Тікелей эфир

Ақшаны үнемдеп, Еуропада қалай демалуға болады? Жеке тәжірибе: Прагаға сапар

Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Залал шекпей, тамаша әсер алып, қауіпсіз қыдыру мен ақшаны қалай үнемдеуге болатыны туралы айтамыз.

Саяхатқа айтарлықтай қаражат керек, оның үстіне Еуропа елдеріне баратын болсаңыз, көп шығындануға тура келеді. Іnformburo.kz ғылыми журналисі Анастасия Горбунова Чехияға барып, Праганың қақ төрінде қыдырып жүріп, ақшаны тек маңызды мақсаттарға жұмсап, қалай үнемдеуге болатыны туралы біліп келді. Бастысы бұл ретте әсерден, жайлылық пен қауіпсіздіктен бас тартпау керектігі де ескерілді.

Саяхатқа дайындық

Прагада туристік маусым сәуірден қазан айына дейін жалғасады. Бұл кезде қонақ үйлер мен экскурсия құны едәуір қымбаттап кетеді. Католик рождествосы және басқа да мерекелердің қарсаңында сұраныс артып кетеді, ал арзан нұсқаларды адамдар алдын ала талап алады.

Мен Прагаға ақпан айында бардым, бұл уақытта туристер аз болды.

Мұнда қыста да ауа райы жылы болады. Бір (және үлкен) минусы: Чехияда қыста қорғандардың біразы жабылады, басқа да ғимараттар жөндеуге жабылады. Алайда мен Прагада бірде бір жабық көрнекі орынды кездестірмедім. Сонымен бірге ашық жерлерге кіру билеттері маусымдағыға қарағанда біраз арзан болғанын байқадым.

Тұратын орынды жалдау және билеттер шығыны

Прагаға мынадай турлар сатылады: туристік фирмаға барып, керек уақытқа ұшу билеттері мен тұратын орынды таңдап алсаңыз болады. Ыңғайлы болғанымен, қымбатқа түсуі ықтимал: турсыз мен дәл соған ұқсас қонақ үй, ұшу билеттерін алып, 150 мың теңге үнемдедім. Саяхатха 1 айдай дайындалдым, бәріне 500 мыңдай шығындалдым. Бұл қаражатты ұшу-келуге екі тарапқа билет, бір апта қонақ үйде тұру және екі ересек адамға виза рәсімдеуге жұмсадым. Егер бөлмеде отырмай қала ішінде көп қыдыруды жоспарласаңыз, онда сізге үш жұлдызды қонақ үй алған тиімді. Еуропада 3 жұлдызды қонақ үйлердің стандартты бөлмелерінде тазалық, кереует, тіпті таңғы ас болады. Орталықтағы қонақ үйлердің бағасы ұшынып тұр: Прага-1 ауданында үш жұлдызды қонақ үйден бір аптаға бөлме алу шілде айының ортасында шамамен 300-500 мың теңге тұрады.

Қонақ үйді жақын маңдағы аудандардан броньдауға болады: қасында трамвай немесе метроның аялдамасы барын таңдаңыз. Мәселен, Прага-2 де шілденің ортасына екі есе арзан нұсқа – бір аптаға қонақ үйдің бағасы 165 мың теңге, қасында екі аялдама бар. Бұл жерден орталыққа дейін 15-20 минутта жетесіз.

Ақпан айының ортасында мен екі адамға Прага-3 ауданындағы Dalimil қонақ үйінен екі адамға бір аптаға 80 мың теңгеге бөлме броньдап қойдым. Мұндай тиімді нұсқаларды көктем мен қыста тез таңдап әкетеді: қазір іріктеліп қалған бөлмелердің ішінен шілде-тамыз айларына кем дегенде 100-120 мыңға броньдай аласыз.

Билет бір адамға екі тарапқа 130 мың теңгеге шықты. Минскіден қайта отыратын рейс болды, ақпан айында Прагаға тіке рейс болған жоқ. Билетті Belavia әуе компаниясының сайтынан сатып алдым. Жеңілдіктерге ие болып, егер сіз бір уақытта баруға байланбаған болсаңыз бағытты басқаша құруға мүмкіндік бар. Мәселен, Aviasales-те картамен төмен бағалардың күнтізбесі, сонымен бірге телеграмда боты да бар: оған жеңілдікпен билетке жазылып қоюға болады. Қалай болғанда да, арзанырақ билет алғыңыз келсе, нұсқаларды сәт сайын қарап отыруға тура келеді. "Осыншама ай бұрын, аптаның мына күні алғанда билет міндетті түрде арзан болады" деп ешкім кепілдік бере алмайды.

Визаны қалай алу керек?

Алдын ала жасау керек, оның үстіне Шенгенге бірінші рет виза ашып тұрсаңыз, маусымнан тыс уақытта ұшуға кем дегенде 3 апта қалғанда құжатты тапсыру керек, ал маусымда ертерек қамданасыз. Қажетті құжаттардың тізімін Чехия Республикасының елшілігінің сайтынан табуға болады.

Қызық дерек: Праганы мұнаралар қаласы деп те атайды. Чехия астанасының көрнекі жерлерінің ішінде, дереккөздерге сүйенсек, мыңға жуық мұнара бар. Оның ішінде су айдауыш мұнаралар, жеке үйлердің үстіне салынған қондырмалар да бар.

Елшіліктің өзі туристік виза бермейді, сіз оны виза орталықтарынан аласыз. Мұндай орталықтар Алматы мен Елордада бар. Онда сіз алымдарын төлейсіз (бір адамға 80 еуро, шамамен 34 мың теңге). Әуелі құжат, содан кейін биометрия (саусақтың ізі) тапсырасыз. Егер сіз шенгенге бірінші рет виза ашып отырсаңыз, биометрикалық мәліметтерді (5 жыл өтіп кетсе де солай)қайта тапсырасыз.

Виза орталығына 2-3 рет баруға тура келеді: құжат, кейін биометрия тапсыру, сосын төлқұжатты алып кету. Егер сіз басқа қаладағы виза орталығына барғыңыз келсе, туристік фирмалардың қызметтеріне жүгінуге болады. 10-15 мың теңгесін төлейсіз, фирма сауалнаманы өзі толтырады, құжаттарды жібереді, сізді биометрия тапсыруға жазады, сосын дайын визасымен төлқұжатты өздері алады, сізге басқа қалаға салып жібереді. Ол үшін туристік фирманың қызметкеріне сенімхат рәсімдеу қажет болады, ол шамамен 2 мың теңге тұрады. Сенімхат мәтінін мұқият оқып шығыңыз: сіз ол қызметкерге шектеулі мерзімде тек визаны алуға қажетті әрекеттерді істеуге рұқсат беруіңіз керек. Виза орталығы қосымша құжаттарды сұрауы мүмкіндігін ескеріңіз: мәселен зейнетақы аударымдары туралы анықтама. Егер сіз барлық қажетті құжаттарды тапсырсаңыз, туристік виза беруден бас тартуы мүмкін емес.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как отдохнуть в Европе и не разориться? Личный опыт: Прага

Көлік

Прагада таксиге ақша шығынданудың керегі жоқ. Онда қоғамдық көлік желісі жақсы дамыған: 3 тармақты метро, трамвайлар, автобустар мен Петршин мұнарасына көтерілетін фуникулёр (ол жерден қаланы алақандағыдай етіп көруге болады) бар.

Google-карталары бағыттарды жақсылап құрып береді: барлық аялдамаларды көрсетіп, тиімді нұсқаларды таңдап береді, қай жерден түсіп, қай жерден міну керектігін де түсіндіреді. Адасып кетудің өзі қиынға соғады.

Праганың барлық көліктеріне бірыңғай билет алуға болады, Чех тілінде jízdenku. Билеттерді арнайы автоматтарда сатады (ескілері тек монеталарды қабылдайды, жаңаларында картамен төлем жасауға болады), сонымен бірге метроның билет кассаларында, ұсақ дүкендерде, қонақ үйдің тіркеу бөлімінен де сатып алуға болады. Бағалары белгіленген, билеттің қолданылу уақытына байланысты: 30 және 90 минуттығы, сондай-ақ бір және 3 күндігі де бар. Егер көп жерге баруды жоспарласаңыз, бірден бір күнге арналған билетті 110 кронға (1800 теңге) немесе 3 күнге 310 кронға (5000 теңге) ала салыңыз. Билет кассаларынан ұзақ уақытқа жолаушы билеттерін сатып алуға да болады: бір айлық билет 670 крон (10 000 теңге) тұрады.

Ескі билетпен 23 нөмірлі трамваймен (тарихи деп аталады) жүруге болады. Мұндай трамвайлар 80 жылдардағы үлгімен безендірілген, пластикалық орындықтары, төбесінде ескертпе жазбалары, ер адамның дауысы шығып тұратын дауыс зорайтқыштары бар. Královka аялдамасынан қозғалып, Праганың тарихи орталығы арқылы өтеді: Прага градын, Малостранская алаңын, Ұлттық театрды, Карлов алаңын көруге болады, яғни билет құнына шағын экскурсия да кіреді.

Ақша, жеңілдіктер мен салықты (қосымша құн салығы) қайтару

Чехияда крон мен еуроны, кейбір жерлерде долларды қабылдайды. Барлық жерде Mastercard картасымен төлем жасауға болады, алайда мұнда жағдай әрқалай болуы да мүмкін: картаны базар мен кәдесый сататын жерлерде қабылдап, ресторанда қабылдамай дегендей.

Тиімдісі – кронмен төлем жасау. Әрбір ресторан мен дүкенде өзінің айырбастау курсы бар, ол айырбастау бекеттерінен арзанға түседі. Сондықтан ақшаны өзіңіз айырбастап не банкоматтардан шешкен тиімді. Мұның бірнеше ерекшеліктері де бар:

  • Ақша айырбастау бекеттері маңдайшаларына үлкен әріптермен өздерінде тиімді курс деп жазып қойып, ақша айырбастаған үшін жоғары комиссия алулары мүмкін: 20%-ға дейін жететіндері де бар. Бұл туралы жұлдызшамен шағын әріптермен тіпті буклеттердің сыртына да жазып қояды. Комиссиясыз, тиімді курспен арабтардың айырбастау бекеттерінен ақша айырбастаған дұрыс: олардың маңдайшаларында көк түсте орысша жазылып тұрады, кезек көп. Мұндай бекет қаланың қақ орталығында бар: Вацлавская алаңын трамвай жолы кесіп өтетін жалғыз орыннан іздеңіз.
  • Евронет банкоматтары ақша шешкен үшін комиссияны көп алады: 100 кроннан жоғары. Бұлар Праганың орталығында көк банкоматтар көп. Комиссиясыз ақшаны Сбербанктің банкоматынан шешуге болады: ол да Вацлавская алаңында бар. Бастысы, алдын ала өзіңіздің банкіңізден шетелде ақша шешуге комиссиясының, лимитінің бар–жоқтығын сұрауды ұмытпаңыз.

Ақпараттық және туристік орталықтарға да кіріңіз: онда жеңілдіктерге ваучерлер табуға болады. Мәселен, Fashion Arena ақпараттық орталығында осы аутлеттің бутиктерінің кез келгеніне 10% жеңілдік беретін ваучерлер беріледі. Купонтар мен промокодтар қонақ үйдің тіркеу орнынан беріледі тіпті туристерге арналған ақпараттық терминалдарда да бар.

Қызық дерек: Егер ақша еуро мен доллардан басқа купюрада болса алданып, шатасу оңай. Мәселен. Чехтың крондарының орнына сырттай крондарға ұқсас венгерлік форинттер, болгар левын, хорваттық кун беріп жіберуі мүмкін. Олардың курстары әлдеқайда төмен. Сондықтан абай болыңыз.

2000 кроннан қымбат (32 мың теңге) сатып алсаңыз, сіз Евроодақ азаматы болмағандықтан төлеген салығыңызды қайтарып алуға болады. Бұны Tax Free деп аталады. Оны алу үшін арнайы анкеталар толтырып, оны дүкеннің кассасында төлем жасаған түбіртектерге қосып қою керек. Сатып алған тауарлармен бірге әуежайда толтырылған құжаттарды көрсетесіз, сізге бірден қолма қол ақшамен еуро не крондар қайтарылады. Қайтарымдарды қаладан да жасауға болады, алайда көп жерде қолма қол ақша бермейді ақшаны картаға қайтарады, ол бір айдан кейін түсуі мүмкін. Кейде дүкендер құжаттармен әуре болмас үшін Tax Free көлемінде өздері де жеңілдік жасап береді, сол үшін бұл туралы кассадан сұрап алыңыз.

Тамақтану

Орталықтағы ресторандарда тамақтану 300 кроннан (5000 теңге) басталады. Тар көшелерді кесіп өтіп, төмен бағадағы ресторандарды тауып алуға болады. Гуглдан чех тілінде жақсы пікірлер қалдырылған ресторандарды іздеңіз: онда арзан әрі дәмді болады. Шындығында қаланың орталығында мұндайлар аз, оларды басқа аудандардан табуға болады.

Ресторандарда науқандық менюлар болады. Біздегі бизнес-ланчтарға ұқсас, Denní nabídka деп аталады. Бұған негізгі менюден 2-3 есе арзан тұратын дәстүрлі чех сорпаларын, гуляш, салаттар ұсынады.

Қызық дерек: чехиялықтар сыраны тұтынудан әлемде бірінші орында (жылына бір адамға 160 литр) Сыраны мұнда 1118 жылдан бері қайнатады.

Чехияның ресторандарында берілетін тамақ мөлшері үлкен болатынын ескеріңіз. Сізге 400-500 грамм салат пен осындай өлшемде ыстық тамақ береді. Көбіне ыстық тамақ гарнирімен бірге беріледі. Бір адам салат пен ыстық тамақты бірден тауысып тастай алмайды. Оның үстіне Чехтар тіпті Цезарь салатын көбіне беконмен дайындайды.

Кәдесыйлар

Магниттер, ағаш ойыншықтар, тырнаққа арналған егеуіштер мен басқа да кәдесыйлар дүкеннен гөрі Гавельский базарында арзандау. Бірақ базарда ақшаңызды дұрыс қайтарды ма, алған затыңызды пакетке салды ма, соның бәрін қадағалап жүру керек. Кейде ондай кәдесыйларды арзандауынан ұсақ-түйек сататын кішкене дүкендерден де табуға болады. Көбіне мұндай дүкендер қытайлықтар мен въетнамдықтардыкі болады: онда көлікке билеттер, телефон нөмірлері, кәдесыйлар мен тамақ та сатылады.

Атақты чехиялық көртышқанды балаларға ойыншық сататын дүкендерден екі есе арзан бағада табуға болады. Егер сыйлық іздесеңіз, белгіленген бағалары бар Flying Tiger дүкендеріне кіріңіз. Бұл жерде арзан, қызықты кеңсе тауарларын, шығармашылыққа арналған дүниелерді, специялар, шоколад, жұмсақ ойыншықтарды кездестіресіз.

Көбіне сыйлыққа, тіпті өзіне адамдар еуропаның тәттілерін алады: түрлі мармелад және шоколад кәмпиттерін. Бұл жерде танымал Captain Candy дүкендер желісі бар, пират дүкеніне стильденген: бөшкелер мен тәтті салынған сандықшалар, қанаттар мен зәкірлер, тотықұсы бар пират капитанының мүсіні және фирмалық қалташалар. Барлық тәттілерге килограмына бір баға белгіленген, өлшеп сатылады. Дүкен Гавельский базарына қарама-қарсы орналасқан. Көбі осындай тәттілер сататын осыған ұқсас дүкен бар екенін біле бермейді. Тек Captain Candy бренді жоқ, ал тәттілердің бағасы арзан. Ол Koh-i-nor Shop дүкеніне жақын маңда.

Неден үнемдеп, неден үнемдей алмайсыз

Чехияда интернет пен байланыс бағасы қымбат: ең арзан интернет және байланыс пакетімен нөмір 200 крон болады (3200 теңге). Баға белгіленген: ресми кеңсесінде де, дүңгіршек дүкенде де нөмір бағасы бірдей. Ол ақшаға бар болғаны 1,2 ГБ интернет-трафик, қоңыраулар мен хабарламаларға 100 крон аласыз. Интернеттің жылдамдығы біздегіден біраз төмен. Бірақ гугл-карта мен Инстраграмға сурет жүктеуге сол да жетеді. Өйткені барлық ғимараттарда тегін Wi-Fi бар.

Қорғандарға немесе Чехияға саяхатты алаңда ұсынып тұратын адамдардан сатып алмаңыз, ресми туристік компаниялардың кеңсесіне барыңыз. Қорғандарға дейін көбіне автобустар тікелей қатынамайды, ал қаланың сыртында халық орыс, ағылшын тілін түсінбейді. Ресми компаниялар сізге автобус ұйымдастырады, сосын Прагаға қайта әкелетініне кепілдік береді.

Брендтік киімдер, люкс класстағы косметикалар мен нағыз чех анары интернеттегі форумдарда жұрттардың жазғанына қарамастан мұнда бәрібір арзан тұрмайды.

Қорытындысында не болды

Чехия сықылды Еуропа елдеріне саяхаттау Түркия не Египетке барғаннан гөрі қымбатқа түседі: ұшып-келу, виза, тұрғын орнын жалдау, бір апта бойы тамақ ішуге ересек екі адам үшін шамамен 600 мың теңге кетеді. Егер жайлылықтан бас тартуға дайын болсаңыз, арзанға шығаруға болады. Мәселен, Будапештке дейін жеңілдіктер жиі берілетін Wizz Air лоукостері ұшады. Барып-келуге билетті тіпті 50 мың теңгеге ала аласыз, ал әрі қарай Прагаға автобуспен баруға болады. Қонақ үйдің орнына хостел таңдаңыз, тамақты рестораннан ішпей, азық-түлік сатып алып, өзіңіз дайындаңыз, болмаса шағын дәмханаларға барыңыз. Осылайша тағы 100-150 мың теңге үнемдеуге болады.

Чехия қорғандарымен танымал: мұнда олардың 3,5 мың түрі бар, кейбірі Прагадан 2-3 сағат қашықтықта орналасқан. 13-19 ғасырлардағы ғимараттар жақсы сақталған, түрлі сәулетті стильдегілерін де көруге болады: ертедегі готикасын, неоготикасын, барокко, ренессансты. Чехия – Еуропа елдерінің атақты жерлерін арзанырақ нұсқада көруге болатын мүмкіндік. Мәселен, Әулие Витаның соборын Прагада Кёльненің атақты соборының сәулетшісі сала бастаған, кейін ұлы оның құрылысын жалғастырған. Бір апта ішінде мен Праганың басты көрнекі жерлерін көзбен көріп үлгердім, 2 Чех қаласына бардым, 2 қорған мен танымал Костница шіркеуіне соқтым. Саяхат екі адамға 170 еуро (70 мың теңге) тұрды, әр қорғанға кіру құны адам басына 200-300 крон (3-5 мың теңге). Егер үнемдеп баға бойынша барынша тиімді нұсқаны тапқыңыз келсе, саяхатты 3-4 ай бұрын жоспарлаңыз: өйткені тиімді нұсқаларды маусымнан тыс кезде де талап әкетеді.

Авторы Анастасия Горбунова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары