Тікелей эфир

Астанадағы №67 гимназия ұстаздары директордың жұмыстан кетуін талап етті

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Астанадағы №67 мектептен шу шықты. Мектеп мұғалімдері жаңа директордың жұмысқа алу "ережесіне" ашық түрде қарсылық танытты.

Бетпе-бет кездесу

Астананың жаңа ауданындағы бұл мектеп-гимназияда 2011 жылы ашылғаннан бері төрт директор ауысыпты. 2016 жылдың қыркүйегінде мектеп директоры қызметіне Әльфия Мұсаева тағайындалған. "Осы тоғыз ай бойы оның ақша жинауынан әбден шаршаған соң, бұл жайтты халыққа жария етуге бекіндік" дейді ұстаздар.

Оқи отырыңыз: Мұғалім мәртебесі туралы заң жобасындағы маңызды жаңалықтар


№67 мектеп-гимназиясының директоры Әльфия Мұсаева мен қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин

№67 мектеп-гимназиясының директоры Әльфия Мұсаева мен қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин / Фото informburo.kz


Өздері білім басқармасына, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке, «Нұр Отан» партиясына ашық хат жазған. Мазмұны – мектеп директоры жұмысқа орналасқандардан, отбасы жағдайымен демалыс алғандардан ақша талап етеді. Бірақ, сең қозғалмасын байқағандықтан, білім саласындағы астаналық белсенді Ақмарал Омралиноваға хат жазып, әлеуметтік желі арқылы назар аударуға бекініпті. Сөйтіп, ұстаз бен директор, білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин, үш тарап мектептің акт залында бетпе-бет кездесті.

Оқи отырыңыз: Бала сабаққа бармады. Ата-анасына қандай шара қолданылады?


№67 мектеп-гимназиясының ұстаздары

№67 мектеп-гимназиясының ұстаздары / Фото informburo.kz


Ұстаздар мен басшылықтың кездесуі алай-дүлей атмосферада өтті. Алғашында кезек-кезекпен сөйлейміз дегенмен, астында от сөнбеген қазанның суы сияқты, бәрі таси жөнелді. Әріптестерін жөнге шақыра келе, орыс тілі пәнінің мұғалімі Мәрзия Каленова, "ең алғаш рет директор қыркүйек айында сертификаты әлі берілмеген семинар үшін адам басынан 2000 теңге жинап алды" деп ашық жайып салды.

Оқи отырыңыз: Жұмыскердің құқығы: нені білу керек?

"Бірақ, оқу-семинар өткен жоқ. Анкета ғана толтырдық", – деген ұстаздың сөзін Әнуар Жанғозин бөлді:

– Сонда семинар өткен жоқ па?

– Өткен жоқ.

– Ақшаны бәріңізден жинады ма?

– Бәрімізден.

– Олай болса, Әльфия Елубайқызы, ақшаны таратып беріңіз.


Мектептегі орыс тілі пәнінің мұғалімі ақша жиналса да, бір де бір семинар өткен жоқ дейді

Мәрзия Каленова: "Ақша жиналса да, бір де бір семинар өткен жоқ!" / Фото informburo.kz


Мектеп директоры ақшаны таратып беруге келісті. Бірақ Мәрзия ұстаз:

– Сонда бұл мәселені көтермегенде, ақшамыз қайтарылмайтын ба еді? Қыркүйекте өтеді деген семинар неге өткен жоқ, – деп Әнуар Жанғозиннің идеясын мақұлдаған жоқ. Әріптестері де оған қосылды.

– Түсінбедім, сонда бұл шешім сіздерді қанағаттармай ма?

– Қанағаттандырмайды!

– Келесі мәселеге көшейік, мұғалімдердің екі мың теңгесін қайтарып беріңіз! – Жанғозин мектеп директорына тағы бір ескертті.

"Жиналыстан шығыңыз. Мүддеңізді мен қорғаймын"

Әнуар Жанғозин 2017 жылдың 17 сәуірде мұғалімдердің басқармаға ашық хат әкелгенін растады. Сол құжат негізінде басқарма комиссия құрып, мектепте анонимді сауалнама жүргізген. Жиналған мұғалімдердің айтуынша, ол сауалнамаға ұстаздардың бәрі бірдей қатыспаған. Әнуар Жанғозин бірнеше қайталап сұрап, "таза бланк әкелгені рас" деген жауапты естіген соң, директорды акт залынан шығарып жіберді.

– Шығыңыз, Әльфия Елубайқызы, мен сіздің мүддеңізді қорғаймын, – деді Жанғозин.


Мектеп директоры акт залының алдыңғы есігінен шықса да, артқы есіген қайта кірді. Ұстаздардың арасында отыр

Мектеп директоры акт залының алдыңғы есігінен шығып, артқы есігінен қайта кірді. Ұстаздардың арасында отырды / Фото informburo.kz


"Жұмысқа тұрғаным үшін 30 мың теңге ақша бердім"

Директор акт залының алдыңғы есігінен шығып кетсе де, сәл кейінірек артқы есігінен қайта кірді. Бірақ, осы аралықта директорға өз қолымызбен ақша бердік деп ұстаздар мен бұрынғы қызметкерлер Жанғозинге мән-жайды баяндап үлгерген еді.


Жұмысқа тұрғаным үшін қарызға алып, 30 мың теңге төледім деген Маржан

Маржан Смыкова: "Жұмысқа тұрғаным үшін қарызға алып, 30 мың теңге төледім" / Фото informburo.kz


"Сәлеметсіз бе! Мен – бастауыш сынып мұғалімі Маржан Смыковамын. Осы гимназияға 2016 жылдың 26 тамызы күні жұмысқа орналастым. Оқу жылы басталған соң, жаңа директордың орынбасары Құндыз Жігерқызы маған келіп "директор жаңа мұғалімдерден ақша сұрап жатыр" деді. Басында маған алпыс мың теңге бер деген. Бірақ, жалғызбасты ана екенімді, пәтер ақым, несием бар екенін айтқан соң, онда 30 мың теңге бер деді".

– Не үшін, – деп сұрады Жанғозин.

– Жұмысқа орналасқаным үшін. Сосын, отыз мың теңгені Құндыз Жігерқызына қолма-қол ұстаттым. Осы жерде жұмысқа орналасқаны үшін, жұмыстан қуылып қалмау үшін ақша берген ұстаздар отыр. Олардың атын атағым да келіп тұр, бірақ, өздері айтатын шығар.

– Атаңыз.

– Индира, Рабиға апай, Эльмира апай, Салтанат...

Директордың орынбасары Құндыз Жігерқызы осы сәтте акт залының сыртында болатын. Ұстаз сөзінің дәлелі ретінде whatsApp қосымшасындағы хаттарды көрсетті.


Маржан Смыкова мен директордың орынбасары Құндыз Жігерқызының арасындағы хабарламалар /

Маржан Смыкова мен директордың орынбасары Құндыз Жігерқызының арасындағы хабарламалар / / Cуретті мектеп ұстаздары ұсынды


Келесі болып біліктілігін арттыру үшін директорға "15 мың теңге бердім" деген тағы бір ұстаз сөз алды.


Арзыгүл Масақбаеваның ашых хатқа тіркеген қолхаты

Арзыгүл Масақбаеваның ашық хатқа тіркеген қолхаты / Фото informburo.kz


"Сәлеметсіздер ме! Мен бастауыш сынып пәнінің мұғалімі Арзыгүл Масақбаевамын. Былтыр мамыр айында екінші санатқа ауысу туралы өтініш бергенмін. Биыл қорғап, екінші санатқа ауысар кезде директор 15 мың теңге көлемінде ақша талап етті. Екінші санатқа өттім, ашық сабақ өткіздім. Қорғап шықсам да 15 мың теңге ақша алды. Мен тура директорға апарып берген жоқпын. Арамызда адамы жүрді".

– Ол кім?

– Бастауыш сыныптарына сабақ беретін тағы бір ұстаз. Ол директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Аманқызына ақшаны сол күні апарып берді.

– Аты-жөні кім?

– Венера Бектұрова.

– Ол осы залда бар ма?

– Бар.

– Орныңыздан тұрыңыз.

Бектұрова Венера орнынан тұрды. "Алдың ба, жоқ па?" деген сұраққа не "ия" демеді, не "жоқ" демеді. Екі минут үнсіз тұрған соң, орнына қайта отырды.


Арзыгүл Масақбаева ақша бердім деген Венера Бектұрова сұраққа жауап берген жоқ

Арзыгүл Масақбаева ақша бердім деген Венера Бектұрова сұраққа жауап берген жоқ / Фото informburo.kz


"Күйеуім ҰҚК-де жұмыс істейді деп қорқытады"

Мектептің тағы бір мұғалімі Гүлмира Әбенова болса, ашық хаттан кейін директордың кабинетіне шақырып алып, "жолдасым Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейді" деп қорқытқанын айтты.


Гүлмира Әбенова. Балаға білім берудің орнына құжат құшақтап, дұрыс жұмыс істеуден қалдық дейді

Гүлмира Әбенова: "Балаға білім берудің орнына құжат құшақтап жүреміз, дұрыс жұмыс істеуден қалдық" / Фото informburo.kz


"Қалалық білім басқармасының бұрынғы басшысы Қасымхан Сенғазиев ашық хаттан кейін ұжыммен кездескенде, көп нәрсені сол жерде алғаш рет естідік. Екінші күні ұстаздармен "Керуен" ойын-сауық орталығына барып, шәй іштік. Сол кезде Сенғазиевтің келгені туралы әңгіме айттық. Келесі күні мені директор мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Бертаева шақырып алды да, директор: "Қаласам, сен ешқандай айқай-шусыз жұмыстан кете саласың. Менің күйеуім Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейді", – деді. Мен ол кісіге қарап күлдім де: "Ал менің күйеуім – тігінші" дедім", – дейді Гүлмира Әбенова.

"Мен бәрін шақырдым, тек журналистерді емес"

Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин де, мектеп директоры да журналистерді даулы жиналысқа кіргізбеді. Ал, ерте кіріп кеткен informburo.kz тілшісін "102" қызметімен "қорқытып", залдан шығарып жіберуге тырысты.


Әнуар Жанғозин Фэйсбук әлеуметтік желісінде осындай пікір қалдырған

Әнуар Жанғозин Фэйсбук әлеуметтік желісінде осындай пікір қалдырған / Сурет әлеуметтік желіден алынды


– Отыра берсін, – деп артынан мәмілеге келсе де Жанғозин мырза камераға түсіретін журналистерден неге қашатынын айтпады.


Ішке операторсыз кірген "Евразия-1" арнасының тілшісін директор залдан сүйреп шығарды

Ішке операторсыз кірген "Евразия-1" арнасының тілшісін директор залдан сүйреп шығарды / Фото informburo.kz


"Бұқаралық ақпарат құралын шақырамыз ба, жоқ па, оны білім басқармасы шешеді. Мектеп – білім басқармасына қарайтын ұйым. Оларды (журналистерді) шақырған жоқпын. Мектеп – сіздердің ұйымдарыңыз емес. Үйіңізге кімді шақырғыңыз келсе, соны шақырасыз. Кеше әлеуметтік желіде пікір қалдырып, «ниет танытқандардың бәріне» келуге болады деп жазғаным рас. Бәрі дегеніміз, Қазақстан республикасының азаматтары, тек бұқаралық ақпарат құралдары емес. Мен жеке бұқаралық ақпарат құралдарын шақырған жоқпын. Қазір уақыт жоғалтып тұрмыз. Ақпарат құралдарына артынан ақпарат беремін. Жағдай түсінікті. Менің қазір уақытым жоқ. Мектептегі жағдайды арнайы құрылған комиссия шешеді", – деген Жанғозин жиналысты түйіндемей шығып кетті.

Комиссия жұмыс істеген уақытта директор уақытша қызметінен шеттетілсін деген ұсынысты да мақұлдаған жоқ. Ұстаздар болса, енді прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданамыз дейді.


Жиналысқа баласын көтеріп келген Алмагүл Омралинова

Білім саласындағы белсенді Ақмарал Омралинова / informburo.kz


Ақмарал Омралинова:

"Ұстаздардың айтуынша, Әльфия Мұсаева Қызылорда қаласындағы №233 мектептен де осындай жағдаймен кеткен. Ұстаздар Қызылорда қаласының прокуратурасынан келген құжаттарды көрсетіп отыр. Осы жайтты Астана қалалық білім басқармасы неге тексермеген? Енді ұстаздармен бірге Астана қаласының прокуратурасына, Қызылорда облысындағы жағдайға байланысты, Бас Прокуратураға және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданамыз"




Алмагүл Омралинова ұсынған құжаттан үзінді
Алмагүл Омралинова ұсынған құжаттан үзінді

.


Директор не дейді?

Мектеп директоры Әльфия Мұсаева осы айтылғандардың бәрі жала дейді. Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы акт залынан шығарып жібергенмен, артқы есіктен қайта кірген соң, залдағы орындардың біріне жайғасты. Ұстаздардың айтқанына бас шайқап, келіспейтінін білдіріп, өз пікірін қосып отырды.


Әріптестерінің арасына "тығылған" директор олардың сөзін жала дейді

Әріптестерінің арасына "тығылған" директор олардың сөзін жала дейді / Фото informburo.kz


"Ұстаздар ақшаны маған емес, бір-біріне берген, олардың жазып берген қолхаттары бар. Ұстаздар сабақ үстінде кабинеттерін тастап кетеді, кешігіп келеді. Астана қаласының білім басқармасы жұмысқа қабылдаған кезде сұрау салған. Қылмыстық іске тартылмағаным туралы анықтама алған. Мен енді жала жапқан ұстаздардың өзін сотқа беремін. Осыған дейін "қатаң сөгіс" жариялап келгенмін".

Мұғалімді кім қорғайды?

Қазақстанда мұғалімнен қадір қашқалы қашан!? Ақша жинайтын кім? Мұғалім! Оқушы жазатайым болса, кім кінәлі? Мұғалім! ҰБТ үміт ақтамаса, кім кінәлі? Мұғалім! Ал олардың отбасында, ұжымында қандай жағдай болып жатқаны көпті қызықтырмайды.


Мұғалімдер зейнетке шығуды армандайды. №67 мектеп ұстаздары зейнеттегі әріптестерін көріп, мәз-мейрам

Жанжалдан бастары қатқан мұғалімдер зейнетке шығуды армандайды. Жиналысқа келген зейнеттегі әріптестерін көріп, мәз-мейрам / Фото informburo.kz


Заңсыз аяқтан шалып, пара алған директорлардың бірнешеуімен күрескен, талай мұғалімнің жеңісіне куә болған жоғары санатты ұстаз, Республикалық «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Өмір Шыныбекұлы бұндай жайт Қазақстанның кез келген өңірінде кездесетіндігін айтады.


Ұстаз Өмір Шыныбекұлы

Ұстаздардың "Ағартушы" қоғамдық қозғалысының белсендісі Өмір Шыныбекұлы / Сурет мұғалімнің жеке архивінен


"Ұстаздардың әлі тіркелмеген "Ағартушы" деген қоғамдық қозғалысы бар. Қозғалыстың құрылуына Қарасай ауданының мұғалімі Айман Сайдолла себепші болған еді. Бұл мұғалім кезінде қатты жапа шекті, мектеп директоры Айманға бірнеше рет заңсыз сөгіс берген. Айман директорын сотқа берді, сотта жеңіп шықты. Директорының берген сөгістерінің заңсыз екенін дәлелдеді. Жуырда ғана Түркістан ауданында тағы бір жағдай тіркелді. Директор парамен ұсталды. Бірақ, ертеңінде қамаудан шығып кеткенін білдік. Мен облыстық білім басқармасына барып, журналистерге ақпарат тараттым. Ақыры, кінәсі дәлелденіп, сотталды. Сондықтан, астаналық мұғалімдер нақты факт ұсынып, дәлел келтірсе, біздің қоғамдық қозғалыс ары қарай қалай әрекет ету керегін айтып, жөн сілтей алады", – дейді informburo.kz тілшісімен әңгімелескен Өмір Шыныбекұлы.

Мәселені кім, қалай шешеді?

Бұрын мектеп директоры болған, қазір Мәжілістегі депутат Ирина Смирнова уақыт тауып, осы ұжыммен кездесуге дайын екенін айтып отыр.


Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова / Сурет мәжіліс сайтынан


«Мен белгілі бір жағдайға қатысты пікір білдіре аламын. Ұстаз бен директордың арасындағы жанжалға қатысты жалпылама пікір білдіруге болмайды. Ал, дәл осы ұжыммен, мектеп директорымен жеке-жеке кездесуге дайынмын. Бірге отырып, келіссөз жүргізуге де болады. Өйткені, мектеп директоры санатты сатып, басқа да сылтаумен ақша сұрауы – алаңдататын мәселе. Бір сөзбен айтқанда сөйлесу керек. Егер пара алу фактісі тіркелсе, мәселені прокуратура, агенттік, ішкі істер департаментіне шағымдану арқылы ғана шешу керек», – дейді Мәжілістегі "Коммунистер" партиясының депутаты Ирина Смирнова.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары