Кореяда жұмыста жүрген қазақтар жаппай елге қайта бастайды. Ресей зымыранының құлаған аумағындағы жағдай қандай? ҰБТ қыста да өткізілетін болады.
Елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Көшелерде қар тазалау жұмыстарына 100 арнайы техника мен 200 адам жұмылдырылды. Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы үш тәулікте Астанада жауын-шашын жауады, жолдарда көктайғақ болады. Қалалық әкімдік автокөлік жүргізушілерімен бірге жаяу жүргіншілерді жолда абайлап жүруге шақырады.
Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар алдағы алты айда елге қайта бастайды
КР Үкіметі 2018 жылғы 1 қазаннан 2019 жылғы 31 наурызына дейін Оңтүстік Корея аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарына «жасыл дәліз» режімін енгізді. "Режим бойынша отыз күннен көп жүрген, сондай-ақ визасыз немесе жұмыс істеуге рұқсатсыз жүрген шетелдіктерге 6 ай мерзім ішінде елге еш кедергісіз оралуына болады. Бұл жағдайда оларға ешқандай айыппұл салынбайды және болашақта Оңтүстік Кореяға қайта баруына шектеу қойылмайды. Осы елдің аумағынан ерікті түрде шыққан қазақстандықтардың ҚР-дағы Корея Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінен тиісті виза алғаннан кейін, Кореяға заңды түрде кедергісіз қайта кіруіне мүмкіндіктері бар", – дейді ҚР СІМ ресми өкілі А.Смадияров. Министрліктің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері Кореяға 40 мыңға жуық қазақстандық сапарлаған. Оның 19 мыңы ресми тіркеуден өтсе, 12 мыңға жуығы – заңсыз иммигранттар.
Астанада ашылатын онкологиялық орталық протондық терапияны қолданатын ТМД-дағы бірегей емдеу мекемесі болмақ
Қазақстандықтар дертіне дауа іздеп шет ел асып, қыруар қаржы жұмсап шығынданбайды деп сендіреді Денсаулық сақтау министрлігі. Халықаралық ғылыми орталықта қатерлі ісік ауруын емдеудің ең озық технологиялары қолданылатын болды. Әлемнің озық елдерінде бар сәулелік, лазерлік, протондық терапия, диагностика, иммунитеттік емдердің бәрі бір орталықта көрсетіледі. Жылына 8000 ауруды қабылдай алатын ғылыми орталықта қазақстандықтар тегін емделеді.
Елбасы Ақтөбеде жаңа теннис орталығын ашты
Мемлекет басшысы аймақтарда спорт инфрақұрылымдарын салу салауатты өмір салтын дамытуға үлес қосатынын атап өтті. "Эйс" аталатын су жаңа спорт орталығында қарашада бірінші халықаралық турнир ұйымдастырылады. Заманауи спорт кешенінің құрылысына 2 млрд теңге қаражат жұмсалған.
Ақтаулықтар #бұлүшінақшатөлегімкелмейді үндеуін жариялады
Қала тұрғындары айналадағы келеңсіздіктерге жанайқайын биліктегілерге осылай жеткізуге мәжбүр. #бұлүшінақшатөлегімкелмейді (#нехочузаэтоплатить) хештегімен ақтаулықтар бір айдан бері ыстық судың орнына шүмектерден аққан сары лас судың видеоларын әлеуметтік желілерге жүктеп жатыр. Ең сорақысы, жағдай жыл сайын қайталанады деп налиды жергілікті жұртшылық. Ал, сумен қамтамасыз ететін ұйым бір-біріне сілтеп, жеме-жемге келгенде жауап беруден жалтарып бағуда.
"7-20-25" бағдарламасы бойынша құны 10 млн тұратын пәтер сатып алу үшін айына 120 мың теңге жалақы алу керек
Ұлттық банк төрағасы Д.Акишевтің айтуынша, 10 млн теңгенің пәтеріне бастапқы жарнаға әуелі 2 млн теңге көлемінде қаражат құйылады. Содан кейінгі ай сайынғы төлем 57 мыңды құрайды. Несие бойынша қарыз кірістің жартысынан аспауы тиіс деген заңдылық бар. Яғни банктің мақұлдауы үшін үміткердің 120 мыңдай жалақысы болуы керек. Бағдарлама тиімділігін арттыру үшін оған өзгерістер енгізіліп жатыр.
"Сарыарқа" газ құбырының құрылысына БЖЗҚ-нан 85 млрд теңге қаражат алынады
Құбырдың бірінші кезегінің құрылысын 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқтау жоспарланған. Магистралды газ құбырының алдын ала есептелген құны 267 млрд теңгеге бағаланды. Энергетика вице министрі М.Досмұхамбетовтың айтуынша, құрылыс кезінде 800 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ресейлік "Союз МС-10" зымыраныны құлаған аумақ таза, алаңдауға негіз жоқ
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов осылай деп мәлімдеді. Жезқазғанның маңынан зымыран тасығыш бөлшектерінің 92 сынамасы алынды. Талдаудың алдын ала нәтижелері аумақта радиациялық ластану жоқтығын анықтады. Апаттан кейін шамамен 22 тонна керосин жерге төгілген. Талдаудың соңғы нәтижесі бойынша белгілі болған кінәрат-талаптарды Ресей тарапына жолдаймыз дейді Министрлік өкілдері.
Қазақстанның басқа БАҚ не жазды:
sputniknews.kz: Түлектер қаңтарда да оқуға түсе алады. Келесі жылдан бастап ҰБТ тек жазда ғана емес, қыста да өткізілетін болды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді. Мектеп түлектеріне қаңтардан бастап ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Жоғары оқу орындарында шетел азаматтарын оқу жылы кезінде оқуға қабылдау мүмкіндігі қарастырылады. Шетел азаматтары үшін стипендия төлейтін бағдарламалар енгізу, оның ішінде қазақ диаспорасына қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беру бар. Магистратураға қабылдаудың жаңа моделі енгізіледі. Ол бакалавриатқа қабылдау моделіне ұқсас. Енді магистратурада гранттар студенттерге беріледі және олардың жоғары оқу орнын таңдау мүмкіндігі болады.
inform.kz: Түркістан облысында қылмыстық топ 106 млн теңгенің малын ұрлаған. Облыста мал ұрлығының 31 дерегіне қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Сезіктілер Төлеби, Сайрам, Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы аудандарында ұрлық жасаған. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы әр топтың мүшесіне рөлін белгіліп қойған және ұрланған малды сатып, ақшаны өзара бөлісіп отырған. Ұрланған малдарды Шымкент қаласындағы өз үйіндегі қорада ұстап, кейін облыстың басқа аудандарындағы мал базарларында сатқан.