Тікелей эфир

Жасы 70-тен асса да қолынан қашауын тастамай, ағаштан түйін түйген әже (видео)

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Мәраш әженің тағдыры бір емес, бірнеше роман желісіне арқау боларлықтай. Қолы қалт етсе, шағын шеберханасынан шықпайды. Талай шеберді шаң қаптырып жүр.

Отыз жылдан бері домбыра жасаймын

– Домбыраны Алматыда Қазреставрацияда жұмыс істеген кезде жасап бастадым. 80 жылдары түрлі музыкалық аспаптар істедік.

Домбыраны ойып және құрап жасауға болады. Әдетте оркестрге құрап жасаймыз. Жеке адамдар ән домбырасы деп ойып жасағанды қалайды, – дейді Мәраш Кениева.

Он саусағынан өнер тамған әженің өмір тағдыры қилы-қилы соқпақтарға толы.

"Әкесінің қызы" болып өстім

Әкем – соғысқа қатысқан адам. Жарақат салдарынан бір аяғын сылтып басатын. Өсе келе әкемді құрдастары ойнап, "ақсақ" деп қалса, намыстанатынмын. Аяғы бар, неге ақсақ дейді осылар деп қаным қайнайтын, – дейді балалық шағын еске алған Мәраш әже.

– Мен 1944 жылы 28 қазанда, таңға жақын дүниеге келіппін. Сол күні аппақ қар жауыпты, үйдегі жалғыз сиыр егіз бұзаулапты. Әкем сиырдың егіз туғанын жаман ырымға балап, "о заман да бұ заман сиыр екі бұзау туғаны несі" деп, қолына түскен біреуін бауыздап, ағасы екеуі орманға апарып көміп тастайды. Сосын менің туған күнімді төрт ай ілгері 18 ақпанға өзгертіп жазған.

Атым неге Мәраш?

Атам қажы болған екен. Әжем ізбасар болар ұл күтсе керек, мені қыз деп менсінбей, азан шақырып ат та қоймапты, – дейді Мәраш апа.

– Құтты болсын айтуға келген нағашым, мұны естіп, қатты ренжіпті. "Білдей бір қажының әйелісің, қыз туды деп менсінбей отырғандарың не? Алып кел, азан шақырып, атын қояйын" деп, өзінің Мәриям деген немересіне ұқсас, Мәраш деп құлағыма үш рет айқайлап, атымды қойыпты.

Бірақ, кейін мен әжемнің бауырында өстім. Әжем қайтыс боларының алдында әкеме, "осы қызымды саған тапсырайын, қанша бала өсірдім, осы Мәраштың көкірегінде бір түйсік бар, бетін қақпай өсір", деп тапсырған екен.

Қораны паналаған күніміз болды

Әкем шебер болды, шана, қамшы, сайман, не керек бәрін өзі жасап алатын.

Сол жылы інім туды. Жалғыз ешкі бар еді, соны қалжа қылды. Пеш жоқ, қораның іші мұздай, жалпы жағдайымыз қиын. Соның салдарынан 1945 жылы шешем тас кереңге айналды. Әйтеуір әкем жоқтан барды құрап, пеш салды. Сол пешті қалағаны көз алдымда қалып қойғаны соншалық, күйеуге шыққанда отауымыздың пешін өзім қаладым, – деп еске алады Мәраш әже. – Сондай еркекшора болып өсіп кеттім.

Балалықпен шешемді саңырау, құлағы естімейді деп тыңдамадым. Маңына жоламайтынмын. Жұрттың айтқанын естімейді, көңілім түссе, айқайлап түсіндіремін, көңілім түспесе қолымды бірақ сермеп жүре беретінмін.

Түсімде екі әйел көретінмін

Әжемнің қойнында жатып, әкем салған пештің үстінде отырған екі әйел үнемі түсіме кіретін. Екеуі бірдей киінген. Сол кезде екі шешемнің болатыны түсіме кіріп жүріпті. Оянып, пештің үстін қарап жүретінмін.

– Бірінші інімнен, 1954 жылы сіңілімнен, бір айдан соң анамнан айырылдым.

Шешемнің балалар үйіне өткіз дегенін естідім…

– Шай құйып отырып әкеме, "Мен көпке бармаймын. Бүгін сенің шешең шақырып жатыр. Мынау жалғыз ұлыңды бермейсің ғой, екінші апайыңа мына қызды (кіші сіңілімді) берерсің. Мына қызды деді мені нұсқап, ешкімге сыймайды, басыңды қатырма, балалар үйіне бер" деді.

Естіп отырдым, 10-11 жастамын, "маған да көнбеген, өгей шешеге де көнбейді, басыңа бейнет қылма, ештеңе етпейді, көзің тірі болса, кейін тауып аласың" деп еді, – дейді өткен өмірін еске түсірген Мәраш әже көзіне жас алып.

– Қазір босаңсып отырғаныммен, сол кезде қайыспайтынмын. Екінші шешемнен туған бауырларым тумаған демесе екен деп, күні бойы бар шаруаны өзім атқарамын. Өгей шешем ісмер адам болды. Үйден келімді-кетімді кісі арылмайды. Күні бойы су тасып, самаурынға шай қоямын, таба-таба нан пісіремін. Соны көрген адамдар маған қолыңның ақтығы деп бір-екі метр мата тастап кетеді. Таңғы беске дейін кесте тігемін. Сол кезде кішкентаймын, бар болғаны бесінші сыныпта оқитын едім, – дейді Мәраш әже.

Әкеммен аңшылыққа бардым

Жақсы күндер де болды. Мен сол кезде үшінші сыныпта оқимын. Әкем басқасы емес, мені аңшылыққа ертіп кететін.

"Бүгін жексенбі ғой, Мәраш, шаруаң бітсе аңға барып келейік" дегенін ести сала тез-тез бар шаруамды реттей қоямын, – дейді Мәраш әже.

– Қоян атып әкелеміз, түлкіге тиіспейміз. Бұлаңдап алдымыздан шығатын. Есімде әлі, қоянды қараймын деп қарға батамын. Әкем ақ мата жамылып жатып, ататын. Бірде күн батып барады, мен қардан шыға алмай жатырмын, әкем бір иығына мылтық, бір иығына қоянын асып алған, жүгіріп келеді. Әлі күнге көз алдымда солай қалды.

Ұлың тұрғанда, қызыңды неге апарасың деп ұрысатын бәрі. Сонда да інімді ерткісі келмейді. Қанжығасы қатты дейтін. Ол күні жаз болсын, қыс болсын ештеңе атып әкеле алмайды.

Ағаш оқуына шартпен алды

– Негізі мұғалім курсын бітіріп, 21 жасымнан бастап үш жыл бастауыш сыныпқа сабақ бергенім бар.

Бірақ, өзім осы ағаш өнеріне өте жақын болдым, мектеп қабырғасында жүргенде мектеп макетін жасап, байқаудан бас жүлдені алғанмын. Осы өнердің оқуын оқығым келді. Дәл сол кезде, Украинаға осы мамандық бойынша оқығысы келетіндерге жолдама бар екенін білдім. Сәтін салып, жолдаманың бірі маған бұйырып, сол жаққа оқуға аттандым. Бірақ, ол жақта қыз бала ағашпен жұмыс жасай алмады деп, мені модельер мамандығына ауыстырды.

Мен министрлікке өзім қалаған оқуыма түсе алмадым деп хат жаздым. Олар біздің директорға хат жіберіпті, ол кісі мені шақырып алып, Мәраш, министрлікке шағым түсіріпсің, сені ағаш өнері оқуына екінші курсқа аламыз. Үлгермесең сені кері қайтарамыз деп шарт қойды. Сосын, бірінші семестрден бастап, аралаудан бастап бәрін жасап бергенде мұғалімдер кете-кеткенше кешірім сұрады, – деп күледі Мәраш әже.

– Модельер болуға қызықпадым. Оны өгей шешемнің қасында жүріп-ақ үйреніп алғанмын. Кейде ол кісі жоқта, айтпай, өзіме керек киім-кешегімді тігіп, киіп алатынмын. Ол кісі жіптің аз-көптігінен біліп жүреді екен. Бір күні мені шақырып алып, енді жасырмай тіге бер, сені білдім деді.

Кейін мектеп бітірген соң тігінші болып та жұмыс істедім.

Құралы 46 жыл қолында


ыва

Мәраш апаның сайман-құралы / Фото informburo.kz


– Оқу оқып жүргенде біреуі бір теңгеден 25 дана осындай құрал жасатып алған едім. 46 жыл болды, ешкімге бермеймін, тығып қоямын. Ұрланбай аман қалған осылар ғана, – дейді әже.

Отызға келіп тұрмысқа шықтым

– 1974 жылы ақпан айында отыз жасымда құрбымның ағасына 33 жасар жігітке куйеуге шықтым. Сегізінші наурызда үйлендік. Ол да осы Көкшетау облысынан. 10 шақты жыл Алматыда жүрген екен. Мамандығы механик.

Екі баламыз бар. Екеуі де жастайынан өнерге жақын болды, бірақ мен көрген қиыншылықты көрмей ақ қойсын деп өнерге жақындатпадым, –дейді әже.

Айтуынша, тұрмысқа шыққаннан соң да біраз қиындық басынан өткен. Тек қайсар мінезінің арқасында берілмегенін айтады.

Әкем салған пешті мен де салдым...

– Алматыда шарбақтан тоқылған атқорада алты жыл тұрдық. Шарбақ үйде отырған кезде, пеш жоқ, электр қуатымен нан пісіретін пеш алып, баланың жаялығын соған кептіріп жүрген кездер де болды.

Алғашқы жылы еді. Қыс болса таяп қалды. Үйдің іші аңырап тұр. Ал мен жас босанғанмын, қолымда емшектегі бала, – деп еске алады Мәраш әже.

– Пеш салатындар өте қымбат сұрады. Оларға беретін ақша жоқ, әйтеуір әкемнің пешті қалай салғаны есімде. Күйеуіме кірпіш түсір, құм, балшық, цемент әкел, материалыңды дайындай бер, өзім қалап аламын дедім. Сөйтіп жүргенде қазан айы келіп қалды, күйеуіме пешті бұзғызып, неше құдық екенін қарап алдым.

Әйтпесе өзі шарбақ үй, жаққан отымыз далаға кетеді ғой. Сонымен белімді байлап алдым да, пеш қаладым. Не керек пешіміз гуілдеп жана бастады. Өзіміз мәзбіз, күйеуім пеш салатын да өнерің бар екен ғой деп қояды. Бірақ қабырға жұқа жылу ұстамайды. Бейнет көрсек те арасында есіме алып отырамын, өмірдің қызығы да сол болар.

Он жылдан соң үйлі болдық

Біразға дейін үй ала алмай жүрдік. Бағымызға орай Бауыржан Момышұлының балдызы Оңғар деген жігіт жолықты. Он жыл бойы үй ала алмай жүргендеріңіз қалай деп, бір жыл ішінде екі пәтерден таңдағандарыңды алыңдар деп бізге ұсыныс жасады. Осылай пәтерге де қолымыз жетті.

Үйімізді көрген кездегі қуанышымызда шек болмады. Күткенімізге орай, лайықты үйге ие болдық. Кейін 2005 жылы үйді сатып, ұлымыздың артынан Астанаға көшіп келдік. Сол үйде 25 жыл тұрдық қой. Сағынамын. Алматыға барған сайын сыртынан қарап кетемін.

Отағасын жақсы көрдім

– Астанаға көшіп келген соң, ағаң қайтыс болды. Екі-үш күн-ақ ауырып, кетіп қалды. Дәрігерлер диагнозын дұрыс анықтай алмай, асқындырып алыпты, деп Мәраш әже әңгімесін жалғастырды.

– Азаматымды жақсы көрдім, жуастау болғанымен ары таза, адамдығы мол, адал кісі еді. Менің пысықтығымды ұнатпай, қай жерге болса да мұрындықсыз өгіз сияқты кіріп кетесің, ұят емес пе деп отыратын.

Қазір ұлым үйленген, екі немерем бар. Әкесін орнын ойсыратпайын деп дүркіретіп тойын жасап бердім, – дейді Мәраш әже.

Жұмысым шала қалмаса деймін

Жастайынан еті еңбекке үйренген Мәраш әже қарап отыра алмайды. Жасы 72-ге келсе де, бастаған ісін аяқтауды міндет санайды.

Мәраш әжені тарихи-әскери музей жарты ақысына жұмысқа алған. Сол жерде отырып, өзінің шаруасын да бітіріп алуға уақыт бөледі.

– Осы жерде үшке дейін отырамын. Сосын немеремді сағына бастаймын. Үйге барғанда мойныма әже деп асылғанда шаршағанымды ұмытып кетемін.

Домбыра жасаудың да өз әдісі бар

Домбыраға арналған ағашты қалыңдығы 1,5 мм жұқа қылып сүргілейміз. Суға салып жібітіп аламыз да арнайы пеште кептіреміз. Ал бетін, қақпағын ағаштың жолағына қарап, таңдап аламыз. Егер домбыраның бетіне салатын ағаш кедір-бұдыр болса дыбыс шығармайды. Белдік салып не салмай істеуге болады.

Домбыраның бетінің кірін сүрткенде де байқау керек. Сулы шүберекпен сүртуге болмайды.

Барабан, дауылпаз, сақпан, домбыра бәрін жасай аламын. Бұрын біздің жасаған домбыраға екі-үш жылдап кезекте тұратын.

– Мынау бес қырлы домбыра. Құрап болғасын, желім жағып, жіппен қатты байлап тастаймын. Осы күйін сақтағанға дейін кебуде тұрады. Сосын мойынына бекітемін, кейін құрастырамын, – дейді Мәраш әже.

Әлі де арманым бар

Ағаштарыммен саймандарымды көшкен сайын анда-мында өзіммен алып жүремін.

Шабыт университетінде сегіз жыл, Алматыда екі жыл аспаптарды қалпына келтіру (реставрация) мамандығы бойынша сабақ бердім.


Мәраш әженің жасап жатқан қобызы

Мәраш әженің жасап жатқан қобызы / Фото informburo.kz


Адам болғасын арманы болады. Ендігі арман-мақсатым – осы уақытқа дейін жасаған дүниелерімді жинақтап, сол туралы кітап жазып, шығару. Істеп жатқан жұмыстарымды аяқсыз қалдырғым келмейді, еңбегім далада қалмаса екен, – дейді Мәраш әже.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары