Тікелей эфир

"Аман-саулық" қоры: "Шұғыл желі" коронавирус туралы ақпарат жеткіліксіз екенін көрсетті

1 наурыздан бері пандемия кезінде Алматы тұрғындары мен медицина қызметкерлерінің өтініштерін қабылдауға арналған телефон желісі жұмыс істейді.

"Аман-саулық" қоғамдық қоры коронавирус пандемиясы кезеңінде Алматы тұрғындары мен медицина қызметкерлерінің өтініштерін қабылдау бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін "Шұғыл желі" телефоны қызметінің алғашқы айының қорытындыларын жариялады. Жұмыстың бірінші айында шұғыл желіге 344 өтініш келіп түскен: Алматы тұрғындарынан – 306, басқа өңір тұрғындарынан – 38.

Өтініштердің 10%-ы – түнгі уақытта, ал 90%-ы күндізгі уақытта жасалған. Олардың негізгі бөлігі ауруханаға жатқызу, қайда бару керек, қандай дәрі-дәрмектерді қабылдау керек, ПТР тестінен қайда өту керек деген секілді коронавирус инфекциясын емдеуге байланысты сұрақтар болды. Бірыңғай әлеуметтік төлемдер алмаған, бірақ коронавирусқа шалдыққан 4 медицина қызметкері шұғыл желіге жүгінді.

"Келіп түскен қоңыраулардың 90%-дан астамы үйдегі коронавирус инфекциясын емдеу, карантиндік режимді қалай сақтау, қандай дәрі-дәрмектерді қабылдау, егер науқастар ауруханаға жатқызылмаса, қайда жүгіну, вакцинацияға, орындарды дезинфекциялық өңдеумен байланысты мәселелер, емханалардың, анықтамалық ауруханалардың, call-орталықтардың тіркеу бөліміне хабарласудың мүмкін емес екені туралы шағымдармен байланысты. Бұл коронавирус инфекциясы туралы жеткілікті ақпарат жоқ екенін көрсетті. Алматы тұрғындарының сұрақтары көп болса, өңірлерде одан да көп болуы мүмкін", – деді "Аман-саулық" ҚҚ президенті Бақыт Түменова.


Оқи отырыңыз: Алматылықтарға коронавирус бойынша тегін кеңес беретін желі іске қосылды


Оның сөзінше, мемлекеттік құрылымдар, бірінші кезекте, Денсаулық сақтау министрлігі халықтың коронавирус инфекциясының ықтимал белгілерін білу, бірінші кезекте қайда жүгіну керек, үйде қалай емделу керек, қандай дәрі-дәрмектерді қабылдау қажет деген секілді сұрақтарға жауап беріп, ақпараттық жұмысты күшейтуге тиіс.

Еске сала кетсек, 2021 жылдың 1 наурызынан бастап "Аман-саулық" ҚҚ коронавирус пандемиясы кезінде Алматы тұрғындары мен медицина қызметкерлерінің өтініштерін қабылдауға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін телефон желісін іске қосты. Жоба Сорос-Қазақстан қорының гранты есебінен жүзеге асырылады. Науқастар, сондай-ақ медицина мекемелердің қызметкерлері медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, консультациялық көмек алуға қатысты туындаған мәселелерді шешу үшін шұғыл желіге жүгіне алады.

Тәулік бойы жұмыс істейтін "Шұғыл желі" телефоны: +7 727 221 85 05

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары