БҒМ мұғалімдердің жоғары оқу орындарында оқыған мерзімін еңбек өтіліне қосуды ұсынды

"Қазір бұл мәселе министрлікте талқыланып, орталық мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр" деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова. Айтуынша, "Мұғалім мәртебесі туралы" ҚР заң жобасы мәжілістің талқылауына биылғы жылдың тамыз айында жіберіледі.

Жаңа заң жобасында барлық педагогтардың құқықтары бірдей қорғалады. Мәселен, мектеп мұғалімі 56 күн, ал бала-бақша тәрбиелеушісі 42 күн демалса, жоба аясындағы өзгерістерге сәйкес тәрбиешілерге де 56 күн демалыс беріледі. Министрдің сөзіне сенсек, заң мұғалімдердің ар-намысын қорғайды. Педагогтар өздеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартылмайды.

Жыл соңына дейін Қазақстанда 20 жаңа жатақхана салынады

"Қаржылық орталық" АҚ Президенті А.Ибраимовтың айтуынша, оларға Елорда, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз қаласындағы ЖОО мен колледждердің 7 мың студенті тұратын болады. Қазір 20 келісім-шарт жасалған. 47 жоба бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Алматыда 32 оқу орынында оқитын 32 мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж. 2022 жылдың аяғына дейін Алматыда 20 мың орындық 39 жатақхана салу жоспарланып отыр.

Samruk-Kazyna Trust балаларға арналған байқау жариялады

"Туған елге саяхат" атты жобаға 11-15 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Байқау шартына сәйкес қатысушылар бейнероликтер түсіру немесе "Мен өз аймағымда нені өзгерткім келеді", "Туған қаламды не үшін сүйемін" сынды тақырыпта шығарма жазып не өлең шығаруы керек.

Байқау 15 сәуір – 17 мамыр аралығында өткізіледі. Қатысушыладың жұмысы poezd2019@list.ru. электронды поштасы арқылы қабылданады. 17-25 мамырда байқау нәтижелері жарияланады. 50 жеңімпаз еліміздің тарихи, туристік аймақтарына экскурсиялық турға аттанады.

Кезектен тыс президент сайлауына Үкімет қорынан 9,4 млрд теңге бөлінеді

Ашық үкімет порталында осындай қаулы жобасы жарияланды. Құжатқа сәйкес, сайлауды өткізуге Үкімет қорынан бөлінген 9 млрд 404 млн 771 мың теңгенің 9 млрд 347 млн 885 мыңын Орталық сайлау комиссиясына, 56 млн 886 мыңын Сыртқы істер министрлігіне беру жоспарланған. Қаулы жобасы 29 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Елордада әкімдіктер сайлау науқаны алдында пәтерлерді аралау жұмыстарын бастады

4 мыңға жуық ерікті мен 4 мың полиция қызметкері бүгіннен бастап сайлау науқанына қатысты халыққа ақпараттар береді. Қалада тіркелмеген сайлаушылар дауыс беру үшін сайлауға кем дегенде 30 күн қалғанда қаланың аудандық әкімдіктеріне жүгінуі керек.

Астанада 6 мың сайлаушы мен 239 сайлау учаскесі бар. Елорда тұрғындары өзінің сайлау учаскесіне қатысты ақпаратты 109 бірыңғай байланыс нөмірінен, Smart Astana мобильдік қосымшасынан және қаланың astana.gov.kz. ресми сайтынан біле алады. Сонымен қатар өз учаскесін әкімдіктің maps.astana.kz геопорталынан, Telegram @smartastana_bot. чатынан да табуға болады.

Атыраудағы балықтың жаппай қырылуына хлор себеп болған

Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Қожаев осындай деп мәлімдеді. Айтуынша, өткен жылдың соңында екі қылмыстық іс қозғалған. Сарапшылар қазір Жайық өзеніне хлор жіберген нысандарды анықтап жатыр.

Министрлік өкілінің сөзіне сенсек, өзендегі мұз ерігенде тағы да өлген 10 тонна балық жиналғандықтан тергеу жұмыстары ұзаққа созылған. Наурыз айындағы балықтардың жаппай қырылуының себептерін анықтау үшін сараптама жүргізу туралы шешім қабылданған. Өйткені, мұның желтоқсан айындағы қырылған балыққа қатысының бар-жоқтығын анықтау керек.

Елорданың құрылыс басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары сотталды

Ержас Айтуғанов "Қолжетімді баспана" бағдарламасы бойынша тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде 130 млн теңгені жымқыруға болысқаны үшін 7,5 жылға сотталды. Сот "АССМ-01" ЖШС басшысы, шенеунік Ерік Смағұловқа да осындай айып тағып, оны да 7,5 жылға соттады.

Аталған іс бойынша басты күдікті – құрылыс басқармасының басшысы Талғат Рысбеков. Тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты оған қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Тергеу нәтижесінде құрылыс жұмыстары қымбатқа жүргізілгені анықталған.

Бала алты жастан бастап мектепке баруы керек

Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова осылай дейді. Айтуынша, бірінші сыныптың бағдарламасы баланың жасына сәйкес құрастырылған.

"Білім туралы" заңға сәйкес, баланы 6 жастан бастап мектепке жіберу керек. Ал, 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толып үлгермей мектепке дейінгі дайындықты бастаса да, курсты аяқтағаннан кейін келесі жылы 1-ші сыныпқа барады", – деді Министр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда ажырасу саны азайды. 2019 жылдың қаңтар-наурызында ажырасу саны 8 884 құрап, 2018 жылдың осы кезеңінен 4,2% азайған. Есептік кезеңде 17 422 неке тіркелген. Бұл өткен жылдың қаңтар-наурызындағы көрсеткіштен (18 015 неке) 3,3% аз.

Baq.kz: Қазір елімізде 680 мыңнан астам мүгедек бар. Оның ішінде 87 мыңға жуығы – балалар. Соңғы 5 жылда мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 7,5% артқан. Жылдан жылға Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалардың саны өсіп барады.

24.kz: Алдағы тәуліктерде ауа райы қандай болады? Бірқатар өңірде жауын-шашынды болады, жылбысқы қар жауады, тұман түседі, көктайғақ күтіледі. Сондай-ақ ауа температурасы + 2-ден минус 10°С дейін төмендеуі мүмкін. Оңтүстік облыстарда да құбылмалы ауа райы болады. Орталық Азия аймағынан жылжаған циклон мен Қазақстанның солтүстік аймағынан суық арктикалық фронт жаңбыр әкеліп, кей жерлерде қатты жауады, найзағай ойнайды. Ауа температурасы мұндай процестермен орташа көпжылдық мәннен 2…6°С төмен, оңтүстікте нормаға дейін төмендейді.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter