Хабты құруға не түрткі болды?
Қазақстан экономикасының 85 пайызы мұнай және металл өнімдерін экспорттауға мүдделі екені белгілі. Бұл шикізат өнімдеріне нарықта сұраныс азайса, қазақстандықтардың жағдайы қиындайды деген сөз. Баламалы энергия көздерінің дамуы мен электр қуатымен қозғалатын көлік өндірісі артқан сайын бұл күннің жақындай түскенін сеземіз. Осы орайда Қазақ үкіметі мұнайға төуелді болмаудың жолдарын іздестіріп жатыр. Олардың бірі – жоғары технологиялар.
IT саласындағы стартаптар нарық талабына аз уақытта бейімделіп, кез келген мәселенің шешімін тез таба алады. Бұл – үлкен корпорациялардың бүгінге дейін шеше алмай жүрген басты мәселесі. Бірақ стартаптардың да осал жері бар. Ол – бастапқы инвестицияның аз болуы немесе мүлде болмауы. Сол үшін де үкімет тарапынан жас стартапшыларды қолдайтын әрі біріктіретін технопарктер мен инновациялық орталықтар ашылып жатыр.
Әлемдегі табысы ең көп компаниялардың осыдан 20 жыл бұрын жай ғана стартап болғаны құпия емес. Дотком (dotcom немесе .com) дәуірінде аз уақытта көп миллиардтық компания құруға болатыны дәлелденді. Қазақ үкіметі де елдің технологиялық қуатын арттыру мақсатында әртүрлі жобалар мен бағдарламалар жасауды жалғастырып жатыр. Солардың қатарында Astana Hub та бар.
Astana Hubтың атқаратын қызметі қандай?
Астанада технологиялық хаб құру идеясы ертеректен бар болған. Сол себепті де, жаңа орталыққа ЭКСПО павильондарының бірінен орын берілді. Жап жаңа орталықтың қызметі туралы оның басшысынан, ауыстралиялық текті сингапур резиденті Дозеф Зиглер мырзадан сұрап білдік.
– Астанада IT секторының мамандары шоғырланатын орта жоқ болғандықтан біздің хаб құрылды. Бұл – Қазақстандағы IT стартаптардың экожүйесін құруға бағытталған негізгі жобалардың бірі. Оның басты міндеті жастарға IT саласының бизнес жасау жолдарын үйретіп, идеяларын жүзеге асыруға қолдау білдіру болып саналады, – дейді Зиглер мырза.
Astana Hub басшысы қазіргі таңда технологиялық инновацияларға назар аудармай дамудың мүмкін емес екенін айтады. Тіпті ең консервативті (тұрақты, дәстүрлі) компаниялар да жоғары технологияның мүмкіндіктерін ескеріп, компания дамуына бағыттауына тырысып жатыр.
– Әзірге қазақстандық компаниялар арасында өндірістің дамуына ықпал ететін технологиялық көмекші құралдар жасап жатқандар аз. Болашақта әрбір үлкен компанияның өз зерттеу және даму (R&D – ред.) зертханалары боларына сенемін. Біз сол үшін еңбек етеміз. Бұл Astana Hub орталығының B2B (бизнестің бизнеске қызметі – ред.) даму бағыты болмақ, – дейді ол.
Алматының технологиялық мүмкіндігі көбірек
– Жұмысқа кіріспес бұрын Алматыға келіп, мұндағы стартапшылармен жасалған жағдаймен танысуды ұйғардым. Шынымды айтсам, Алматының мүмкіндігі әлдеқайда үлкен екенін бірден түсіндім. Мұнда өте қуатты жобалар мен жас стартапшылар бар екен, – дейді Зиглер.
Джозеф айтқандай, Алматыда ертеректен жұмыс істеп жатқан технологиялық парктер мен инновациялық орталықтар бар. Олардың еңбегінің нәтижесі де бүгінде айқын көріне бастады. Алматыдағы "Силиконды алқаптың" мүмкіндіктерін арттыру талаптары туралы білу үшін Almaty Tech Garden басшысы Санжар Кеттебековпен сұқбаттастық.
– Қазіргі Қазақстандағы ең талапты стартапшылардың Алматыда екені құпия емес. Оған мегаполистегі университеттердің IT саласына бағыттаған оқу бағдарламалары негіз болып отыр. Ал біз олардың коммерциялық нарыққа шығуына дейін қолдау жасаймыз. Мысалы, "Алатау" инновациялық технологиялар паркінде шынайы нарықта жұмыс істеп жатқан 50 стартап бар. Олардың біршамасы өз шығынын жауып, табысқа кенеліп те отыр, – дейді Санжар Кеттебеков.
Алматы Астананың көлеңкесінде қалмай ма?
Астана – Қазақстанның бас қаласы болғалы бері барлық ресурстар мен инновациялық жобаларды сол қалада жүзеге асыру үдерісі басталды. Мысалы, осыдан үш ай бұрын Астанада жаңа қор биржасы құрылды. Кейбір сарапшылар Астана халықаралық биржасының (AIX) Алматыдағы Қазақстан қор биржасының құлдырауына алып келетін айтса, үкімет басшылары екі биржаның атқаратын міндеттері екі түрлі болатынына сендіріп отыр. Осы орайда, Astana Hub орталығының Алматыдағы технологиялық кластердің дамуына кедергі болу ықтималдығы жайлы Санжардан сұрауды жөн көрдік.
– Расында көптің ойы солай болуы мүмкін. Бірақ Астанада құрылған хабтың Алматыдағы Tech Garden кластерінің жұмысына еш кедергісі болмайды. Керісінше екі аймақта шоғырланатын стартапшылардың мүмкіндіктерін арттыру мақсатында біріге жұмыс істейміз, – дейді Санжар Кеттебеков.
Astana Hub басшысы да үкімет қаржыландыратын бұл орталықтардың бір-бірімен бәсекелес еместіктерін айқындап өтті. Керісінше олар бір-біріне қолдау білдіре, елдің инновациялық экожүйесін жасауға атсалысады екен.
Қазақтың ақпараттық технологиясы дамуының бастапқы кезеңінде
Қазақстанда өзінің кәсіби қызметін енді бастаған шетелдік маман Джозеф Зиглер Қазақстандағы ақпараттық технологияның дамуы өзінің бастапқы кезеңінде екенін айтты. Жастар жасап жатқан жобалардың басым бөлігі B2C (бизнестің клиентке бағытталуы) форматында екен.
– Қазақ үкіметі жоғары технологиялық компанияларға назар аударуы тиіс. Себебі, Қазақстан – мұнай экспортынан күн көретін дамушы ел. Ол болашағын IT компаниялармен жалғамаса, мұнайға тәуелділіктен арыла алмайды, – дейді Дожеф Зиглер.
Расында Қазақстанның стартаптық қуаты бар. Десе де, кәсіби біліктілігі мол және технологиялық идеяны жүзеге асыруға талапты қазақ жастарының басым бөлігі дамыған елдерге кетіп жатқаны жасырын емес. Астанадағы хаб басшысы олардың ел дамуына үлесін қосса, технологиялық прогресс көрсеткіші әлдеқайда жоғары боларын айтады.
– Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдегі дамушы елдердің талапты жастарының басындағы жағдай. Ал олардың елде қалып, ортақ дамуға үлесін қосуы үшін Қазақстанда қолайлы жағдай, яғни экожүйе жасалуы тиіс. Дәл осы міндетті Astana Hub мамандары атқармақ, – дейді шетелдік маман.
Бейресми мәліметтерге сенсек, Қазақ үкіметі Астана қаласында жоғары технологияларға қызығатын жастар қауымын қалыптастыру үшін елордада IT университетін ашуды жоспарлап отыр. Алматыдағы стартапшылардың қалыптасуында қаладағы алып университеттердің IT бағдарламалары мен технологиялық парктердің рөлі үлкен. Дәл осындай технологиялық университетті Қазақстанның республикалық маңызы бар үшінші қала Шымкентте де ашу жоспарланған екен.
Бюджеттен қанша қаржы жұмсалмақ?
Ресми мәліметке сүйенсек, Astana Hub орталығының стартап резиденттерінің идеяларын коммерциялық деңгейге жеткізу үшін үкімет 67 миллиард теңге бөлді. Бұл қаржы 2022 жылға дейін игерілуі тиіс. Одан бөлек, жеке сектордан да инвестиция тарту көзделген. Сонымен қатар, Астана қаласында жақында құрылған инвесторлар клубы да стартапды қолдауға жұмылдырылады.
– Расында дамушы елдердің арасында қомақты қаржы бөліп, өзінің технологиялық мүмкіндігін арттырып жатқандар шамалы. Сондықтан Қазақ билігі мұнайды алмастыра алатын IT жобаларды жүзеге асыруға мүдделі деп айта аламын. Тек үздіксіз жұмыс пен біршама уақыт қажет, – дейді Джозеф Зиглер.
Ал, өз кезегінде, Санжар Кеттебеков үкіметтен салыстырмалы түрде аз қаржы бөлініп жатқанын айтады. Мысалы, Швеция немесе Норвегия сынды дамыған елдер жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 7-8 пайызына дейін бөлігін технологиялық зерттеу жұмыстарына жұмсайды. Силиконды алқапта көпжылдық тәжірибесі бар Санжар дамушы елдер кем дегенде соның жартысын бөлуі тиіс екенін айтады.
– Қазақстан әзірге технологияның дамуына ЖІӨ-нің небәрі 1,5-2 пайызын ғана жұмсайды. Бұл салыстырмалы түрде аз. Десе де, алдағы уақытта бұл көрсеткіштің өсетініне сенемін, – дейді ол.
Стартаптарға қандай талаптар қойылады?
Astana Hub резиденті атану үшін стартапшылар орталықтың акселераторлық сұрыптау кезеңінен өтулері тиіс. Ол дамыған елдердегі акселерациядан еш айырмашылығы жоқ. Керісінше, бастапқы кезде Astana Hub басшылығы қарапайым халыққа және бизнестің қызметін үдететін инновациялық жоба болса болғаны.
– Сұрыптауға Қазақстанның кез келген аймағынан азаматтар қатыса алады. Қажет болса, кәсіптік және заңгер қызметін де ұсына аламыз. Бастысы инновациялық өнімнің ел экономикасының драйверіне айналуына мүмкіндік жасаймыз, – дейді Зиглер.
Айта кетсек, Astana Hub орталығы төмендегідей IT секторларын қамтитын стартаптарға қолдау білдіреді. Олар:
- 3D принтинг;
- Жасанды интеллект;
- Биотехнология және генетикалық инженерия;
- Виртуалды шындық;
- Киберқауіпсіздік;
- Цифрлық автоматизация;
- Цифрлық платформалар;
- Электронды коммерция;
- Электронды үкімет;
- Қаржы технологиялары;
- Ойындар;
- Жасыл технологиялар;
- Денсаулық сақтау;
- Онлайн білім беру;
- Логистика;
- Медиа;
- Роботтық технологиялар;
- Мобильді қосымшалар;
- Телекоммуникация;
- Заттар интернеті.
Стартапты қуатты компанияға айналдыру үшін кемінде 20 жыл қажет
Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, стартаптардың нарыққа жылдам бейімделу қасиеті бар. Тек оны бастапқы кезеңде қаржыландыру керек. Ал бір стартаптың нарықта өз үлесін табуына дейін жеткізуге орта есеппен 20 жыл кетеді екен. Осындай пікірімен Санжар Кеттебеков бөлісіп отыр.
– Қазіргі таңда, Белорус елінде бірнеше милллиардтық (АҚШ долларының эквивалентінде) технологиялық компания бар. Олар өз жұмысын стартап ретінде осыдан 20 жыл бұрын бастаған еді. Қазір соның нәтижесін көріп отыр. Қазақстанда да Microsoft сынды алып корпорация құрылады деп айта алмаймын. Бірақ милилардтық жобалар шығатынына сенемін. Ал белорустардың жетістігін қайталауға бізге орта есеппен 10-15 жыл қажет, – дейді Санжар Кеттебеков.
"Astana Hub сияқты орталықтың бесеуі керек"
Қазіргі таңда, әлемдегі ең үздік компьютер бағдарламашыларының Үндістаннан шығып жатқаны белгілі. Microsoft, Amazon және Oracle сынды АҚШ-тың алып компанияларының Үндістанның IT өндірісіне инвестиция салуының себебі де осында. Сол Үндістанның өзінде жоғары технологиялық экожүйені қалыптастыруға бағытталған орталықтар дерлік әрбір үлкен қалада бар. Нақтырақ айтсақ, Үндістанда Astana Hub сынды стартаптарды қолдайтын үлкен кластерлердің саны – 8.
– Жаңа орталықтың ашылғанын қолдаймын. Қазақстанға ондай хабтың кем дегенде бесеуі керек. Сонда жалпыұлттық технологиялық экожүйе қалыптасады. Жастарды өз бизнесін бастауға, IT саласына қызықтыруға мүмкіндік жасалады, – дейді Санжар.