Тікелей эфир

"Алкогольсіз сусын өндірушілер банкротқа ұшырайды". Құрамында қанты бар сусындарға акциздік салық енгізу неге соқтырады?

Тәтті шырындарға акциз енгізу отандық кәсіпорындардың жабылуына әкеледі, олардың орнын шетелдік өндірушілер басады.

Денсаулық сақтау министрлігі 2021-2025 жылдарға арналған "Дені сау ұлт" ұлттық жобасы аясында мемлекеттік органдармен бірлесіп, лимонадты, яғни құрамында қант бар кез-келген алкогольсіз сусындарға 7 пайыздан бастап акциздік салық енгізбек. Ал 2025 жылға қарай салық көлемін тіпті 45 пайызға дейін көтермек. Осылайша, сусындардың бағасын қымбаттатып, балалар арасында семіздіктен және қант диабеті ауруынан құтылмақ. Алайда, бұл бастама сала мамандарының ашуын келтірді. Тәтті шырындарға акциздік салық енгізу неге әкеліп соғуы мүмкін? Іnformburo.kz сарапшылардың пікірін ұсынады.

Бес жыл ішінде бүкіл өнеркәсіп жойылады

Қазір елімізде құрамында қант бар сусын шығаратын 431 компания бар. Олардың ішінде шағын компаниялар 95,4% пайызды құрайды. Жаңа бастама жүзеге асса, дәл осы шағын бизнес айтарлықтай зардап шегеді дейді сала мамандары. Олардың айтуынша, сусынның бұл түріне салықты көтеру  алкогольсіз сусындар нарығын монополияландыруға әкеледі. Сарапшылардың пікірінше және экономикалық зерттеулер институтының болжамдары бойынша, көптеген сусын өндірушілер банкротқа ұшырап, баға өседі және өндірістің жартысына жуығы қысқарады. Осылайша, бес жыл ішінде бүкіл өнеркәсіп жойылады. Есесіне нарықты шетелдік тауарлар жаулап алады.

"Бұл "шағын және орта бизнесті қолдау керек" деген Президенттің тапсырмасына кереғар шара. Осы саланың өзінде 12,6 мыңға жуық жұмыс орны, оған қоса аралас салаларда 7-10 мың жұмыс орны жабылатын болады. 20 пайыз акциз енгізілгенде өндіріс 26,4%-ға төмендейді. Өндірістің құлдырауы жұмыссыздықты тудырады, содан кейін жалақы қорынан бюджетке түсетін түсімдер азаяды. Бұл саладағы орташа кірістілік 15% болғандықтан, қосымша жүктеме тұтынушыға түседі. Демек, бағаның күрт өсуіне және сатып алу сұранысының төмендеуіне әкеледі", – деді "Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер" қауымдастығының басшысы Әлия Мамытбаева.


Оқи отырыңыз: Қытайдан келген кәсіпкер: Қазақстанда іскер адамды қолдау деңгейі мүлде төмен


Қазақстандықтар қантты үйде көп тұтынады

Салықты көтеруді ұсынушылардың дерегінше, "мектеп жасындағы балалар қантты сусындарды үнемі тұтынады, олардың 50%-ы тіпті апта сайын тәтті шырын ішеді. Дегенмен, Әлия Мамытбаеваның сөзінше, қантты сусынды жиі тұтыну мен семіздіктің арасында байланыс барын дәлелдейтін нақты ғылыми зерттеулер жоқ. Қауымдастық басшысының мәліметінше, құрамында қант бар сусындарға акциз салығын енгізу туралы ұсыныстың объективті негіздері де жоқ. Өйткені Қазақстанда қанттың 55%-ы "қасықпен", яғни тікелей тұтынылады. Сонымен бірге құрамында қант бар алкогольсіз сусындар барлық өнімдерде тұтынылатын жалпы қанттың көлемінің 10%-нан аспайды, ал олардың калориялы құрамға қосатын үлесі шамалы ғана және 2,3%-дан жоғары емес. Сондықтан мамандандырылған қауымдастық өкілдері акцизді қант қосылған сусындар сияқты шағын секторға салудан бастауды жоспарлап отырғанына таңдануда.

"Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер қауымдастығы халықтың құрамында тұз, қант, май, транс майлары көп өнімдерді тұтынуын азайту жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарын әзірлеуді құптайды және қолдайды. Бірақ, аталған тізімдегі өнімдердің тек біреуіне ғана, атап айтқанда – құрамында қант бар алкогольсіз сусындарға акциздік салықты енгізу туралы ұсынысты құптамайды. Мемлекет барлық басқа санаттарды айналып өтіп, оларға салық енгізбей тек бізді ғана шектеп жатқаны кемсітушілік шара болып көрінеді. Әсіресе Қазақстандағы сусындар арқылы қантты тұтыну, жалпы қантты тұтынудың тек 10 пайызын құрайтынын ескерсек", – деді Әлия Мамытбаева.

Бюджетке түсетін салық кемиді

Сарапшылардың пікірінше, егер сусындардың бұл түріне акциз енгізілсе, жалақы қорынан бюджетке түсетін салық түсімдері 5,8 миллиард теңгеге, ал негізгі капиталға жыл сайынғы салымдар 6 миллиард теңгеге азаяды. Салықтың барлық түрлерінен бюджетке түсетін түсімдер 15,2 миллиард теңгеге кемиді.

Ал "Аман-саулық" қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменованың дерегінше, тәтті сусындарға акциз енгізуге пандемия түрткі болуы мүмкін. Себебі, бүкіл әлем бойынша пандемия кезінде созылмалы аурулары барлар –  жүрек, қан-тамырлары ауыратындар, өкпесі сырқаттанғандар және қант диабетіне шалдыққандар көп қайтыс болды. Сондықтан, осындай науқастардың санын азайту мақсатында тәтті сусындарға шектеу қою, бір ғана шара болуы мүмкін. Бірақ, сарапшы бұл сырқаттар дұрыс тамақтанбау, жеткіліксіз физикалық белсенділік, алкогольді шектен тыс тұтыну, темекі мен есірткі шегуден де болатынын еске салды.

"Қалыпты мөлшердегі қант, ағзаның үздіксіз жұмыс істеуі, мидың дұрыс дамуы үшін қажет. Алайда, мемлекет "ұлттың денсаулығы үшін қажет" деген сылтаумен, салықты көтеру арқылы қант қосылған сусындар шығаратындармен күресуді бастағанда, қанттың әлеуметтік өнім екенін ұмытып отыр. Біздің халқымыздың жартысына жуығы ауылда тұрады және олардың күн сайын балаларына тәтті сусындар сатып алуы екіталай. Ал балалар бәрібір қант себілген нан мен майды күнделікті жейді. Сондықтан бизнеспен күресудің қажеті жоқ, бірақ бала кезінен бастап халықтың тәттіге дұрыс көзқарасын қалыптастыру керек. Денсаулық адамның ұстанған өмір салтына тікелей байланысты екенін түсіну қажет. Мемлекет халықтың дұрыс өмір салтын ұстануы, өз денсаулығына, тамақтануға саналы және жауапкершілікпен қарауы үшін ағарту жұмыстарын жүргізуі керек", – деді Бақыт Түменова.


Оқи отырыңыз: Энергетикалық сусын – елірткіш жаңа есірткі ме, әлде жай сусын ба?


Кәсіпкерлерді құрамында қанты аз сусындар шығаруға ынталандыру керек

Бақыт Түменова мемлекет бизнесті салықпен өлтірмей, таңдау мүмкіндігі болуы үшін кәсіпкерлерді нөлдік деңгейдегі қантпен немесе жасанды тәттілендіргішпен баламалы сусындар өндіруге ынталандыруы керек деп санайды. Әрі, тәтті сусындарға шектеу салғаннан гөрі, ақпараттық жұмыс жүргізген дұрыс деп есептейді. Оның пайымдауынша, адамға қандай өнімді шектен тыс тұтынса, денсаулығына қандай әсер беретінін дұрыс түсіндірген жөн. Сонда әркім өзінің өнімді тұтыну нормасын біледі.

"Бүгінгі күні қант диабетіне шалдығудың себебі артық салмақ емес. Бұл генетикалық бейімділік. Қант диабетіне күдік туған науқас дәрігерге қаралуға келгенде, медицина қызметкерінің бірінші қоятын сұрағы "сіздің тұқымыңызда осы дертпен ауырғандар бар ма?" Себебі, көбінесе бұл тұқым қуалайтын дерт. Бүгінгі күні семіздік пен диабеттің көбеюіне транс майлар, фастфуд, тұз, өзге де тәтті тағамдар әсер етіп жатыр. Ұн өнімдерін көп тұтынғаннан артық салмағы көптер көбейіп жатыр. Осыларды ескерсек, тәтті сусындарға шектеу қою қисынсыз", – деді Бақыт Түменова.

Семіздіктің белең алуына қантты сусын ғана емес, басқа да факторлар әсер етеді

Сарапшылардың пікірінше, елімізде семіздік дертінің дендеп бара жатқанын жалғыз тәтті сусындарға жабу дұрыс емес. Артық салмақтан зардап шеккендерге, белсенділік пен қимыл-қозғалыстың жоқтығы кесірін тигізіп отыр. Мамандардың дерегінше, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатын қазақстандықтардың саны тым төмен. Сондай-ақ, отандастарымыз күнделікті көбінесе ет, нан және ұннан жасалған өнімдерді жиі тұтынады. Осының барлығынан семіздік белең алып жатыр. ДДСҰ аурулардың алдын-алудың негізгі көзі ретінде тұз бен транс май қышқылдарын тұтынуды төмендетуді ұсынады. Өйткені, бұл арқылы тиімді нәтижеге қол жеткізуге болады.

Ресей медициналық ғылымдары академиясы тамақтану институтының аналитикалық зерттеу әдістері зертханасының жетекшісі Константин Эллердің айтуынша, мұндай жасанды және негізсіз шаралар мен тыйымдар тек өнімнің бағасын көтереді. Бірақ, қазақстандықтардың қандағы қант деңгейіне әсер етпейді.

"Жаман немесе жақсы азық-түлік деген ұғым жоқ. Ең бастысы теңестірілген тамақтану, қолжетімді диета, дұрыс тамақтану әдеті болуы керек. Ал белгілі бір тауарды қауіпті деп бөліп, оны акциз арқылы шектеу дұрыс емес. Қант қосылған сусынға келсек, күнде үйде ішіп жүрген кофемізде, шәйде және компотта да қант қолданамыз. Олардың барлығының құрамында 10% қант болады. Сондықтан, белгілі бір тауарды қант үшін ғана шектеу қателік", – деді Константин Эллер.


Оқи отырыңыз: Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?


Қантты сусындардың бағасын алкогольді сусындармен теңестірсе, халық сөзсіз спирттік ішімдікті таңдайды

Ресейдің жоғары экономикалық мектебінің зерттеуі мұндай сусындарға акцизді енгізу сату көлемінің төмендеуіне және басқа салықтардың жоғарылауына әкелетінін көрсеткен. Ал, Ресейдің "Шырындар, су және сусын өндірушілер одағының" президенті Максим Новиковтың айтуынша, акциздік салық қолданған шет елдерде тәтті сусындарды тұтыну көрсеткіші сәл ғана төмендеткен. Сондықтан, маман ұлт саулығы үшін мұндай шектеу жасау айтарлықтай нәтижесін бермейді. Тек жұмыс орындарын қысқартып, бизнесті тұралатып тастайды.

"Кім тәтті сусын ішкісі келсе, бірақ оған көп ақша төлегісі келмесе, оны басқа мемлекеттен алудың жолын қарастыра бастайды. Мысалы, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы көрші мемлекеттерінен сусындарды тасымалдай алады. Ресейге жақын өңірлер логистикалық хаб ұйымдастырып, арзан бағамен сусындарды жеткізе алады. Бұл қазақстандық кәсіпорындарға соққы болады", – деді Максим Новиков.

Максим Новиковтың айтуынша, қантты алкогольсіз сусындарды тұтыну қанттың жалпы тұтынылуына өте аз үлес қосады. Адамдардың 55%-дан астамы қантты шай ішіп отырып, түрлі джем, тосап және басқа да өнімдер арқылы тұтынады. Сондай-ақ, ол жоғары экономика мектебі жүргізген зерттеулерді мысалға келтіреді.

"Қантты сусындарға акциздік салық енгізу бюджет үшін тиімсіз.  Сатылымдар мен басқа да көрсеткіштер төмендейді. Ал екінші нәтиже – осындай шаралар енгізілген елдерде, нарықта құрамында алкоголь бар сусындардың бағасы мен алкогольді ішімдіктердің бағасы теңестірілген. Екеуінің де құны бірдей болса, халық әлбетте алкоголді сусындарға ауысады. Сонда, салауатты өмір салты үшін қолға алынып жатқан шара, тиімсіз ғой?", – деді ол.

Отандық сарапшылар адамдардың тамақтану және қозғалыс дағдыларын өзгерту жөніндегі, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде тұтынуды, теңгерімді тамақтануды және физикалық белсенділікті одан әрі дамытуды насихаттайтын бірыңғай жалпыұлттық бағдарлама қажеттігін алға тартты. Бұл бағдарламаны жасауға мемлекеттік ұйымдар да, қоғам өкілдері де, бизнес құрылымдар да қатысуы керек дейді олар.

Серіктестер жаңалықтары