы қолдаған жоқ. Бұл өзі үлкендердің ақылымен, жастардың ниетімен басталып, бірте-бірте ауылға сіңіп келеді. Ішімдіктің ішілуін күн сайын әр үйде бақылау мүмкін емес қой, алайда арақ ішкен ауылдасымызды көрсек, ақылға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

"Арақсыз ауыл" шарасының түпкі мақсаты – той-томалақта, мерекеде, қуанышты атап өткенде, түлектер кездесуінде, ауыл дүкендерінде арақ-шарап қоюды, сатуды тоқтатуға шақыру.

Ауыл тұрмысы түзелген

Былтыр ғана мұнда ауылдық мешіт бой көтерген.


Ауыл мешіті

Ауыл мешіті / Фото informburo.kz тапсырысымен түсірілген


Сонымен қатар ауылдық мектеп жөндеуден өткізіліп, жаңадан балалар ойын алаңы салынған.


Ауылдағы балалар ойын алаңы

Ауылдағы сырты қоршалған балалар ойын алаңы / Фото informburo.kz тапсырысымен түсірілген


Ащы судан бас тартқанына риза болысып, ауызбіршілігі нығая түскен ауыл тұрғындары енді тек жақсылық болып, келешекте шаруаларының дөңгелене беретініне сенімді.

Соңғы жылдары ауылда қол жеткізген жетістіктері өте көп екен. Мектеп жанынан спорт үйірмесі жұмыс істейді, сонымен қатар озат әрі белсенді, талантты оқушыларды ынталандыру мақсатында оларға шәкіртақы тағайындалыпты.

Ауылдан шыққан кәсіпкерлер ауылды дамытуға үлес қосудың түрлі тетіктерін қарастырып, ізгі ниетті шараларды қолға алған. Кейбіреулер сатып алған дүниесімен мақтанатын болса, бұл ауыл азаматтары бір-бірімен туған жеріне тигізетін пайдасы тұрғысынан жарысатын көрінеді.


Сарыбастау ауылдық мектебі

Сарыбастау ауылдық мектебі / Фото informburo.kz


– Бұл істе жастардың қолдауы зор болды, той-томалақ арақсыз өтіп жатыр. Нәтижесінде ірі-кішілі бұзақылық жасаушылар азайып келеді. Әр түрлі жылдары мектептен түлеп ұшқан түлектер кездесуін ерекше атап өтеді. Біреулері ағаш отырғызса, кейбірі Наурыз тойын дүбірлетіп өткізеді. Енді бірі ауылда Құрбан айт ұйымдастырды. Осылайша түлектер ауыл жастарына туған жерге деген сүйіспеншілікті іспен көрсетеді, – дейді мектеп директоры.

Райымбек ауданында тағы бір үлгілі ауыл бар

Алатаудың баурайында мамыражай тіршілік кешіп жатқан Сарыбастаудан өзге, табиғатымен ғана емес, мейірімді тұрғындарымен өзіне тартып тұратын тағы бір ауыл бар. Ол – Қақпақ ауылдық округі.

Мұндағы тіршіліктің өзгелерден ерекшелігі – екі жылдан бері ауыл тұрғындары ащы суды татып алмау үндеуін қолдап, нақты іске асырумен айналысып келе жатыр.


Қақпақ ауылының таңы. Ауыл тұрғыны қойларын суатқа айдап бара жатыр

Қақпақ ауылының таңы. Қойларды суатқа айдау / Фото ауыл тұрғыны Жанасыл Сүлейменовтің жеке мұрағатынан алынды



Қақпақ ауылының тұрғындары су тасып жүр /

Қақпақ ауылы. Ауыз су тасу күнделікті тіршіліктің бір көрінісі / Фото ауыл тұрғыны Жанасыл Сүлейменовтің жеке мұрағатынан алынды


– Мұндай ой елім дейтін әр қазақтың көкейінде жүргені рас қой. Ауылымыздың бұл бастаманың іске асып келе жатқанына екі жылдан асты. Бүгінге дейін ауылдағы екі дүкен арақ сатуға берілетін рұқсат қағаздан ерікті түрде бас тартты. Осы үндеу ортаға тасталғаннан бері түрлі кеш, той ішімдіксіз өтетін болды. Бұл жерде жастарға жөн сілтеп отыратын ауыл ақсақалдары мен белсенді азаматтардың еңбегі зор, – дейді ауыл әкімі Амангелді Смайылұлы.

Ауыл жетістігі – ел жетістігі


Қақпақ ауылындағы арақ-шарап сатудан бас тартқан дүкеннің бірі /

Қақпақ ауылындағы арақ-шарап сатудан бас тартқан "Ботакөз" дүкені / Фото ауыл тұрғыны Жанасыл Сүлейменовтің жеке мұрағатынан алынды



Қақпақ ауылындағы арақ-шарап сатудан бас тартқан дүкендердің бірі

Арақ-шарап сатудан бас тартқан "Ботакөз" дүкенінің иесі – Бибігүл Абдрахманова / Фото ауыл тұрғыны Жанасыл Сүлейменовтің жеке мұрағатынан алынды


– Ауылда мұндай игі істің үлкен қолдауға ие болуы ағайынды жақындастырып, ауыл бірлігінің одан әрі нығаюына сеп болды. Ұсақ-түйек ұрлықтан бастап, бұзақылық жасау азайды. Ауыл адамдарының ниет-пиғылы бір жерге тоғысқандықтан, жас жеткіншектердің де жақсылыққа, пайдалы нәрсеге ұмтылуы жиіледі. Бүгінгі ауыл балаларының үлгі тұтар ағалары – ауылымыздан шыққан спортшы жігіттер, Ардақ және Бейбіт Назаровтар. Олар да өз кезегінде ауылдас жастарды жақсы амалдарға, спортқа баулуда үлкен істер атқарып жүр, – дейді ауыл әкімі.


Қақпақ ауылдық округіне қарасты Көкбел ауылы

Қақпақ ауылдық округіне қарасты Көкбел ауылы / Фото informburo.kz


Қақпақ ауылдық округіне қарайтын Көкбел ауылы биыл мамыр айында 40 жылдығын аудан көлемінде дүркіретіп атап өтпек екен. Ауылдық мешіт-медресенің ашылуы жоспарланған.

Мұндағы жеткіншектер "ауылдан Ардақ пен Бейбіт Назаровтар шыққан" деп мақтанады


Ағайынды Назаровтар "Alem fighters" клубының президенті Ғалымжан Әбдірайымовпен

Ағайынды Назаровтар "Alem fighters" клубының президенті Ғалымжан Әбдірайымовпен / Фото жеке мұрағаттан алынды


Әр өңірдің, қала берді ауылдың өз мақтанышы болатыны сияқты, бұл ауылдың да мықты ұландары бар. Соның бірі – қазіргі таңда ережесіз жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы, "Alem fighters" спорт клубының жетекшісі, жастардың сүйікті спортшысы Ардақ Назаров. Інісі Бейбіт Назаров та осы спорттың мықтысы болғандықтан, ағайынды Назаровтар жастармен әңгімелесіп, адалдықты дәріптеп, арақ-шараптан тыйылуға шақырып жүреді.



"Арақтан бас тарту – тәуелсіздіктің жемісі"

– Бүгінгі таңда кешегі тоқсаныншы жылдардағыдай емес, көптеген жастар арақ ішпейтін болды. Бұрын той-томалаққа ішімдік қойылмаса, ұят саналатын. Ал қазір тойларда адал дастарқан жайылып жүргеніне куәміз. Соның игілігін көріп жүрміз деп те ойлаймын. Бұл – тәуелсіздігіміздің жемісі, ең жақсы сыйы. Егемендікпен бірге дәстүрлерімізді қайта оралтып, бабамызға таңсық болған зиянды дүниелерден арылатын күн туды, – дейді Ардақ Назаров бізбен әңгімесінде.

"Арақсыз ауыл" шарасын қолдауға шақырамын!

Спортшы ешқашан ешкімге жақсылық әкелмеген арақ сатылмаса екен деп тілейді.


Ардақ Назаров шәкірттерінің арасында

Ардақ Назаров шәкірттерінің арасында / Фото "Alem fighters" клубының желідегі парақшасынан алынды


– Ауылда барлық дүкендерде арақ сатудан бас тартса қандай жақсы! Бір ауыл тұрғындарының көпшілігі бір-біріне ағайын-туыс болып келеді, ал дүкенде сатылған ішімдікті де сол сатушының бауырлары алады. Қу арақтың кесірінен қанша отбасының шаңырағы шайқалып, кей жастар темір тордың арғы жағына түседі. Сондықтан ішімдік сатпайтын болса да, дүкен иесі өз ризығын табады.

Иә, ішімдіктен көп пайда түсіремін деп ойлайтындар бар шығар. Алайда арам нәрседен келген ризықпен бала-шағасын тамақтандырса, келешекте ұрпағының еліне, ата-анасына деген құрметі болмайды.

Қазақстанның барлық ауылдарында арақ сатылмаса, ащы суға жоламайтын ұрпақ өссе екен деймін. Болашақта қазақ балалары арақ дегенді білмейтін заманның келетініне сенемін, сондықтан өз атымнан барша қазақ баласын ішімдіктен бас тарту шарасын қолдауға шақырамын, – дейді Ардақ Назаров.

Былтыр Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың Мәжіліс сағатында сөйлеген сөзіне сүйенсек, Қазақстан 188 елдің ішінде арақ-шарап ішуден 34 орында, ал адам өліміне әкелген қылмыстың тең жартысы ішімдікке байланысты екен.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары