Тікелей эфир

Арыста тағы да жарылыс болуы мүмкін. Жаңалықтарға шолу

Шамалғандағы апаттан зардап шеккен қыз есін жиды. Көлікті тіркеу және қайта тіркеу уақытша тоқтатылады.

Балқаштың бұрынғы әкімі тергеліп жатыр

Әкіммен бірге аппарат басшысы мен әкімдіктің басқа да лауазымды тұлғалары қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілініпті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, шенеуніктер лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды және қызмет бабында жалған құжат жасады деп айыпталып отыр. Әрі мемлекетке 3 миллион теңгеден аса шығын келтірген.

Ведомствоның мәліметінше, күдіктілер аппарат басшысының қызметтік автокөлікпен жасаған жол-көлік оқиғасын жасырып қалған. Бұған дейін шенеунік сот шешімімен үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған екен. Мұнысымен қоймай, қызметтік өкілеттерін пайдаланып, ресми құжаттарға жалған мәлімет енгізіп, жарамсыз автокөлікті әкімдікке қарасты "СуЖылуТранс" кәсіпорнына заңсыз тапсырған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Күдіктілерге қатысты ақырғы шешімді сот шығарады.

Жеңіс Қасымбек жаңа жұмысына кірісті

Қарағанды облысының әкімі лауазымына тағайындалған Жеңіс Қасымбек облыс орталығындағы барлық проблемалық нысандарымен танысты. Өңір басшысы мердігермен сот дауы туындауына байланысты құрылысы ұзаққа созылып кеткен балалар ауруханасын салуды талап етті. Қаладағы қоқыс жинау жағдайы да назардан тыс қалмады. Бұл ретте қызмет көрсетушілер техниканы жаңартып, өз жұмысшыларына қалыпты жалақы төлеуін тапсырды.

Облыс әкімі қаланы дамытудың бас жоспарымен танысты. Осы орайда Қарағанды айналасындағы айналма жолдарды салу және қайта жаңарту керектігі айтылды. Облыс басшысы сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілерінің қызметімен танысып, "Ақнар" фабрикасына және "Жакко" ЖШС полипропилен және полиэтилен құбырлар мен фитингтер шығаратын зауытқа барды.

Алматыда жүргізушілердің 72 пайызы әл-Фараби даңғылында 80 шақырым жылдамдықпен жүргенді мақұлдайды

"Лондон-Алматы" сақтандыру компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесі осындай. Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолындағы қозғалыстың сағатына 80 шақырым жылдамдыққа қайтарылғанына қатысты 1459 жүргізушінің пікірі алынған. Нәтижесінде сұралғандардың 72%-ы бұған оң көзқарасын білдірген. Тек төрттен бірі ғана (23%-ы) жылдамдықтың арттырылуына қарсы. Олардың бәрі де мұның арты жолдағы апатқа әкеліп, адамдардың өміріне қауіп туғызуы мүмкін деген.

Шамалғандағы апаттан зардап шеккен қыз есін жиды

Пойыз соққан автобустың ішінде қалып, зардап шеккен бес жасар қызды жан сақтау бөлімінен бейінді бөлімге ауыстырды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

"Кеше 5 жасар қыз бала есін жиды. Тыныс алатын аппараттан шығарылып, бүгін әрі қарай емдеу үшін мамандандырылған бөлімге ауыстырылды. Жағдайы ауыр, динамикасы тұрақты" делінген таратылған ресми хабарламада. Зардап шеккен екінші 3 жасар қыздың жағдайы ауыр, өкпесі жасанды жолмен тыныс алып жатқаны айтылды.

Мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушылардың саны 50 есеге азаяды

Қаржы министрі Әлихан Смайылов осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, министрлік 2020 жылы сатып алуларды орталықтандыру бойынша пилоттық жобаны іске қосады. Барлық сатып алулар бірыңғай ұйымдастырушыларға тапсырылады.

"Ұйымдастырушылар саны 25 мыңнан 500-ге дейін қысқарады. Жаңа жүйе сатып алуларды басқаруды жеңілдетіп, сатып алынатын тауарлар мен қызметтерде қазақстандық мазмұнды реттеу тиімділігін арттырады" дейді министр.

Арыста детонация немесе жарылыс болуы мүмкін

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери бөлім мен қоймалар ішінде негізгі жұмыстар басталғанын хабарлады. Айтуынша, бұл жерлерде фрагменттер, оқ-дәрі сынықтары мен өзге де жарылмаған заттар шоғырланған. "Сондықтан түрлі себептермен детонация немесе жарылыс болуы мүмкін", – дейді министр.

Бұл ретте Нұрлан Ермекбаев қыркүйектің 21-і күні зардап шеккен әскерилердің шұғыл түрде госпитальге жеткізіліп, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілгенін мәлімдеді.

"Үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Біреуінің алған жарақатына қарай жағдайы орташа деңгейде және алтауының жағдайы қанағаттанарлық. Жақын арада жазылып кетеді деп үміттенеміз" деді ол.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қатты ыстықтан кейін күн суытып, үсік жүреді. Демалыс күндерінде Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында күндізгі ауа температурасы +33…39°С аралығында болған еді. Осы қатты ыстықтан кейін суық ауа ағындарының әсерінен қыркүйекке тән ауа райы келеді. 24-26 қыркүйекте арктикалық суық фронттардың ықпалынан республиканың орталығында және шығысында жаңбыр жауып, күшті екпінді жел тұрады. Ауа температурасы түнде минус 3°С дейін төмендейді. Ал батыс және солтүстік облыстарда суық фронттардың әсерінен жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді. Алдағы үш тәулікте мұнда жауын-шашын болады. Ал түнгі және күндізгі уақытта тұман түсіп, үсік жүреді.

Baq.kz: Қазақстанда рұқсат етілмеген митингке шыққан қанша адам жазаланды? Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 21 қыркүйекте рұқсат етілмеген митинг болған жерлерден 100-ге жуық адам ұсталғанын мәлім етті. Айтуынша, олардың 15-і жауапкершілікке тартылған, 9-ы әкімшілік қамауға алынып, 6-ына әкімшілік айыппұл салынған. Басқа ұсталғандармен профилактикалық жұмыстар жүргізілген соң, үйлеріне жіберілген. Министр рұқсат етілмеген митингілер 7-8 қалада өткенін айтты.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары