Атамбаевтің ақыры не болуы мүмкін?
Ай мен күннің аманында "аңдамай сөйлеген" Атамбаевтың алдағы тағдыры не болмақ? Жалпы қырғыз билігінде отырғалы ол не тындырды? Сооранбай Жээнбеков қырғызға не береді?
Осындай күрмеуі қиын түйіндерді өз әлімізше тарқатып көрелік.
Алмазбек Атамбаев қырғыз билігінің тізгінін сегіз жыл ұстады. Оның бастапқы екі жылы премер-министрлік орынтағында өтті. Алмазбек елге экономикалық және құрылымдық реформа жасап, жұмыс орындарын ашып, бюджет қоржынын толтыруға уәде еткен-ді.
"Демократия аралының" қай басқару формасында екенін өздері де білмейді
Бұл туралы қырғыз елінің бұрынғы әділет министры Марат Қайыпов жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтқан болатын.
– Негізі "Парламенттік басқару формасындамыз" деп есептегенімен нақты құқық президенттің қолына шоғырланған. Президент барлығын қадағалай алады. Атап айтқанда Президент Қарулы күштерден бастап, барлық жоғары және жергілікті судия басшыларын дейін өзі ұсынып, өзі тағайындайды.
Қырғыз билігі ешқандай Парламенттік басқаруда емес. Президенттік-парламенттік басқаруға жақын, – деген болатын.
Тіптен президенттік басқару формасында деп айтып жатқандар да жетерлік.
Қоғам қайреткері Алмазбек Ақматалиевтің сөзінше мемлекеттің басқару жүйесі өзгермеген. "Тек режим алмасып, жабайы коррупция күшейіп кетіпті. Екі рет болған революцияның мақсаты әлі орындалмай отыр" деген уәжін де білдіріпті.
"Мандатсыз президент" түрмеге қалай түсті
Бұл туралы айтар сөз жеткілікті. Алмазбек Атамбаев соңғы бір жылда өз тағдыры үшін арпалысты. Өзіне айып тағып, кінәлағандарды да аяған жоқ. "Қолында барда қонышынан басты".
Атап айтқанда, Текебаев бастаған саяси қайраткерлерді түрмеге жіберіп, тәуелсіз ақпарат құралдарын да тұншықтырды. "Сентябрь", "Занзона" порталдарын жапты немесе айыппұлмен бас көтертпей тастады. Бұдан журналистер де "дәм" татты.
Ал Президент әкімшілігі Үкіметті қадағалап отыр. Міне осылайша барлық билікті қолына алған Алмазбек Атамбаев өз дегеніне де жетті.
"Мандатсыз президент" атанған Өмірбек Текебаевтің беделі халық арасында өте жоғары болатын. Әрі билік партиясымен қарсылас бірден бір тұлға ретінде танылған еді.
Бір қызығы сол Текебаевқа "Мандатсыз президент" атағын бергендер қазақтар екен.
Белгілі ақын Ауыт Мұқибектің Қазақстанда және Қырғыз елінде жарияланған "Мандатсыз президент" өлеңі әлі ел аузында.
Президенттік өкілеттікті қысқартып, үкіметтің өкілеттігін кеңейту
Бұл референдумда 2016 жылы жүзеге асқан болатын. Алдағы бірінші желтоқсанда күшіне енеді деп есептелген "Өкілеттіліктің өзгеруі" мәселесі де күмәнді болып тұр.
Себебі, 2016 жылы 11 желтоқсанда өткен "Қырғыз республикасының конституциясына өзгеріс енгізу" туралы референдум нәтижесі бойынша премьер-министр мен оның бірінші орынбасарының өкілеттілігі мен олардың депутаттық мандатты қатар атқаратындығы айтылған болатын.
Шынын айтқанда бұл үкіметтің парламенттегі рөлін кеңейтіп, парламенттің құқын шектеумен тең. Алайда президенттің өкілеттілігі ешқандай қысқармаған.
Қырғыз заңынан үзінді:
“3. Жогорку Кеңештин депутаты Премьер-министрдин же биринчи вице-премьер-министрдин кызмат ордуна депутаттык мандатын жана Жогорку Кеңештин пленардык жыйындарында добуш берүү укугун сактоо менен дайындалышы мүмкүн. Премьер-министрдин же биринчи вице-премьер-министрдин кызмат ордуна дайындалган депутаттын башка ыйгарым укуктарын ишке ашыруунун жана чектөөнүн тартиби жана шарттары мыйзамдар менен аныкталат. Премьер-министрдин же биринчи вице-премьер-министрдин кызмат ордундагы Жогорку Кеңештин депутатынын аталган кызматтан кетүүсү, бошотулушу жана милдеттерин аткарууну токтотушу анын депутаттык ыйгарым укуктарын толук көлөмдө калыбына келтирүүгө алып келет”.
Бұл нені білдіреді?
Президент Жоғары сот пен Қырғыз Ұлттық қауыпсіздік комитеті және Президент әкімшілігі арқылы кез келген уақытта Үкіметті ауыздықтай алады. Яғни, Атамбаев үкіметтің өкілеттілігін парламенттің есебінен кеңейту арқылы өз мүддесін көздеген болуы мүмкін.
Енді бір жағынан, Атамбаев президенттіктен кеткен күннің өзінде өз ізбасарының күші арқылы премьер-министрлікке орала алады. Мұндай жағдайда үкіметті уысында ұстауға мүмкіндік туатыны белгілі.
Атамбаев "Үлкен көрші мен кіші көрші комплекісін" қалай пайдаланды
Қоғам қайраткері Серік Ерғали мырзаның айтуынша, қырғыз халқы мен қазақ халқы ешқашан бір-бірінен бөліне алмайды. Тіптен ел басшыларының өзара түсінбеушіліктері де кедергі бола алмайды.
Бұл жерде Қазақстан – Орта Азияның ең бай әрі үлкен елі ғана емес, туысқан қырғыз елінің де ең сенімді, қауіпсіз, ренжісуге болмайтын көршісі. Барлық үлкен ел мен аумағы кіші, жан саны аз көрші ел арасында үлкен елге қарата халық ішінде "сын" мен қызғаныш болатыны шындық.
Бұл – барлық әлемде бар комплекс. Бұл комплекс екі ел тәуелсіздік алғалы пайда болған секілді. Атамбаев да сол комплексті пайдаланып кетті. Яғни комплекстен антиқазақтық пиғылды тудырып, оны өз рейтингін көтеруге пайдаланды. Алайда өз тағдырын құтқарғанымен, екі ел арасындағы байланысқа сызат түсті.
Сондықтан, мұндай комплексті ұлт пен ұлттың арасына жік түсіруге, саяси мақсатта қолдануға болмайды. Жай халық мұны түсіне де бермейді. Ал жеке адамдар арасындағы реніштің орны басқа.
Жээнбековтың жеңісі – Атамбаевтің жеңісі
Сайлау тыныш әрі барынша демократиялы өтті.
Жалпы бұл жолғы президенттік сайлау Атамбаевтың тағдырын белгілегені өтірік емес. Егер де қолдаған адамы жеңіліске ұшыраған жағдайда Атамбаевтың президенттік биліктен кеткеннен кейін елде қалуы мүмкін емес еді. Бұл қауіп әлі де сейілген жоқ.
Оны Атамбаев алдын ала сезді. Оның ең қауіпті қарсыласы "Қырғыз конституциясының атасы" атанған, депутат Текебаев пен оның маңындағы оппозициялық топтар болатын. Олар ашық қарсыласты, Атамбаевқа қарата "қылмыс" та тақты. Олар қолдарына билік тие қалса аямайтындарын да ескертті.
Осындай, қиын жағдайға тап болған Атамбаев бәріне дайын еді.
Ең алдымен, Атамбаев өз адамының шығуы үшін барлығын жасады. Атап айтқанда билік құрылымын пайдаланды.
Екіншіден, антиқазақтық пиғыл тудыру арқылы қырғыздардың ішкі жағындағы комплексті рейтинг көтеруге тартты.
Үшіншіден, Текебаев секілді қауіпті қарсыластарын түрлі жолдармен түрмеге жіберіп, жеңіске барар жолды тазалады.
Егер, Текебаев түрмеде болмағанда сайлау да өзгеше, жеңіс те басқа болатыны белгілі еді.
Бұл тұрғыдан алғанда, Атамбаев өз биігін сақтап қалды деуге болады. Алайда кейінгі президентке ауыр жүк қалдырды.
Жээнбеков сайлауда жеңіске жеткенде елде көп ешкім құттықтамапты
Жээнбековті жеңісімен құттықтағандар арасында жергілікті саяси қайраткерлер негізінен болмаған.
Бұл туралы да қырғыз елінің бұрынғы Әділет министрі Марат Қайыпов айтып отыр. Әрине, басты қарсыласы ретінде танылған Бабанов Жээнбековтың жеңісін мойындады. Алайда, Жээнбековтың осы қуанышымен Атамбаевтан басқа ешкім де бөліспеді деп айтуға болады. Тіптен, депутаттар да...
Себебі, Жээнбековтің жеңісін халық Атамбаевтың жеңісі ретінде қабылдады. Оның үстіне антиқазақтық пиғылға берілген адамдар сайлау біткеннен кейін ғана Қазақстанмен шекара жағдайының неге ушыға бастағанын түсінген сияқты. Бұл халықтың да, шенеуніктердің де ренішін тудырды.
Тағы бір ескерерлік жағдай, президенттің орнынан Атамбаевқа қатыссыз адамды көргісі келетіндердің да көп екендігі.
Алайда, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған шет ел басшыларының бір бөлігі Жээнбековке арнайы құттықтау хатын жіберген белгілі.
Жаңа президентті ұлықтау салтанатына басқа ел басшылары неге шақырылмай отыр?
Жаңа сайланған президенттің қызметке ресми кірісу күні 2017 жылы 24 қараша екендігі белгілі болды. Алайда, аталған ұлықтауға ешқандай ел президенттері шақырылмайтыны хабарланды. Неге?
Біріншіден, Атамбаевтың "дипломатияға жат" деп аталған, өзі мойындағандай эмоциямен көрші ел басшысына бағыттап айтылған сөзі екі елдің байланысын ушықтырып жібергені шын.
Ендеше, қойы қоралас, ауылы аралас отырған туысқан ұлттың елбасын мұндай ұлықтауға шақыра алмайтыны белгілі. Ал ұлықтау салтанатына басқа ел президенттері қатысқан күннің өзінде де қырғыз билігінің ұтары жоқ. Тіптен ушығуы да, онсызда өршіп тұрған халық наразылығын күшейтіп жіберуі әбден мүмкін.
Енді бір жағынан, дәл сол ұлықтау күні шерулер өтіп, Атамбаев пен Жээнбековтің абыройын айрандай төгулері де мүмкін.
Десе де, егерде шақырту алса, Назарбаевтің баруы да мүмкін.
Ендеше, Атамбаев алты жылда не тындырды?
Әрине, Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа (ары қарай ЕАЭО) енді. Ел тыныш болды. Сонымен бірге көрші елдермен болған көші-қон байланысын реттеп, ел бюджетінің кірісін шеттегі еңбеккүштің аударған қаржысы арқылы толтырып келді.
Тағы бір жеңісі ретінде, Ауғанстанда тұрақтанған қырғыздарға көмек қолдарын созып, елге оралуларына мүмкіндік жасағаны.
Бірақ президенттік өкілеттілігінің соңғы жылында мұның бәрі құрдымға кетті деуге болады.
Біріншіден, жалпы алты жылдық президенттік мерзімінде мемлекеттің бюджетін толықтыратын бірде бір ірі кәсіпорын аша алмады.
Екіншіден, ЕАЭО-ның үдесінен шыға алмады. Қытайдан арзанға кіргізген контрабандалық тауардың көбеюін де жоққа шығаруға болмайды. Қырғыздардың Қытаймен шекарадағы кеден салығының төмен болуы ЕАЭО-ның, әсіресе Қазақстанның базарына аса ауыр шығын әкелді. Оның үстіне Қазақстанның шекара өткелінің қызметін күшейтуге себеп те тауып берді. Одақ алдындағы міндеттемелерін орындамады.
Үшіншіден, елге танымал тұлғаларды аластап қана қоймай, түрмеге тықты. Бұл – халықтың билікке деген сенімін азайтты.
Төртіншіден, мемлекеттің басқару құрылымын реттеудің орнына билікті өзіне бейімдейтін мүмкіндіктер жасады. Бұл үкіметтің құзіретін Парламенттің есебінен кеңейтуге апарды. Сот жүйесіне азаматтық бақылауды кіргізбеді.
Ал, Қазақстанмен болған байланысты мұздатып тастағаны да халық наразылығын тудырып отыр.
Жээнбеков Атамбаевтың қолтығынан шыға ала ма?
Ендігі мәселе, Жээнбеков қандай саясат ұстанады? Атамбаевтың қолтығынан шыға ала ма?
Бұл өте маңызды. Себебі, бұл қырғыз елінің алдағы болашағын белгілейді.
Танымал қырғыз саясаткерлері Жээнбеков "Атамбаевтің қамытынан шыға алмай қала ма"деп алаңдауда. Оған да негіз жоқ емес.
Біріншіден, Жээнбеков өзін ұсынған Социал-демократиялық партияның басшылығын қайырып тастап, тәуелсіз билік жүргізуге жігерсіз болуы мүмкін.
Екіншіден, Атамбаев жай орында қалмайтыны белгілі. Жээнбеков премьер-министрлікке Атамбаевты ұсынуы мүмкін. Ондай жағдай орын алса, президент болған Жээнбековтің тағы биік болғанымен командасы күшті Атамбаевтың алдында ырықсыздыққа түсіп қалады.
Бұл жағдайда қырғыз елі тағы да алты жыл Атамбаевтің басқаруында болады деген сөз.
Жээнбекеов не істеуі керек?
Ең алдымен, Атамбевтың қолтығынан шығуы керек.
Екіншіден, Өмірбек Текебаев бастаған саяси тұтқындарды босатып, халықтың қолдауын алуы керек. Яғни, Атамбаевқа да, Текебаев, Бабанов бастаған саясаткерлерге де ыңғайлы дипломатиялық саясат қолдануы тиіс. Олай болмаған жағдайда, халық наразылығы барған сайын күшейеді.
Үшіншіден, халық талап етіп отырған Азаматтық бақылауды енгізіп, Парламенттік биліктің мүмкіндігін арттыруы керек. Мұндай жағдайда Жээнбеков халықтың сеніміне ие болып, алдағы қызметтерін жүзеге асыруға мықты команда топтай алады.
Төртіншіден, "Аңдамай сөйлейтін дипломатия" қырғызға жақсылық әкелмейді. "Көрші қақысы – Тәңір қақысы" деген бағытты ұстанып, елмен жауласудың орнына достасу жағын қарастырғаны абзал.
Бесіншіден, шет елдегі қырғыз диаспорасы Қырғызстанға үнемі ақша жібере бермейді. Олар сол елдерде азаматтық алады, біржола қалады. Мұндай жағдайда ішкі экономикада айналымға түсетін қаржы азаяды. Сондықтан, жеңіл және орта кәсіпкерлікті қолдауды мықтап қолға алу керек. Қауіпсіз инвестиция тартудың арнайы менеджментін орнатулары тиіс.
Алтыншы, туризм – Қырғыз елінің ең үлкен байлық көзі. Оны жүйелеп, қызмет көрсету сапасын жақсарту арқылы мемлекеттің бюджеттік қорын толықтыруға мүмкіндік зор.
Жетіншіден, Текебаевтарды ұмытып, Бабановтармен соттасумен басталатын президенттік міндет – Жиенбековтің тағдырын сорға байлайды. Қазірдің өзінде халықтың наразылығы өршіп келе жатқанын ескерген дұрыс.
Қырғызстанда халық тығыз қоныстанған. Бұл осыған дейін бірнеше рет дәлелденгендей – наразы халықтың тез топтасып, артын тағы революцияға ұластырып, билікті қаңғыртып жіберуіне өте қолайлы. Сондықтан, халықпен ойнамауы керек.
Ең маңыздысы – Қазақстанмен байланысты кепілдендіруі керек
Қазақстанның Қырғызстандағы ықпал өте зор.
– Тез арада Қазақстанмен өзара байланысты қалпына келтіретін барлық мүмкіндіктерді қарастыру керек. Қазақстан үкіметі ұсынған талаптарды орындауы керек. Бұл қырғыз елінің орнықты дамуын кепілдендіреді. Себебі, екеуі тек туысқан халық ғана емес, тағдыры байланысқан елдер.
Бұл жерде Қазақ үкіметі артық талап қойып отырған жоқ. Есесіне, ұтымды да жүйелі қызмет жүйесін ұсынып отыр. Қазақстансыз қырғыз елінің жағдайы белгілі екені барша жұртқа аян.
Қырғыз елінің ЕАЭО-байланысы және басқа да халықаралық тасымал жолы негізінен Қазақстанға байланған. Қытай немесе Өзбекстан, Тәжікстанға жалтақтағанымен олардың да жарылқайын деп отырмағаны белгілі.
– Ал Қазақстан Қырғызстанның ең қауіпсіз көршісі. Қаптаған қытай мен автономия дәметкен өзбек мәселесінің қырғызға еш жақсылық әкелмесі хақ. Бұл түйіндерді қырғыз халқы түсініп отыр, – дейді саясаткер, "Азат қозғалысы" ардагерлер клубының жетекшісі Серік Ерғали.
Қырғызстан өзінің туристік, қаржылық мүмкіндіктерін жетілдіруде Қазақстанды пайдалану арқылы өте үлкен пайда табатыны да жасырын емес.
"Қырғыз Үкіметінің ЕАЭО-на және ДСҰ-ға шағымынан ештеңе өнбейді"
Қырғызстанның қоғамдық белсендісі Данияр Айтман өз парақшасында: "Қазақстан – жеке ел. Ешқандай халықаралық құқықтық негіздерге сүйене отырып Қазақстанды Қырғызстанмен байланысын қайта қарауға мәжбүрлей алмаймыз. Өйткені олардың да аргументтері толық. Тіптен, кеше ғана Қырғызстаннан кіретін сүт және ет өнімдеріне тиым салды. Халықаралық ұйым да Қазақстанды мәжбүрлегенімен бәрібір, ештеңе өнбейді. Оған уақыт жұмсап, елді қиналтудың қажеті шамалы" деп жазған болатын.
Данияр Айтманның сөзінеше, қазіргі қырғыз үкіметі бұл мәселелерді шешуге қауқарсыз. Сондықтан аталмыш үкіметтің қызметін доғартып, отставкаға жіберіп, қайтадан үкімет жасақтау керек. Сонымен бірге тез арада Қазақстанның талабын қанағаттандырып, мүмкіндігінше оңтайлы дипломатиялық саясат ұстану керек".
Естеріңізге сала кетейік, қырғыз үкіметі Қазақстанмен шекарадағы орын алған мәселе бойынша ЕАЭО мен Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) арыз түсірген болатын.
Атамбаевтың кей мәлімдемелері шынайлыққа жанаспайды
Атамбаев қызды-қыздымен Қазақстанмен байланысты мұздатып тастады. Тіптен, Қазақстанды баспайтын қатынас-тасымал дәлізін салуды да қарастырды. Қытай мен Өзбектен, Ауғанстан мен Тәжікстаннан айналып шығар жол іздеді.
Бірақ мұны тез арада жүзеге асады деу шындыққа жанаспайды. Оны қаржыландырып, іске асыруға да көп қаржы керек. Мұны халық тосып отыра алмайды.
Жалпы алғанда Қырғызстан басшысының бұл көзқарасынан "күндестік" шеті көрініп тұрғандай?!
Атамбаев сенетіндей қаржы қуаты мен қорғаныс қуаты да оған жеткіліксіз. Ендеше, несіне сенеді?!
"Желтоқсан оқиғасында" қазақтарға қырғыздардың жақтасқаны бекер емес
Серік Ерғалидың айтуынша бұл белгілі жайт.
– Мысалы, алыс тарихтан бері қазақ пен қырғыз бір ел болды. Тіптен, тәуелсіздік алғанға дейін бөлінбеген елдер. 1986 жылғы Алматыдағы "Желтоқсан оқиғасы" кезінде де қырғыз туысқандардың белсеніп шыққаны бекер емес. Міне бұл біздің ең жақын туысқандарда ғана болатын сезім екені белгілі.
Сондықтан қырғыз бен қазақты бөле қарауға болмайды. Біз қырғыз туыстарымыздың өсіп-өркендеп, гүлдей жайнап жүруін қалаймыз. Олар да біздің жақсы болғанымызды тілейтіні белгілі.
Халық Жээенбековтың алғашқы қадамын аңдып отыр
Алайда Қазақстан талаптарын орындау мәселесі де, халықтың әлеуметтік, халықаралық сауда мәселесі де барған сайын күрделеніп барады. Халықтың наразылығы да өршіп тұрғаны жасырын емес. Халық жаңа президенттің қандай қадам жасайтынын аңдып отыр. Егер қандай да бір халыққа жағымсыз, қатерлі қадам жасаса немесе үмітті ақтамайтындай сыңай танытса тағы да революция тууы бек мүмкін!
Қалай десек те туысқан қырғыз елімен тығыз байланыс орнатып, елге түскен жүкті бөлісіп көтеру, бірлікте көркейю бәрімізге де керек. Ал оның кілті қазірше қырғыздың жаңадан сайланған президенті Жээнбековтің қолында. Бұл – Жээнбековтің кім екендігін танытатын күрделі мәселе. Бұл сыннан өте ала ма, жоқ па? Оны алда көре жататын боламыз!
Ең маңыздысы, екі ел халқы зардап шекпесе болды.
Қырғыз халқына сабыр, Жээнбековке салиқалы саясат, парасатты пайым, ыңғайлы дипломатия, жемісті еңбек тілейміз!