Тікелей эфир

Астана маңындағы қай жерлерге шомылуға болады?

Egemen.kz сайтынан алынды
Egemen.kz сайтынан алынды
Шілденің шіліңгір ыстығы басталды. Тұрғындар өзен мен көлдерді, су қоймаларын жағалап кетті. Қай жерлерге суға түсіп, демалуға болады?

Жазды тағатсыздана күткендердің бірі саяжайда демалғанды құп көрсе, қалтасы көтеретіндері әлемнің түкпір-түкпіріне саяхатқа аттанады. Тіпті ешқайда ұзап шықпай-ақ, өзі тұратын жердегі өзен мен көл бойында суға түсіп, демалғанды жақсы көретіндер де аз емес.

Астана қаласында жағажайларда суға түсу кезеңі 1 маусымнан басталып 30 тамызда аяқталады. Астана маңында қай өзен-көлдер қауіпсіз? Осы сұрақтардың жауабына үңіліп көрдік.

Елордада суға түсуге рұқсат үш жағажай бар

Үшеуі де ақылы. Инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу үшін су сынамалары алынып, зерттелген еді. Санитарлық талаптарға сай болмай шықты. Ол жерлердің санитарлық-эпидемиологиялық мониторингі жасалып, тиісті шараларды алу үшін ақпарат Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовке қарауға жіберілген.

Біріншісі – Астана қаласының орталық саябағындағы жағажай. Ол Есіл ауданы, Тұран көшесінде орналасқан. Есіл өзенінің суын тазартып, жинаған екен

– Суға түсіп шыққаннан кейін демалушылар алты кабиналы себезгі (душ) тұрған жерге барып, шайына алады. Ер адамдар мен әйелдерге бөлек. Ашық аспан астында аяқ-қол жууға арналған орын да бар. Көлеңке болсын деп, жағада 40-қа жуық күншатыр қойылған. Киім ауыстыратын бөлмеге дейін қарастырылған. Футбол, волейбол ойнайтын спорттық алаң да назардан тыс қалмаған, – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнюра Мырзамедиева.

– Бұл қалалық жағажай сағат 10.00-20.30 аралығында қызмет көрсетеді. Шыны ыдыстағы сусынды алып, кіре алмайсыз. Сындырып алсаңыз, сынықтары аяққа кіруі мүмкін. Сонымен қатар ит-мысықты ертіп кіруге, ішімдік-сыра ішуге тыйым салынған. Мас адамдарға кіруге болмайды. Сондай-ақ, көпірден секіруге рұқсат жоқ. Тағы бір ескеретін жайт, қалалық жағажайға 16 жасқа толмаған жеткіншектер үлкендермен ғана кіреді. "Суға түскенде абай болыңыздар, межеден ары асуға тыйым салынады" деп дауыстап, ара-тұра ескерту жасап тұрады. Бір қайығы бар 5 құтқарушы жағажайдағы қауіпсіздікке жауапты. Кіру құны ересектері үшін – 500 тг, 16 жасқа дейінгі балаларға – 200 тг. Зейнеткерлерге, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға билет – тегін, – дейді ол.

Екінші рұқсат етілген жағажайдың бірі – Есіл өзені бойындағы "Три Пескаря" қонақ үй кешенінің аумағындағы жағажай. Мекен-жайы: "Сарыарқа" ауданы, "Көктал" тұрғын алабы, Еңлік-Кебек көшесі, 11.

Үшіншісі – Есіл өзені бойындағы "Столичный двор" демалыс орыны аумағындағы жағажай. Мекен-жайы: "Алматы" ауданы, "Күйгенжар" тұрғын алабы, Атақоныс көшесі, 20Б.

Рұқсат етілмеген ашық-шашық орындар бар

Қазақстан Республикасы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин рұқсат етілмеген жерлерді санап берді.

"Алматы" ауданы бойынша – Қоянды тұрғын ауданының жағажай аймағы, Промышленный тұрғын ауданындағы Есіл өзенінің ағыны ("Зеленый остров", "Фламинго", "Ударник" бақша қоғамдары), Б. Момышұлы даңғылы мен Төлебаев көшесінің қиылысындағы қазаншұңқыр;

"Байқоңыр" ауданы бойынша – "Магнум" СО ауданындағы тоған, "Райский уголок" демалыс аймағындағы тоған;

"Сарыарқа" ауданы бойынша – Көктал-1 тұрғын ауданы, Аққорған көшесі, 2, қарттар үйінің артындағы су айдыны;

"Есіл" ауданы бойынша – "Қазмұнайгаз СҮ" аймағындағы, Шұбар, Тельман, Заречный ауданындағы Есіл өзенінің жағалауы, "Нұра-Есіл" арнасы мен Қарасу өзені.

Суға түсушілердің қауіпсіздігін бақылайтын құтқарушы қызметінің жоқтығынан, бұл жерлерге суға түсуге болмайды. .

"Шомылауға тыйым салынған!" деген жазуды көрсеңіз, шомылмаңыз!

– Астананың іргесіндегі Пригородный кентінде (негізі қала құрамында) төрт бірдей жас баласы суға кеткенін естіп, денеміз түршікті. Су болғанда канал. Есіл мен Нұраны қосқан жарма. Жолаушылар ұшағы әуежайға қонар кезде бұл жарманы жақсылап қарап алатынбыз. Күн сайын кештетіп сол каналдың үстіндегі көпірмен өтіп, әрі-бері серуен құратынбыз. Күзден бастап қаңсып қалады. Көктемге екі жақтағы бөгет қақпақты ашып кенересін толтырады. Биыл су жібергеніне бір айдай болды.

Жалпы бұл арнаның суы сарқырап ақпайды. "Екі өзенді жалғады" дегенмен қайсысынан шығып қайсысына құятыны сырт көзге байқалмайды. Себебі, даланың екі өзені бір деңгейде жатқан сияқты. Қала аумағына кірген тұсынан бастап каналдың жан-жағы шегенделген. Әрі қарай жағасы жарлауыт жыра. Біз тұратын аудан тұсында жазғы ыстықта шомылып жүрген тұрғындарды талай көргенбіз. "Шомылауға тыйым салынған" деген жазу мен белгі шеменмен шегенделген тұстарында бар. Бетонсыз бөлігінде ондай жазуды байқамадық. Бәрібір, су да – от сияқты тілсіз жау.

Тағы сол баяғы жыр – адам шомылар орын қарастырылмаған. "Канал ондай демалыс орны емес" дер атқамінерлер. Бірақ, халқың, оның ішінде балаларың бәрібір соған келіп суға шомылатыны рас па? Рас! Ендеше ескер. Адамдардың өмірі мемлекет үшін құнды екенін сөз жүзінде сарнай бергенше іс жүзінде көрсет, – деп жазыпты әлеуметтік желідегі парақшасында әріптес журналист ағамыз Қайнар Олжай.

Аршалы ауданындағы Үлкен Сарыоба көлін іздейтіндер көп

Астана маңындағы "Сарыоба" аталатын тұзды көлдің суына жеткізетін жолды жөндеп, жағалауын жайлы етпеген соң қалалықтардың игілігіне айналмай отыр. Сарыоба көлі үлкен және кіші болып екіге бөлінеді. Демалушылардың басым бөлігі үлкеніне қарай ағылады. Халық арасында "суының қасиеті – Өлі теңіздікімен пара-пар" деген сыбыс та белең алып тұр. Ол жерге қалай жетуге болады? Қарастырайық.


Вячеславское су қоймасының бұрылысына дейін баратын жол – ұзақ

Үлкен Сарыобаға баратын екі жол бар. Вячеславск су қоймасының бұрылысына дейін баратын жол – ұзақ / VSobolev.com сайтынан алынды


Үлкен Сарыоба көліне Қарағанды тас жолы арқылы бара аласыз. Қалай жылдам жетуге болатынын сол жаққа демалып келген Айна Ахметова түсіндіріп берді.

– Астана қаласынан Сарыоба ауылына дейін 53,6 шақырым. Ал, ары қарай көлге дейін 25-30 шақырым. Көлігіңізбен Шанхай, Шарын базарынан ары қарай Алаш тас жолымен ұзағанда (бұрынғы Софиевск шоссесі) алдыңызда Алматы-Петропавль бағытына қарай бұрылатын көпір кездеседі. Сол көпірге жетпей, Қарағанды тас жолына түсесіз. 4-5 шақырымнан кейін Малотимофеевка ауылы көріне бастайды. Сол жерде Қостомар ауылының бағытында 35 шақырым жүре берсеңіз, бағыттыңыздың дұрыс екенін білдіретін мұнараны көресіз. Сол тұста тас жол да аяқталып, қара жол жалғасады. Енді сол мұнараның жанындағы Үлкен Сарыоба көліне жетіп алыңыз, – дейді ол.


Сарыобаның балшықтары да шипалы деседі жұрт

Мұнара – Сарыоба көліне жақындап қалғаныңызды білдіреді / open.media.e-akmo.kz сайтынан алынды


Ол көлге барар жол ойдым-ойдым

Қара жолмен жүріп, әбден титықтаған адамға айналаны велосипедке отырып алып, көлдің айналасын аралаған жақсы. Сондықтан бұл жерге қарай шығарда оны арнайы құрылғы арқылы көліктің төбесіне бекітіп, өзіңмен бірге алып келуге болады.


Үлкен Сарыобада шомылғысы келген адам кездескен кедергілердің кез-келген амалын табады

Үлкен Сарыобада суға түскісі келген адам қиындықты жеңудің жолын табады / vsobolev.com сайтынан алынды


Жолдың жағдайы туралы Ғылым және сапа жұмысы басқармасының бас маманы Жеңіс Байтілесовтан сұрап көрдік.

– Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2017 жылы 6,5 шақырымға дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізді. Ал, жолдың сол 6,5-нан 22 шақырым аралығындағы бөлігі жөнделмей, сол нашар күйде қалды. Оны осы жаз жөндейміз деп, жоспарлап отырмыз, – деп сендіреді.


Жолда кездескен қиындықтарды көлге шомылғанда ұмытып кетесіз

Жол азабы көлге түскенде ұмыт болады/ vsobolev.com сайтынан алынды


Қазіргі уақытта Бұлақсай ауылдық округіндегі Үлкен Сарыоба көлі маңайын "Бұлақсай" ЖШС жалдайды. Ал Волгодонов ауылдық округіндегі жер "Бақтыбаева Ж. М." жеке кәсіпкерлігіне жалға берілгенін туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнюра Мырзамедиева мәлім етті.

Үлкен Сарыоба көлінің суы тұщы

– Ақмола облысы Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің ұсынған деректері бойынша, биыл Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімдігі Сарыоба көлінің суы мен балшығының емдік қасиеттерін анықтаған. Ол зерттеуді кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты жүргізген. Судың тұщы екенін анықтаған. Толығырақ зерттеу үшін теңгерімде ұстаушылар (балансодержатели) болмапты. Әйтпегенде комитеттің аумақтық бөлімшелері арқылы судың сапасын зерттеуге болады, – дейді Жандарбек Бекшин.


Кайтсёрфинг спортымен шұғылданғысы келетіндерге, үйрететін арнайы мамандар бар

Кайтсёрфинг спортымен шұғылданғысы келетіндерге, үйрететін арнайы мамандар бар / wikimapia.org


Үлкен Сарыоба көлінің жағалауында қамыс өспейді. Айналасы құм. Ортасына қарай көл тереңдей береді. Суға түсушілер соны ескерулері керек. Үнемі аңызақ жел есіп тұратындықтан, жиналмалы шатырларды, үйшіктерді алып барған дұрыс. Су бетінде кайтингпен сырғанап, глиссермен жүріп көріп пе едіңіз? Ендеше бұл жерде сондай мүмкіндік бар. Сондай-ақ, өзіңізбен бірге масаға қарсы жақпа майды алуды ұмытып кетпеңіз.


Кайтингпен сырғанауды үйренгіңіз келсе, арнайы мамандар бар

Көбіне кайтингпен сырғанауға әуесқойлар келеді / kiteboarding.kz сайтынан алынды


Кереку бағытының әсемдігі көз тұндырады

Сарыобадан ары қарай Приречное ауылына барып, Майлан тауына жетпей оңға бұрылыңыз. Ақжар өзенінен әдемі ландшафт пен шортанға ұқсас жартасты тап боласыз. Су астында өсетін тұңғиық (кувшинка) гүлі өседі. Суға түсуге болады. Өзен алабының жер бедері белесті-қыратты жазық. Топырағы – сортаңды қызыл қоңыр.


Табиғаттың тылсым күшінен бойыңызға энергия жинап қайтыңыз!

Сілетінің оң саласы Ақжар Ерейментау ауданынан ағып өтеді/ open.media.e-akmo.kz


Мықтыкөлдің суы зерттелмеген

– Астана іргесіндегі Мықтыкөлге қалай бару керектігін ұғып алыңыз. Ақмола облысы, Шортанды ауданындағы Бектау ауылдық округінде орналасқан Мықтыкөл ауылы 2006 жылға дейін Барышевка деп аталыпты. Астана – Көкшетау тас жолы арқылы 80 шақырым жүрсеңіз, Шортанды кентіне жетесіз. Одан ары қарай көлікпен 12 шақырымды бағындырып, діттеген жеріңізге түсесіз. Жолдың сапасы жақсы болғандықтан, бір сағатта жетуге болады,– дейді Ғылым және сапа жұмысы басқармасының бас маманы Жеңіс Байтілесов

– Мықтыкөлдің ұзындығы – 1,5 км, ені – 500 м, көлемі 2,04 млн м3, орташа тереңдігі – 12 м. Екінші санатты су қоймаларына жатады. Суы аптап ыстықта да мұп-мұздай. Арнайы зерттеу жүргізілмегендіктен бұдан басқа қосымша мәліметтер жоқ. Қайың мен қарағайдың саясын паналап, суына түсіп, сергіп қаласыз, – деді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.

Астана қаласынан Сілетіге дейін...

– Сілетіге барғыңыз келсе, Астана – Ерейментау жолы арқылы Торғай ауылына дейін баруға болады. Одан әрі Сілетіге дейін жол ұзақ, нашар, қилы-қиырлы. Бұны алдағы айда жөндейміз, – дейді Жеңіс Байтілесов.

Алаш тас жолымен Астанадан ұзағанда Сілеті өзені бір емес, бірнеше рет алдан шығады. Жолай Сілетінің Қоянды, Ақжар, Ақмырза, Кедей, Жартас, Шолаққарасу, Шилі өзектері деп аталатын ұсақ салалары да кездеседі. Міне, жұрт осы салаларында суға түсуге әуес. Сілеті көп жерге дейін Астанадан Керекуге қарай шығатын тас жолмен қапталдаса ағып жатады. Қаладан тым алыстамай жатып-ақ, Сілетінің оң жағалауынан Майдан атты оқшау тауды көруге болады.

Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы Сілеті ауылындағы шатқалды көргіңіз келсе, Алексеевкадан Степногорскке дейін біресе бар, біресе жоқ жолмен жүруге тура келеді. Ары қарай электр пойызға мініп, Бестөбе ауылына барасыз. Бұл елеусіз, ескерусіз қалған ауылдың жұқанасы. Әбден тозып кеткен. Бұл шатқал Астанадан 180 шақырымда орналасқан.

Сілеті өзенін кешіп өтіп, тұмса табиғат құшағына енесің. Есті тандыратын сұлулықты суретке түсіру үшін фотографтар мен суретшілер ол жерге көп барады екен.


Бұл шатқалды тамашалау үшін Ақмола облысындағы Бестөбе ауылына бару керексіз

Сілеті өзені кесіп ағып жатқан шатқалды тамашалау үшін Ақмола облысындағы Бестөбе ауылына бару керек / bestobe.ucoz.net сайтынан алынды



Сілеті өзенінен балықшылар шортан мен алабұғаны сүңгімен аулай салады /

Сілеті өзенінен балықшылар шортан мен алабұғаны сүңгімен аулай салады / mapio.net сайтынан алынды


Айта кеткен жөн: Ә..Бөкейханов "Ақмола уезінің Қоржынкөл болысында Сілеті өзенінің бойындағы обалар тізімі" деген мақаласында қазақтар "Сырлытам" деп атайтын төрт обаның Сілеті өзенінің солтүстік жағасында, Бұқпа өзені аралығында орналасқанын жазады. Бұл жерден ортағасырлық ескерткіштерді көресіз.

Сілеті өзені туралы

– Сілеті – Сарыарқаның Ертіс алабындағы өзен. Астананың солтүстік қапталында Бозайғыр аталатын ауылдан солтүстік-батысқа қарай бірнеше терең сай бар. Оларды жалпылама "Ақсай" деп атап кеткен. Сілетінің бастауы осы жерде. Оңтүстік жағынан Ақсайға бірнеше ұсақ бұлақтар құяды. Одан басқа қар суынан қорек алып, арналы өзенге айнала бастайды. Ақсайдың Қарғалы өзені келіп құятын жерінен бастап әрі қарайғы өзеннің бөлігі Сілеті аталады. Олжабай Нұралыұлы деген ақын "Аңқыған Сілетінің иісі кетпес" деп жырлайды. Ол СҚО Сілетітеңіз аталатын ағынсыз көлге құяды, – дейді тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев "Сілеті бойындағы ескерткіштер" зерттеуінде.


Сілетінің саласы Кедейді халық арасында Сібір хандығының билеушісі Көшімнің ұлының есімімен аталған дейді

Халық арасында Сілетінің саласы – Кедей Сібір хандығының билеушісі Көшімнің ұлының есімімен атаған дейді / astana-akshamy.kz сайтынан алынды


Мұғалім Хайролла Жармұханов "Жер шежіресі – ел шежіресі" кітабында басқаша топшылайды. Оның айтуынша, жазда суалып қалатын Байғана өзені Сілетінің Ақжар деп аталатын саласымен жалғасады. Өзеннің солтүстік-шығыс жағы Омбы, Павлодар көлдеріне құяды. Сілетінің сол жақ салаларының суы аз, құрғап қалады. Ағысы тоқтамайтын оң жақ салалары Ақмырза мен Өлеңті, Кедей өзендері. Өлеңті мен Сілеті арасындағы Тыныке өзені Павлодар облысындағы Ащы Шолақ көліне құяды.

Сағасынан 133 км жерден Сілеті бөгені салынғанын да айта кеткен жөн. Гидрографтардың жасаған есептеріне қарағанда, Сілеті өзенінің ұзындығы – 407 шақырым. Су жиналатын алабы – 18500 шаршы шақырым.

"Сілеті" сөзі қандай мағына береді?

– Қазақ тілінің этимологиясымен айналысқан ғалымдар "Сілеті" сөзін моңғолдың "чулуты", яғни қазақша "тасты" деген сөзінен шығарады. Ғ.Қоңқашпаевтың пікірінше, "өзен басы терең шатқал, жартасты болып келуі себеп болған". А.Әбдірахманов болса, " Чулууты, Сілеті атаулары басқа түркі тілдеріндегі ташты, тасты сөзінің көне варианты" дейді. Біздің ойымызша, "сілеті" сөзінің мағынасын қазақ тілінің өзінен іздеу керек. Қазақта "сілем құрып" деген сөз бар. Шаршап-шалдығып қалса, "сілесі қатты" дейді. Осының бәрі адам ағзасындағы сілтіге байланысты ма деген жорамал туындайды. Сілеті өзенінің ағысын бойлай жүргенде әр жерде жағалауы ақ көбіктеніп жататынын көруге болады. Бұдан өзен табанында кальций, натрий, калий сияқты сілтілік металдардың бар екенін, олардың сумен араласа тотық түзіп, көпіршіп жататынын аңғару қиын болмас. Қазақтың "сілем қатты" деген сөзі де адам ағзасында судың азайып, ағзадағы сілтілік металдардың тотығу процесі баяулағанын аңғартса керек. Адам ағзасының негізінен судан және металдардан тұратынын біз қарапайым анатомия мен биология сабақтарынан білеміз, – дейді Жамбыл Артықбаев.

Астана тұрғындарының көбі Максимовка ауылына барып, суға түсуге құмар

"Осы ауылдың туризмін дамыту жоспарда бар ма?" деген сауалымызға Майнюра Мырзамедиева былай жауап берді.

– Ақмола ауданының аумақты дамыту бағдарламасы бойынша, Максимовка ауылының туризмі қолға алынды. Қазіргі кезде "Абинаев Ш. И." жеке кәсіпкерлік (бұдан былай – ЖК) "Ескек есу спорты түрлері орталығының құрылысы" жобасы жоспарлап отыр, – дейді ол.

Ол жерге Елордадан Астрахань – Астана тас жолы арқылы 25 шақырым жол жүресіз. Катамаран, кемемен серуендеп, пэйнтбол ойнайсыз. Есіл өзеніне шомыласыз.

Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Бурабай және Зеренді аудандары бойынша демалыс орындарына апаратын жолдардағы шұңқырлар жабылып, жол белгілерін орнатылыпты. Алаңдамай сергіп қайтсаңыз болады.


Астана іргесіндегі Қосшыға жұрт Нұра өзеніне шомылу үшін барады

Астананың іргесіндегі Қосшыға жұрт Нұра өзеніне шомылу үшін барады / open.media.e-akmo.kz сайтынан алынды


Сарыкөл ауылындағы Тұз көлінің емдік қасиетіне сенетіндер бар

Бірақ бұл көлдің суының құрамын мамандар әлі анықтамаған.

– Былтыр Сарыкөл ауылының сол жағындағы Тұз көліне түстік. Елорда маңындағы Қосшы ауылынан өтіп, Қабанбай батырға (бұрынғы – Рождественка) жеткенде солға бұрыласыз. Қазіргі Қошқарбаев (бұрынғы – Романовка) елдімекенінен оңтүстік-батысқа қарай 13 шақырым өткеннен кейін жетесіз. Жолдың сапасы жақсы. Астанадан 40-45 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Шипалы сулардың ең жақыны осы жер-ау, – деп топшылайды демалушы Айна Ахметова.


"Сарыкөл ауылындағы Тұз көлге түскеннен кейін тырнағымның қатая бастағанын байқадым", – дейді Айна Ахметова

"Сарыкөл ауылындағы Тұз көлге түскеннен кейін тырнағымның қатая бастағанын байқадым", – дейді Айна Ахметова / Скриншот bestmaps.ru/goroda/astana-дан жасалды


Астана іргесіндегі ауылдардағы туризмді дамыту жоспары

Туризм индустриясы комитетінің мәліметіне сүйеніп, Ақмола ауданының туризмін дамыту үшін жасалғалы жатқан жоспарын ұсынамыз.

  • Талапкер ауылдық округінде 4 жоба: "Демалыс аймағының құрылысы" – "А. Байкен" ЖК, "Есіл" өзені жағасында жағажай салу" – "АгроСу-Партнер" ЖШС, "Есіл" өзені жағасында жағажай салу" – "КТІ Tour" ЖШС, "Демалыс аймағы қонақүйі ауласының құрылысы" – "Кәсіпкер" ЖК;
  • Қоянды ауылдық округінде 1 жоба: "Демалыс аймағының құрылысы" – "Жанбеков" ЖК.
  • Новоишимовка ауылдық округінде 1 жоба: "Демалыс аймағының құрылысы" – "Сәби құрылыс" ЖШС;
  • Шалқар ауылдық округінде 1 жоба: "Демалыс аймағының құрылысы" – "А. Ситтов" ЖК;
  • Қосшы ауылдық округінде 2 жоба: "Спорт-сауықтыру кешені құрылысы" – "Assenim Group" ЖШС, "Демалыс аймағының құрылысы" – "Аетов" ЖК;
  • Софиевка ауылдық округінде 1 жоба: "Демалыс үшін спорт аймағының құрылысы" – "Ажар" ЖК;
  • Қоянды ауылдық округінде "БГМ" ЖШС "HAPPY VILLAGE" демалыс аймағы.

    Әрбір суға түсушінің осы ережелерді жатқа білгені жөн

    Әрбір суға түсушінің осы ережелерді жатқа білгені жөн / kargoo.gov.kz сайтынан алынды


Үлкен Сарыоба көліне барар жолды нақты картадан көргіңіз келсе, сілтемеге өтсеңіз болғаны.

Сілеті шатқалына нақты қалай бару керектігін білгіңіз келсе, мұнда өтіңіз.

Сарыкөл ауылындағы Тұз көліне түсуді жоспарлаған болсаңыз, мына жердегі картаны қарап, нақты мекен-жайын тауып алуға болады.

Шілде айының ауа-райымен танысқыңыз келсе, мына батырманы басыңыз.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары