Тікелей эфир

360 теңгенің түбіртегімен Алматы облысының тұрғыны автокөлік ұтып алды. Жаңалықтарға шолу

Жаңа жыл қарсаңында отандық әуе компаниялары рейс санын көбейтті. Келер жылдан бастап жәрдемақылар қаншаға өседі?

Жаңа жыл қарсаңында отандық әуе компаниялар рейс санын көбейтті

Барлық ішкі және халықаралық бір бағытқа қосымша рейс шығады.

"Эйр Астана" әуе компаниясы "Астана – Өскемен – Астана", "Астана – Шымкент – Астана", "Алматы – Астана – Алматы", "Алматы – Ақтау – Алматы", "Алматы – Шымкент – Алматы" бағыттарында ішкі рейстерге, "Астана – Бангкок – Астана" халықаралық бағытына ұшырады.

Ал, "SCAT" әуе компаниясы "Алматы – Петропавл –Алматы", "Алматы – Ақтау – Алматы", "Ақтау – Алматы – Ақтау", "Астана – Ақтау – Астана", "Астана – Талдықорған – Астана" бағыттарына рейс ұйымдастыратын болды.

Азаматтық авиация комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, биылғы жылдың 11 айында Қазақстанның әуе компаниялары 7,3 млн адамды тасымалдаған. Бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға (2017 жылы 6,8 млн адам) көп.

Қазақстанда жеделсатыларға техникалық қызмет көрсететін және жөндейтін, лифт жабдықтарын жеткізетін компанияларға қатысты жаңа стандарттар бекітілді

Онда лифтерді жеткізу, мерзімінде тексеруге, сондай-ақ сервистік компанияларға және олардың қызметкерлеріне қойылатын талаптар нақтыланған. Қазақстан ұлттық лифтшілері қауымдастығының төрағасы Е.Игібаевтың айтуынша, нормативтік-техникалық базаны реттейтін ешқандай құжаттың болмауына байланысты нарықта жауапкершіліктен жұрдай компаниялар қаптап кеткен.

"Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының" басқарма төрайымы С.Романовская ҚР заңнамаларында стандарттарды бұзғаны үшін компанияларға ешқандай жауапкершіліктің қарастырылмағанын алға тартты. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес ондайларға бұдан былай қомақты айыппұл салуға жұмыстануымыз қажет дейді ол.

Лифтшілер қауымдастығы ұсынған мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрғандарының үштен біріне жуығын (19 000 лифттің 6000) күрделі жөндеуден өткізу керек.

Балаларды мекен-жайға онлайн тіркеуге болады

Бұған дейін қызметті пайдалану үшін ата-аналар халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын еді.

Енді eGov.kz порталында 16 жасқа дейінгі балаларды тұрғылықты жері бойынша онлайн тіркеу қызметі пайда болды. Қызмет порталдың "Азаматтық, миграция және иммиграция" бөлімінде, "Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау" қосымша бетінде көрсетіледі.

Электронды цифрлық қолтаңбамен порталға кіргеннен кейін өтініш беруші "Онлайн тапсырыс беру" түймесін басып, ұсынылған бетті толтырады. Онда баланың ЖСН, келу мақсаты, тіркелу себебі және оны тіркейтін тұрғын үйдің меншік иесін көрсету міндетті.

Егер өтініш беруші жылжымайтын мүліктің меншік иесі болса, онда оған өз өңірін немесе мекен-жайдың тіркеу кодын көрсету және ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қою қажет.

Тұрғын үйдің меншік иесі үшінші тарап болған жағдайда, өтініш берушінің ЖСН-ын, жылжымайтын мүліктің мекен-жайын көрсетуі және меншік иесінің жеке кабинетіне келіп түсетін өтінімді жіберуі қажет. Меншік иесі өзінің келісімін ЭЦҚ арқылы растайды, одан соң өтінім берген азаматтың жеке кабинетіне түседі. Оған ЭЦҚ-мен қол қоюы қажет.

ҚР ІІМ жүйесіне түскеннен кейін өтінімнің өңделуіне 10 минуттай уақыт кетеді. Содан соң мәртебесі көрсетіледі. Әрі қарай порталдан баланың мекен-жай анықтамасын алып, тексеруге әбден болады.

360 теңгенің түбіртегімен Алматы облысының тұрғыны автокөлік ұтып алды

Мемлекеттік кірістер комитеті "Чек талап ет – жүлде ұтып ал" ұтыс ойынының жеңімпаздарын жариялады. Жеңімпаздар кездейсоқ таңдау жүйесімен анықталды. Алматы облысының Іле ауданы, Байсерке ауылының тұрғыны Орынбала Кәкенова бас жүлдені – "Азия-Авто" АҚ автокөлігін ұтып алды. 360 теңгенің түбіртегі оған осындай қомақты ұтыс әкелді. Науқанға қатысу үшін ол 2516 түбіртек жолдаған. Аймақтық ұтыс ойынында мультипісіргіш пешін ұтып алған.

Бірінші жұбаныш сыйлығына (теледидар) 585 теңгелік түбіртекпен Астана қаласының тұрғыны Ұлдай Ысқақова ие болды. Ол 2018 жылы науқанға қатысу үшін 2425 түбіртек жолдаған. Екінші жұбаныш сыйлығы (планшет) Алматы облысының тұрғыны Айнұр Охановаға (1196 түбіртек жолдаған) табысталды. "Ең белсенді салықтөлеуші" аталымында жыл басынан бері 91 мың түбіртек жолдаған Түркістан облысының тұрғыны Жанар Қозғамбаева жеңімпаз деп танылып, оған планшет сыйға берілді.

Науқан төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биылғы жылы 21 мамырда басталып, 6 ай бойына түбіртектер жинақталған. Осы кезеңдерде барлық аймақтарда, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында ұтыстар ойнатылды. Науқан барысында 30 мың азамат 2,3 млн түбіртек тапсырған. Ең көп түбіртек Алматы мен Түркістан облысының тұрғындарынан келіп түскен.

Атырау облысында балықтың жаппай қырылуынан келген залал – 5 млн теңге

Бұл дерекке қатысты екі қылмыстық іс қозғалған. Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Д.Баймағамбетовтың айтуынша, инспекторлар Жайық өзенінен 4 тонна 165 кг өлген балықты жинаған. Балық қорына 4 млн 200 мың теңге залал келген. Ал, ЖЭО қызметкерлері мен инспекторлардың Перетаска өзегінен 1 тонна 304 кг балық жинап алған. Залал– 1 млн 254 мың теңге. Бұл анықтамалардың барлығы қылмыстық іс материалдарына қосу үшін полиция департаментіне жолданған.

Балықтың қырылуына қатысты Атырау облыстық экология департаменті "Атырау Су Арнасы" ЖШС-ін тексеруді аяқталған. Енді тағы екі нысанда, бекіре балық өсіру зауыттарында тексеру жүргізілмекші.

Балық өле бастаған уақыттан бері алынған барлық сынама зертханалық тексеруге жіберілген. Алайда нақты себебін анықтау үшін уақыт керек деп отыр мамандар.

Сырттан әкелінген ет өнімдерінен сальмонелла және ішек құрты бактериялары анықталды

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті таратқан мәліметке сәйкес, Беларусь Республикасынан жеткізілген "Дружба" құс фабрикасының тауық етінен (Қостанай облысының сауда нысандарында) сальмонелла және ішек құрты бактериялары табылған. Ал Ресейдің "Омский бекон" АҚ өндірген "Измайловская", "Оригинальная" шұжықтарынан, "Сибирские колбасы" ААҚ-ның "Молочные" сосискасынан "Стародворские колбасы" ЖАҚ-ның "Ветчина столичная Вязанка" ет өнімдерінен, "Восходящая звезда" ААҚ-ның "Особоя" шұжығында (Солтүстік Қазақстан облысының сауда нысандарында) натрий нитратының салмақ үлесі артық болып шыққан. Ақмола облысында Ресейдің "Магнитогорский птицеводческий комплекс "Бройлерное производство" ААҚ өндірген тауық етінде, Жамбыл облысында "Птицекомбинат" ААҚ-ның тауық етінде микробтық тұқымдану көрсеткіштерінің сай еместігі анықталған.

Комитеттен хабарлағандай, қазір қауіпті өнімдерді сауда нүктелерінен алып тастау және жеткізушілерге қатысты әкімшілік сипаттағы шара қолдану жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: 27-29 желтоқсанда үскірік аяздың беті қайтады. Алдағы күндері, әсіресе түнде үскірік аяз сақталады. Дегенмен, батыс облыстарға қазірдің өзінде жылы әрі ылғалды ауа массалары келе бастаған. Олар шығысқа қарай жылжиды. Қар жауады, сондай-ақ оңтүстік-батыстан күшті жел соғып, ауа температурасы ақырын жоғарылай бастайды.

Kaztrk.kz: 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері өзгереді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала тууына байланысты берілетін бір реттік төлемдер 4,5 мың теңгеге артып, 95 950 теңге болды. Жаңа жылдан бастап 4-ші баласын босанған анаға бір реттік жәрдемақы 151 515 теңгеден 159 075 теңгеге немесе 7560 теңгеге көбейеді. І топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2 715 теңгеге өсіп, 57 021 теңге болады. ІІ топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 2 163 теңгеге артып, 45 438 теңге болады. Ал, үшінші топтағы мүгедектердің алатын көмегі 30 886 теңге немесе биылғымен салыстырғанда 1470 теңгеге артады.

Бұдан бөлек, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы да аздап артады. Мысалы, әкесі немесе шешесінен айырылған толық емес отбасылар бір бала үшін 25 541 теңге немесе қазіргімен салыстырғанда 1200 теңгеге көп көмек алады. Ал, бала кезінен І топ мүгедегін тәрбиелеп немесе күтім жасап отырған отбасылардың жәрдемақысы 1484 теңгеге өседі.

І топтағы мүгедек баланың күтіміне және оның асырауға 2018 жылғы жәрдемақы мөлшері 29 698 теңге болса, жаңа жылдан бастап 31 183 теңгеге көбейеді. Айыппұлдар мен түрлі салықтарға тікелей қатысты айлық есептік көрсеткіш келесі жылға 2 525 теңге болып бекіді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары