Тікелей эфир

Алтын Орда тарихына арналған ғылыми-зерттеу орталығы ашылады

ҚазҰУ басшылығы орталықты университет базасында ашу бойынша Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс енгізу үшін қарар қабылдады.

Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына орай өткен "Алтын Орда: өркениеттер тоғысында" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция барысында белгілі болды.

Ғылыми жиынды ашқан университет басшысы Жансейіт Түймебаев Алтын Орда мен Қазақ хандығының тарихын бір бірінен бөліп қарауға болмайтынына тоқталды.

"Әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын Орда тарихы жаңа ғылыми, қоғамдық, идеологиялық бағытта терең зерттелуі тиіс. Тарихи даму барысында халқымыз өз Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, жаңа Қазақ мемлекетін құрды. Қазақстан гүлденген, экономикалық қуатты, дүниежүзіне әйгілі мемлекетке айналды", – деп атап өтті ректор.

Ел тарихындағы Алтын Орда кезеңіне сипаттама берген тарих ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев Алтын Орда – Еуразияның далалық аумағында ХІІІ ғасырдың басынан ХVІ ғасырдың алғашқы жылына дейін өмір сүрген алып империя екендігін атап өтті. Сондай-ақ, профессор қазіргі таңда Алтын Орданың құрамынан бөлінген елдердің арасынан жалғыз қазақ халқы ғана дербес мемлекет  болып қалыптасқанына тоқталды.

Конференция. Суретті ҚазҰУ баспасөз қызметі ұсынды

Сыр бойындағы Алтын Орда дәуірі ескерткіштері бойынша баяндама жасаған профессор Мадияр Елеуов Сырдарияның төменгі ағысындағы, отағасырлық саяхатшылардың еңбектерінде көрсетілген Асанас, Жент, Баршынкент сияқты көне қалаларға толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін алға тартты.

"Бұл аталған қалаларда археологиялық ғылыми-зерттеулер жүргізу арқылы тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын анықтап, Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы қалалық мәдениеттің және ортағасырлық өркениетке қатысты жаңа беттердің ара жігін ашуға толық мүмкіндік болады",– дейді ғалым Мадияр Елеуов.  

Жиын соңында Алтын Орда, Жошы Ұлысының қазақ мемлекеттілігі мен қазақ халқының қалыптасуындағы маңызды тарихи рөлін ескере отырып, ҚазҰУ базасында Жошы Ұлысы мен Қазақ хандығы тарихын зерттеуге арналған ғылыми-зерттеу орталығын ашу, ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеуші жас мамандарды дайындау ісін қолға алу, осы мамандыққа білім беру гранттарының санын арттыру бойынша Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс енгізуге қатысты қарар қабылданды.

Серіктестер жаңалықтары