Тікелей эфир

Алматының 600 көшесінде жарық пайда болады

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
Биыл 270 шақырым электр және 20 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жоспарлануда.

Алматыда "шетсіз қала" бағдарламасы бойынша биыл 600 көшеге жарық шамдары орнатылады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"2021 жылы Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарында қалған 601 көшеге сыртқы жарықтандыру желілерін орнату жоспарланған. Қазір 200 көшеде жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Берік Жамбылов.


Оқи отырыңыз: Алматы түгел жарықтандырылып, 8 мыңнан астам пәтер беріледі. Сағынтаев тұрғындарға тағы қандай уәде берді?


Оның айтуынша, 2020 жылы "Алматының сыртқы жарықтандыруын жаңғырту" мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшарты аясында жеті магистральды көшеде ескірген сыртқы жарықтандыру желілері жаңартылған. Әрі, көше шамдары энергия үнемдейтін шамдарға ауыстырылды.

"Шетсіз қала" бағдарламасы бойынша Алматыда бір жыл ішінде қаланың төрт ауданы – Алатау, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб аудандарында 1 423 көшеге сыртқы жарықтандыру желілері орнатылды", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Берік Жамбылов, сондай-ақ Алматыда жалпы ұзындығы 8,381 мың шақырымды құрайтын қолданыстағы электр желілерін жаңғырту барысы туралы айтты.  2020 жылы қалада 293,4 шақырым электр желісі жаңғыртылды. Бұл Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы 270 үйді үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бұған қоса, биыл 270 шақырым электр желісін қайта жаңарту, сондай-ақ "Тұздыбастау" қосалқы станциясын салу, "Алмагүл" және "Каскад" қосалқы станцияларының құрылысын аяқтау жоспарлануда.


Оқи отырыңыз: "Алматы-2050": алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?


Сонымен қатар, Алматының оңтүстік бөлігінде энергия тапшылығын азайту және қосылған аумақтағы тұтынушылардың жүктемесін жабу жоспарлануда.

"Ағымдағы жылы "Оңтүстік аудандық қазандықты" жаңарту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде, оның қуаттылығы 135-тен 190 Гкал-ға дейін артады. Бұл 260 мың тұтынушы тұратын қаланың оңтүстік бөлігінде жылу энергиясының тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Наурызбай ауданындағы "Премьера" және "Елім Ай" тұрғын үй кешендерінің, "Елисей алаңы"коттедждік қалашығының қазандығын үлкейту жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 8,13 млрд теңгені құрайды. Жұмыстар толық аяқталғанда, қалаға қосылған аумақтың тұтынушыларының энергияға жүктемесін жабуға мүмкіндік береді", – деді Берік Жамбыл.

Алматыда 20 шақырым жылу жүйесі жөнделеді. Олардың қала бойынша жалпы ұзындығы – 1,24 мың шақырым.

Серіктестер жаңалықтары