Тікелей эфир

21 мыңның жыры: жәрдемақыны алушыларға жаңа талап қойылады. Жаңалықтарға шолу

Елімізде депозит мөлшерлемелері көтерілді. Ақылы жолдар бойындағы ауылдар үшін тариф арзандады

Келер жылдан бастап Қазақстанға 53 елдің азаматтары визасыз келе алады

ҚР Сыртқы істер министрлігі елімізге визасыз кіре алатын мемлекеттер тізімін кеңейту туралы ұсыныс жасап отыр. Ведомствоның осындай қаулы жобасы 23-ші қыркүйекке дейін талқылау үшін Ашық үкімет порталына жарияланды.

Құжатта тізімге 12 елді қосу ұсынылған (41 елден 53 елге дейін көбейеді). Жарияланған қаулы жобасына сәйкес 2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Бахрейн, Ватикан, Вьетнам, Индонезия, Катар, Колумбия, Кувейт, Лихтенштейн, Оман, Сауд Арабиясы, Таиланд және Филиппин азаматтары 30 күнге дейін елімізге визасыз саяхаттай алады.

Министрліктің мәліметінше, 2005-2018 жылдары Қазақстанға нақ осы елдерден 876,3 млн $ инвестиция тартылған. Ведомство өкілдері біржақты тәртіпте тізімді кеңейту бұл елдерге біздің азаматтардың визасыз бару мүмкіндігіне қатысты келіссөздер жүргізуде салмақты дәлел болатынын алға тартып отыр.

Екі сотталған адамға химиялық кастрация жасалып жатыр

ҚР Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, олардың екеуі де кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған.

Мәжбүрлі түрде химиялық кастрация шарасы сот-психатриялық сараптама нәтижесіне қарай сот шешімімен тағайындалады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бері қылмыстық атқару жүйесіне химиялық кастрация жасауға 11 адам түсіпті. Олардың бәрі дәрігерлік-консультативтік комиссияның қарауынан өткені белгілі болды.

Семейден Нұр-Сұлтанға 5999 теңгемен ұшып келуге болады

FlyArystan әуе компаниясының осы бағыттағы алғашқы рейсі 4-ші қазанға жоспарланған. Ұшу ұзақтығы 1 сағат 15 минут рейстің ең арзан билеттері (бір бағытқа) 5999 теңгеден басталады.

Компанияның баспасөз қызметі 2020 жылдың 28-ші наурызына дейінгі осы бағыттағы әуе билеттері сатылымға шығып қойғанын хабарлады.

Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры пара берді деген күдікке ілінді

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүгін осындай ақпарат таратты. Ресми хабарламаға сүйенсек, Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Ғылым қоры" АҚ басқарма төрағасына ғылыми жобаларды қаржыландыру мәселелерін оң шешу және жалпы қамқорлыққа ие болу үшін 5 мың АҚШ долларын берді деген күдікке ілінген. Қазір осыған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Агенттік "Ғылым қоры" АҚ басқарма төрағасының үстінен де пара алды деген күдік бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру үшін жалпыұлттық шаралар жоспарының жобасын бекітті

Қаржы министрі Ә.Смайыловтың сөзінше, жоба 5 бағыт бойынша 81 іс-шарадан тұрады.

Үкімет басшысы Ә.Мамин құжатты Президент бекіткеннен кейін барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер алға қойылған міндеттерді шешуге жұмыла кірісуі тиіс деп отыр. Премьер-Министр жалпыұлттық жоспардың іс-шараларының орындалуына бірінші басшылар жеке жауапты болатынын қадап айтты.

Ірі және шағын бизнес өкілдері үш жылға корпоративті және жеке табыс салығынан босатылуы мүмкін

Президенттің 2-ші қыркүйектегі жолдауындағы осындай тапсырмасынан кейін бұл мәселені қазір Үкімет қарастырып жатыр. Қаржы министрі Ә.Смайыловтың айтуынша, өткен жыылы ірі және шағын бизнестің салығынан бюджетке 190 млрд теңге түскен. "Егер 2020 жылы мұндай компаниялар мен жеке кәсіпкерлерді салықтан босататын болсақ бюджет 200 млрд теңгеден астам қаржыдан қағылады" дейді вице-премьер.

Қазір 700 мың жеке кәсіпкер мен шағын бизнеске жататын 200 мың заңды тұлға салық төлеп жатқаны белгілі болды. Бюджет жоғалтатын қаржының орнын қаржы министрлігі салықтық және кедендік әкімшіліктердіру шарасын жақсартумен толтыруды жоспарлап отыр.

Елорданың білім басқармасының басшысы өз кабинетінің еденін жуды

Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасының басшысы Ә.Жанғозин Facebook-тегі парақшасында #өзіңненбаста эстафетасын бастағанын хабарлады.

Басқарма басшысы әлеуметтік желідегі жазбасында соңғы күндері былтырдан бастап елордалық мектептердегі бастамаға қатысты көптеген пікірталастың туындағанын атап өтіпті. Оқушыларға мектеп ғимаратын тазалау кезінде техникалық қызметкерлерге көмек беру дегеннің әр оқушының еден жууы керектігін білдірмейді дейді Ә.Жанғозин.

"Бастама асханада ыдыстарын жуатын жерге апару немесе сабақтан кейін жұмыс орнын таза ұстау, кейбір жағдайда сыныптар мен дәліздерді жинауға көмектесу сияқты жұмыстарға қатысы көтерілді. Бұл біздің балаларымыздың бойында басқа адамдардың еңбегін құрметтеу және қоршаған ортаға күтіммен қарау дағдыларын дамыту үшін жасалады. Әрине, балалардың қалауы бойынша ғана іске асатын шаралар екенін ескертеміз" деп жазады ол.

Осылайша Ә.Жанғозин сырттан бақылаушы рөлін атқармас үшін, өзінің бүгіннен бастап әр кеш сайын кабинетін тазалау арқылы техникалық қызметкер әйелдердің жұмысын жеңілдетіп, көмектесуге шешім қабылдағанын айтады.

Білім басқармасының басшысы елордалық білім беру ұйымдарының басшыларына эстафетасын жолдай отырып, бұл жұмысты балаларға ешқандай қиын емес және ұятты емес екенін көрсетуге шақырды.

Оқушыларға еден жуғызу мәселесіне қатысты Білім министрі А.Аймағамбетов пікір білдірді.

– Білім және ғылым министрлігінің күн тәртібінде оқушыларға еден жуғызу мәселесі тұрған жоқ. Оның үстіне бұл шара бүкіл елде жүзеге асырылмайды. Мектеп бюджетінде әкімшілік-техникалық персоналға қаражат пен штат қарастырылған. Мұндай жұмыс оқушылар мен ата-аналардың рұқсатымен ғана жасалуы тиіс, – деді Министр.

Елімізде депозит мөлшерлемелері көтерілді

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің 9%-дан 9,25%-ға дейін көтерілгенін жариялады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры базалық мөлшерлеменің артуынан кейін мерзімсіз салымдар бойынша ұсынылатын ең жоғары мөлшерлемені 9,5%-дан 9,8%-ға дейін арттыратынын хабарлады.

Қор бұл өзгерістердің бүгін 10 қыркүйекте күшіне енетінін, бірақ екінші деңгейдегі банктер депозиттер бойынша қолданыстағы мөлшерлемелерді бұрынғы деңгейде сақтауға немесе оларды кейінірек арттыруға құқылы екенін мәлімдеді.

Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін кем дегенде 6 ай тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеуде тұру керек

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алу тәртібі өзгергенін хабарлады. Енді жәрдемақы алуға үміткер тұрғылықты мекен-жайы бойынша кемінде алты ай мерзімде тұрақты не уақытша тіркеуде тұрғаны туралы анықтама ұсынуы керек.

"Жұмыспен қамту орталықтарына кейбір азаматтар жәрдемақыны тағайындату үшін әдейі уақытша тіркеуде тұрғанын растайтын құжаттар тапсырған" деп түсіндірді енгізіліп жатқан жаңалықты орталық мамандары.

Атаулы әлеуметтік көмек мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған электронды құжаттар негізінде тағайындалады. Алайда мемлекеттік органдар жүйесіне кейбір деректер тек 2008 жылдан бастап енгізілген. Бұл алимент бойынша берешектер, бала асырап алу, бала тууға байланысты ақпараттар.

"Егер жүйеде мәліметтер болмаса, жұмыспен қамту орталығының маманы сұраным жасайды. Оған жауап 30 күн ішінде келуі тиіс. Енді жәрдемақыға үміткерлер әтаулы көмекті алуға растайтын құжаттарын өздері де тапсыра алады" деп түсіндірді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті Анархан Дүйсенова.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Жастарға берілетін баспана: Бағдарламаға қалай қатысуға болады. Ережеге сәйкес, бірінші кезекте 29 жасқа дейінгі жас жігіт немесе бойжеткен ресми түрде Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкент қаласының тұрғыны болуы тиіс. Сондай-ақ, ережеге сәйкес, жас адамның тұрақты жұмыс орыны болуы және жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Бұдан бөлек үміткердің банкте шоты болуы тиіс. Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы 2021 жылға дейін жұмыс істейді.

24.kz: Ақылы жолдар бойындағы ауылдар үшін тариф арзандады. Олар небәрі 1000 теңге төлеп, 365 күн тақтайдай тегіс жолмен жүре алады. Бір жылдық абонементті алу үшін операторға жолығу керек (төлем қабылдау пунктінде). Жеке куәлік пен автокөліктің техникалық құжатын ұсынып, өтініш жазылады. Сосын 1000 теңге төлем жасап, чек алады. Байланыс телефондары +7 (7172) 64-87-92, +7 (7172) 64-87-85.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары