Тікелей эфир

Астанадан басқа қалаларға қандала тарап жатыр

Сурет eparazit.ru сайтынан алынды
Сурет eparazit.ru сайтынан алынды
Астанада қандала көбейді. Дезинфекция жасайтын бір ғана мекеме күніне жүзге жуық пәтерді тазартады. "Жасырын" эпидемияның бір белгісі осы.

Оншақты күн бұрын әлеуметтік желілердің бірінде "Астанада қандала қаптады" деген ақпарат пайда болды. Қолданушының қандала туралы жаза қалғаны сол екен, халық бұл тақырыпты іліп әкетті.

Жазбаны оқығандардың бірі қаланың ескі аудандарында қандала көп десе, екінші топ (соның ішінде жазба иесі – авт.) сол жағалаудағы қымбат үйлердің өзінен қандалаға бола көшіп жатырмыз деген пікір қалдырды.

Ең қызығы, бұл пікірталасқа қатысқандардың бәрі Астана пәтерлеріне қандала аймақ-аймақтан келген "квартиранттармен" бірге қаптады деп жорыпты. Бірақ, біздің анықтауымызша, олай емес болып шықты.

Аймақтан келген ағайын емес, керісінше Астанадан барғандар қазір Қазақстанның түкпір-түкпіріне, өзге қалалардағы үйлерге қандаланы таратып жатыр екен.

Бас қалада қандала қаптағалы бес жыл

Мысалы, тұмау көбейіп, эпидемия басталды деген ақпаратты тиісті орган жедел жәрдемнің бір күнде неше үйге баратынына қарап, жариялайды. Сол сияқты, пәтерлерге қандала қаптады дегенді оқып, дезинфекция жасайтын мекемелердің статистикасымен танысуды жөн көрдік.

Бұрын санитарлық-эпидемиялық стансаның бір бөлімшесі болған, қазір "Астана дезинфекция" деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры, дезинфекция саласында көп жыл еңбек етіп келе жатқан Арнагүл Сәрсенбаева статистикадан басқа, бірталай фактімен таныстырды.

"Сіздер интернеттен қандала қаптаған тек бірнеше ауданның атын білдіңіздер. Ал, шын мәнінде, қандала қазір Астананың бүкіл ауданында бар. Көп адам қандаланы Астанаға аймақ-аймақтан келгендер әкелді деп есептейді. Өте қате пікір. Олай емес. Керісінше, Астана қазір Қазақстанның аймақ-аймағына қандаланы таратып жатыр. Бұл сөзіме бұлтыртпас дәлелім бар", – дейді Арнагүл Сәрсенбаева.

"Біздің ұйымның Қазақстан бойынша филиалдары көп. Шымкентте, Қарағандыда, Өскеменде, Семейде және ШҚО-дағы шағын қала – Зырянда бар. Жалпы, Астанада қандала бес жыл бұрын пайда болды, өйткені, алғашқы шақыртулар сол жылдары тіркелген. Ал сол кезде біздің аймақтардағы бөлімшелер қандаланың не екенін білмеген. Бір жарым жыл уақыт бұрын Қарағандыда, үш жылдай бұрын Семей пәтерлерінде кездесе бастады. Өскеменде әзірге жоқ. Семейдегі бөлімшеміз анықтағандай, ең алғашқы шақырту жасаған үй иесі Астанада оқитын демалысқа келген баласымен келді деп айтқан. Сондықтан, дабыл қағу керек. Астанада қандала қаптады, енді ол аймақ-аймаққа тарап жатыр".

Қандала Астанаға қайдан келді?

Бұл сұраққа жауап берген Арнагүл Сәрсенбаева тағы бір маңызды жәйттің шетін шығарды.

"Қандала неге ең алдымен Астанада пайда болды? Менің ойымша, Астана – мигранттар қаптап келген алғашқы қала. Астанада үнділер де, арабтар да бар. Олардың көбі құрылысшылар екені жасырын емес. Ал, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген халық қандаланың тез таралуына себеп болды.

Өйткені, Астанадағы пәтерлердің 60-70 пайызы жалға беріледі. Астанада не көп, жекеменшік жатақхана көп. Әрбір бесінші коттедждің жанында ұзын-ұзын жатақхана мен уақытша жай (времянка – авт.) бар. Ол жерлердің бәрінде санитарлық тазалық жоқ. Пәтер жалдаушылардың көбі қандала көрсе, басқа жаққа көшіп кетеді. Бірақ, қандаладан құтыла алмайды. Өйткені, киім-кешегі, көрпе-жастығының бәрінде жәндіктің ұясы бар".

Жаңа жиһаз үйіңізге "жаңа қонақ" ерте келмесін

Тағы бір өзекті мәселе бар. Әлеуметтік желіде көп адам жаңа жиһазбен бірге пәтеріне қандаланың да еріп келгенін жазып жатыр. Тіпті, жиһаз салондарының атын атап, түрін түстеп берген. Олардың арасында арзан базарлар ғана емес, бір жиһазы орта есеппен 500-700 мың теңге тұратын ірі дүкендер де бар. Ол сауда орындарына біз де хабарластық. Жолатқысы жоқ. Тіпті, жазсаңыздар, атымызға кір келтіргеніңіз үшін сотқа береміз дейді әкімшісі. Ал қандаламен күнде арпалысып жүрген Арнагүл Сәрсенбаева көптің күмәнін растайды.

"Менің ойымша, Астанадағы жиһаз сататын базарларды, дүкендерді, жиһаз жасайтын цехтарды жаппай тексеру керек. Дәл осы санитарлық жағдайын қатты тексеру керек. Атын атамай-ақ қояйын, жиһаз сататын ірі сауда орындары бізді шақыртып, қандаладан тазартқызған. Ал сол орындардан су жаңа жиһаз, матрас алған адамдар сыйлыққа қандаланы қосып әкетіп жүр", – дейді Арнагүл Сәрсенбаева.


Жаңа жиһаздың бұрышына жиналған қандала

Жаңа жиһаздың бұрышына жиналған қандала / Сурет "Астана дезинфекция" ЖШС-ның архивінен алынды


Жаппай жиһаз сатылымнан сақ болыңыз

Көбіне, жиһаз салондары қандала ұя салған дүниелерді жаппай сатылым деп арзан бағаға сатып жібергісі келеді. Солай сатып та жүр. Ал, сыртқы жағдайына қызығып, арзан бағаға жиһаз сатып алғандар, үйіне қандаланы әкетіп бара жатқанын білмейді.

Сондықтан, жаңа жиһаз сатып алғанда, міндетті түрде кепілдік пен арнайы сертификт сұрап алыңыз. Дезинфекция жасататын мекемелерді бір ретке шақырып, тексерткен дұрыс. Қандала табылса, кепілхат немесе сертификаттың арқасында ақшаңызды қайтара аласыз. Дүкен әкімшілігі ақшаны қайтарудан бас тартса, "СЭС" (санитарлық-эпидемиологиялық станса – авт.) шақыртамын десеңіз болды, ақшаңызды лезде қайтарады.

Ал, ескі жиһаз сатып алып жатсаңыз, тіптен сақ болу керек. Өйткені, қандала көбіне қолдан қолға өтетін жиһаздардан жұғады. Ескі жиһаздың бұрыш-бұрышын, жұмсақ диван мен матрастың тігістерін әбден қарап алыңыз.

"Шенеуніктің де, депутаттың да үйін тазалағанбыз"

Арнагүл Сәрсенбаева Елорда әкімшілігі кешікпей дабыл қағып, тым құрығанда жиһаз сататын, жиһаз жасайтын орындарды тексеру керек дейді.

"Қандала қаптады деп жариялаудың еш ұяттығы жоқ. Керісінше, тез дабыл қағып, бір шарасын алмасақ, қандала бәріміздің үйімізге қаптайды. Еуропада не көп, қандала көп. Ол жақта қандала деген әрбір үйде болады", – дейді маман.

Ал, "қандала "кедейлер" тұратын ғана ауданда болады" деген пікірге келісесіз бе?" деп сұрап едік, Арнагүл Сәрсенбаева мысқыл күлкісін жасыра алмады.

"Айттым ғой, бұл өте қате пікір. Біз Астанада тіпті шенеуніктердің үйін тазартып бергенбіз. Шет елге барған балалары әкелген. Сондықтан, қандала тек кедейлерде бар, тұрымысы нашарлар жұқтырады деп ойлағандар қатты қателеседі. Біз жұмысты енді бастағанда, бизнесмендер де, шенеуніктер де, депутаттар да шақырған. Германияға барып келгендер бірден шақыртып киімдерін тазартқызады. Өйткені, ол жақта қандала деген күнделікті құбылыс".

Күніне орта есеппен жүз пәтер дезинфекцияланады

"Бұрын біздің ұйым тышқан, тарақан, жалпы, кеміргіш жәндіктерді құртумен ғана айналысқан, – дейді Арнагүл. – Соңғы бес жылдан бері бізде шыны керек тек қандаламен ғана күресетін бөлім пайда болды. Арнайы 25 адамды басқа жұмыстардан босаттық. Олар тек қандаланы жоюға шығады. Осы 25 дезинфектордың әрқайсысы бір күнде жоқ дегенде 1-2 шақырту, ал орта есеппен төрт шақырту алады. Астананың бүкіл аудандарына барады. Бұл біздің ғана ұйымның бір күнгі жұмысы. Ал біз сияқты ресми тіркелген ұйымдардың саны 26-27. Менің статистикама солардың жұмысын қосыңыз".


Арнагүл Сәрсенбаева, "Астана дезинфекция" ЖШС директоры

Арнагүл Сәрсенбаева, "Астана дезинфекция" ЖШС директоры / Сурет мекеменің жеке архивінен алынды


Ресми орган жыл басынан бері тек 4 жазбаша өтінішті тіркеген

Ал, Астана қаласы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Нағима Шатаева қандаланың көбейгені рас дейді.

"Соңғы уақытта қаламыздың қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне қандаладан жапа шектік деген арыз жиілеп кетті. Тұрғындар зертханамызға қандаланың 37 түрін әкеліп берді. 41 адамға үйіңізді тазалаңыз деп кеңес бердік. Жалпы, жыл басынан бері қандалаға қатысты тек 4 жазбаша арыз түсті", – дейді Нағима Шатаева.

Қандала – өте қауіпті жәндік, – дейді департамент маманы. Бір пәтерде пайда болса, оның айналадағы үйлерге де лезде тарап кететінін де жоққа шығарған жоқ. Бірақ, ресми хатымызға жауап берген қаланың қоғамдық денсаулығын сақтау жөніндегі департамент эпидемия туралы сөз қозғамапты.

"Қандалаға қатысты арыз-шағым көбейгендіктен, қалалық департамент қандаланың өте қауіпті жәндік екенін және олар кез келген жерден жұғып кететінін еске салады. Үй лас па, таза ма, оған қарамайды. Тіпті, егер адам аяқ киімімен қандала бар үйге кіріп, шықса, табанына жабысқан қандала сіздің де үйіңізге кіріп кете алады. Қабырғалас екі көршінің біріне қандала "қонақтаса", екінші пәтерде де қандала бар деген сөз. Әлі бармаса, енді барады. Сондықтан, қандала көрсеңіз, ұялмай, көршілеріңізге барып ескертіңіз, сұраңыз, бәлкім сізге басқа пәтерден жұққан шығар", – дейді Нағима Шатаева.

Департамент қызметкері қаладағы сауда орындары мен базар иелеріне де ескерту жасап отыр. "Қандала үйге, басқа да қоғамдық орындарға жаппай тарап кетпеуі үшін пәтер иелерінің кооперативі, ЖШС-тер, сауда үйлерінің иелері, базардағы адамдар алдын ала дезинфекция жүргізіп алсын деген кеңес айтар едім. Есте сақтаңыз, қандаланы өздігіңізден өлтіре алмайсыз, сондықтан, тек химиялық улы құралдармен жұмыс істейтін мамандарды шақыртыңыз", – дейді Нағима Шатаева біздің ресми сауалымызға жауап бере отырып.

Үйде қандала барын қалай анықтауға болады?

Қандала бар деп күмәнданғанмен, ұясын табу қарапайым адам үшін қиын. Ал қандала болса, бірден көзге көріне қоятын жәндік емес. Табиғатта қандаланың 50 тұқымы, сол 50 тұқымнан тараған 40 000 түрі кездеседі.

Әрине, Қазақстанда бұл жәндіктің барлық түрі кездеспейді. Көбіне, "бақша қандаласы", "ауа қандаласы", "су қандаласы" бар. Ал, қалада, пәтерде кездесетін тұқымы – "көрпе қандаласы" деп аталады. Оның да жүзге тарта түрі бар.


"Көрпе қандаласы" енді қан сора бастағанда осындай болады

"Көрпе қандаласы" енді қан сора бастағанда осындай болады / Сурет ғаламтордан алынды


Астанада табылып жатқан қандала осы соңғы тұқымға жатады. Ол қан сормай тұрғанда жып-жылтыр жап-жалпақ. Жаратылысы сол, адам басып өлтіре алмайтындай жалпақ күйінде жата береді. Тек, әбден "қан ішіп", үлкейген кезде ғана адам қолымен не жатқанда кеудесімен басып өлтіреді. Жатын орында қан дақтары қалғанда ғана адам біледі.

Қандала жалпы түнгі сағат 03.00-тен таңғы сағат 06.00 аралығында шағады. Адамды өте тез шағып алады. Ұясынан шығып, адамның қанына «тою» үшін 20 минут жеткілікті. Қанға әбден тойған қандала үш күннен бастап бірнеше аптаға дейін ұйқыға кетеді.

"Міне, сондықтан, адам оларды жаппай ұстай алмайды. Адам болса, бір-екі қандала тауып өлтірген соң, құтылдым деп ойлайды. Олай емес, қаншама қандаланың ұйқыда жатқанын білмейді", – дейді Арнагүл Сәрсенбаева.

Алданып қалмаңыздар! Қандаланы құртамыз деген алаяқтар да толып жүр

Қазір Астананың базарларында "Антиклоп", "Палач" атты препараттар көп сатылып жүр. Бұл –алаяқтардың ісі. Мамандардың айтуынша, қандай да бір жәндікті өлтіретін препарат сол жәндіктің атымен аталмайды.

"Препараттар өзінің арнайы әсеріне сай аталады. Мысалы, циперметрин, агран, синузан, фуфанон сияқты тағы да басқа өзінің химиялық құрамына сай аталады. Ал, базардағы қандалаға қарсы препараттар қып-қызыл өтірік. Тіпті, сол баллондардың сыртын типографияға жасатып, ішін жай бумен толтыра салатын цехтар табылды. Сондықтан, қандаланы өзім құртамын деп аппарат сатып алсаңыз, сәйкестік сертификатын талап етіңіз", – дейді маман.

Арнагүл Сәрсенбаеваның айтуынша, қазір қандала астаналық алаяқтардың табыс көзіне айналған.

"Қандала пайда болғалы аляқтар да көп шықты. Тіпті, біз сияқты мекемелердің атын жамылып, пәтерді өтірік тазалайтындар көбейді. Сондықтан, қазір біз әрбір қызметкерімізге арнайы куәлік жасаттық және арнайы сертификат алып жүреді. Түбіртек береміз, кепілдік береміз".

Аллергологтардың да азығы қандала ма?

Қандала шаққан адам бастапқы екі-үш айда қасына береді. Әрине, қасынған соң, аллергия деп ойлап, ол адам бірден емханаға барады. Дерматолог аллергия дейді. Алайда, кез келген аллерголог, кез келген дерматолог қандаланың тістеген орнын аллергиядан өте жақсы ажырата алады. Бірақ, олар көбіне "сізді қандала шаққан" деп айтпайды екен. Неге?


Қандала енді шаға бастағанда адамның денесі таңертең осылай қызарады

Қандала енді шаға бастағанда адамның денесі таңертең осылай қызарады / Сурет "Астана дезинфекция" ЖШС-ның архивінен алынды


"Өйткені, аллергия – ең "қымбат" аурулардың бірі екенін бәріміз жақсы білеміз. Жай аллергияның өзін толық емдеу үшін бүкіл ағзаны, иммун жүйені тазалау керек, өте қымбат дәрілер қабылдау керек. Бұл да бір бизнеске айналды. Тоқетерін айтсақ, қандалаға таланған адам оны өз көзімен көрмеген соң, аллергияға шалдықтым екен деп емделе береді", – дейді Арнагүл Сәрсенбаева.

Қандаладан құтылу үшін қанша қаражат керек?

Қандаланы өлтіретін компаниялардың көбінде баға шамалас. Мысалы, 40 шаршы метрлі бір бөлмелі пәтерді бір рет тазарту үшін орташа есеппен 11-13 000 теңге кетеді. Екі рет тазартқызсаңыз, 25 000 теңге. Екі бөлмелі пәтерлерді тазарту құны 25 мыңнан басталады. Үш бөлмелі, төрт бөлмелі пәтер деп, қызмет бағасы өсе бермек.

"Бұны қымбатсынбаған дұрыс. Өйткені, қандаланы өлтіретін препараттардың ешқайсысы 10 000 теңгеден арзан емес. 5-6 мың теңгеге қандаладан құтқарамыз дегендер – алаяқтар. Олар пәтеріңізді хлормен жуып береді", – дейді Арнагүл Сәрсенбаева.

Астанадағы қандалаға Қазақстанда шығатын улы заттардың күші жетпейтін болған

Арнагүл Сәрсенбаеваның қызметкерлері күнделікті жұмысында көбіне Германия немесе басқа шет елдік аппаратты қолданатын болған. Өйткені, Қазақстаннан шығатын улы заттардың Астанадағы қандалаға күші жетпейді екен. Бұл – отандық өнімнің сапасыздығынан емес, керісінше, Астананы "жаулап" алған қандалалардың ол улы заттарға еті үйреніп кетіпті.

"Қандаланы өлтіру оңай емес. Оның үстіне, қазір Қазақстанда шығатын улы заттарға дағдыланған. Ол улы заттарды сепсек, ұйқыға кетеді де біраз уақыттан кейін қайта оянады.

Қандаладан толық құтылу үшін кемінде екі дезинфекция керек. Бірінші кезекте жәндіктерді құтыртып, қоздыратын, тығылып жатқан жерлерінен шығаратын препарат қолданамыз. Екінші ретте шыққан қандалалардың бәрін түгел құртатын өте күшті дәрі қолданамыз. Алғашқы қадам сондықтан "арандату" – орысшаласақ "провакация" деп аталады. Одан соң кемінде алты күннен кейін қандаланың бәрі сыртқа шығады. Содан барып екінші тазалық жұмысын жүргіземіз. Астанадағы қандалалар сөйтсе ғана өлетін болды".

Арғы әжеңізден қалған көрпеден құтылып, шаш кептіретін құралыңызды сайлаңыз

Қандала адам көзіне қанға әбден тойған кезде, яғни, қап-қара қоңыз тәрізді болған кезде ғана көрінеді. Дезинфикатор маманның айтуынша, қандала жеті атадан бері келе жатқан ескі көрпелерді "өте жақсы көреді" екен.

"Егер қандала әбден қанға тойған болса, түнгі үштен кейін тұрып, жарық жаққан адам оларды анық көре алады. Содан кейін, айтарым, қазақ жеті атасынан бері келе жатқан көрпе-жастықты тығуға құмар ғой. Ол әдеттен айырылыңыз. Керісінше, кір жуатын машинамен жууға болатын жаңа көрпе-жастық алыңыз. Қандала суықтан қорқады, бірақ, 50 градус аяз болмаса өлмейді", – дейді Арнагүл Сәрсенбаева.

Ал, қандала қаптамай тұрғанда, азын-аулақ жәндіктен шығынсыз құтылудың амалы – үйіңіздегі шаш кептіргіш құрал.

"Тағы бір әдісін айтайын. Қатты қызған шаш кептіргішті алып, көрпе жастықтың үстінен ыждағаттап, ыстық ауамен үрлесеңіз, біразы өледі. Яғни, бұл жәндік суық сияқты, қатты ыстықтан да қорқады. Әрине, ақшасы жоқ адамдар солай жан баға тұрса болады. Бірақ қандала тіпті неше жылдап ұйқыға кетіп, қайта тіріледі. Сондықтан, шаш кептіргіш құралдан да өлмей, бірнеше айға ұйқыға кетуі әбден мүмкін", – дейді маман.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары