1 қаңтардан бері Алматыда "Сергек" камералары 5 273 жол ережесін бұзу дерегін тіркеген. Жүргізушілерге салынған айыппұл сомасы – 60 млн теңге.
Қала тұрғындарын "айыппұл кімнің қалтасына кетеді?" деген сауал мазалайды. "Сергек" жобасын әзірлеген "Көркем Телеком" ЖШС аймақтық директоры Руслан Асаубаев бұл сұраққа жауап берді.
Оқи отырыңыз: "Сергек" камераларына түспеудің амалдары (видео)
"Біздің компания айыппұлдардан қандай да бір қаржы алады деген жалған ақпарат. Біздің оған ешқандай қатысымыз жоқ. Айыппұлдар бірден жергілікті бюджетке түседі. Бізге жобаны жүзеге асырып, қызмет еткенімізге ақы төленеді", – деді "Көркем Телеком" ЖШС аймақтық директоры Руслан Асаубаев.
Оның сөзінше, қала әкімдігі Ішкі істер департаментіне қаржы бөледі. Департамент мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурс ұйымдастырады.
Оқи отырыңыз: "Сергек" неге сеніп отыр? Жүргізушілерге қажетті тың ақпарат
"Конкурсты жеңдік. Әр айға алатын абоненттік төлем – 53 млн теңге. Сонда әр кешенге қызмет көрсету ақысы – 130 мың теңге. Конкурстық рәсімдерге байланысты қаңтар айының шарты бүгін ғана жасалды. Сонда да біз өз қаржымызға қызмет көрсетудеміз", – деді ол.
Оның айтуынша, "Сергек" камераларының арқасында 2018 жылдан бастап Нұр-Сұлтанда жолдағы өлім 40 пайызға азайған:
- 2017 жылы – 60;
- 2018 жылы – 34;
- 2019 жылы – 36 өлім.
Ал Алматыда жол апатынан қаза табу оқиғалары әлі де азаяр емес:
- 2018 жылы – 134;
- 2019 жылы – 161 өлім.
Оқи отырыңыз: Астаналық жүргізушілер "Сергекті" алдап жүр. Жаңа жылдан бастап бақылау күшейеді
Алматыда "Сергектің" 404 кешені жұмыс істейді. Оның 310-ы – сызық учаскелерінде, 94-і – жол қиылыстарында. Камералар жылдамдықты асыру және жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тіркейді.
Алматы қаласының полиция департаменті ақпараттық жүйелер басқармасының бастығы Ольга Агафонова "Сергек" камераларындағы бейнежазбалар архивінің полицияға қолжетімді болуын сұрады.
Руслан Асаубаевтың сөзінше, департаменттің техникалық тапсырмасында мұндай талап болмаған.
"Келісімшартқа сай жұмыс істейміз. Бұл қызметті техникалық тапсырмада болмаған соң қоспадық. Нұр-Сұлтан, Өскемен, Атырауда осы функция бар. Департаменттен сұраныс жақында ғана келіп түсті. Тіркеу үшін электронды пошта сұрағанда, ақпараттық қауіпсіздік сақталмаған mail.ru поштаны жіберді", – деп жауап берді "Көркем Телеком" өкілі.
Департамент қорғалған электронды пошта жіберген соң, бірден осы қызмет ашылған. Руслан Асаубаевтың айтуынша, полиция дәл қазір бейнежазбалар архивін көре алады.