Тікелей эфир

Алматыдағы плагиат арт-обьектілер кімге керек?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Суретшілер Алматы көшелеріне қойылған арт-объектілерді тұрғындар үшін түсініксіз бейнелер болып қалған дейді. Сондықтан олар қызығушылық танытпай отыр.

Биыл Алматы көшелерін көркейту үшін жиырма шақты арт-объект қойылды. Бұрын мұндай ерекше мүсіндер мен кескіндердің көбі Арбат көшесіне ғана қойылатын еді. Бұл жолы олардың бірқатары Жібек жолы көшесінде бой көтерді. Алайда мұнда өткізген бір жарым сағат ішінде арт-объектілердің жанында суретке түсіп, қызығушылық танытқан адамды байқамадық.

"Мүсіндер белгілі бір идеологияға негізделмеген"

Жылдың басты жаңалығына айналған 23 млн теңгелік сабан тиіннің мүсіні қала тұрғындарының наразылығын туғызған болатын. Өйткені шөптен құрастырылған мүсінге мемлекеттің сонша қаржы жұмсауы халықтың көңіліне қонбады. Қарапайым халық үшін түсініксіз бейнелер туралы Қазақстан суретшілер одағының жауапты хатшысы, өнертану ғылымының кандидаты Жамбыл Натбаев informburo.kz сайтына өз пікірін білдірді.

– Жалпы көшеде бой көтерген әрбір объект қаланың, қала берді бір ұлттың, мемлекеттің бет–бейнесі болып табылады. Өнер қашанда шешуі қиын жұмбақ тәріздес. Өнер туындысы сонысымен құнды болмақ. Бірақ мына қойылған объектілердің ешбір құны да, мағынасы да жоқ. Өйткені әрбір туынды белгілі бір идеологияға негізделуі керек.

Мысалы, "Ер тоқымның туылуы" инсталляциясында ағаштан жасалған атқа ер тоқымды қоладан құйып салған. Негізі мал шаруашылығымен айналысқан қазақтың баласы ағаш атқа қызықпаған, мұқтаждық болмаған. Өйткені бала есін білген уақыттан бастап, аттың тізгінін ұстайды. Бұл – өзге халықтың ат жоқ жерде арманынан туған ойыншық, – дейді суретші.


Жібек жолы көшесіне қойылған ағаш ат бейнесі

Жібек жолы көшесіне қойылған ағаш ат бейнесі / Фото informburo.kz


"Ер тоқымның туылуы" инсталляциясы туралы түсіндірме тақтада көшпелі халық үшін қолайлы көлік жылқы болғанын және ер тоқым – ат әбзелінің негізгі бөлігі болып саналатыны жазылған. Бұл жұмыстың негізігі авторы – Рустам Халфин. Оның досы суретші-философ Жанат Баймұхаметов автор қайтыс болған соң, жұмысын жалғастыру үшін ер-тоқым тәріздес жасалған саз балшыққа жалаңаш отырады.

Суретшінің пайымдауынша, сазбалшықтың бетінде қалған көшірме бейне көшпенді мәдениетке тән бірінші жаратылыс пен әлемді дене арқылы сезіну идеясын көрсететін "кемшіліксіз ер-тоқым". Ал суретші Ербосын Мелдібеков перфомансты қайталап, философтың идеясының көшірме бейнесін екі автордың рухына арнап, қолаға көшірген.

"Арт-объектілер халыққа қызмет көрсетуі тиіс"

Суретші Жамбыл Натбаевтың пікірінше, қала көшелеріндегі қайталанбайтын ерекше бейнесімен арт-объектілердің, жастар үшін тәрбиелік мәні бар, ұлт болмысын көрсететін туынды болуы шарт. Яғни, қоғамға қызмет көрсетуі тиіс. Оның айтуынша, "Білім алмасы" кітапханасының да ешқандай ерекшелігі жоқ.

– Ағаштан жасалған аялдама сияқты кітапхана көп қаржыны талап етті. Мен өнертанушы ретінде ешқандай ерекшелікті байқамадым. Шынымды айтсам, бір көргенде тапшанға ұқсаттым.


"Білім алмасы" кітапхана емес, тек аялдап, демалатын орынға айналған

"Білім алмасы"– кітапхана емес, тек аялдап, демалатын орынға айналған / Фото informburo.kz


Гүлмарал Тәттібаеваның авторлығымен қолға алынған даладағы кітапхана Гоголь мен Абылайхан көшелерінің қиылысында орналасқан. Автордың идеясымен бұл жер қала тұрғындары үшін өз ойларымен бөлісетін, қызықты кітап оқуға мүмкіндік беретін таптырмас алаң болуы тиіс еді. Алғашында кітаптар тұрған сөрелер қазір бос. Жәй демалатын орындардың біріне айналды.

Қала көшелерінде қызыл адам пайда болды

Өнертанушы Жамбыл Натбаев көшеге қойылған әр объект теңдесіз туынды болса ғана, жұрт қызығушылығын тудырады. Ал Абай көшесіндегі метро стансасының маңайында орнатылған петерборлық мүсінші Андрей Люблинскийдің "самокат" тепкен "қызыл адам" объектісі тіпті көрер көзге оғаш.

– Андрей Люблинский – дизайнер адам. Ол біз үшін тер төгіп, "қызыл адам" бейнесін ойлап тапқан жоқ. Өзінің студиясында тұрған дайын мүсінді алып келді. Алайда ол – көшеде тұратын нәрсе емес, – дейді суретші.

Плагиат мүсіндер не үшін қажет?

– Мысалы алып тиін 60-70 жылдары Францияда қойылған. Оның плагиат нұсқасын Алматыда қою не үшін қажет болды? Бізде өзіндік ойы бар, дүниежүзі мойындаған керемет мүсінші, суретшілер бар. 9 ай мерзімге қойылған уақытша мүсіннің орнына сол ақшаға қоладан соғылған, даналарымызға арналған екі ескерткішті қоюға болатын еді.


Шөптен жасалған тиін мүсіні

Шөптен жасалған тиін мүсіні / Фото informburo.kz


Британиялық суретші Алекс Ринслер әлемде жануарлардың өте үлкен мүсінін табиғи материалдардан жасаумен айналысады. Ол тиінді қала тұрғындарының прототипі деп атаған. Дәл сол себептен тиінді орнатуды ұсынған. Биіктігі 13 метр алып тиінді жасауға үш тонна шөп пен 15 тонна болат кеткен. Тек бұл мүсінді тұрғындардың 9 ай бойына тамашалауға мүмкіндігі бар. Алып мүсін бой көтерген соң қазақстандық скрипкашы Марат Бисенғалиев дәл осындай тиіннің Францияда барын жариялады.


Алматыдағы алып тиіннің көшірмесі

Алматыдағы аты шулы арт-объект осы тиіннің көшірмесі / Фото жеке мұрағаттан алынды


Өнертанушы қала көшелерін безендіру үшін шетелден дизайнер, мүсіншілерді шақырудың қажеті жоқ дейді. Өйткені қазақ менталитетімен таныс, ұрпаққа үлгі, көпшіліктің көңілінен шығатын мүсіндерді жасай алатын мүсіншілер көп.

Әлеуметтік желіде жұрт алып тиінді бірі тартымды десе, енді бірі сүйкімсіз деді. Қала әкімі Бауыржан Бәйбек тиін BBC, FoxNews, New York Post секілді әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы туралы мақала шығуына себепші болғанын алға тартты.

"Гранд парк" сауда орталығында да плагиат мүсіндер тұр

Мұнда қойылған жалаңаш әйелдер мүсіні де өнертанушы Жамбыл Натбаевтың айтуынша – плагиат.

– Жеке меншік сауда орталығының алдына кәсіпкердің қаражатына қойылғанымен, ондай мүсіндерді көшеге қоюға болмайды. Өйткені қаланың мәдениетінен көрініс беріп тұр. Сондықтан мән-мағынасы жоқ жалаңаш әйелдердің көшірмесін дәл қаланың ортасына әкеліп қойғаны дұрыс емес, – деді суретші.


Плагиат мүсіндер

Плагиат мүсіндер / Фото жеке мұрағаттан алынды


"Атымызды шығару үшін плагиат жасаудың қажеті жоқ"

– Кейбіреулердің плагиат нұсқасы қойылғанмен, сол арқылы Қазақстанды дүниежүзі таныды, ештеңеден ұтылған жоқпыз деуі – қателік. Керісінше, тарихта өзіндік орны бар, ұлттың бет-бейнесін көрсететін мүсін емес, мағынасыз көшірмелерді қою ұлттың өз образының жоқтығын көрсетеді. Демек идеология жоқ.

Жібек жолы көшесіне қойылған арт-объектілердің тақтайшаларына үңіліп қана автордың айтпақ ойы н білуге болады. Мысалы, "Реактивті құс S7-12" тоттанған болат пен бетоннан құйылған. Автор Эдуард Казарянның туындысына "Өзін реактивті ұшақ сезінген құс ұшу алабында жылдамдық алуда. Механика табиғатты басып жатқан біздің ғасырдың тенденцияларын көрсетеді" деп қате жазып, тақтайша іліп қойған. Автор Эдуард Казарянның туындысында "өзін реактивті ұшақтай сезінген құс ұшу алабында жылдамдығын үдетеді" деп дұрыс жазуға сауаттары жетпеген соң, не дерсің.


Рективті құс

Реактивті құс / Фото informburo.kz


"Қаңғыма" балалар алаңы ағаштан, шере мен металдан жасалған. Авторы Ерлан Хамитов балдырды, ұлулар мен балықты аумен жауып, теңізде мекендейтін көне тірі ағзалардың өзіне шабыт бергенін айтады. Ертегілердегі сияқты бұның ішіне кіруге де болады. Іші қозғалмалы, көшіріп-қондыруға ыңғайлы. Оны дүние жүзін елдеріне апарып қою арқылы сол болған жерлерінен ең қызықты керектерін жинайды" делінген.

Ал "Шабыт" мүсінінің авторы Қайыржан Төкішев туындысын металл шыбықтарды қатты қысып, байлап жасаған. Жоғары қарай өрлеген сайын шыбықтар босап, кеңістікті жаулап алады. Яғни, шығармашылық шабытқа да осындай еркіндік қажет деп көрсеткісі келген.


Шабыт мүсіні

"Шабыт" мүсіні / Фото informburo.kz


Арт-объектілер шектеулі уақытқа қойылған

– Қай мемлекетте болмасын арт-объектілер ерекше қайталанбайтын нұсқасымен таң қалдырады. Сол үшін оны қоюға тырысады. Туристі тартудың бір жолы. Сондықтан олар плагит нұсқаны ешқашан қоймайды. Ал теңдесіз дүниені халық көруге құмар болғандықтан оның пайдалану мерзіміне шектеу қойылмайды. Ал бізде бәрі уақытша тұрған арт-объектілер. Темірден, болаттан жасалғандықтан оны бір-екі жыл ғана пайдалану дұрыс емес.

Сонымен қатар тоттанған болаттан жасалған "Жанұя" мен "Үй-құс" мүсіндері бар. Авторы Эдуард Казарян деп көрсетілген тақтайшада құс мүсіні адамдардың, құстардың, жан-жануарлардың бейнесін көз алдына елестетінін айтқан.

Ал жанұя мүсіні автордың айтуынша, жайлылық пен тұрақтылықты меңзейді.


Жанұя мүсіні

Жанұя мүсіні / Фото informburo.kz


"Біздің суретшілердің еңбегі бағаланбайды"

Өнертанушы Жамбыл Натбаев арт-объектілер жобасы қабылданған кезде суретшілер одағынының мүсіншілерін де қала әкімшілігі шақырғанын айтты.

– Біздің бұл жобаға қатысты ұсыныс-пікіріміз ескерілген жоқ. 50 шақты суретшінің туындысын ұсынған едік. Бірақ олар еленбеді. Өзімізде мойындалмаған суретшілер қазір Еуропа мемлекеттерінде көрмеге қойып, үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Біз бұл жоба аясында мүсіндерді жасамасақ та, солардың жасалуын қадағалайық деп те ұсынған болатынбыз. Өйткені сырт елдің суретшілері біздің талап пен талғамға сай жасай бермейді, – дейді суретші.

Бес жылға пайдалануға берілген арт-объектілер

"Кеме East 45" дала кинотетарының авторы Эльдар Хасанов бетон мен шереден жасаған. Жаз мезгілінде ғана пайдалауға болатын кинотеатрдың көрсетілім репертуарын Алматы тұрғындары өздері таңдайды. Тұрғындардың бірге уақыт өткізетін, танысып демалатын, әңгіме-дүкен құратын демалыс орны ретінде жасалғанмен, кинотеатрға барған адамды көрмедік.


Аспан астындағы кинотеатр

Аспан астындағы кинотеатр / Фото informburo.kz


Сонымен қатар Жібек жолы көшесіне қойылған бағыт нұсқаушы "Геометка" – дала кинотеатры секілді бес жыл мерзімге қойылған арт-объект.

2018 жылы қойылған 16 арт-объектіге қала әкімшілігі 78 млн теңге жұмсаған. Келесі жылы 60 арт-объект жоспарланғанмен, бұл мүсіндерге қанша қаражат қарастырылғаны әлі жарияланған жоқ.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары