Тікелей эфир

Астаналық жүргізушілер "Сергекті" алдап жүр. Жаңа жылдан бастап бақылау күшейеді (толықтырылды)

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Астана жүргізушілерінің аяғын тұсаған "Сергек"камераларының іске қосылғанына үш ай болды. Содан бері туындаған даулы мәселелер кімнің пайдасына шешілді?

Осы уақытқа дейін "Сергек" айтқан сертінде тұрды ма? Астаналық жүргізушілер камераны қалай алдап жүр? Осы және өзге де сұрақтарға жүйені құрастырушы компания директоры жауап берді.

"Велосипед жасап шығарған жоқпыз" ...

– Камераның негізгі ішкі бөлігі Қазақстанда әзірленген. Күмән туғызатыны да сол, жүйені өзіміздің компанияның құрастырғандығы. Әйтпесе, бейнебақылау жүйесі биыл ғана енгізіліп жатқан жаңалық емес, – дейді "Сергекті" құрастырушы компания "Көркем-Телеком" ЖШС директоры Әсет Ахметов. – Біз атқарған барлық жұмыс әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалынды. Бастысы, қазақстандық компания осы алгоритмді жазып, қолданысқа енгізіп отыр. Біздің мемлекеттік көлік номерлерін айыратындай етіп ешкім бізден артық жасай алмайды.

Оқи отырыңыз: "Сергек" неге сеніп отыр? Жүргізушілерге қажетті тың ақпарат

"Сергек" автобус жүретін жол бөлігін ғана түсіре ме?

– Жүйе Метрология және сәйкестікті бағалау комитетінде мемлекеттік тіркеуден өткен. Осы уақытқа дейін Bas lane жолақтарын басып өткені үшін ғана айыппұл алып жатыр деген сыбыс бар. Шындығында, жолақты сызып қойып, оны бақылауға жол полициясының шамасы келмей жатыр. Сондықтан, "Сергек" негізгі екпінді автобус жүретін жол бөлігіне аударғаны рас, – дейді Әсет Ахметов.

Оқи отырыңыз: "Сергек" камераларына түспеудің амалдары (видео)

Жол белгісін қар баспайды...

Әсет Ахметовтың айтуынша, жолақты қар басып, көрінбей жатса, жүргізуші айыппұл төлемейді. Алайда мынаны ескеру керек:

– Автобусқа арналған жол басталмай тұрып, жолдың жиегінде оның арнайы белгісі орнатылған. Жолды қар басқан жағдайда жүргізушілер соған қарау керек. Ал ауладан шықсаңыз, автобус жолағын қалайда басуға мәжбүрсіз, ол кезде айыппұл тағылмайды.

Оқи отырыңыз: Көлік салығын қалай төлеуге болады?

"Сергекпен" ешкім соттаспайды

"Сергек" бақылау жүйесі іске қосылғалы бері айыппұл туралы ұйғарым 6998 астаналыққа жіберілген.

Ең төменгі айыппұл мөлшерлемесімен есептесек (автобус жолағын шыққаны үшін үш еселенген АЕК- 6807 теңге) 47 миллион теңгеден асады. Ал шындығында бұдан әлде қайда көп болуы мүмкін.

– Бүгінге дейін сотқа жүгінгендер болған жоқ. Жүргізушілер жол ережесін бұзғандарын ұмытып қалады. Бейнежазбаны көргенде ғана естеріне түсіп жатады, сол кезде келіспеуге амалдары қалмайды, – дейді Әсет Ахметов.

Қызыл түске өтсе де кешіреміз

Әсет Ахметов астаналық жүргізушілерге әрдайым түсіністікпен қарап келеді. Айтуынша тек жылдамдықты асырудан басқасын кешіруге әзір.

– Себебі, қандай да болсын ережені бұзу үшін себеп бар, ал жылдамдықты асыруға себеп жоқ, – дейді ол. – Жедел жәрдемді бөгемеу үшін бағдаршамның қызыл түсіне өте беріңіз. Мысалы артыңызда келе жатқан, жедел жәрдем, полиция не өрт сөндіру қызметі арнайы сигналын қосса, сіз бағдаршамның қызыл түсінің жанып тұрғанына қарамастан жүруге міндеттісіз, – дейді ол. – Яғни, мұндай кезде сіз жол жүру оқиғасын болдырмау үшін ережені бұзуға мәжбүр болсаңыз, бейнекамераны бақылап отырған оператор, жол полиция қызметкері, ондай жазбаны жойып отырады, – дейді Әсет Ахметов.

Адами фактор бар...


Қаладағы қозғалыс жіті бақылауда

Қаладағы қозғалыс жіті бақылауда / Фото informburo.kz


– "Сергек" көшедегі қозғалысты бейнетаспаға түсіріп қана отырады. Ал бергі жағында экраннан таспаны қарап отыратын операторлар, сіз бен біз сияқты адам. Сондықтан, оператор байқамай қалуы да мүмкін, оны жоққа шығара алмаймыз, – дейді Әсет Ахметов.

Мәселе даулы болса, басымдық жүргізушіде...

– Даулы жол жағдайы туындаған кезде айыппұл салу тиімсіз. Инспекторға жібермеуге тырысамыз. Жіберген жағдайда, фото, видео дәлелін қоса саламыз. Алғашында айтылғандай, "Сергектің" мүмкіндігі шексіз емес екен. Мәселен, жол қиылыстарында болған ұсақ-түйек камераға ілінбей қалуы әбден мүмкін. Көше қиылыстарындағы камералар жол ортасына қарай бағытталған. Маған желіде қарап беріңізші деп жиі өтініш білдіріп жатады. Алайда, олар көбіне камераның бекітілген бақылау аумағынан тыс жерлерде болып жатады. Көше қиылыстарынан алыс болса, камера түсіре алмайды. STOP сызығын түсіру үшін әдейі солай қаратып қойғанбыз, – дейді Әсет Ахметов. – Кейде 4 желілік камера тұтасымен бір бағытта түсіріп тұрады. Ал камерадан алыс жерде болса, ондай жағдайда, ештеңе дөп кесіп айта алмаймыз.

Ең жиі бұзылатын ереже – Bus Lane жолағына шығып кету

– Жүргізушілер әлі үйренбей жатыр. Қазір бұл ережені бұзсаңыз, үш АЕК (бір айлық есептік көрсеткіш 2269 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Алдағы уақытта айыппұл мөлшерін азайтуымыз мүмкін. Әрбір жүргізуші бір рет айыппұл төлеп көрсе, ережені бұзу біршама азаяр еді, – дейді Әсет Ахметов.

Еуропалықты Астанаға эксперимент үшін әкеліп көрсек...

– Бізде жұрт өзін Америка мен Еуропа сияқты дамыған елдермен салыстыруға дайын тұрады. Ол жақта ешкім ереже бұзбай жүретініне қызыға қарайды, – дейді Әсет Ахметов. – Ал сол еуропалықты Астанаға эксперимент үшін әкеліп көрші. Бұл жақта ережені бұзғанға жазаның жоқтығына көзі жетсе, ол да бұза бастайды. Яғни, шет елдегі жүйе оларға ереже бұзуға мүмкіндік бермей отыр. Мәселе сонда! Немесе керісінше, кез келген қазақстандық Еуропаға барса, ол жақта жазасыз қалмайтынын біледі, ережені сақтап, жүреді. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз – жүргізушілерді ереже сақтап жүруге дағдыландыру. Осындай жүйені біртіндеп енгізгенде біздің елдегі жолдар еуропадағыдай қауіпсіз болады.

Жүргізушілер ережені бұзбаса да, бұзса да жақсы

– Біз пайданы ғана көздеп отырған жоқпыз. Қазақстандық ретінде жүргізушілер жол ережесіне бағынса сол пайдалы, "Сергектен" үркіп адамдар жол ережесін бұзбайтын дәрежеге жетсе, қуанамын, – деп күледі Әсет Ахметов. – Бұл жоба тек айыппұлға қарап отырған жоқ. Жуырда "Сергек" камералары арқылы алимент не салық төлеуден жалтарып жүргендер ұсталды.

Жеке такси Bus Lane-мен жүргісі келсе, салық төлеуі керек

Алдағы уақытта "Сергек" камераларының функциялары да арта түседі екен. Ол туралы нақты дерек бере алмаса да, жобаның құрастырушысы ретінде Әсет Ахметов бүгінге дейін жеткен жетістіктерін айтып берді.

– Біз автобус жолағын қадағалай бастаған соң, заңсыз адам тасымалымен айналысып жүрген такси жүргізуішлері салық төлеп, ресми тіркеле бастады. Бұрын оларда ондай қажеттілік болған жоқ. Ал қазір салық төлесең, автобус жолағымен жүре беруіңе болады.

"Сергек" камераларымен Астана толық жабдықталатын болады

Бүгінде қала бойынша 170-ке жуық камера кешені орнатылды. 2018 жылдың басында 400 көше қиылысы мен 300 желілік учаске қосылады. Жалпы, келер жылдың басында осындай 800 кешен іске қосылады.

– Сатып алып орната салу ғана емес, заңнамалардан бастап өзгертетін тұстары бар. Өйткені, камералардың барлық мүмкіндіктерін іске қоссақ, өзіміз қиналып қаламыз, – дейді Әсет Ахметов.

Айтуынша, полициядан бастап поштамен айыппұл таратуға дейін шығынға ешкім дайын емес. Сондықтан SMS не электронды түрде ескерту жіберуге көшу жағы қарастырылып жатыр.

"Сергекті" алдағандар айыппұлдан құтылмайды

Әсет Ахметовтың айтуынша жоба жұмыс жасап жатқанына үш айдың көлемі ғана болса да, "Сергекті" алдауға тырысқан қулар шыққан:

– Нақты қалай екенін айтпай ақ қояйын. Қылмыскерлерге осылай жасаңдар деп кеңес бергендей болмайын. Ол – заңсыз. Мұндай жағдайда бар ақпар жол полициясына жіберіледі. Олар көлік иесін анықтап, айыппұл салады.

Жол полициясы "Сергекпен" таласпайды

"Сергек" камералары түсіріп тұрса да, жол ережесін бұзсаңыз полиция қызметкерлері тоқтатуы мүмкін. Жүргізуші үшін "Сергек" түсіріп тұрған жерде жол полиция қызметкерінің тоқтатып, протокол толтырғаны тиімді. Себебі, жол полициясы жазған хаттама бойынша айыппұл төлеген кезде жеңілдік бар.

– Ал "Сергек" пен жол полициясының салған айыппұлы қатар келсе, ІІБ барып айыппұлды төлеген түбіртекті көрсетсеңіз, жеткілікті, –дейді Астана қаласы ІІД, Әкімшілік полиция басқармасы, әкімшілік практика бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Дархан Ташмұхамбетов.

Шетелдіктер де "Сергектен" құтыла алмайды

Әсет Ахметов, шетелдік номері бар автокөлік жүргізушілерінің айыппұлды қалай төлеп жатқанын нақты білмейді.

– Инновациялар енгізілді, ал заң кешеуілдеп жатыр. Бірақ камераға ереже бұзғаны түссе, біз кідіртпей ІІД-не жіберіп отырамыз, әрі қарай айыппұлды қай мекен жайға, қалай жіберетінін білмейміз. Заң технологияны куып жете алмай жатыр. Бірақ бұл тұрғыда ІІД жұмыстар жасайды, – дейді Әсет Ахметов.

Ал Дархан Ташмұхамбетов ереже бұзғаны үшін шетелдік компанияның көлік жүргізушілері айыппұл төлейді дейді.

Айтуынша, шет елдегі мекен жай бойынша арнайы хаттармен айыппұл төлеу туралы ескерту жөнелтіледі.

"Сергек" арқылы жазылған айыппұлды онлайн тексеруге болады

Осыдан бірнеше күн бұрын "Сергек" бейнебақылау жүйесі арқылы жазылып қалған және төленбеген әкімшілік айыппұлды білуге болатын чат-бот іске қосылған.

Чат-ботты қолдану үшін Telegram мессенджерден @smartastana_bot-ты тауып алып қосылсаңыз, жетіп жатыр.

Әрі қарай, чат-бот сізге есіміңіз бен тілді таңдауды ұсынады, сосын пайдаланушыға қызмет көрсету тізімі, баптау, бот туралы ақпарат мәзірін ұсынады.


Бірінші қадамыңыз

Бірінші қадамыңыз / Telegram Messenger жасалған скриншот


Әкімшілік айыппұлдың төленбегенін білу үшін алдымен "Қызмет көрсету" мәзірін таңдауыңыз қажет, одан кейін "Әкімшілік айыппұлды тексеруге" кіріп, ЖСН (ИИН) енгізесіз.


уцк

Екінші қадамыңыз. Осы жерге Өзіңіздің ЖСН енгізесіз/ Telegram Messenger жасалған скриншот


Чат-бот сізге Бас прокуратураның арнайы есебі мен құқықтық статистика жөніндегі комитетінің базасынан тексеріп береді.


Үшінші қадам. Айыппұл туралы ақпаратты жібереді

Үшінші қадам. Айыппұл туралы ақпаратты жібереді / Telegram Messenger жасалған скриншот


Егер болған жағдайда ақпаратты шығарып, күні мен айыппұлдың көлемін көрсетеді және әрі қарай қалай төлеу керектігі туралы толық түсіндіреді.

Қазіргі таңда Тelegram мессенджері үшін іске қосылған чат-бот t.me/smartastana_bot сілтемесі бойынша қолжетімді, сондай-ақ Facebook пен Skype желісінде де чат-ботты әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

"Сергек" тіркеген айыппұлға 50 пайыздық жеңілдік болады

Алдағы уақытта фото және видео құрылғыларының тіркеуіне сай салынған айыппұлдарды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі пайда болады.

Бұл туралы 2017 жылдың 29 желтоқсан күні Президент қол қойған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекске енгізілген өзгертулерде айтылған.

Заң ресми жария етілген күннен бастап он күннен кейін, яғни тоғызыншы қаңтардан бастап өз күшіне енеді.

"Әкімшілік құқық бұзушылық жағдайында өндірісті қысқарту тәртібі" бабына келесі өзгерту енгізілген. Онда:

"Егер сертификатталған арнайы құралдары және автоматты құрылғылары әкімшілік құқық бұзушылықты тіркесе, онда ереже бұзушы тиісті үлгiдегі айыппұлды төлеуі қажет. Бұл туралы бұйрық қолына тиген күннен бастап жетi күн мерзiмде көрсетілген айыппұл сомасының елу процентi мөлшерiнде төлеуге құқылы" делінген.

Осылайша, тоғызыншы қаңтардан бастап "Сергек" камераларының тіркеуі бойынша салынған айыппұлдарды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, 890 бапқа енгізілген өзгертулерге сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша, бiр жыл iшiнде айыппұлды өндiрiп алу жөнiнде сот шарасы алынбаса, күші жойылуы мүмкiн яғни айыппұлды төлемейсіз.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары