Тікелей эфир

42 500 теңге. Екінші айда әлеуметтік төлемді 16 сәуірге дейін өтініш бергендер алады

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталатынына байланысты Еңбек министрлігі түсініктеме берді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақының екінші төлемін 16 сәуірге дейін өтініш беріп үлгерген қазақстандықтар ғана алады.

Төтенше жағдай режимі ағымдағы жылғы 16 наурызда енгізілді. Төлемді есептеу үшін бірінші ай 16 наурыздан бастап 15 сәуір аралығы алынады. Қазіргі төтенше жағдай бойынша екінші ай – 16 сәуірден 11 мамырға дейін.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алғандар жауапқа тартыла ма? Министр түсіндірмесі

"16 сәуірге дейін өтініш берген азаматтар (әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қашан жасалғанына қарамастан), төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер тағайындау ережесінде көрсетілген шарттарды сақтай отырып, 42 500 теңге төлемге екінші айда үміткер бола алады" делінген министрліктің хабарламасында.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екінші айдың төлемі қашан түсетінін түсіндірген болатын. Оған сәйкес, 42 500 теңге әлеуметтік төлем төтенше жағдай кезінде бір рет тағайындалады және ай сайын төленеді. Мысалы, 25 наурызда алғашқы төлемді алса, екінші айға төлем 25 сәуірде түседі.

"Төлем алуға екінші рет өтінім беріп, құжат тапсырудың қажеті жоқ. Наурызда көмек ақша алған азаматтардың шотына 42 500 теңге төлем келесі айда автоматты түрде аударылады" деп хабарланған болатын.

Серіктестер жаңалықтары