Тікелей эфир

Алматыда ең үздік атанған мұғалім автокөлік ұтып алды. Жаңалықтарға шолу

Qazaq Banki салымшыларына қаражаттары BTБ банкі арқылы қайтарылатын болды. Астана – Душанбе әуе рейсі ашылды.

Қазақстанда белсенді шағын кәсіпорындар саны бір жылда 15 пайызға артты

Биылғы жылдың қараша айының соңындағы көрсеткіштер бойынша Қазақстанда 279,2 мың кәсіпорын тіркелген. Жылдық өсім 9,4%-ға тең. Шағын кәсіпорындар саны 270,6 мыңға жетті. Былтырғы жылмен салыстырғанда 9,6%-ға өскен. Олардың ішінде белсенді кәсіпорындардың үлесі – 57,6% немесе 155,9 мың, жылдық өсім – 15,1%. Сауда, құрылыс және білім беру саласында белсенді кәсіпорын санының артқаны байқалады. Олардың көбі Алматы, Астана және Қарағанды облыстарында тіркелген.

Адамзат еркіндігінің индексі: Қазақстан әйел қауіпсіздігі бойынша ең жоғары балл алды

Әлемдегі 162 елдің ішінде қауіпсіздік рейтінгінде еліміз 90-шы орында. Саяси қысым, БАҚ-ын бақылау, БАҚ туралы заңнама, саяси партиялар, діни және кәсіптік ұйымдар құру бойынша Қазақстанға ең төменгі балл қойылған.
Еркіндік индексінің үздік бестігіне: Жаңа Зеландия, Швейцария, Гонконг, Австралия және Канада кірген. Ресей бұл тізімде 119-шы, Қытай 135-ші, АҚШ 17-ші.

Qazaq Banki салымшыларына ақшалары BTБ банкі арқылы қайтарылады

Өтемақы алты ай ішінде төленетін болады – 2018 жылғы 24 желтоқсанынан бастап 2019 жылғы 24 маусымға дейін. Ол үшін жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлер – "Qazaq Banki" АҚ-ның клиенттері BTБ банктің Қазақстан аумағындағы кез келген филиалына немесе бөлімшесіне жүгінуге құқылы. Салымшыларға қосымша ақпаратты агент-банктің анықтама қызметінің 5050 нөмірінен (мобильді телефоннан қоңырау шалу тегін) алуға болады

Оралдан Алматыға қатынайтын жолаушылар пойызы бағытына өзгеріс енгізіледі

2019 жылдың 2 қаңтарынан бастап пойыз Қарағанды, Астана, Тобыл қалалары арқылы жүретін болады. Күнара жолға шығады. Бұрын Оңтүстік өңір арқылы жүретін пойыздың бағытындағы өзгерісті "Жолаушылар тасымалы" АҚ үнемдеу мақсатында жасалды деп мәлімдеді.

Алматыда ең үздік атанған мұғалім автокөлік ұтып алды

"Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі" атты байқауға 100-ге жуық мұғалім қатысқан. Байқау нәтижесі бойынша №159 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Ахметова үздік мұғалім деп танылып, оған автокөлік сыйға берілді. №140 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Н.Тұрымбетов отбасымен саяхаттауға жолдама ұтып алды. Бұдан бөлек, бірнеше мұғалімге 300, 500 мыңдық ақшалай сыйлықтың сертификаттары табыс етілді.

Жыл сайын 100 млн адам медициналық қызметке жұмсаған шығындардың салдарынан кедейлік қамытын киеді

Біріккен Ұлттар Ұйымы осындай мәлімдеме жасады. Әлемдегі халықтардың 50%-на жуығының сапалы медициналық көмекке қолы жетпейді, оны алуға мүмкіндігі жоқ. Медициналық қызмет жоғары сапада және тиімді көрсетілуі тиіс. Халық оған ақы төлеп, қаржылық қиындыққа тап болмауы тиіс деп есептейді БҰҰ.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы ұзарып келеді. "Бірыңғай Жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ның шетелдік сарапшылардың көмегімен жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы қазақстандық ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 81, әйелдердікі 82,2 жасқа жеткені анықталған. Яғни, зейнетке шығу жасынан соң азаматтар орташа есеппен 18 жыл өмір сүреді екен. Демографиялық қартаю шкаласына сәйкес елде 60 жастағы әрі одан үлкен жастағы адамдардың үлес салмағы 12%-ға жеткенде ғана халықтың демографиялық қартаюы тіркеледі. Қазақстанда қазір бұл көрсеткіш 11,3% болып отыр.

Baq.kz: Астана-Душанбе" әуе рейсі ашылды. SCAT әуе компаниясы Қазақстан мен Тәжікстан астаналары арасында алғашқы тікелей әуе рейсін ашты. Рейс аптасына екі рет, әр жұма және жексенбі күндері жасалады. Тариф бір бағытқа 44 мың теңгеден, екі жаққа 86 мың теңгеден басталады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары