Тікелей эфир

Арыста жарылыстан қираған ғимараттарды қалпына келтіру мерзімінде бітпеді. Жаңалықтарға шолу

Egov порталы автокөлік иелеріне байқау жариялады. Қазақстанда ең көп жалақы алатын мамандар белгілі болды.

Браконьерлер жарақаттаған қорықшы ауруханадан шықты

"Охотзоопром" кәсіпорнының инспекторы С.Оспановтың жағдайын дәрігерлер қанағаттанарлық деп бағалап отыр.

– Жарасы жазылды. Бұдан былай тұғылықты мекен-жайындағы емхананың хирург дәрігеріне бақыланады, – деп хабарлады Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Д.Чайков.

Биылғы білім гранттарын ұтып алғандардың тізімі жарияланды

Республикалық конкурстық комиссиясы еліміздегі Жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантқа түскен түлектердің тізімін шығарды. Толық тізіммен телеграмдағы чат-боттардан танысуға болады. Бұл үшін тестілеуден өткен түлектің жеке кодын енгізу керек.

Конкурсқа 64 452 түлек қатысқан. Жалпы конкурстан бөлек көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан тағы 5 мың түлекке мемлекеттік білім гранттары табысталады. Бұл үшін оларға жергілікті әкімдіктерге жүгіну қажет.

Алакөлді ластағандар қалай жазаланады?

Әлеуметтік желі пайдаланушылары Алакөлге құбыр арқылы лай суды ағызып жатқанын айтып дабыл қаққан болатын. Осыдан кейін комиссия құрылды. Алматы облысының экология департаментінің бас маманы Б.Әденов аудандық комиссияның өкілдерінің оқиғаны тергеп-тексеру үшін арнайы Ақши ауылына келгенін хабарлады. Айтуынша, Алакөлге суды "Көктем гранд" қонақ үйі бассейнінен ағызған.

– Қоршаған ортаға залал келтірілген. Бұл үшін әкімшілік айыппұл салынады. Қандай жағдай болмасын шара қолданылады, – деді Б.Әденов. Кінәлілердің жазаланатыны туралы Twitter-дегі парақшасында Экология министрі М.Мырзағалиев те жазды. Министр оқиғаның жай-жапсарын халыққа жеткізуге уәде берді.

Қазақстанда әуе рейстерінің 12 пайызы кешіктіріледі екен

AirHelp әуе жолаушыларының құқықтарын қорғау ұйымының мамандары 15 елдегі әуе компанияларының рейстерін сараптаған. Сарапшылар биылғы жылдың 31 наурыз мен 15 маусым аралығында ұшақтардың уақытылы ұшқан-ұшпағаны туралы деректерді анықтады.

Зерттеу нәтижесінде Қытай, Германия, Грециядан ұшатын рейстердің ең көп кешіккені белгілі болған. Мәселен, Қытай әуежайындағы 135 мың рейс уақытында ұшпаған: оның әрбір үшіншісі (390 мың рейс) кем дегенде 15 минутқа кейінге қалдырылған, тіпті мүлдем ұшпай қалғандары да бар. Түркияда рейстердің 21%-ы, Италияда 20%-ы, Кипрде 17,5%-ы, Болгарияда 16%-ы кешігеді екен. Абырой болғанда еліміз ондай проблема болған рейстер (12%) көп емес елдердің тобынан көрініпті.

Арыста жарылыстан қираған ғимараттарды қалпына келтіру мерзімінде бітпеді

Апатты аймақтағы ғимараттарды қалпына келтіру 1 тамызға дейін аяқталуы керек болатын. Облыс әкімдігі құрылыстың белгіленген уақытта бітпеуін жөндеу жұмыстарының күрделілігімен түсіндірді. 31 шілдедегі мәлімет бойынша 5776 тұрғын-үй қалпына келтірілген. Оның 2529-да жеңіл жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Түркістан облысының әкімдігі бұл жұмыстардың нақты қашан аяқталатынын айтпады.

Атамекен кәсіпкерлер палатасы бизнесті бастауды үйрететін 1700 мұғалімді даярлайды

Ұлттық палата "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәнінен дәріс беретін мұғалімдерге арнайы курс ұйымдастырады. Осылайша 5 тамызға дейін бір топ бизнес бапкер арнайы дайындықтан өтеді. Одан кейін олар 19 тамыздан 13 қыркүйекке дейін өңірлердегі 1784 мұғалімді оқытады.

Egov порталы автокөлік иелеріне байқау жариялады

1-31 тамыз аралығында электронды үкіметтің порталында көлігін рәсімдегендердің әрбірі конкурстың қатысушысы саналады. "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясының хабарлауынша, конкурстың басты мақсаты – автокөлік иелеріне онлайн қызметтерді кеңінен таныстыру. Халықты қызметтерді онлайн алуға ынталандыру керек деп мәлімдеді олар.

Конкурс нәтижесі 1-ші қыркүйекте корпорацияның @gov4c.kz инстаграм парақшасында анықталып, жарияланады. Жеңімпаздарға көлік дөңгелектерінің жинақтамасы табысталады. Бір қызығы, дөңгелектердің қыстық-жаздығы мен өлшемін қатысушылардың өздері таңдайды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанның екі өңірінде жел күшейеді. Синоптиктер ауа райының бұзылуына байланысты Қазақстанның бірқатар өңірінде ескерту жариялады. 2 тамыз түнде және таңертең Қызылорда облысында солтүстік-батыстан және солтүстіктен күшті жел соғады. Жел екпіні кей жерлерде 15-20 м/с жетеді Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, бұршақ жауады. Батыстан және оңтүстік-батыстан жел соғады. Жел жылдамдығы секундына–15-20 метр, кей жерлерде – 23-28 м/с дейін.

Baq.kz: Қазақстанда ең көп жалақы алатын мамандар белгілі болды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметінше, салалық құрылымда ең жоғары номиналды жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде – 458,0 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,5 есе артық). Кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 387,3 мың теңге (2,1 есе), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 315,1 мың теңге (1,7 есе), ақпарат және байланыс саласында – 274,8 мың теңге (1,5 есе), құрылыс саласында – 233,0 мың теңге (1,3 есе). Ең аз жалақыны ауылда, орман және балық шаруашылығында жасайтындар алады – 112,9 мың адам. Бұл – республика бойынша орташа көрсеткіштен 39,5% - ға төмен жалақы.

24.kz: 1$ = 384,99 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 384,99 теңге болды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары