Тікелей эфир

21 мыңның жыры: жәрдемақы неге кешікті? Алматыда аналар алаңға шықты. Жаңалықтарға шолу

Полициямен мобильді қосымша арқылы байланысуға болады. Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша бірінші орынға шықты.

Экология министрі #TazaQazaqstan акциясын жариялады

Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі жазбасында Астана маңындағы су қоймаларының жағдайы көңіл көншітпейтінін атап өтті. Бас эколог проблеманы әкімшілікпен әдіспен ғана емес, қоғамның да атсалысуымен шешу мүмкін деп есептейді. Министр науқанның Қоянды су қоймасын тазалаудан басталатынын хабарлап, барлық азаматтарды, қоғам қайраткерлерін, Үкімет мүшелері мен экология белсенділерін оған қатысуға шақырды.

Қатысушылардың 20 шілдеде 8:00 бен 8:30да Триатлон паркі тұрағынының жанында (кiру Момышұлы мен Қошқарбаев қиылысынан) жиналатыны белгілі болды.

Алматылықтар полициямен мобильді қосымша арқылы байланыса алады

Алматы полициясы бұқарамен байланыс орнату мақсатында infogov мобильді қосымшасын іске қосады. Қалалық полиция департаментінің басшысы С.Күдебаевтың айтуынша, бұл қызмет азаматтарға әртүрлі келеңсіз жайттарды суретке, бейнетаспаға түсіріп, аудио жазып алуға мүмкіндік береді. Одан соң смартфонға орнатылған мобильді қосымшаны пайдаланып, серверге жіберуге болады. Полиция азаматтардан келіп түскен деректерге сүйене отырып, хабарламалар картасын жасайды және оқиғаларының алдын алу үшін ақпаратты талдайды.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңда департаменттің ресми сайтында "Басшы блогы" ашылған. Азаматтар ол арқылы сұрақтарына жауап ала алады және тұрғындарға уақытылы көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері осындай 1310 өтініш түскен.

Қазақстандық көлік сатып алушылардың 40 пайызы 10 млн-нан қымбат көлікті таңдапты

Биылғы жылдың алғашқы алты айында қазақстандықтар 282,5 млрд теңгенің 30 754 жаңа көлігін сатып алған. Жеңіл көліктің орташа құны 8,8 млн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға көп.

Сатып алушылардың үштен біріне жуығы (29,3%) 5 млн теңгеден қымбат емес автомобильдерді таңдапты. 10 млн-нан жоғары сомада тұратын автокөліктерді сатып алушылар саны биыл 13%-ға өскенге ұқсайды. Өйткені бизнес-сыныптағы жеңіл көлікті иемденгендер 37,8%-ды құраған.

Ең қолжетімді жеңіл модельдер рейтингінде ұсыныстардың жартысы Қазақстандағы автоөндірушілерге тиесілі. Бағасы төмен көліктер арасында 3,1 млн теңгеден басталатын Lada Granta көш бастап тұр.

Ниеттенген адам мемлекеттік қызметті онлайн алады

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорация басқармасының төрайымы Әсемгүл Балташева осылай деп мәлімдеді. Кеше Президент Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік қызметтердің бесіншісі электронды түрде көрсетілетініне қарамастан Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек көптігін айтып, наразылық білдірген еді.

Корпорация басшысының мәліметіне сүйенсек, жаз айларында халықтың еңбек демалысына шығуына байланысты орталықтарда кезек көбейеді.

– Бұл ең алдымен демалушылардың сапарға шығуға қажет құжаттарын жасатуымен байланысты. Ал еңбек демалысына шыққан азаматтар бос уақытында баспана құжаттарын жасатып, тұрақты тіркеуге тұрып, көліктерін сатып, жаңасын алып жатады, – дейді Ә.Балташева. Корпорация басшысы қазақстандықтарды халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп цифрлық қолтаңба алуға, әрі қарай қызметтерді үйде отырып онлайн алуға шақырды.

Елімізде самокаттардың қозғалыс ережелері әзірленеді

Бұл туралы Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Ә.Кеңісбаев хабарлады.

– Оларды реттеу мен бақылау мәселесі туындап отыр. Шындығында, заңнамаға сәйкес электрлі самокаттар мен мопедтерді басқару құқығын алудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, сәйкесінше оның құрылымы мен техникалық жағдайына бақылау жүргізілмейді. Осы тұрғыда шаралар қолданып, тәртіпке саламыз, – дейді Ә.Кеңісбаев. Бұл ретте сала басшысы самокаттардың мопедтерге теңестірілгенін, соған сәйкес олардың велосипед жолымен жүру керектігін атап өтті. Жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда оларға да 2 АЕК көлемінде айыппұл салынатыны белгілі болды.

Айтуынша, бұл мәселелер халықаралық тәжірибе негізінде зерттеледі. Қазір осы тақырып төңірегіндегі проблемалар Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де туындап жатыр. Тәртіпке салу шаралары қалай болғанда да Қазақстанның кеден одағына кіргені ескеріліп жүзеге асырылады.

Арыстағы мал өлекселері көмілген жердің бәрі бақылауда

Сібір жарасының қаупі жоқ. ОҚО аумақтық инспекцияның биологиялық қауіпсіздік бөлімінің жетекшісі Әбдіразақ Елберген осылай деп мәлімдеді. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі қала аумағын оқ-дәрілерден тазалау барысында саперлердің сібір жарасы болуы мүмкін мал өлекселері көмілген жердің қараусыз қалғанын хабарлаған болатын.

Инспекция өкілі Арыстағы жарылыстан кейін үш күннен кейін мамандардың сібір жарасымен ауырған малдың өліктері көмілген орындарды тексергенін мәлім етті. Айтуынша, мал өлекесені көметін жер нормативтерге сәйкес, аумағы зақымдалмаған.

Тоқаев Мемлекеттік басқаруды дамытудың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды

Президент бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованы қабылдады. Анар Жайылғанова кадрлік резервін құру және көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады. Мемлекет басшысы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға және мемлекеттік басқарушыларға қойылатын талапты күшейтуге тиісті Мемлекеттік басқаруды дамытудың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Жәрдемақы не үшін кешіктіріліп жатыр?

Алматылық көпбалалы отбасылар тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекті маусымнан бері ала алмай отыр. Бүгін Алатау аудандық әкімдігінің алдына 50-ге жуық көпбалалы ана жиналды. Олардың бәрі де жәрдемақыларының бір айдан астам уақыт кешіккеніне шағымданып келіпті. Төлемнің шілдеде де кешігетін түрі бар деп қауіптенеді.

Жиналғандарға басу айтуға Алатау ауданының әкімі Ш.Рыспаев келді. Ол жәрдемақының кешігуін қаражаттың республикалық бюджеттен түспеуімен байланыстырды. Әкім атаулы әлеуметтік көмек иелеріне маусым айы үшін жәрдемақы апта соңына дейін түседі деп уәде берді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Бес облыста күн 45 градусқа дейін ысиды. 17-19 шілде күндіз Қызылорда, 18-19 шілдеде Маңғыстау, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстарының кей аймақтарында 40-45 градус аптап ыстық болады. 17 шілде күндіз Қостанай облысының кей жерлерінде күн 35 градусқа дейін ысиды. Солтүстіктен соққан жел кей жерлерде 18 м/с жетеді.

Baq.kz: Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша бірінші орынға шықты. Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда өзіне қол жұмсайтындар саны көп - 48,1%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш Түрікменстанда 15,8%, Өзбекстанда 13,6%, Қырғызстанда 13,4%-ға жеткен. Тәжікстанда суицид жасайтындар көрсеткіші біршама төменірек болғанымен, ол елде де суицид саны - 7,2%-ға жетіп, азаймай тұр .

24.kz: 1$ = 383,01 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 383,01 теңге болды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары