Толғанбаева Жамиқа әже – Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Мәдениет ауылынан. Биыл сексенге толды. Он баланы дүниеге әкелген батыр ана. Төрт ұл, алты қыз тәрбиелеп өсірді. Бар ғұмырын өз ауылының көркеюіне арнапты.
Мотоцикл жүргізудің шебері ретінде айналадағы көпшілікке жақсы таныс. Бірақ жұрт әжеміздің көлік тізгінін жас кезінен меңгергенін білмейді. Жамиқа әже informburo.kz журналистіне өмірінің өткен беттерін асықпай парақтап, бірде күліп, бірде мұңая отырып, баяндап берді.
– Мен бір үйдің жалғыз қызымын. Сол себепті анам мектеп бітірген соң, үлкен қалада оқуыма қарсы болды. Анамды тыңдап, жанында қалдым. Ауылда трактор жүргізуді үйреніп алдым. Өйткені дәл сол жылдары тың игеру басталған-ды. Алайда маған трактордың тіркемесінде отырып, бидайдың дұрыс себілгенін қадағалап отыру жұмысы бұйырды.
Тағдырларын трактор табыстырған жандар
– Трактордың рөлінде отырған жігіт менің күйеуім болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Өйткені біз бала кезден бір-бірімізді жақсы танитынбыз. Бірге ойнап, бірге есейдік. Ал жұмыс уақытында бір-екі ауыз сөзден басқа махаббат тақырыбында сөйлескен емеспіз. Тек оның мені ұнататынын көзінен, қимыл-әрекетінен байқайтынмын.
Бір күні жұмыстан қайтып келе жатып, көшеде кездесіп қалдық. Москваға көрмеге кетіп бара жатыр екен. Мен оған "Москваны менімен салыстыру ақылға қонымсыз" дедім. Басқа сөз айтып, көшеде тұру біз үлкен әбестік, ұят болатын. Көп ұзамай ол қайтып келді. Шөп шабуға шығып кеттік.
Сөйтсем, жеңгем (әкемнің інісінің әйелі) мені біреуге атастырып қойғанын айтты. Қарсы сөз айта алмаймын. Ебін тауып, шөп шабуға кеткен Марленге хабар бердім. Ол ат арбамен ауылға келгенмен, екі күн бойы кездесудің сәті түспеді. Біршама күннен кейін аудан орталығынан шөп шапқан ақшамды алуға баруым керек болды.
Сол жерде Марлен досымен қос ат жетектеп келіп, 90 шақырым жерде шөп шауып жатқан ағасының үйіне келін қылып түсіретінін айтты. Сөйтсек, шөп шауып жүрген ауыл одан ары 40 шақырымға көшіп кетіпті. Арып-ашып әзер жеттік. Сонда да күндіз көпшіліктен ұялып, кеш батқанын күтіп, ауыл сыртында жүрдік, – деп еске алды Жамиқа әже.
Темір жонған келіншек
– Осылайша 1958 жылы отау құрдық. Он баламыз бар. Сол үшін батыр ана атағын берді. Барлығы аман-есен, отбасын құрған. Кенже баламды 1980 жылы дүниеге әкелдім. Қазір ауылда қызымның қолында тұрып жатырмын. Кенже балам 90 жылдары ауылда жұмыс жоқ кезде менің рұқсатымды алып, Алматыға көшкен болатын. Сол жақта тұрақтап қалды. Қолына көшіріп алғысы келгенмен, ақсақал екеуміз туған ауылдан жыраққа кеткіміз келмейді. Біз үшін туған жеріміздің топырағы, туған-туыстың, дос-жаранның бір-біріне деген сыйластығы алтыннан қымбат. Сондықтан тастап кете алмаймыз, – деп бір қайырды.
– Біздің еңбек жолымыз басталған уақыт тың игерумен сәйкес келгендіктен, тынбай еңбек етуге тура келді. Жоспар орындау басты мақсатымыз болды. Бала бағып отыруға да уақыт жоқ еді. Есі кіріп қалған ересектері бірін-бірі бағатын. Мен сайман қоймасында істедім. Кей жылдары темір жонатын жерде тазалықшы болып та жұмыс жасадым. Үйге қажетті қалақ, қысқыш сияқты заттарды жұмысшылар түскі үзіліске шыққанын пайдаланып, өзім жасап алатынмын. Үнемі үйге қажетті бір затты істеп жатқанымды көріп олар "осы заттарды жасап, сатып жатқан жоқсың ба?" деп күлетін.
Куәлігі жоқ жүргізуші
Екеуміз отбасын құрған соң, отағасы москвич, волга мінді. Сол кезде оларды ауыл арасында мен де жүргізетінмін. Бірақ жүргізуші куәлігім болған жоқ. Жалпы ерте кезден бойым үйренгеннен бе, көлік жүргізуіме қарсы болған емес. Ал мотоциклге мінгенде тіпті қуанды. Өйткені той-томалаққа баратын кезде көлік күтіп, уақыт кетірмейміз, әрі өз шаруаларым шықса, мініп кете беремін.
Мына мотоциклді үш жыл бұрын Талғат балам сатып әперді. Электр қуатымен 30 шақырымға дейін жүретін көлікті жүргізудің еш қиындығы жоқ. Жүргізуші куәлігім болмаса да, ауыл ішінде еркін жүремін. Балаларым үсті жабық көлік сатып алғысы келген, мен келісім бермедім. Мотоцикл балаларымның таңдауы болғанмен, жеңіл көлік те жүргізуге қарсы емеспіін. Тек бағасы қымбат, – дейді Жамиқа әже.
Жедел жәрдем қызметін де атқарады
– Той-томалақта, үлкен асқа барғанда құрбыларымды салып алып, бірге барамыз. Жалпы біздің үй ауылдың шетінде. Орталыққа жету жасы келген кісі үшін қиын. Бар шаруамызды осы мотоциклмен жүріп бітіреміз. Көрші құрбымның балалары да анасына мотоцикл әперген болатын. Бірақ тебуге денсаулығы жарамады.
Бір күні шалым ауырып қалып, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға апарып қарату керек болды. Үйде балалар жоқ. Сосын артындағы тіркегішіне қалыңдап көрпе салдым да, екі аяғын салбыратып жайғастырып дәрігерге алып бардым. Әншейінде жанымда отыратын ақсақалды артына отырғызып алғаныма жолда көрген адамдар таң қалды. Амбулаторияға жеткен кезде оларға "Ал жедел жәрдем келді. Күтіп алыңдар!" деп қалжыңдадым.
Мотоцикл – өте ыңғайлы көлік. Ауылда суды да үлкен ыдыспен тасып ішеміз. Тіпті дүкенге барудың өзі әуре. Бірталай жер. Кейде ауыл ішінде мотоциклдің электр қуаты таусылып жатса, балалар сүйреп алып келеді, – дейді батыр әже.
Ауа райы мотоцикл жүргізуге кедергі емес дейді Жамиқа әже
– Мен жастайымнан ыстық пен суыққа төзіп өскен жанмын. Мотоциклді көктемде күн жылынғаннан бастап, күздің қара суығы түскенше тебемін. Бірақ ауа райы болжамына үнемі құлақ түріп отырамын. Мотоциклмен жүргенде алдымнан соққан самал желден рахаттанамын. Ал жаңбыр жауған жағдайда сыртымнан жеңілдеп киім киіп аламын, – деп қояды.
Алпыс жылды бірге өткізген ғұмыр
Алпыс жыл бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан әжеміздің жары Марлен Мұқашев атамыз да биыл 81-ге келді. Ол зейнет жасына жеткенше тракторшы, бригадир болып та жұмыс істеген. Кеңес өкіметі тұсында жастарды еңбекке баулу мақсатында ашылған комсомолдар бригадасын басқарған. Ол кезде білім қуған кез келген мектеп бітіруші алдымен туған жеріне екі жыл қызмет ету керек болатын.
Марлен ақсақалдың еліне сіңірген еңбегі үшін "Еңбек қызыл ту" орденімен марапатталған. "Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген қайраткері" деген атағы бар. Биыл тағы "Аягөз ауданының құрметті азаматы" атаныпты.
Туған жерінде қол ұстасып бірге еңбек еткен қарттардың отау құрғанына биыл алпыс жыл толған. Қазір отыз шақты немере мен он шақты шөбересі бар. Жамиқа әженің айтуынша, үй шаруасынан әлі қол үзбеген.
– Бауырсақ пісірем, құрақ құраймын, самаурынға шайымды қоямын. Самаурынмен баптап ішкен шай тәтті болады. Отбасымызда той болған кезде есік алдына киіз үйімізді тіккіземін. Киіз үйге төселетін құрақ көрпесінен бастап, керегесіне ілетін сырмақтарына дейін өзім тіктім.
Сондай-ақ пима басқанды ұнатамын. Телеарналардың бірінен көріп, үйреніп алғанмын. Әлі күнге дейін балаларыма басып беремін. Тек былтырғы жылы балалар шаң-тозаң көзіңе әсер етеді деп жолатпай қойды. Бізде малдың жүні көп, игерілмейді, шашылып жатыр. Соған жаным ашып, ұқсатқым келеді, – дейді қарт ана.
Әжеміз 2007 жылы құдағиы мен келінін ертіп, қажылық сапарға да барып қайтыпты. Ақсақалдың денсаулығы ұзақ жолды көтермейтін болған соң жалғыз баруға тура келді деп қынжылғанын да жасырмады.
Жамиқа әже әлі де электр қуатымен жүретін самокат теуіп, серуендеуді армандайды
– Балаларым жеңіл көлік әперіп жатса, қарсылығым жоқ. Бірақ самокат – техника саласындағы жетістіктердің бірі ғой. Әрине оның тек тегіс жерде жүретінін естідім. Дегенмен, туған жерімнің самал желіне тербеліп, көшелерін самокатпен аралағым келеді, – деп сөзін аяқтады ауылында қажы апа атанған батыр ана.